Түркістан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Пернебекқызы Жулаева еңбек индикаторындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бағытында ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарын қорытындылады. «ANYQ.KZ» ақпарат агенттігіне ол ең алдымен 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаcы аясында қабылданған ұтымды шаралар туралы баяндады.
«2022 жылға «Ұлттық жоба» аясында көрсетілетін жұмыспен қамту шараларын іске асыру бойынша Түркістан қаласында еңбек индикаторына талдау жұмыстары жүргізіліп, ағымдағы жылы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында Түркістан қаласы әкімінің бастамасымен ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары бекітілді. Нәтижелі жұмыспен қамтудың 2022 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, үстіміздегі жылы 5355 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларымен қамтамасыз ету көзделген. Жылдың 10 айында атқарған жұмыстарға талдау жүргізсек, жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларына жүгінген 8165 азамат бағдарламаға қатысып, жоспар көрсеткіші артығымен орындалды» — дейді орталық директоры.
Осы орайда атап өту керек, елімізде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба жоспар бойынша жүзеге асып келеді. Құжаттың негізгі міндеттемесі – қаржылай қолдау көрсету. Соның ішінде субсидиялау, кепіл болу, жеңілдікпен микрокредиттеу, жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру және мемлекеттік гранттар беру қарастырылған.
Бұл жерде, субсидиялау дегеніміз – банктердің бизнесті дамытуға беретін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін төмендету деген сөз. Ал кепіл болу – банктердің несиелері бойынша кепілзат ретінде ішінара кепілдік беру. Бұл құжатты бұған дейінгі жасап шығарылған мемлекеттік бағдарламалардың барлығын кіріктіре отырып Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген. Іске асыруға жауаптылар қатарында әзірлеушімен бірге Сауда және интеграция, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Мәдениет және спорт, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкі істер, Қаржы, Энергетика, Сыртқы істер министрліктері бар. Сонымен қатар келісу бойынша, бірқатар комитет, агенттік, палаталар мен квазимемлекеттік компаниялар жүзеге асырылуына атсалысады.
Ұлттық жобаны әзірлеудегі мақсат – кәсіпкерлік құрылымдарындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика салаларын әртараптандырудың драйвері ретінде орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай туындата отырып, бәсекелестікті кешенді дамыту. Үкіметтің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 Қаулысымен бекітілген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға әу баста-ақ 8 455 329 919 мың теңге қарастырылған екен. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1 030 884 427,0 мың, жергілікті бюджеттерден – 124 695 492,0 мың, бюджеттен тыс – 7 299 750 000,0 мың теңге қаражат көзделген екен. Жылдар бойынша алып қарар болсақ, 2021 жылға – 1 272 207 923,3 мың, 2022 жылға – 1 370 367 038,7 мың, 2023 жыла –1 620 056 904,0 мың, 2024 жылға – 1 963 862 120,0 мың, соңғы 2025 жылға 2 228 835 933,0 мың теңге жоспарланған.
«Ұлттық жоба бойынша қолдау тапқан жобалар туралы айтар болсақ, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша бизнес субъектілеріне келесідей қаржылай қолдау көрсетілді. Жыл басынан бері несиесінің жалпы сомасы 435,36 млрд. теңге болатын 11 913 жоба субсидияланды, субсидия көлемі – 86,6 млрд. теңге. Несиесінің жалпы сомасы 207,5 млрд. теңге болатын 11 813 жобаға мемлекет кепіл болды, кепілдік сомасы 111,1 млрд. теңгені құрады. Жас кәсіпкерлер үшін республикалық бюджеттен 91 жоба бойынша 307,17 млн. теңгеге мемлекеттік грант бөлінді. Жетпей тұрған инфрақұрылымдарды тартып беру бойынша 2022 жылы көлемі 22,1 млрд. теңгеге 48 жобаны қаржыландыру қарастырылған», – дейді Ұлттық экономика министрлігіндегілер.
Бес жылға арналған жобаның экономикалық тиімділігі Жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) шағын және орта кәсіпкерлік үлесін (ШОК) 35 пайызға дейін жеткізу мақсатын көздейді. ЖІӨ-дегі туризм көлемінің өсуі 8,4 трлн. теңгеге жетуі тиіс. Мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін төмендету межеленген. Ұлттық құжат қорытындысында 995,3 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың жұмыс орны болмақ. Жобаның әлеуметтік әсері: 1,7 млн. адам тұрақты жұмысқа орналасады, 3,5 млн. адам халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылады, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 6,5 пайызға азаяды деп күтіліп отыр. Бұл жобаның ішіне бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да кіріктірілген.
«Қарапайым заттар экономикасы» механизмі бойынша несиелендіруге жататын басым жобаларға арналған тауарлар тізіміне сәйкес кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру және несиелерге кепіл болу қарастырылған. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жыл басынан бері несиесінің жалпы сомасы 194,58 млрд. теңге болатын 125 жоба субсидияланған. Төленген субсидия көлемі 38,32 млрд. теңгені құрады. Несиесінің жалпы сомасы 5,16 млрд. теңге болатын 24 жобаға мемлекет кепіл болды, кепілдік сомасы – 2,2 млрд. теңге. Осы ретте «Бизнестің Жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бизнесті қолдауда ең бір нәтижелі әрі сәтті бағдарламалар екенін атай кеткен абзал. Олар жүзеге асырылып келе жатқаннан бергі аралықта 2022 жылға дейін шағын және орта бизнес субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36 трлн. теңге болатын өнім шығарып және қызмет көрсетіп, бюджетке жалпы сомасы 2,3 трлн. теңге салық төлеген», – дейді Ұлттық экономика министрлігі өкілдері.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтардағы тапсырмаларын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі оңтүстік және батыс өңірлердегі ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жекелеген механизмін жасап шығарды. Мәселен, несиенің құнын арзандату үшін сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие енгізілді, өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы несиеге кепіл болу 85 пайызға дейін жеткізілді. Жеңілдікті жағдайларды сақтап қалу үшін және келеңсіз жайттардың ШОБ субъектілеріне тиетін салдарын азайту үшін кәсіпкерлердің қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі несиелерін қайта қаржыландыру тетігін енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз негізде экономиканың басым секторларында мемлекеттік гранттар беріледі.
«Ұлттық жоба аясындағы кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдауға келсек, ол өз мазмұнында әлеуетті және жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді бизнес жүргізуге үйрету және және консультациялық қолдау бойынша жобалар кешенін қамтиды. Облыс және аудан орталықтарында, моноқалаларда және кіші қалаларда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары (КҚКО) жұмыс істейді. Онда «Бизнестің Жол картасы-2025», «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары бойынша ақысыз негізде, офлайн және онлайн режимде көмек көрсетіледі. Одан бөлек, кәсіпкерлерге қолданыстағы бизнесін жүргізуге бухгалтерлік және салықтық есепке алу, статистикалық есеп беру, интернет маркетинг, заң қызметтері ақпараттық технологиялармен қамту, мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерге өнімдерін өткізуге көмектесу түрінде сервистік қолдау жасалады», – дейді министрлік мамандары.
Сондай-ақ Ұлттық жобада 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарастырылған. Моно және кіші қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақсаттарға, 20 млн. теңгеден аспайтын сомада, ал айналым ақшасын толықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн. теңгеге дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Одан бөлек, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының басым жобаларының сыйақы (7 пайыз) мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелерге ішінара кепіл болу (50 пайыз, 1 млрд. теңгеге дейін) сынды несиелендіру механизмін жүзеге асыру жалғасуда. Кәсіпкерлік экономиканың қозғаушы күші десек, Президент бастамасымен жүзеге асқан ұлттық жобалар сол қозғаудың қуатына айналмақ.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА 2021-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ЖОБАCЫНА ЖҮГІНГЕН ЖАСТАР САНАТЫНДАҒЫ 3589 АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ БЕЛСЕНДІ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСЫП, НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫНА ЕНДІ
Мұнан соң Ақмарал Пернебекқызы жастарды жұмыспен қамту бағытында көрсетілетін белсенді шараларға ойысты. Оның айтуынша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, оларды нәтижелі жұмыспен қамту — әрқашан басты назарда. Осы мақсатта ұйымдастырылған жүйелі жұмыстар нәтижесінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаcына жүгінген жастар санатындағы 3589 азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысып, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың қатарына енді. Атап айтқанда: 561 жас түлек жастар практикасына, 44 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 35 жас алғашқы жұмыс орындарына 398 азамат қоғамдық жұмыс орындарына, 1170 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 29 жасқа дейінгі 177 азаматтың бизнес идеяларына мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылған. 1174 жас «Бастау Бизнес» жобасын аяқтаса, 30 жас қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жолданып отыр.
