Түркістан облысы: Сауран ауданында «индустриалды аймақ» ашу мәселесі талқыланды

Түркістан облысының Сауран ауданында индустриалды аймақ ашу мәселесі талқыланды. «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Сауран ауданы әкімдігінің өкілдерімен аталған мәселе бойынша кездесу өткізді.

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев жалпы аумағы 30 гектар жерге индустриалды аймақ ашып, жергілікті кәсіпорындарды тиімді ұсыныспен көбейту мәселесін айтып өтті.

Сонымен қатар, жиналыс барысында жаңа аймақты құруда бірқатар мәселелерге назар аудару қажеттігі назарға алынды. Атап айтқанда, логистика, орналасу жері, инфрақұрылым, қолжетімді тариф ұсыну — кәсіпорындарды тартуда маңызды екені айтылып, осы мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылу қажеттігі ескерілді. Сонымен қатар, онда жету жолы, басымдық берілетін салаларды тарту жағдайы да қаралатын болады. Мұнда жалпы қайта өңдеу, жиһаз, былғарыдан заттар жасау, тамақ өнеркәсібі, қолөнер заттары, ауыл шаруашылығы, көкөніс сақтау секілді өнеркәсіп салаларына басымдық берілмек.

Аталған мәселе бойынша алдағы күнде арнайы концепция жасалып, облыс әкімдігіне ұсынылатын болады. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 9 индустриалды аймақ бар.

Бүгінде Жетісай мен Сауран аудандарында индустриалды аймақ ашу мәселесі қаралып жатыр. Индустриалды аймақтар жұмысын бастаған сәтте кәсіпкерлер бір жерде шоғырланып, инфрақұрылым мәселесі бойынша компания тарапынан қолдау көрсетіліп, ауданда шығатын өнім саны артады деп күтілуде.

Жалпы, сыры терең Сауран – өз заманында Түркістанмен қатар дамыған көне шаһар. 2021 жылы наурызда Мемлекет басшысының жарлығымен Сауран ауданы құрылып, тарихи мекеннің даңқы қайта жаңғырып, қайтадан Түркістанмен қатар дами бастады. Бұл — ауданның, облыстың туризм саласы үшін аса маңызды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының бойында орналасқан Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы негізінен кәсіпкерлікке, ауыл шаруашылығына ден қойған. Бүгінде жаңарған ауданда жаңа әлеуметтік нысандар көптеп бой көтеріп жатыр.

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың айтуынша, Сауран ауданына биыл І тоқсанда 6 млрд 428,9 млн теңге инвестиция тартылды. Осы жылы жалпы құны 13 млрд 129 млн теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 329 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделіп отыр.

– Оның ішінде ірі инвестициялық жобаларды атап өтсем, Оранғай елдімекенінде «Балмұздақ» ЖШС-ның балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға қойма салу және «Ныш Ер» ЖШС-ның демалыс аймағы және қонақүй салу жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Ал Шаға ауылдық округінен «Яссы Agro.kz» ЖШС-ның жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз өсіру жобасын жүзеге асыру қолға алынады. Үшқайық ауыл округінен «Иманқұл ата» Ш/Қ-ның балық шаруашылығын дамыту мен Шорнақ елдімекенінен «Sauran Plast» ЖК-ның қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу кешені жобасы, сондай-ақ, Ескі Иқан елдімекенінен «AgroFoodTrade» ЖШС-ның мақта майын өндіру цехы жобасы іске асыру жоспарланып отыр, — деді Ғалымжан Қарабайұлы.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда Сауран ауданында жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерліктің саны — 6 010.

Аудан әкімі биыл Аша елдімекенінде ауызсу жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, іске қосылатынын, сондай-ақ, 3 шалғай орналасқан елдімекенде кешенді блок модуль орнату қарастырылғанын айтты.

