Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жуырда егілген көшеттердің жай-күйімен танысу мақсатында Абай ауылынан өтетін Республикалық А-15 автотрассасының бойын жаяу аралап шықты. Қасына аудандық тиісті бөлім басшылары мен Абай ауылының әкімін ерткен аудан басшысы егілген көшеттерді күтіп-баптауда орын алатын кемшіліктер кешірілмейтінін атап өтті.
— Өңірімізді көгалдандырып, жасыл желекке айналдыру басты мақсатымыз болып табылады. Әрбір егілген ағаш көшеттеріне су құйып, қажетті дәрумендерін беруді тұрақты түрде ұйымдастыру қажет. Көріп танысқанымыздай біршама көшеттерді егуде қателіктерге жол берілген. Кемшіліктерді тез арада қалпына келтіру қажет, — деді Жәнібек Есенұлы.
Аудан әкімі аралау барысында Абай ауылында орналасқан нысандардың қасбетіне сын айтты. Ретке келтіру бойынша нысан иелерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар аудан орталығы іргесінде орналасқан төлқұжат құрылысы көңіл көншітпейтінін айтты. Тез арада заман талабына сай төлқұжат тұрғызуды және айналасындағы абаттандыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Ал №5 жалпы орта мектебінің маңындағы саябақты кеңейтіп, демалушыларға жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды жауаптыларға жүктеді.
Орайы келгенде айта өтейік, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан аумағын көгалдандыру мен абаттандыру саласына көңіл бөліп, нақты шаралар атқаруды тапсырған болатын. Берілген тапсырма аясында Ошақты ауылдық округінің Сәмбет Саттаров және Атақоныс ауылдарынан шағын саябақтар бой көтеруде. Нақтырақ тоқталсақ, Сәмбет Саттаров ауылындағы Әлия Молдағұлова көшесінің бойынан белгіленген 2 гектар аумаққа түрлі ағаш көшеттері егілді.
— «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді ұстанған ауыл қариялары игі істің басында жүр. Жергілікті әкімдік ағаш көшеттерін жеткізіп, суландыру жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Ал ауыл азаматтары дайын көшетті егу, оларды күтіп баптау жұмыстарын атқарды. Ауылды абаттандыруға және көгалдандырылуға ат салысқан қарияларымызға және ерікті жастарымызға алғысымызды білдіреміз, — дейді Ошақты ауылдық округінің әкімі Нұрмаханбет Нархозиев.
Көгалдандыру жұмыстарына Атақоныс ауылының азаматтары да атсалысуда. Қос саябақ болуы жоспарланған аумаққа жергілікті климатқа бейім 800 дана әртүрлі көшеттер отырғызылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.