Атап өтер жайт, бүгінгі таңда «2021 — 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің төмендегі шаралары қолданылады.
Біріншісі – «Жастар практикасы». Түлектерге алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинауға көмектесу үшін жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасын ұйымдастырады. Он екі (12) айға дейінгі мерзімге «Жастар практикасы» арқылы жұмысқа тұруға болады. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім беру ұйымдарын алдыңғы 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер «Жастар практикасына» қатысушылар ретінде белгіленеді.
«Жастар практикасына» арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда құрылады. Сонымен бірге, жұмыс орындары түлектің білім беру ұйымында алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес болуы тиіс.
Салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдарды ескере отырып, айлық жалақы 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
«Жастар практикасына» қатысу үшін түлек тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгіну» тиіс. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
Жеке басын куәландыратын құжат.
Еңбек кітапшасы (бар болса).
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.
Екіншісі – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы.
Жастардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оларды қажетті еңбек дағдылары мен бірінші жұмыс орнында бейімдеуді қамтамасыз ету мақсатында жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыз жастарды алғашқы жұмыс орнына жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бірінші рет жұмыс іздеп жүрген түлектерге (оның ішінде ЖОО түлектеріне), жұмыс іздеушілерге, жұмыссыздарға, жұмыспен қамту орталығына тіркелгеніне қарамастан, жиырма тоғыз жастан асқан жастар, оның ішінде NEET санаттары, жұмыс тәжірибесі жоқтар қатарынан жүзеге асырылады.
Алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектердің «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналасу кәсіптік білім туралы дипломда көрсетілген немесе білім беру профиліндегі ұқсас мамандыққа (кәсіпке) сәйкес жүзеге асырылады.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 24 ай мерзімге тұрақты жұмысқа орналастырады, ал жұмыспен қамту орталығы жалақыны 1 жылға субсидиялайды.
Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
Жеке басын куәландыратын құжат.
Білім туралы құжат (бар болса).
Үшіншісі – «Ұрпақтар келісімі» жобасы.
Жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздарды, оның ішінде білім беру ұйымдарының, жұмыспен қамту орталықтарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша қосымша шараларды іске асыру шеңберінде жұмыс берушілердің өтініштері бойынша Ұлттық жобаға қатысушыларды кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналастыруды ұйымдастырады. Бұл ретте зейнеткерлік жасқа жеткен белсенді қызметкерге де еңбек етуге мүмкіндік қарастырылған.
«Ұрпақтар келісімі» жобасы бойынша жұмыс беруші жұмыспен қамту орталығымен келісім негізінде Ұлттық жобаға қатысушыны кемінде 18 ай мерзімге тұрақты жұмысқа алады, ал жұмыспен қамту орталығы субсидиялайды. Нақтырақ айтсақ, 6 айлық жұмыс үшін жалақы төлейді.
Жергілікті бюджеттен ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақыны және банктік қызметтерді қосқанда), экологиялық төлемдер үшін төлемдерді қоспағанда.
«Ұрпақтар келісімі» жобасына қатысу үшін өтініш беруші тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтінішпен жүгінуі керек. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
Жеке басын куәландыратын құжат.
Білім туралы құжат (бар болса).
Еңбек кітапшасы (бар болса).
Ал «Бастау Бизнестегі» биылғы өзгерістер туралы түйіндей айтсақ, 1 миллион 200 мың теңге иемденгісі келетіндер үшін оқитын курстың мерзімі бұрынғыдай 21 күнге созылмайды. Бар күш-жігеріңізді салып тәлім алсаңыз, бар-жоғы 1 аптада меңгере аласыз. Айта кетейік, дәріс интернет желісі арқылы жүргізіледі. Оқуды аяқтап болған соң тестілеудегі сұрақтардың 70 пайызына дұрыс жауап берсеңіз, 3 жылға жарамды сертификат тапсырылады. Тестілеуден өте алмай қалсаңыз, 1 жыл ішінде қайта тапсыруға болады.
Қаперіңізде болсын, қайтарымсыз қаражатты кез келген адам иемдене алмайды. Жобаға өтініш беруге 29 жасқа дейінгі жастар, аз қамтылған отбасы мүшелері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, қандастар, мүгедектер, өзге өңірден қоныс аударушылар мен асыраушысынан айырылғандар қатысуға құқылы.
Оқытуға өтінімдер «Электрондық еңбек нарығы» Мемлекеттік ақпараттық жүйесіндегі Business.Enbek кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданады. Үміткер өтінімді порталда бергеннен кейін күнтізбелік 10 (он) күн ішінде нысаналы топқа тиесілігі тексеріледі. Business.Enbek порталында мақұлдағаннан кейін өтінім онлайн-оқудан өту үшін автоматты түрде Atameken Academy порталына жіберіледі. Курсты Atameken Academy порталында онлайн оқиды. Оқу ұзақтығы күнтізбелік 25 (жиырма бес) күннен аспайды және тегін өтеді.
Оқыту нәтижелері бойынша қатысушыға тиісті сертификат беріледі:
- оқуды аяқтау туралы сертификатты бизнес-жоспарды дайындаған және бизнес-жоспарды бағалау мен қорытынды тестілеудің қорытындылары бойынша қажетті балл санын – кемінде 60% жинаған қатысушылар ала алады;
- оқуға қатысу туралы сертификатты құзыреттілік деңгейін арттырған, бірақ оқу аяқталған кезде әзірленген бизнес-жоспары жоқ немесе бизнес-жоспардан теріс баға алған қатысушылар ала алады.
Оқуды аяқтау туралы сертификат үш жылға жарамды.
Оқу неге мүмкіндік береді?
- Өз ісін жүргізудің негізгі дағдыларын алу;
- Он екі айға дейінгі мерзімге бизнес-жобаны іске асыруда сүйемелдеу;
- Бизнес-идеяны қаржыландыру тетіктеріне қол жеткізу.
Грантқа кімдер үміткер бола алады?
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан кейін төмендегі санаттарға жататын қатысушылар Жұмыспен қамту орталығынан берілетін 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа үміткер бола алады:
- Жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар;
- бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан);
- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем);
- жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын тұлғалар.
Бұл ретте грантқа үміткерлер төмендегі санаттардан болуы тиіс:
- Жастар (29 жасқа дейін),
- аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
- көпбалалы отбасылар — көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар,
- қандастар, қоныс аударғандар,
- мүгедектігі бар адамдар,
- мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.
Атап өту қажет!
- Жоғарыда аталған санаттарға жатпайтын өткен жылдардағы жобаға қатысушылар гранттық қаражатқа үміткер бола алмайды;
- Грантқа үміткерлер жұмыспен қамтудың басқа да қолдау шараларына қатыспауы тиіс;
- Грант бір рет қана беріледі, бұрын алған қатысушылар қатыса алмайды;
- Грант қаражатын тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту барысында әзірленген бизнес-жоспарға сәйкес пайдалануға болады.
Грантқа қалай өтініш беруге болады?
Оқуды аяқтаған және сертификат алған «Бастау Бизнес» жобасының түлектері Еңбек министрлігінің Business.Enbek порталындағы «Грант» бөлімінде өтініш бере алады.
Микроқаржыландыруға кім үміткер бола алады?
Бизнес-жобасын қорғаған «Бастау Бизнес» жобасының тыңдаушылары, оның ішінде 2017-2021 жылдардың қатысушылары кәсіпкерлік қызметтін дамытуға «Атамекен» микроқаржы ұйымдарынан жылдық 6%-бен жеңілдетілген несие алуға өтінім бере алады.
Шағын несие алуға өтінімді қалай беруге болады?
Өтінім беру үшін сізге облыстық және аудандық «Атамекеннің» Өңірлік кәсіпкерлер палаталарына жүгіну қажет. Сілтеме бойынша мекенжайлар: https://atameken.kz/kk/pages/1331-novaya-volna-instrumentov-finansirovaniya-malogo-predprinimatel-stva.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖОСПАР КӨРСЕТКІШІ ТОЛЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛЫП, 77 АЗАМАТ ОҚУ КУРСТАРЫНА ЖОЛДАНДЫ
Осы тұста біз Түркістан қаласы тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту мақсатында бекітілген кешенді жоспар көрсеткіштерінің орындалу деңгейіне кеңірек тоқталуын өтіндік.
«Жоспар көрсеткіштеріне сәйкес, ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың жұмыс берушілердің сұраныстары бойынша жұмыс орнында дуальді оқыту түріне 23 азаматты, ал кәсіптік оқытудың жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде оқу ұйымында оқыту түріне 54 азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспар көрсеткіші толығымен орындалып, 77 азамат оқу курстарына жолданды. Жұмыс берушілермен түзілген келісімшарт негізінде аталған азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатын болады» — деп жауап қатты Ақмарал Жуланова.
Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының орындалу деңгейі жөнінде де біраз мәліметімен бөлісті.
«Түркістан қаласында жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше мән беріліп, инвестициялар тарту, кәсіпорындарды көбейту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстарды жандандыру аясында индикаторлық көрсеткіштер бекітілді. Түркістан қаласында шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылу қарқыны — жоғарғы деңгейде. Атап айтқанда, жеке бастамалар бойынша 84 шағын және орта бизнес субъектісі өз кәсіпкерліктерін заңдастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға атсалысты. (Мысалы: «Balkon» — 22 жұмыс орны, «GoBar» — 15 жұмыс орны, «Coffeе Boom» — 22 жұмыс орны, «Navoiy» — 15 жұмыс орны, «Кәусар» — 30 жұмыс орны, «Астау» — 15 жұмыс орны, «DoDo Pizza» — 5 жұмыс орны, «Al-fatih» — 30 жұмыс орны, «Жеті Тандыр» 53 — жұмыс орны, «Ramada Turkestan» — 30 жұмыс орны, және т.б) Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан қаласының экономикалық белсенді халық санына қарай 2 200 жаңа жұмыс орны құрылды» — дейді Ақмарал Пернебекқызы көңіл марқайтарлық көрсеткіштерді алға тартып.
Естеріңізде болса, биыл шілде айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдерге тапсырма берген-ді. Жиын барысында Президент халықтың табысын арттыру бағдарламасының тиімсіздігін сөз етті. Мемлекет басшысының айтуынша, бағдарламаның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Себебі, бүгінде Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейді. Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кеткен көрінеді. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші минус 2,9 пайызды құраған. «Мұндай құлдырау көптен бері болған емес» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондықтан, Мемлекет басшысы әкімдерге жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тапсырма берді.
Президенттің сөзінше, ең әуелі жергілікті жерлерде тиімді жұмыс болуы керек. Халықты жұмыспен қамтуда жауапкершілік әкімдерге жүктеледі. «Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс» — дегенді қадап айтты Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халық саны өскен сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керек. Бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмеген.
«Маңғыстауда жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отыр. Тұрғындардың саны көбейгенімен, әлеуметтік инфрақұрылым салынған жоқ. Жұмыс орындары ашылмады. Тұрмыс сапасы төмендеп кетті. Жұрт «ҚазМұнайГаз» компаниясына жұмысқа тұрғызуды, жоғары жалақы беруді талап етіп отыр. Ашығын айтқанда, Жаңаөзендегі кен орындарының көпшілігі сарқылып барады. Бұл жағдай баршаға мәлім. Кейінгі 15 жылда осы өңірде мұнай өндіру ісі 30%-ға азайған. Соған қарамастан, жұмысшылар саны 50% көбейді. Еңбекақы төлеу қоры 10 есе артты. Ал көп жалақы төленетін үш өңірдің бірі – осы Маңғыстау өлкесі» — деді Президент.
Тоқаев келтірген дерекке сүйенсек, Жаңаөзен орташа еңбекақының ең жоғары деңгейі бойынша көш бастап тұр. Үкімет Жаңаөзенді дамыту үшін арнайы жоспар қабылдады. Республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөліп, салықты азайтып отыр. Осындай тікелей қолдау шаралары еліміздің басқа облыстарының есебінен жасалып жатыр.
Сонымен қатар Президент Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек. Себебі Отанына оралған қандастар тек бір өңірмен, атап айтқанда, Маңғыстау өңірімен шектелмеуі керек.
«Жұрттың бәріне мұнай-газ саласынан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Мұны ашық айтуымыз керек. Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек. Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажет жағдайды жасауға дайынбыз. Қазіргі заманда өңірлерде, елдерде, тіпті, құрлықтарда жұмыс күшінің көші-қоны жүріп жатыр. Бұл заңды құбылысқа айналды. Осы үрдіске біздің азаматтар да үйренуі керек. Көрші елдердің азаматтары бұл жағдайға жақсы бейімделді. Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен бірге Президент жастарды жұмыспен қамту туралы да сөз қозғады. Оның дерегінше, жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Сондықтан Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс екенін атап өтті.
«Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ нақты шараларға қарамастан жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе, Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз» — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ АУМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН ӘЛЕУМЕТТІК-МӘДЕНИ НЫСАНДАРДЫ АҒЫМДАҒЫ ЖӘНЕ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНАН ӨТКІЗУ АЯСЫНДА 32 ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛЫП, 544 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛДЫ
Осы тұрғыда Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жулнаова: «Бұдан бөлек мемлекеттік және салалық бағдарламалар шеңберінде әлеуметтік салаға қарасты 39 орыннан тұратын әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылса, Түркістан қалалық 109 — бірыңғай байланыс орталығы тарапынан қызмет көрсету саласы бойынша 66 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, облыс деңгейінде 2022-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың өңірлік картасы бекітіліп, Түркістан қаласы аумағында орналасқан әлеуметтік-мәдени нысандарды ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізу аясында 32 жоба іске асырылып, 544 жаңа жұмыс орны құрылды» — деп отыр.
Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы оқырмандарымыз үшін жан-жақты ақпарат бере өтейік.
Мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы азаматтарға әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерін көрсететін орталық Түркістан қаласы әкімдігінің №2224 қаулысымен 2021 жылдың 13 желтоқсанында құрылған екен. Оның құрамында бүгінгі таңда үш бөлімше қызмет атқарып жатыр. Нақтырақ айтсақ, әдепкісі – «Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу көмек» бөлімшесі. Мұнда өмірлік қиын жағдайларға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсетіліп жатқан азаматтарға әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Кейінгісі – «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесі. Онда жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге және зейнет жасындағы азаматтарға қоғаммен белсенді араласу және денсаулықтарын арттыруға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Ал үшіншісі – «TEN QOGAM» бөлімшесі. Бөлімше жеке тәсілді енгізу және қызмет бенефициарлармен кері байланысты қамтамасыз ете отырып, әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған мүгедектігі бар адамдардың лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға және экономикалық тәуелсіздік құқығын асыруға кешенді қызмет көрсетеді.
Әлеуметтік қызметтер орталығында жоғарыда аталған санаттағы азаматтарға:
- Дәрігерлік кеңес;
- Психологиялық кеңес;
- Еңбек терапиясы;
- «Egov» электронды үкімет порталын пайдалану бойынша компьютерлік сауаттылық курстары;
- Емдік және дене шынықтыру (ЛФК);
- Спорттық және сауықтыру шаралары (бильярд, шахматы, тенис т.б);
- Музыкатерапия;
- Бизнес-тренинг;
- Мәдени демалыс шаралары;
- Еңбек әлеуетін дамыту тақырыбында тематикалық курстар ұйымдастырылатынын аңғардық.
Мекеме Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы №165 бұйрығының 2-қосымшасымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында жартылай стационарлық жағдайда арнайы әлеуметтік қызмет көрсету» стандартына сәйкес 8 түрлі арнаулы әлемметтік қызмет көрсетеді.
- Әлеуметтік-медициналық қызмет
— Дәрігерлік кеңес;
— Физиотерапия;
— Адамның өз психикасын және дененің физиологиялық процестерін бақылау жаттығулары;
— Массаж;
— Фитобар;
— Емдік және дене шынықтыру (ЛФК);
— Би үйірмесі;
— Йога;
— Айкуне гимнастикасы (адам омыртқасына Шығыс медицинасы бойынша емдік денешынықтыру);
— Скандинавиялық серуендеу (жүрек-тамыр жүйесін нығайтудың, бұлшықеттердің тонусының және күш пен қуат алудың тамаша тәсілі).
— Ерекшелігі, 1 сеансы 10 классикалық массажға тең жаңа инновациялық биоэнергетикалық массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем ұсынылады. Биоэнергетикалық массаж аппарат (БЭМ) бір мезетте ауру нүктесін анықтап, иглотерапия, физиоемдеу, лимфодренаж классикалық, гуаша, «баночный» және «акапунктурный» массаждарды жасайды.
БЭМ аппараты тірек-қимыл аппараттары, бел-омыртқа аурулары, грыжа, инсульт әсерлері мен остеохандроз, плексид және жүйке жүйесін емдеуде өте жақсы нәтижелер беруде.
- Әлеуметтік-психологиялық қызмет
— Психолог маман кеңесі.
— Жеке тұлғаның ең алдымен өзін, қоршаған қоғамды, дүниені дұрыс сезініп, бағалай білуін, сол арқылы туындаған мәселелерді оңай шешу жолдарын қарастыратын психосессия және осыған ұқсас тренингтер.
- Әлеуметтік-экономикалық қызмет
— Мәселені шешуге дұрыс көзқарас орнату және дұрыс мінез-құлықтарды қайталау арқылы қажетті дағдаларды қалыптастыру бойынша бизнес-тренинг;
— Тақырыптық курстар;
— Тиісті жәрдемақы, өтемақы, алимент және басқа төлемдерді алуға көмек беру, сүйемелдеу.
