Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарында жоспарды орындамай, артта қалып келе жатқан аудан, қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер, көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы талқыланды.
– Көктемгі дала жұмыстары кейбір аудандарда сапалы орындалмай отыр. Жаздық дақылдарды егу үшін 488,6 мың гектар алқапты жырту жоспарланған. Бірақ қазір 8 мың гектары әлі дайындалмаған. Сор шаю жұмыстары бойынша да жұмысты күшейту керек. Жаздық дақылдардың егіс көлемі бүгінге дейін 139 мың гектарға немесе 28 пайзыға ғана орындалған. Малазықтық дақылдар 46 мың гектарға жоспарланып, 27 мың гектарға немесе 58,5 пайызға орындалған. Бұл жұмыстар кейбір аудандарда өте төмен. Жандандыру керек. Көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағармай мен тыңайтқышты жеткізу жұмыстарын да назарда ұстаған жөн. Көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі жүйелі атқаруды, шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Оспановтың айтуынша, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 6,5 млрд. теңге бөлінген. Сол арқылы 331,3 мың га алқап тыңайтылады.
«ҚазАзот» АҚ-мен меморандум түзіліп, 60 мың тонна аммиак селитрасын босату келісілген. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету үшін облысқа 48,2 мың теңге қаралған. Тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 600,0 млн. теңге бөлінген.
Осы тұста еске салар жайт, түнеугүні Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені және тамақ өнеркәсібі Комитетінің отырысы өткен болатын. Кездесуде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы, егін егу жұмыстарын несиелендіру, ағын су мәселесі, жеңілдетілген жанар-жағар май мәселесі, Gosagro.kz платформасы және мал шаруашылығы саласын субсидиялау талқыланды. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орыбасары Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев, сондай-ақ басқарма басшылары мен өңірдегі кәсіпкерлер, жауапты сала жетекшілері қатысты.
Ермек Кенжеханұлының айтуынша, өңірдегі шаруалардың жағдайын қамтамасыз ету және көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық жоғары екендігін атап өтті.
Кездесу барысында Сауран ауданы Иқан ауылында ПУИД-2 бағдарламасы бойынша каналдардың жөндеу жұмыстарына байланысты 1 сәуірде берілетін су кешіктірілмеуін, осы жайтты қадағалап, жауапты мекемеге тиісті тапсырма беруін сұранды.
Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруаларының айтуынша, суармалы алқаптың жерасты суларының жақын болуына байланысты, жер асты суларын реттеп отыру мақсатында жалпы 840 тік дренаж ұңғымалары құрылған. Алайда қазіргі таңда 164 ғана жұмыс істеуде. «Барлық дренаж жүйелері суару маусымында тұрақты жұмыс істемегендіктен, жерасты сулары жер бетіне шығып кетіп жатыр. Осыған байланысты ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігі төмендеуде», – деп шағымданды шаруалар.
«Бұл мәселеде Мақтаарал ауданына 150 дана, Жетісай ауданына 210 дана дренаж ұңғымалары арқылы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде осы мәселеге байланысты мердігер мекемелермен жұмыстар атқарылып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар. Егер мердігер тарапынан жұмыстар толық аяқталса, мәселелер толығымен шешіледі. Су мәселесінде Мақтаарал, Жетісай аудандары Өзбекстанмен шекаралас болғандықтан, сол ел арқылы келетін сумен қамтамасыз етіледі. Бұл аудандарды толықтай сумен қамтамасыз ету үшін 105 куб су келуі керек. Бізде секундына 60-65 куб су келіп, мәселе туындаған болатын. Өзіміздің мүмкіндігімізге қарай Шардара су қоймасынан қосымша 25 куб су жіберілді. Бірақ қазір жағдай тұрақталып, шаруалардың cұраныстарына сәйкес, Мақтаарал мен Жетісай аудандарына 105 куб мөлшерде су жіберілді. Бүгінде суға байланысты мәселе жоқ», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың сөзінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 860 мың гектарға орналастыру межеленіп отыр. Ал егістікті әртараптандыруға сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 мың га артқан.