– Өткен жылы Жүйнек, Шыпан, Қызылжол, Достық елдімекендеріне су мұнарасы орнатылып, Бостандық, Еңбекші Дихан, Шоқтас елдімекендерінің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудандағы 35 елдімекен орталықтандырылған электр қуатымен қамтамасыз етілген. 1 елдімекен күн сәулесі батареяларынан қуат алады. Аудан халқының өсуіне байланысты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, өткен жылы 13 трансформатор орнатылды. Биыл 37 дана орнатылады. Сонымен қатар, елдімекендердегі жаңадан қоныстанған аумақтарға электр желілерін жүргізу бойынша жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Ал 11 елдімекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елдімекен табиғи газды пайдаланып отыр. Биыл Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас елдімекендеріне табиғи газ қосылады, — деді аудан әкімі.

Одан бөлек, облыстық бюджет есебінен 7,5 шақырымды құрайтын 1 аудандық маңызы бар автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ауыл — ел бесігі» жобасы шеңберінде өткен жылы 15 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары, сондай-ақ, жарықтандыру жүргізілді. Биыл бағдарлама аясында 11,2 шақырым, ал жергілікті бюджет есебінен 12,3 шақырым жол жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, аудан орталығы Шорнақ елдімекеніндегі әкімшілік іскерлік орталығында 5 ғимараттың және инженерлік коммуникациялық желілерінің құрылысы аяқталуға жақын. Мұнда аудан әкімі аппараты ғимараты, аумақтық қазыналық мекемесі, прокуратура, сот, аудандық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары және мәдениет үйі бой көтерді. Жаңа ғимараттарға республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысы басталды.

Бабайқорған елдімекенінде Спорт зал бой көтеріп келеді. 2023 жылы нысанды тапсыру жоспарланған. Сондай-ақ, аудандық бюджет есебінен Шорнақ, Иассы, Үшқайық, Шаға ауыл округтерінде ветеринарлық бекеттің құрылысына, Үшқайық және Жаңа Иқан ауыл округтерінен Спорт зал құрылысына, Жібек жолы ауыл округі әкімшілігі ғимаратының құрылысына жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп отыр.

Жаһандану заманы ғылымның, технологияның дамуымен тығыз байланысты болса, оны өндіріспен, яғни өнеркәсіптік өндіріспен байланыстыру индустриялық-инновациялық дамуға жол ашады. Бұл – ел экономикасын көтерудің даңғыл жолы. Қазақстанның осы даму бағытын таңдап, бәсекеге қабілетті ел болуға қадам басқанына біраз жыл болды. Соның бір нәтижесі ретінде барлық өңірлерде индустриалды аймақтардың құрылып, жүзеге асырылғанын айтуға болады. 

Бүгінде Түркістан облысының бірқатар аудан-қалаларында арнайы индустриялық аймақтар бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі деңгейде жұмыс істеуде. Олардың жұмысын барынша жандандыру өте маңызды. Осы мақсатта, нақтырақ айтқанда, Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылатынын мәлімдеген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында өңірдегі индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Ондағы жұмыстардың бәсеңдеуін айтқан облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар жүктеп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасовтың баяндауынша, облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында. Өкінішке қарай, аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі де бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

– Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығы қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемаларды шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында тиісті деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс! – деді облыс әкімі.

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылы құрылған облыстың «Turkistan» индустриалды аймағында өткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металлургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс индустриясында жобаға асуда. 

Сондай-ақ, биыл жалпы құны 5,8 млрд теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

– Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 пайыздық қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 млрд теңгеге СПК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Осы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда СПК тарапынан құрылыс жұмыстары басталады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 га құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайы тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 ш.м. құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимараттар құру жоспарлануда.

 Облыс басшысы Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтардың жағдайын жиында айтып қана қоймастан, қалыптасқан жағдайды өз көзімен көру үшін аудандарға да шығуда. Жуырда болған Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесуінде аймақта жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақты дамыту жұмыстарына басымдық берілетінін айтты. Сонымен бірге инфрақұрылымды жақсарту да күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.