- Әлеуметтік-ағартушылық қызмет
— «Egov» электронды үкімет порталын пайдалану және компьютерлік сауаттылық курстары;
— Араб тілі;
— Брайльмен жазуды үйрену;
— Менталдық арифметика.
- Әлеуметтік еңбек қызметі
— Еңбек терапиясы;
— Мүгедектерге кәсіптік бағдар беру
- Әлеуметтік-мәдени демалыс қызметі
— Мерекелік іс-шаралар;
— Музыка терапиясы;
— Саяхаттау (Тарихи-мәдени орындарға экскурсия);
— Спорттық-сауықтыру шаралары (бильярд, шахматы, теннис, т.б).
- Әлеуметтік-құқықтық қызмет
— ҚР заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру мен көмекке байланысты мәселелер бойынша заңгерлік кеңес беріледі.
- Әлеуметтік-тұрмыстық қызмет
— Еңбек дағдылыарын қалыптастыру және қоғамдық жұмыстарға тарту.
Аталған қызметтер орталықтың тұтынушыларына тегін ұсынылады. Арнайы әлеуметтік қызметтерді топ қалыптастырып әр топтың қатысу мерзімі санаттарына қарай 2-6 ай көлемінде көрсетілетін болады. www.Instagram.com және www.facebook.com әлеуметтік желілерде aleumettik_kyzmet Түркістан қалалық «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ парақшасынан атқарылып жатқан жұмыстармен танысуға болады.
Ал Түркістан қаласындағы 109-Бірыңғай байланыс орталығына келсек, мұнда түсетін қоңыраулар саны күн сайын артуда. Түркістан қаласында тұрғындардан келген өтініштерді шешу мақсатында 2020 жылы 109-Бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған болатын. Бүгінгі күнге дейін орталық қызметкерлері 200 мыңға жуық қоңырауларды қабылдаған. Мамандардың айтуынша қазіргі уақытта өтініштердің 80 пайызы бірінші қоңыраудан-ақ шешімін табады.
Байланыс орталығы қызметінің негізгі бағыттары — тұрғындардың өтінішін қабылдау, мәселелерін шешу кезінде коммуналдық және жедел қызметтердің жұмысын үйлестіру, өтініштерді өңдеу. Орталыққа келіп түскен барлық өтініштер өңделіп, әрі қарай мәселені белгіленген мерзімде шешу үшін мемлекеттік органдарға, коммуналдық қызметтерге жолданады. Сонымен қатар, мамандар қоңырау қабылдау кезінде өтініш берушіге қатысты барлық ақпаратты арнайы жүйеге енгізеді.
Операторлардың қызметі күндізгі және түнгі аусыммен жүреді. Сондай-ақ, мамандар арнайы курстан өтеді. Қазіргі уақытта байланыс орталығында 12 оператор тұрақты түрде жұмыс атқаруда. Бұдан бөлек, 109 — бірыңғай байланыс орталығы халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюға үлесін қосуда. Мамандар тұрғындардың өтініштерін «109» қысқа нөмірі арқылы және Instagram (@turkistan109), Telegram (Turkistan 109), WhatsApp (87071093109), Facebook (Turkistan Bailanys Ortalygy) парақшалары және “Amazing Turkistan” қосымшасы арқылы қабылдайды.
Айта кетейік, жыл басынан бері орталыққа 85483 өтінім түскен. Оның 81422 өтінім уақытылы орындалып, 377 өтінім жұмыс барысында. Тұрғындардан түскен әр өтініштері мен сауалдары қараусыз қалмайды.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА БИЫЛҒЫ 10 АЙ АҒЫМЫНДА 3639 АЗАМАТ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНА ЖОЛДАНДЫ
Ақмарал Жуланованың пікіріне сүйенсек, Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан Түркістан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс орталығы тұрғындарын нәтижелі жұмыспен қамту және бастапқы кәсіпкерлікке баулу бағытында былтыр «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 253 азаматқа қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттары ұсынылса, аталған азаматтар бүгінге өз кәсіпкерліктерімен айналысып жатыр. Ал ағымдағы жылы бұл бағыттағы шаралар жалғасын тауып, жыл соңына дейін 273 азаматқа өтеусіз негіздегі грант қаражаттарын ұсыну көзделіп отыр.
«Кешенді жоспардың Тұрақты және жаңа жұмыс орындары бойынша орындалу деңгейіне тоқталса, үстіміздегі жылы 3155 азаматты тұрақты бос жұмыс орындарымен, ал 2200 азаматты жаңа жұмыс орындарымен қамту міндеттелді. Биылғы 10 ай ағымында 3639 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданды» — дейді орталық директоры.
Ақмарал Пернебекқызы өз кезегінде Түркістан қаласының осал топтағы тұрғындарын әлеуметтік қолдау шаралары назардан тыс қалмағандығын да ауыз толтыра айтты. Үстіміздегі жылдың 10 айында облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі 164 азамат белсенді шараларға тартылыпты.
Осы орайда айрықша назар аударар мәселе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 28 мамырдағы №326 қаулысымен Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспары бекітілген. Ол мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларының тиімді жүйесін құру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспардың мақсаты Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялауға байланысты Қазақстан Республикасы қабылдаған міндеттемелерді іске асыру және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі әлеуметтік жаңғыруы шеңберінде барлық осал топтар үшін қолайлы орта құру арқылы инклюзивті қоғам қалыптастыру болып табылады. Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция нормаларының ережелерін имплементациялауға жағдай жасауға бағытталған Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012 – 2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын үш кезеңде іске асыру аяқталды. Іс-шаралар жоспарының негізгі мақсаттары мен міндеттері орындалды.
Мүгедектігі бар адамдардың өзін-өзі көрсетуі және елдің қоғамдық-экономикалық өміріне толыққанды интеграциялануы үшін жағдай жасауда негізгі басымдықтарды және кешенді интеграцияланған тәсілді айқындау үшін осы Ұлттық жоспар әзірленді. Заманауи жаһандық парадигма денсаулықтың шектеулі мүмкіндіктерін дәстүрлі түсінуден тұрмыс сапасы аспектісінде жеке ерекшеліктер мен әмбебап құқықтардың анағұрлым күрделі синтезіне көшуге негізделеді. Ұлттық жоспар мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жүйесінің әлемдік даму үрдістерін ескере отырып, халықаралық стандарттарды имплементациялауға бағытталған. Ұлттық жоспарда белгіленген мақсаттар мен міндеттерді осы Ұлттық жоспарға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарына сәйкес іске асыру көзделеді.
Әрине, бұл ретте мүгедектіктің профилактикасы хақында да бірер ауыз айтпай өтуге болмас. Қазіргі уақытта Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 680 мыңнан астам адам тұрады, оның 61,5 %-ы еңбекке жарамды жаста, 25,7 %-ы — зейнеткерлік жастағы адамдар, 12,8 %-ы — 18 жасқа толмаған балалар. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың үлес салмағы салыстырмалы түрде тұрақты және соңғы үш жыл бойы бүкіл халықтың 3,7 %-ын құрайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша адам денсаулығының небәрі 10 %-ы денсаулық сақтау жүйесіне және 50 %-ы адамның қоршаған ортасының, таңдау құқығының, тұрмыс сапасының және денсаулықты нығайту мүмкіндіктеріне қолжетімділігінің әсерімен қалыптасатын өмір салтына тәуелді. Профилактика мүгедектіктің негізгі себебі болып табылатын инфекциялық емес аурулармен күресу үшін құны жағынан ең тиімді ұзақ мерзімді стратегияны ұсынады.
Елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халық денсаулығын нығайту Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты болып табылады.
Аурулар профилактикасының және оларды басқарудың интеграцияланған тәсілі негізінде қоғамның денсаулығын қорғау жөніндегі жаңа саясат енгізілуде, сондай-ақ тиімділікке, қаржылық орнықтылыққа және әлеуметтік-экономикалық өсуді қолдауға бағдарланған ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жүргізілуде, бұл өз кезегінде мүгедектік көрсеткіштерінде де көрініс табады.
Азаматтардың денсаулығын сақтау және мүгедектіктің профилактикасы бойынша шаралардың бірі скринингтік бағдарламаларды енгізу және жетілдіру болды. Көптеген елдерде скринингтік технологиялар сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендету мақсатында ауруларды және аурулар тәуекелі факторларын анықтауға бағытталған денсаулық сақтаудың негізгі элементтері болып табылады.
Республикада 2008 жылдан бері қан айналымы жүйесінің аурулары; сүт безінің ісікалды жай-күйі мен обыры; жатыр мойнының ісікалды процестері мен обыры ерте анықтау үшін нысаналы топ болып табылады.
