Негізгі күн көрісі агросектормен тікелей байланысты Жетісай ауданы шаруаларының көктемгі дала жұмыстарына қажетті мөлшердегі жанар жағар май көлемі жеткілікті.
Өткен жылдың тиісті мерзімінде 7020 тонна дизель отынын пайдаланған жетісайлық шаруаларға ақпан айына 2080 тонна, наурыз айына 2600 тонна, сәуір айына 1430 тонна, мамыр айына 910 тонна жанар жағар май бөлініп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына сәйкес бекітілген. Шаруаларға «JOL YRYSY» ЖШС, «Әуезов» ЖК, «РосАзияНефть» ЖШС, «TS Нефтьпродукт» ЖШС арқылы талон жүйесімен 206 теңгеден босатылуда.
Сонымен қатар, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин Жетісай ауданы аумағында орналасқан 45 авто жанар жағар май бекеттерінің 31-інде 190-198 теңге аралығында, ал, АИ-95 және АИ-96 маркалы бензин 205-215 теңге аралығында еркін сатылуда.
Жетісай ауданы аумағында аудан әкімінің тапсырмасымен жанар-жағармай бекеттеріндегі шекті бағаларды бақылау бойынша барлық қала, кент, ауылдық округтерде арнайы құрылған мобилді топтар тарапынан меншік иелеріне шекті бағадан асып кеткен жағдайда әкімшілік шаралар қарастырылатыны ескертіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген дизель отындарын алуы үшін шаруалар жергілікті жерлердегі әкімдіктерге барып, тиісті құжаттарын көрсетуі арқылы қажетті мөлшердегі жанар жағар майды талон арқылы ала алады.
«Былтырғы жылы да дизель отынын алудан ешқандай кедергі болған жоқ, округ әкімдігінен берген талонмен өзімізге қажетті мөлшерді алдық. Биыл да дәл солай болып тұр. Талонмен келіп құжаттарымызды көрсетіп, өзімізге тиесілісін алып жатырмыз» — дейді Жылы су ауылдық округінің шаруасы Роман Пак.
Айта кетейік, ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 12 сәуірдегі №140 «Бағаны мемлекеттік реттеу бойынша мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» Бұйрығына сәйкес стационарлық жанармай құю станциялары арқылы мұнай өнімдерін, атап айтқанда АИ-80 маркалы бензиннің литрі 89 теңге, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин литрі 205 теңге, дизель отыны жазғы және маусымаралық кезеңдерде литрі 450 теңге, егер ҚР жүргізуші куәлігін көрсеткен жағдайда 100 литрге дейінгі мөлшерде литріне 295 теңге, ҚР жүк көліктері мен мамандандырылған жеңіл автокөліктерге және автобустарға жүргізуші куәлігі мен қөліктің тіркеу куәлігін көрсеткен жағдайда литріне 295 теңге болып бекітілген.
Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері көктемгі егіс жұмыстарының өтуін және егіс егудің ағымдағы мәселелерін талқылады. Айта кетейік, егіс жұмыстары оңтүстік өңірлерде жүргізіліп жатыр, жақын арада еліміздің басқа облыстарында да басталады.
Бірінші кезекте өңірлерге жанар-жағар май жөнелту мәселесі қаралды. Еске сала кетейік, көктемгі егіс науқанын өткізуге 413 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген, бұл былтырғы жылғы деңгейден 13 мың тоннаға көп. Жанармайдың бағасы ақпан айынан сәуірге дейін қоса алғанда белгіленді. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының орташа құны литріне 204 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15-20%-ға арзан.
Сонымен қатар, министрлік нормативтік базаны қамтамасыз ету үшін жақын арада операторларды айқындау қағидаларының және дизель отынын қалыптастыру мен бөлу тәртібінің жобасын бекітуді жоспарлап отыр.
Шаруаларды толғандыратын тағы бір маңызды мәселе — арзандатылған тыңайтқыштарға қатысты болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігіне субсидиялардың бекітілген тізбелері мен нормаларының болмауына байланысты субсидиялауға өтінім берудің мүмкін еместігі туралы өтініштер түсіп жатыр. Кейбір облыстарда ішкі келісу рәсімдері әлі де жүргізіліп жатыр. Ал пестицидтер бойынша бүгінде Қостанай облысы ғана тиісті қаулыны бекітті. Министр әкімдіктердің назарын фермерлерді арзандатылған тыңайтқыштармен және пестицидтермен уақтылы қамтамасыз ету үшін субсидиялардың тізбелері мен нормаларын бекітуді жеделдету қажеттігіне аударды. Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев бұл бағыттар жергілікті бюджет қаражаты есебінен қосымша қаржыландыру қажеттігін екенін атап өтті.