«Облыста жер жырту жұмыстары 488,6 мың га межеленіп, нақты 478,3 мың га немесе 98% орындалған. Сондай-ақ, бүгінгі күнге жоспарланған жаздық егістіктң 121,1 мың гектары егілген. Ал көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 48,2 мың тн. жанармай бөлінді. Облыстың табиғи-климаттық ерекшелігіне орай, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы кеңінен іске асырылуда. Биыл аталған жобаны 9,3 мың гектарға жүзеге асыру жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, облыста 23,9 мың дана ауыл шаруашылығы техникалары бар. Дала жұмыстарына техникалардың 93% дайын», – деді басқарма басшысы.
Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев палата қызметін трансформациялау шаралары іске асырылып жатқанын, қазіргі экономика жағдайында еліміздегі барлық институттың бірігуі әрі Мемлекет басшысының тапсырмаларын бірлесе шешуі маңызды екенін атап өтті.
«Еліміздегі бизнестің басын қосып отырған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ретінде кәсіпкерлерді, нарыққа қатысушыларды үкіметпен, әкімдіктермен бірге осы процеске белсенді қатысуға шақырамыз. Бүгінгі кездесу бизнес үшін өте маңызды. Әсіресе кәсіпкерліктегі түйткілді мәселені шешуде мемлекеттік органдармен нақты өзара іс-қимыл механизмін жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы ерекше назарда. Осыған орай шаруалардың мәселелерін тез арада шешу мақсатында Комитет отырысына шығарып отырмыз», – деді Асылан Ибадуллаев.
Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық басталды. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын 860 мың гектарға орналастыру жоспарлануда. Егістікті әртараптандыруға сәйкес, дәнді және бұршақтық дақылдардың егіс көлемі 3,2 мың гектарға артып, 317 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 5,6 мың гектарға артып, 225,5 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 8 мың гектарға артып, 126,7 мың гектарға, майлы дақылдар 4,4 мың гектарға қысқартылып, 75,4 мың гектарға, мақта дақылы 13,8 мың гектарға қысқартылып, 112,5 мың гектарға орналастыру жоспарланды.
2023 жылдың өнімі үшін 187,7 мың гектарға күздік егісті егу жоспарланып, 178,1 мың гектар жерге күздік егіс себілді. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізуге облысқа 96 мың тонна жанармай қажеттілігіне ұсыныс жолданды. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 48 мың тонна жанармайдың 6 мың тоннасын ақпан, 12,7 мың тоннасын наурыз, 12,1 мың тоннасын сәуір, 12,2 мың тоннасын мамыр, 4,9 мың тоннасын маусым айларында босату қарастырылуда.
Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы бойынша, қолда бар 10 мыңнан аса трактор, 1,3 мың дән сепкіштер, 508 бірлік соқа, 1,2 мың бірлік қопсытқыштар дайын. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан 7,8 млрд.теңге қаржы қаралған. Бөлінетін қаржының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бағытталып отыр. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында картоп 16,1 мың гектарға, пияз 3,6 мың гектарға, сәбіз 2,2 мың гектарға, қырыққабат 9,8 мың гектарға егіледі. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе, қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі.
Ерте мезгілдік әлеуметтік дақылдар көлемін ұлғайтуға, облыстың климаттық ерекшелігін пайдалана отырып, 2023 жылы ерте пісетін картоп 9,02 мың гектарға, пияз 2 мың гектарға, сәбіз 1,2 мың гектарға және қырыққабат 7,5 мың гектарға орналастыру жоспарланды. Нәтижесінде 186,3 мың тн. картоп, 55,5 мың тн. пияз, 30,4 мың тн. сәбіз, 187,2 мың тн. қырыққабат өндірілетін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.