Скринингтер өткізілген уақытта Қазақстанда ересек тұрғындарға 60 млн астам скринингтік тексеру жүргізілді. 2,5 млн астам ауруға шалдығу жағдайы анықталды (жүргізілген скринингтік зерттеулердің жалпы санының 4,2 %-ы), оның ішінде 1,5 млн жағдай қан айналымы жүйесінің аурулары, 245,8 мың жағдай – жатыр мойны обыры, 607,8 мың жағдай – сүт безі обыры, 62,2 мың жағдай – қант диабеті, 33,4 мың жағдай – глаукома және 11,5 мың жағдай – колоректалды обыр.
2011 жылдан бастап қант диабетін, глаукоманы, ісікалды патологияны, тоқ және тік ішек обырын (колоректалды обыр) анықтау тұрғысынан нысаналы топтар енгізілді.
Жасқа қарай скрининг топтары кеңейтілді және тексеру мерзімділігі айқындалды:
1) артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы және қант диабеті скринингін 40-тан 70 жасқа дейінгі пациенттер екі жылда бір рет мерзімділікпен;
2) жатыр мойны обырының скринингін 30-70 жастағы әйелдер төрт жылда бір рет мерзімділікпен;
3) сүт безі обырының скринингін 40-тан 70 жасқа дейінгі әйелдер екі жылда бір рет мерзімділікпен өтеді.
Тоғыз жылдық кезеңде скринингтік бағдарламалардың өткізілуін талдау мынадай заңдылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Тексеріп-қараудан скринингке жататын адамдардың басым бөлігі өтеді.
Босануға дейінгі диагностиканы жетілдіру, балалардағы туа біткен және тұқым қуалайтын аурулардың профилактикасы, балалардың ауруға шалдығуы мен мүгедектігін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасында жаңа туған балалар мен сәбилердің пренатальды, неонатальды және аудиологиялық скринингі, сәбилердің психофизикалық даму скринингі, шала туған нәрестелердің офтальмологиялық скринингі жүргізіледі.
Мүгедектігі бар адамдардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, медициналық ұйымдарды жабдықтармен және қосалқы құралдармен жарақтандыру жүргізілуде.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің профилактикалық бағытта болуын күшейту мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізілді:
1) мамандандырылған қызметтерді интеграциялау шеңберінде емханаларда туберкулезге қарсы, онкология, маммология кабинеттері қосымша ашылды, психикалық денсаулық кабинеттері ашылды;
2) әлеуметтік жұмыскерлер институты құрылды (2014 жылы – 10 мың халыққа 1,2 адам, 2017 жылы – 10 мың халыққа 7,4 адам);
3) жалпы практика дәрігерлерінің саны 2014 жылғы 3 101 адамнан 2017 жылы 5 382-ге дейін, яғни 70 %-дан артық көбейді;
4) 2014 жылдан бастап жан басына шаққандағы кешенді норматив енгізілді, ол 2017 жылы 683 теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 29,3 %-ға өсті. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландырудың жалпы көлемінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті қаржыландыру 2014 жылғы 33 %-дан 2017 жылы 37 %-ға дейін ұлғайды. 1 тұрғынға шаққандағы тариф ұлғайып, өңірлер арасында МСАК-ты қаржыландыру деңгейі (169-дан 683 теңгеге дейін) теңестірілді.
Мүгедектіктің профилактикасы бойынша мемлекет жүргізіп жатқан шараларға және халық денсаулығы көрсеткіштерінің оң серпініне қарамастан, қазақстандықтардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерге қарағанда 10 жыл дерлік аз.
Жыл сайын 50 мыңнан астам адам мүгедектігі бар адам деп алғаш танылады, соңғы 3 жылда алғашқы мүгедектік көрсеткіші орнықсыз, 10 мың тұрғынға шаққанда 2015 жылы 28,5, 2016 жылы 29,4, 2017 жылы 28,9, ал 2018 жылдың қорытындысы бойынша өсіп, 29,2 жағдайды құрады.
Балалар мүгедектігі проблемасы ерекше назар аударуды талап етеді, оның өсу үрдісі бар. Мәселен, 2008 жылы мүгедектігі бар 18 жасқа толмаған балалардың үлесі мүгедектігі бар адамдардың жалпы саны құрылымында 9,2 %-ды құраған болса, 2018 жылы 12,8 %-ға дейін немесе 3,6 пайыздық тармаққа өскен.
Алғашқы мүгедектік көрсеткіштерінің, оның ішінде балалар арасында өсу үрдісі денсаулық сақтауды дамытудың профилактикалық бағыты, ұлттық денсаулықты нығайту, медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша шараларды одан әрі күшейту қажеттігін талап етеді.
Жалпы өлім-жітім мен мүгедектіктің құрылымында қан айналым жүйесінің аурулары (22,3 %) басты себеп болып қалуда, анағұрлым жиілері – жүректің ишемиялық ауруы, ми қан тамырларының зақымдануы, олардан жыл сайын 30 мыңға жуық адам қайтыс болады. Қан айналымы жүйесі ауруларымен алғаш сырқаттану көрсеткіші шамамен 16,4 %-ға (2015 жылы – 2 429,7) өскен. Ересек халық арасында алғашқы мүгедектік құрылымында қан айналымы жүйесінің аурулары 26,9 %-ды құрайды.
Қатерлі ісіктерден болатын өлім мен мүгедектік екінші себеп болып табылады (12,1 %), олардан жыл сайын 17 мыңға жуық адам, оның ішінде 16,9 %-ы өкпе обырынан қайтыс болады.
2018 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктермен сырқаттану көрсеткіші 18 %-ға артты (2015 жылы – 207,7, 2017 жылы – 253,4). Ересек халық арасындағы алғашқы мүгедектік құрылымында қатерлі ісіктер 21,4 %-ды құрайды.
Үшінші орында – жазатайым оқиғалардан, жарақаттардан және уланудан болатын өлім (11,3 %), олардан жыл сайын 16 мыңға жуық адам қайтыс болады (2015 жылы – 100 мың тұрғынға 82,5, 2017 жылы – 100 мың тұрғынға 69,38). Барлық мүшелердегі жарақаттар салдарынан алғашқы мүгедектік төмендеп келеді және мүгедектіктің жалпы санының 10,6 %-ын құрайды.
Қазақстанда денсаулық сақтау ұйымдарының барлық деңгейінде медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған профилактика жұмысының, сектораралық өзара іс-қимылдың пәрменін арттыру мәселелері бастапқы кезеңде тұр.
МСАК-тың басым дамуы бүкіл жүйенің басты үйлестірушісі болуға тиіс, ал біздің жүйеде стационарлық сектор қолданыстағы негізгі құрылым күйінде қалып отыр.
ЭЫДҰ елдерінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қаржыландырудың жалпы көлемінің орта есеппен 80 %-ы пациенттерді амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз етуге бағытталады, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш қаржыландырудың жалпы көлемінің шамамен 50 %-ын құрайды.
Мүгедек жандарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі Ұлттық жобада қаралған. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар 411 мың адамның 27 %-ынан астамы (111,5 мың адам) жұмыс істейді. Еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар адамдардың құрылымында мүгедектік топтары бойынша екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың (46 % немесе 191,9 мың адам) және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың (45 % немесе 186,4 мың адам) үлес салмағы қомақты, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың үлесі болмашы (9 % немесе 39,7 мың адам).
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды кеңейту мақсатында жұмысқа орналастыру квотасы қайта қаралды. Егер бұрын ол барлығы үшін 3 %-ды құраса, бүгінгі күні ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыскерлердің санына қарай және салалар бойынша 2-ден 4 пайызға дейін сараланған тәсіл жүзеге асырылуда.
Квота шеңберінде мүгедектігі бар 7,4 мың адам жұмысқа орналастырылды. Квота бойынша жұмысқа орналастырылған мүгедектігі бар адамдардың ең көп саны білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көрсетілетін қызметтер салаларында, саудада, ауыл шаруашылығында және көлікте жұмыс істейді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мүгедектігі бар адамдар халықтың басқа да осал топтарымен қатар халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына басым тәртіппен қатысуға құқылы.
Бағдарламаға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар және біліктілігі жоқ, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар қатыса алады.
2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Бағдарламаға қатысушылар құрамына мүгедектігі бар 18,9 мың адам қосылған, бұл Бағдарламаға қатысушылардың жалпы санының 2,8 %-ын құрайды, оның ішінде 16,6 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Жұмыс берушілерді мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға ынталандыру мақсатында 2018 жылдан бастап жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты шығындарын субсидиялау енгізілді.
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен олар құрған ұйымдардың мемлекеттік сатып алуға қатысу рәсімдерін автоматтандыру бөлігінде түзетулер күшіне енді. Аталған шара тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету кезінде мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің және олар құрған ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.