Айта кетейік, көктемгі егіс жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде шаруалар 608,8 мың гектар жерге егін екті, олардың басым бөлігі дәнді және жемшөп дақылдары. Жалпы, биыл бүкіл ел бойынша 23,4 млн га жер егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының егіс алқаптары ұлғаяды.
«Ауыл шаруашылығы жұмыстарына мұнай өнімдерін бөлудің өңірлік операторларын айқындау қағидаларын, сондай-ақ Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемдерін қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 137 бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілетін жеңілдетілген жанар-жағар май (дизель отыны) электронды форматқа ауыстырылғандығын хабарлайды. Қағида талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері электронды түрде күзгі дала жұмыстарына дизель отынын алу үшін бірінші кезекте ЭЦҚ (электронды цифрлық қолтаңбасы) «Gosagro.kz» сайты арқылы ағымдағы жылдың 20 мамырына дейін сұраныс беруі қажет. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бекітілген нормаға сәйкес, әр дақылға жеке-жеке сұраныс беруі тиіс. Осыған байланысты, Түркістан облысының шаруаларына шұғыл түрде күзгі дала жұмыстарына берілетін дизель отынына ағымдағы жылдың 20 мамырына дейінгі мерзімде «Gosagro.kz» сайты арқылы сұраныс берулерін сұрап отыр. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда. жергілікті ауылдық округ әкімшілігіне немесе аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөліміне хабарласуға болады.
Ішкі қажеттілікті жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етуді бөлек бір сала деп атауға болады. Барлық мәселенің оған тікелей не жанама қатысы бар. Әсіресе маусымдық дала жұмыстары кезінде дизель отынын жеткізуде іркілістер орын алып, оның бағасы күрт өсіп кетеді.
Егіс науқаны қарсаңында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен толықтыру, делдалдық схемалардың алдын алу, сондай-ақ жалпы сауда-саттықтың ашықтығын арттыру мәселесіне жіті назар аударылып жатыр. Өйткені алып-сату мен қолдан жасалған тапшылыққа жол бермеу, жеңілдікті дизель отынын бөлу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстау бойынша қолға алынар шаралар аз емес.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысында жұмысын тоқтатқан шаруашылықтар есебінен жеңілдетілген дизель отынының көлемін арттыру фактілері тіркелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізудің нәтижесінде, жұмысын тоқтатқан агроқұрылымдардың есебінен өңірге жеңілдетілген дизель отыны көлемінің қажеттілігін арттыру және оны операторлардың арасында әділетсіз бөлу деректері анықталды.
Сондай-ақ осы өңірде жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлінгенде өңірдің ауа райы есепке алынбаған. Салдарынан егіншілікпен айналысатын 3,5 мың диқан көктемде бірқатар қиындыққа ұшырап келген. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңір диқандарына арзандатылған дизель отыны климаттық жағдайлар есепке алынбай бөлінген. Бұл мәселені жанар-жағармай материалдарының операторлары көтерді. Ведомствоның хабарлауынша, Энергетика министрлігі өңір фермерлерінің маусымдық дала жұмыстарына қажет дизель отынының көп бөлігін техникалық сипаттамалары елдің солтүстік өңірлерінің ауа райына сәйкес келмейтін Атырау мұнай өңдеу зауытынан бөліп келген. Соның салдарынан жанар-жағармай қатып қалып, көктемгі дала жұмыстарының кешеуілдеуіне, қымбат шетелдік ауыл шаруашылығы техникасының істен шығуына әкеп соқтырды. Жыл сайын облыстың 3,5 мыңға жуық шаруасы осындай проблемаға ұрынып келген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ауыл шаруашылығы министрлігінің алаңында ведомствоаралық жұмыс кеңесін ұйымдастырып, онда жоғарыда аталған мәселе Энергетика министрлігі басшылығына жеткізілді. Нәтижесінде, осы жылғы көктемгі дала жұмыстарына солтүстік өңір үшін неғұрлым бейімді Павлодар мұнай-химия зауытынан 53 мың тонна дизель отынын бөлу туралы шешім қабылданды.
Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін қазір маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарына дизель отынын бөлудің жаңа тетіктері іске қосылды. Атап айтқанда, дизель отынын бөлудің барлық үдерісін, оның ішінде дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды айқындау жөніндегі комиссияның жұмыс тәртібін және операторларды айқындау шарттарын, сондай-ақ дизель отынының көлемін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде электрондық қалыптастыру және бөлу процесін қамтитын қағидалар жобасы әзірленген.
Сонымен қатар жуырда елден бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін көліктің барлық түрімен әкетуге төрт айға тыйым салынды. Энергетика министрлігінің түсіндіруінше, біздегі бензин мен дизель отынының бөлшек сауда бағасы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға қарағанда төмен болғандықтан, бұл шекара маңындағы облыстардағы транзиттік көлік жүргізушілерінің жанар-жағармай материалдарына деген жоғары сұранысын туғызады. Сондай-ақ бұл транзиттік жүргізушілерді, жергілікті және шекаралас аудандардың тұрғындарын республикада жанармай құюға ғана емес, жанармай сатуға да итермелейді. Сондықтан тыйым салу ұлттық экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету мен ішкі нарықта мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін енгізіліп отыр.
Алдағы көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна дизель отыны бөлінеді. Ақпан айында мұнай өңдеу зауыттары – тоннасына 222 мың теңге немесе литріне 184 теңге бағамен жанар-жағармай сатуға тиіс. Маңызды міндет – жанғыш отынды шаруаға уақтылы жеткізу.
Ал қазіргі сәтте елімізде дизель өндірісі артқанымен, баға өсіп жатыр. 2023 жылдың қаңтарында 494,1 мың тонна бензин өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,6%-ға артық. Сол секілді дизель отынын шығару 13%-ға, 421,8 мың тоннаға дейін өсті.
Ең көп бензин ‒ 196,7 мың тонна Шымкентте, яғни «ПетроҚазақстан ойл продактс» мұнай өңдеу зауытында өндірілген. Екінші орынға 155,1 мың тоннамен Павлодар мұнай өңдеу зауыты шықты. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты 141,7 мың тонна жанармай шығарды. Сол секілді дизель отынын өндіру бойынша Павлодар облысы да алда болды: 149,1 мың тонна ‒ өткен жылмен салыстырғанда 11,1%-ға артық. Тағы 148 мың тонна Шымкентте және 109,4 мың тонна Атырау облысында шығарылды.
Былтыр Қазақстанда дизель отынының бағасы 15,7%-ға, айтарлықтай өсті, ал бензин бір жылда 0,1%-ға арзандаған. Дизель бағасының өсуін Атырау облысының тұрғындары қатты сезінді, мұнда өсу бір жылда бірден 44,8%-ды құрады. Солтүстік Қазақстан (+ 39,1%) және Шығыс Қазақстан (+ 37%) облыстарындағы бағалар да едәуір қымбаттады. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматыда бағалар өткен жылдың деңгейінде қалды. Ұлытау облысында дизель отыны 2,8%-ға арзандаған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде 5 млн тонна бензин және 5,4 млн тонна дизель отыны өндірілді. Өндірістің өсуі сәйкесінше 3,1%-ды және 8,3%-ды құрады. Ішкі нарықта бензинді сату 5 млн тоннаға тең болды, бұл 2021 жылдың нәтижелеріне қарағанда 5,7%-ға көп. Сондай-ақ былтыр жергілікті компаниялар бензинмен ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етті. Елге 43,3 мың тонна бензин әкелінді. Сектордағы барлық заңнамалық шектеуді ескере отырып, экспортқа ресурстың небәрі 0,5%-ы немесе 24,2 мың тонна бензин жіберілді, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 76%-ға аз. Ішкі нарықта 5 млн тонна бензин сатылды.
Сонымен бірге жергілікті компаниялар ішкі нарықты дизель отынымен 100%-ға жуық қамтамасыз етті. Импорт тиісінше 3,2%-ға дейін қысқарып, елге 177,7 мың тонна дизель отыны әкелінді. Ал ішкі нарықта сату 7%-ға артып, 5,5 мың тоннаға жетті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.