Экономикалық дербестік және сапалы жұмыспен қамту бойынша мүгедектігі бар адамдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіптік бағалау мен кәсіптік бағдарын тестілеуден міндетті өтуді қоса отырып, Бағдарлама шеңберінде кәсіптік оқыту және кәсіптік даярлау көзделеді.
- Оқытудың және қайта оқытудың жеке тәсілін әзірлеу жолымен мүгедектігі бар адамдардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
- Жұмысқа орналастыру кезінде мүгедектігі бар адамдарды сүйемелдеу институттарын енгізе отырып, жұмысқа орналасуға сапалы қолдау көрсету.
- Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыс берушілерді ынталандырудың қосымша және балама шараларын енгізу.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту жетістіктерінің нысаналы индикаторлары:
еңбекке жарамды жастағы мүгедектігі бар адамдардың жалпы санынан жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың санын ұлғайту;
мемлекеттік мекемелердегі (ұлттық және жергілікті заң шығару органдарында, мемлекеттік қызметте және сот органдарында) мүгедектігі бар адамдар атқаратын лауазымдар пайызын арттыру;
мүгедектігі бар оқушыларды оқыту үшін соңғы 12 айда жұмыстан қол үзбей оқудан өткен, жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің санын арттыруға қол жеткізу болады.
Жергілікті атқарушы органдар жұмыс орындары құрылатын ұйымдарда жұмысқа орналастырылатын мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымды бейімдеу шығындарын қаржыландыруды жергілікті бюджет қаражаты есебінен толық көлемде қамтамасыз етпейді (пандустар, есік ойықтары, санитариялық тораптар, аудио- және тактильдік сілтегіштер, мүгедектігі бар адамдарға іште және сыртта бағдар беретін басқа да құрылғылар).
Бос орындарға және квота бойынша жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, өз ісін ашуға микрокредит алу еңбек нарығында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің негізгі шаралары болып табылады.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар мүгедектігі бар түлектердің жалпы орта, кәсіптік және техникалық, жоғары білім алғаннан кейінгі жұмыспен қамтылуы туралы мәліметтерді қалыптастыруы қажет, бұл енгізілген инклюзивті білім берудің табыстылығын және мүгедектігі бар адамдардың ашық еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілік деңгейін талдауға мүмкіндік береді.
Елімізде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша тәжірибе бар, ол әлі де елдің облыстары мен аудандарында кеңінен таралған жоқ. Әлеуметтік кәсіпкерліктің өз ерекшеліктері, әдістері бар екенін ескерсек, оларды қолда бар практикалық тәжірибені есепке ала отырып, халықтың өзге де әлеуметтік осал топтарына да тарату қажет.
Сонымен қатар елімізде кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын институт құрылды.
Осыған байланысты мүгедектігі бар адамдар үшін ұсынылатын барлық шараларды бизнес-қоғамдастықпен талқылауды жүргізген жөн, бұл орын алып отырған проблемаларды жою үшін қабылданатын шаралардың тиімділігін арттырады.
«Жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында лайықты жұмыс іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары; әлеуметтік-кәсіптік бағдарлау бойынша көрсетілетін қызметтер көзделген.
Мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіп таңдау кезінде ОЖБ-да қамтылған ұсынымдар және осы кәсіп бойынша кәсіптің мүгедектігі бар адамдарға қоятын талаптарын ашатын кәсіптік-графикалық деректер ескеріледі. Аталған мәліметтерді жұмыспен қамту орталықтарының жұмыскерлері әрдайым ала алмайды.
Жаңа бастамалар шеңберінде мүгедектігі бар адамдардың еңбек ету мүмкіндіктерін диагностикалау және жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып мамандық таңдау әдістері енгізілетін болады.
Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын құру және жұмыс берушілерді ынталандыру жөніндегі шараларды жетілдіру тұрақты негізде жүргізілетін болады. Мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын құруға, дотациялық жұмыс орындарын құруға арналған квотаны сақтайтын жұмыс берушілер үшін ынталандыру үстемақылары, жұмыс көлемін 50 %-дан астам немесе 100 % мүгедектігі бар адамдар еңбек ететін қоғамдық бірлестіктерге беру қаралатын болады.
Қазақстанның еңбек нарығында құрылатын негізгі жұмыс орындары мүгедектігі бар адамдардың үш тобына – есту қабілеті бұзылған, көру қабілеті бұзылған және кресло-арбамен жүріп-тұратын адамдарға қатысты.
Бұл ретте мүгедек жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек туралы да оқырмандарымыз үшін толыққанды мәлімет бергенді жөн көрдік. Мүгедек – бұл өмірлік қызметіне шек келтіріп, оның әлеуметтік қорғалуын қажет ететін ағза қызметінің бұзылуы, аурулар, жарақаттар, олардың зардабынан болған дефектілері бар денсаулығы бұзылған тұлға.
Қазастан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Қазақстан Республикасының «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
Мүгедектің мынадай құқықтары бар:
- әлеуметтік қорғалу, соның ішінде сауықтыру, қоғамға бейімделу
- әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кірумен қамтамасыз етілу
- ақпаратты алуға мүмкіндік берумен қамтамасыз етілу
- білім беру, қызмет түрін еркін таңдау, соның ішінде еңбекке байланысты
- Қазақстан Республикасының заңнамасымен анықталатын тәртіппен көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілденген көлеміне ие болу
- кәсіби дайындық және қайта дайындау, еңбекке жарамдылығын қалпына келтіру және жұмысқа орналасу
- Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес үй алу
- Мемлекеттік және басқа да ұйымдарда, соның ішінде денсаулық сақтау, мәдениет, байланыс, көлік, қызмет саласында бірінші кезекте қызмет көрсетіледі
- Мүгедектердің шығармашылық мүмкіндіктерін қолдау.
Мүгедектерге көрсетілетін әлеуметтік көмектердің түрлері:
- Мемлекеттік жәрдемақы, өтемақы және басқа да төлемдер
- Жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін қосымша әлеуметтік төлемдер
- Жұмыс берушілердің көрсететін қосымша әлеуметтік көмек түрлері және өзге де ұйымдармен.
Мүгедектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету
Жергілікті атқарушы органдар:
- Есепке алып, баспанасыз мүгедектерге үй береді
- Мүгедектер мен отбасылық құрамында мүгедек бер жанұяға баспана кеңістігі жабдықтары мен арнайы құралдар мен жабдықтармен қамтамасыз етеді
Мүгедектерді жұмыспен қамту
Жергілікті атқарушы органдар мүгедектерді жұмыспен қамтуды мына жолмен қамтамасыз етеді:
- қызмет орындарының жалпы санының үш пайызы мөлшерінде мүгедектерге жұмыс орындарынан квота бекіту
- жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құру
- арнайы, сонымен қатар мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру
- мүгедектерді кәсіби оқыту ұйымдары
Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер үшiн аптасына отыз алты сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгiленедi, ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы берiледi. Түнгі уақыттағы жұмысқа тек мүгедектік келісімімен, егер оның денсаулығына мұндай режим тйым салынбаса жіберіледі.
Еңбек келісімшартын жасаудан, қызметте өсіруден бас тарту, басқа жұмысқа ауыстыру тек мүгедектің келісімен жүзеге асуы тиіс, егер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы облыстағы өкілетті органның аймақтық бөлімшелерінің қорытындысы бойынша оның денсаулығы кәсіби міндеттерді атқаруға келмесе, денсаулығына қауіп келсе және өзге тұлғалардың еңбек қауіпсіздігіне қайша келсе жоғарыда аталған шаралар керісінше іске асады.
Мүгедектерді жұмыспен қамту
Мүгедектерді жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстарда, зиянды, қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын есепке алмай мүгедектер үшін жұмыс орындары санынан 2-4 пайыз мөлшерінде жұмыс орындарының квотасын белгілейді; жеке кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы мүгедектер үшін қосымша жұмыс орындарын құруда; Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы, сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарын құруда; мүгедектерді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады.
Заңнамада еңбек қатынастарына қатысты мүгедектер құқығына кепілдік берілген. Еңбек келісім-шартын жасаудан, қызметте өсіруден бас тарту, басқа жұмысқа ауыстыру мүгедектің келісімісіз жүзеге аспауы тиістігі көзделген, егер халықты әлеуметтік қорғау саласындағы облыстағы өкілетті органның аймақтық бөлімшелерінің қорытындысы бойынша оның денсаулығы кәсіби міндеттерді атқаруға келмесе, денсаулығына қауіп келсе және өзге тұлғалардың еңбек қауіпсіздігіне қайшы келсе жоғарыда аталған шараларды іске асыруға рұқсат етіледі.
Мүгедектік топты белгілеу критерийлері
Бірінші топ мүгедектерін бекіту критерийлері болып, ағза функцияларының тұрақты маңызды түрде бұзылуы немесе бұзылғанының анық көрінуі болып саналады. Топқа жататындығын белгілеу мүгедектердің сырқаттануының арқасында, алған жарақаттарының барысында өмірлік қызмет дәрежелері немесе олардың тіркестерінің шектелуі, бірден көрінуіне әкеп соғатын төмендегі көрсетілген ақаулықтарға байланысты жүзеге асады.
Үшінші дәрежедегі өзін-өзі қамтамасыздандыруға мүмкіндігі; үшінші дәрежедегі қозғалуға мүмкіндігі; үшінші дәрежелі еңбек қызметіне қабілеті (еңбек қабілеті); үшінші дәрежедегі тұспалға мүмкіндігі; үшінші дәрежедегі қарым-қатынасқа мүмкіндігі; үшінші дәрежедегі өзінің іс-қимылына жауап беру мүмкіндігі.
Екінші топ мүгедектерін бекіту критерийлері болып ағза функцияларының тұрақты түрде бұзылуы, сырқаттануының арқасында, алған жарақаттарының барысында өмірлік қызмет дәрежелері немесе олардың тіркестерінің шектелуі, бірден көрінуіне әкеп соғатын төмендегі көрсетілген ақаулықтарға байланысты табылады.
Екінші дәрежедегі өзін-өзі қамтамасыздандыруға мүмкіндігі; екінші дәрежедегі қозғалуға мүмкіндігі; үшінші, екінші дәрежедегі еңбекке қабілеттігі (еңбекке қабілеттігі); үшінші, екінші дәрежедегі оқуға мүмкіндігі; екінші дәрежедегі қарым-қатынасқа мүмкіндігі; екінші дәрежедегі өзінің іс-қимылына жауап беру мүмкіндігі.
Үшінші топ мүгедектерін бекіту критерийлері болып ағза функциялары бұзылуының баяу байқалуы, сырқаттануының арқасында, алған жарақаттарының барысында өмірлік қызмет дәрежелері немесе олардың тіркестерінің шектелуі, баяу байқалуына әкеп соғатын төмендегі көрсетілген ақаулықтарға байланысты табылады.
Бірінші дәрежедегі өзін-өзі қамтамасыздандыруға мүмкіндігі; бірінші дәрежедегі қозғалуға мүмкіндігі; үшінші, екінші дәрежедегі еңбекке қабілеттігі (еңбекке қабілеттігі); бірінші дәрежедегі оқуға мүмкіндігі; бірінші дәрежедегі қарым-қатынасқа мүмкіндігі; бірінші дәрежедегі өзінің іс-қимылына жауап беру мүмкіндігі.
Мүгедектерді жұмыспен қамту
Мүгедектерді жұмыспен қамту үшін жергілікті атқарушы органдар (әкімшілік) жұмыс орындарының жалпы санына байланысты 2-4 пайыздық көлемде квота бөледі; жеке кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту арқылы қосымша жұмыс орындарын бөледі, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңдылығына сәйкес мүгедектерді жұмыспен қамту үшін жұмыс орындарын анықтап, мүгедектерге кәсіби білім беру қарастырылған.
Еңбек қарым-қатынасы тұрғысынан мүгедектердің хұқықтары заңмен негізделген. Еңбек келісімшартынан бас тарту, басқа қызметке ауысу мүгедектердің өз келсімінсіз жүзеге аспайды, керсініше жағдайда, егер мүгедектің денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық танытатын болса, жұмыстан босатылады.
Білім саласындағы мүгедектерге берілетін жеңілдіктер
Бірінші және екінші топтағы мүгедектер мен мүгедек балаларға 0,5 пайыздық кәсіби және жоғары білім алуларына берілетін квота қарастырылған.
Жоғары оқу орындарында, мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік грант бойынша оқып жатқан мүгедектерге стипендиялық қамтамасыз етуде жеңілдіктер беріледі.
Мүгедектерді сауықтыру түрлері
Жүргізілетін медициналық оңалту мүгедектер организмінің бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешенін көздейді.
Мүгедектердi әлеуметтiк оңалту мүгедектердiң шектеулi тiршілiк әрекетiн жеңуi үшiн жағдай туғызуға, олардың әлеуметтiк мәртебесiн қалпына келтiруге, әлеуметтiк-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейiмделуiне бағытталған. Ол мүгедектердi жеке басының гигиенасы, өзiне өзi қызмет көрсету, жүрiп-тұру, қарым-қатынас сияқты негiзгi әлеуметтiк дағдыларға үйрету; мүгедектердi техникалық көмекшi (қалпына келтiру) және арнайы жүрiп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету; мүгедектерге үйде, медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету; жүріп-тұруы қиын бірінші топ мүгедектері үшін медициналық жеке көмекші, естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін ымдау тілі маманының әлеуметтiк қызметін көрсету – жылына алпыс сағат; Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықтық көмек көрсетiлуiн қамтамасыз ету; мүгедектердi оңалтудың жеке бағдарламасына (ОЖБ) сәйкес әлеуметтік оңалтудың өзге де түрлерiн қамтиды.
Мүгедектер Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен оңалту құралдары мен қызметтерін беруге өтініші негізінде протез-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, арнайы жүрiп-тұру құралдарымен, санаторлық-курорттық еммен және басқа да әлеуметтік оңалту құралдырмен ОЖБ сәйкес қамтамасыз етіледі.
Бөгде адамның күтімі және көмегіне мұқтаж мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін Республикада медициналық-әлеуметтік мекемелер, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары және үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері желісі ұсынады. Интернат-үйлерде тұратын қарттар мен мүгедектерге күтім, тамақтандыру, әлеуметтік-тұрмыстық және медициналық қызмет көрсету, әлеуметтік бейімдеу, еңбекпен оңалту, оқыту ұсынылады.
Республикада қарттар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетудің 12 аумақтық орталық жұмыс істейді, олардың функцияларына көрсетілген азаматтардың санаттарына әлеуметтік қызметтер көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту жөніндегі іс-шаралар жүргізу, мүгедек-балалардың оқыту бағдарламаларын игеруіне жағдайлар жасау (әлеуметтік-педагогикалық қызметтер көрсету кезінде), қолайлы моральдік-психологиялық климат жасау, қызмет көрсетілетін адамдарды олардың құқықтары, әлеуметтік қызмет көрсетудің көлемі мен түрлері, Ішкі тәртіп ережесі туралы хабардар ету кіреді.
ҰОС мүгедектері мен қатысушылар болып қандай тұлғалар қабылданады?
Соғыс ардагері болып бірінші дүниежүзілік соғыс, азаматтық және ҰОС-да әскери бөлімдерде, штабтарда, мекемелерде әскери қызметте болған, сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағын қорғауға қатысқан ҰОС мен азаматттық соғыс партизандары, астыртын жұмыс істеушілері есептеледі.
Мүгедектер болып бірінші дүниежүзілік, азаматтық және ҰОС-ның әскери флоттарында, әскери-теңіз флоттары мен әуежайларында, темір жолдарда әскери қызметтен өткен кезде жарақат, контузия, мертігу салдарынан мүгедек болғандар саналады.
ҰОС мүгедегі, қатысушысы мен соларға теңестірілген тұлғалар дәрежесін алуға қажетті құжаттар:
Қатысушының, мүгедектердің соларға теңестірілген жеңілдікке жатқызылатындар дәрежесі ҰОС жылдарында әскерде болғанда, Чернобыль апатының жабылуында, бұрынғы кеңестер Одағын қорғауда берілген әскери билеттің анықтамасы негізінде, сонымен қатар ядролық сынақтар өткізуде жарақат алу салдарынан мүгедек болғандығы туралы анықтамамен анықталады.
Осы құжаттар негізінде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі соғысқа қатысқандығы туралы куәлік береді, ал соғыс мүгедегі куәлігі – Қазақстан Республикасы тұрғындарын әлеуметтік қорғау органдарымен беріледі. Соларға теңестірілген жеңілдікке жатқызылатын тұлғалардың зейнеткерлік құжатына белгі соғылады.
Тұрғын үй, коммуналдық төлемдер, отын, телефон, дәрі-дәрмек, қоғамдық көліктерде жүру төлемдеріне арнайы мемлекеттік жәрдемақы (АМЖ) бөлінеді.
АМЖ алу үшін қажетті құжаттар:
- Өтініш;
- Жеке басының куәлігі;
- АМЖ алу құқығын білдіретін құжаттар.
ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК БЕЛСЕНДІЛІГІ ТӨМЕН NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МАҚСАТЫНДА 30 АЗАМАТҚА АЛҒАШҚЫ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ МІНДЕТТЕЛІП, ЖЫЛДЫҢ 10 АЙЫНДА ЖОСПАР КӨРСЕТКІШІ ТОЛЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛДЫ
Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Ақмарал Жуланова жалақылары мемлекет тарапынан субсидияланатын уақытша жұмыс орындарының іске асырылу деңгейіне де тоқталып өтті.
«Жалақылары мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына тоқталсақ, ағымдағы жылы Түркістан қаласының экономикалық белсенді 125 тұрғынына әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру көзделіп, жыл басынан бері жұмыссыз 125 азамат аталған жұмыс орындарына жолданды» — дейді ол.
Ақмарал Пернебекқызының сөзіне қарағанда, кешенді жоспардың жастарды жұмыспен қамту бойынша көрсеткіштеріне сәйкес, есепті жылы 500 азаматқа «Жастар практикасын» ұйымдастыру көделсе, ағымдағы жылдың 10 ай ағымында 561 түлек аталған практикаға жолданыпты. Әлеуметтік белсенділігі төмен NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту мақсатында 30 азаматқа алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыру міндеттеліп, осы жылдың 10 айында жоспар көрсеткіші толығымен орындалып отыр.
Сонымен қатар орталық директоры Түркістан қаласы аумағын көріктендіру және көгалдандыру үшін 650 азаматқа ақылы қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру жоспарланғанын, есепті айда бағдарламаның бұл бағытына жүгінген жұмыссыз 875 азамат қоғамдық жұмыстар орындарымен қамтылғанын атап өтті.
Ақмарал Жуланованың әңгімесінен түйгеніміз, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша Түркістан қаласында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес, 2022 жылға 273 азаматтың жаңа бизнес идеяларына қайтарымсыз мемлекеттік грант қаражаттарын ұсыну көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 273 азаматтың бизнес идеялары комиссия шешімімен мақұлданып, жоспар толығымен орындалыпты.
Еске салайық, Ұлттық жоба 10 міндетті көздейді, оның үшеуі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталған: өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту.
Бірінші міндет шеңберінде аудандардың мастер-жоспарлары қалыптастырылады, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту жүргізіледі, сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға гранттар берілетін болады.
Екінші міндетті іске асыру субсидиялау арқылы жұмыс берушілердің уәждемесін арттыруға арналған өзекті құралдардың көмегімен, ал жас мамандар үшін-өз дағдыларын арттыруға, өз кәсібін табуға немесе уақытша жұмысқа орналасуға мүмкіндік беру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, «Жастар практикасы», «алғашқы жұмыс орны», «ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған немесе мүлдем жоқ адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады.
Зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылатын болады.
Талап етілетін дағдыларға Онлайн-оқыту платформада жүргізіледі skills.enbek.kz, онда сұранысқа ие мамандықтар мен дағдыларды ескере отырып, қысқа мерзімді онлайн-курстар пулы қалыптастырылатын болады.
Әлеуметтік жұмыс орны
Жұмыс орындарын бөлу кезінде осы жұмыс орын барлық қажетті аударымдарды есепке алумен, 12 айдан көп емес мемлекет тарапынан жекеше қаражаттандыруды көздейтінін біліңіз.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған 20 АЕК тиіс.
Жастар тәжірибесі
Жастар тәжірибесі түлектердің алынған кәсібі (маманы) бойынша жұмыстың бастапқы тәжірибесін алу мақсатында білім ұйымына түлектер үшін ұйымдастырылады. Жастар тәжірибесіне бағытталған жеке тұлғалардың еңбегіне төленетін мөлшері республикалық бюджеттен айына 30 АЕК құрайды.
Қоғамдық жұмыс
Қоғамдық жұмыс жұмыссыздарға уақытша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамту орталығымен ұйымдастырылады. Олар жұмыскерден алдын ала кәсіби даярлықты қажет етпейді және жергілікті бюджет қаражаты мен олардың өтініші бойынша жұмыс берушілер қаражатынан қаржыландырады.
Төменде көрсетілген тұлғалардың қоғамдық жұмыстарға қатысуға құқығы бар:
жұмыссыздар;
жазғы демалыс мерзімінде жалпы білім беретін мектептердің жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер;
жұмыссыз ретінде тіркелуіне байланысты жұмыспен қамтылмаған тұлға.
Әлеуметтік жұмыс орындарында, жастар тәжірибесінде қоғамдық жұмыстарға қатысу үшін Жұмыспен қамту орталығына төмендегі құжаттарды ұсыну қажет:
қатысуға өтініш;
жеке куәліктің көшірмесі;
еңбек кітапшасының көшірмесі (болған жағдайда);
білімі туралы құжаттың көшірмесі (аттестат, куәлік, диплом), сондай-ақ білім алғаны туралы растайтын құжаттар (куәлік, сертификат) болған жағдайда;
техникалық және кәсіби, ортадан кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімін растайтын құжаттардың көшірмесі (ЖТ үшін);
толық емес жұмыс уақыты немесе қысқартылған жалғастырылған жұмыс уақыты режиміне ауыстыру туралы немесе әлеуметтік демалыс ұсыну туралы немесе еңбекақыны сақтаусыз демалысқа мәжбүрлі жұмыссыз қалу туралы (жартылай жұмыс істейтін жалдамалы жұмыскерлер) жұмыс берушінің актісі (ҚЖ үшін);
демалыста екендігі туралы оқу орнынан анықтама (ҚЖ үшін).
Бұдан бөлек, Түркістан қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры әлеуметтік қаржылай қолдау мәселесі бойынша Түркістан қаласында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Үстіміздегі жылы 3608 отбасыға немесе 20500 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр. Жоспарға сәйкес, бұл жылдың 10 айында 3915 отбасыға немесе 21609 адамға әлеуметтік көмек қаражаты тағайындалыпты.
ТҮЙІН.
Таяуда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысы қаралған болатын. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, 2021 жылы ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетілді, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға грант берілген. Бұдан басқа, 33,4 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды және 169 мыңнан астам ШОБ субъектілері бизнес ашу және оны жүргізу бойынша консультациялық қызметтер алды.
Жыл қорытындысы бойынша ұлттық жобаның іс-шараларын іске асыру арқасында 320 мың жаңа жұмыс орны құрылды (жоспар – 196 мың), 814 мың адамды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілді (жоспар – 700 мың). Сонымен қатар табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен нашар ауыл халқының үлесі төмендеді, ШОБ-тың ЖІӨ-ге үлесі өсті, ал экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі 14,5%-ға дейін төмендеді.
Осы мәселе бойынша «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Саттыбаев баяндама жасады.
Премьер-Министр Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Басты мақсат – халықты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік субъектілерінің бәріне бірдей, тең жағдай жасау. Бұл үшін мемлекет бизнесті жүргізудің ашық және түсінікті ережелерін қабылдап отыр», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Үкіметтің «Атамекен» палатасымен бірлесіп, кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатқанын еске салды. Атап айтқанда, адами факторлардың әсерін барынша азайту үшін мемлекеттік бақылауда тәуекелдерді басқару және бағалау жүйесін автоматтандыру бойынша кешенді шаралар қабылдануда.
«Реформаны «таза парақтан бастап» жүзеге асыру бизнес-ортаны реттеудің тиімділігін арттырып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдайлар жасайды», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, биыл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 33,5%-ға жетті. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 1,4 млн. Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 3,5 млн. адамды құрап отыр.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында осы бағыттағы сапалы өзгерістерге қол жеткізу. Ұлттық жобаны іске асыру 2025 жылға қарай шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 35%-ға дейін ұлғайтуға, 1 млн-ға жуық жұмыс орнын құруға және мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін азайтуға мүмкіндік беруі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.
Бұл орайда Ұлттық жобаның көрсеткіштеріне сапалы және уақытылы қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр бизнеске арналған қарсы міндеттемелерді ескере отырып, ұлттық жобаның барлық бағыттары бойынша мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды тапсырды.
«Кәсіпкерлерден жаңа жұмыс орындарының ашылуын, тұрақты жалақының, зейнетақы жарналары мен салықтардың уақытымен төленуін, шығарылатын өнім түрлерінің көбеюін күтеміз», — деді Әлихан Смайылов.
Одан бөлек, әкімдіктерге кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды: электрмен, сумен, жылумен қамтамасыз ету, жол салу мәселелері бойынша жедел шешім қабылдау керек. Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» палатасына бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайту жұмыстарын жалғастыру, сондай-ақ бизнеске арналған міндетті талаптарды, оның ішінде жаңадан енгізілетін талаптарды да қайта қарау тапсырылды.
«Мемлекет бизнестің тұрақты және табысты қызметіне мүдделі. Кәсіпкерлер осыны нақты сезінулері керек», — деп түйіндеді Премьер-Министр.
Дайындаған: Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.