Түркістан облысы: Отырар ауданында тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсіліне көшуді қолға алып, осы әдіспен егілген егін көлемін 4100 гектарға жеткізу көзделген

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің қоғамдық кеңестер алдында есеп беруі көзделген. Осыған орай бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың қоғамдық кеңес алдындағы есебін тыңдау жөніндегі кеңес отырысы өтті. Отырысты аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж.Көлбай ашып, жүргізіп отырды. Аталған жиынға кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, аудандық құрылымдық дербес бөлім басшылары және жергілікті полиция қызметінің басшысы қатысты. Жиында күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов Отырар ауданының 2022 жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуы және 2023-2025 жылдарға арналған даму жоспары туралы баяндама жасады.

Аудан әкімі атап өткендей, өткен жылы ауданда әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес біршама ауқымды жұмыстар атқарылған. Мәселен, аудандағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы егіс көлемінің 2022 жылға жоспары 34 844 гектар болса, орындалуы 36 195 гектарды құрап, егіс көлемі 1351 гектарға артқан. Ауданның даму жоспарына сай 2025 жылға дейін егіс көлемін 40 000 га ұлғайтып, жалпы аудандағы суармалы жердің 95,2 пайызын игеру жоспарланған. Негізінен қайта айналымға қосылатын жерлерге жүгері жоңышқа дақылдарымен қатар өңіріміздегі соңғы жылдардағы ағын су тапшылығын ескере отырып күздік бидай егуге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсіліне көшуді қолға алып, осы әдіспен егілген егін көлемін 4100 гектарға жеткізу көзделген.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде ағын су мәселесі өзекті болып отыр. Ағын суды барынша үнемдеп, тиімді пайдалану еліміз үшін қашан да маңызы зор. Әсіресе, шөлейтті аумақта тамшылатып суару әдісі арқылы мол өнім алуға қолайлы.

Заман ағымына қарай заманауи техникаларды пайдалана отырып егін өсіріп, одан мол өнім алу үшін, тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістеріне баса мән беруіміз керек. Осындай маңызды мақсатты жұртшылыққа түсіндіріп, оның тиімділігіне көз жеткізуді көздеген семинар-кеңес, естеріңізде болса, былтыр мамыр айында Қарақоңыр ауыл округіндегі «Green farm» ЖШС-нің егістік алқабында өткізілген-ді.

Аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай қатысып, шаруашылықтағы бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстары барысымен танысқан жиында аталған құрылымның директоры Сейітжаппар Ахметов пен «Ордабасы органик» өндірістік шаруашылығының басшысы Бақытжан Мырзанұлы Әсембековтер семинарға арқау болып отырған мәселеге байланысты пайдалы мағлұматтар бере білді.

Семинар-кеңес барысында құнарсызданған жерлердің құнарлылығын жақсартып, өнімділігін табиғи, жолмен арттыру бағытында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті мамандар тарапынан пайдалы, тұщымды жауаптар қайтарылды.

Осы тұста тоқталар маңызды жайт, Қазақстанда суару жабдықтарын өндіру бойынша жобаларды іске асыруға мүмкіндігі бар инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл шетелдік инвесторлардың қатысуымен екі зауыт іске қосылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Парламент Сенатының отырысында мәлімдеді.

«Израильдің Алматы облысындағы «METZER PLAS» компаниясы өз қаражаты есебінен осы күзде тамшылатып құбырлар шығаратын зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ҚХР-ға жұмыс сапары аясында қытайлық «VODAR» компаниясымен жаңбырлатқыш машиналар өндірісі бойынша жобаны іске асыруды пысықтау бойынша меморандумға және жол картасына қол қойылды.VODAR жаңырлатқыш машиналар бойынша компаниясы озық компаниялардың бірі болып табылады. 2023 жылдың соңына дейін жаңбырлатқыш машиналарды жинау бойынша құрастыру цехын құру жоспарлануда. Бұдан басқа, компания Жетісу, Алматы, Павлодар облыстарында фермерлер үшін демонстрациялық алаң ретінде жаңбырлату машиналарын орнатуды жоспарлап отыр», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Атырау облысындағы «AFKO» түрік компаниясы биыл жаңбырлатқыш машиналар шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр.

АШМ басшысы облыс әкімдіктерінің алдын ала деректеріне сәйкес ағымдағы жылы 1,5 млн гектар суармалы жерді өңдеу жоспарланып отырғанын, бұл ретте соңғы алаңдар егіс жұмыстары аяқталғаннан кейін нақтыланатынын хабарлады.

Оның айтуынша, 1 млн. 120 мың гектар немесе жердің 75% бораздалау тәсілімен суарылады, 278 мың гектар немесе 13,3% заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару пайдаланылады.

«Егіс алқаптарының құрылымында негізгі үлесті бидай, арпа сияқты дақылдар, сондай-ақ монодақылдар — мақта және күріш алады. Ағымдағы жылы өзге де жоғары рентабельді дақылдарға көшу есебінен мақта алқабын 14 мың гектарға азайту жоспарлануда. Сонымен қатар, күріш дақылдары бойынша күрт төмендеу әлі болған жоқ. Негізгі себеп — бұл дақылдың әлеуметтік маңыздылығы, сондай-ақ Қызылорда облысының (күріш өндірісінің негізгі өңірі) топырақтарының тұздануы», — деп атап өтті министр.

Атап өту керек, агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойған міндеттерін орындау суармалы жерлерді тиімді пайдалануға тікелей байланысты.

Республикадағы суармалы жерлердің 4/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар).

«Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 261,0 миллион текшеметр қосымша ағын су жеткізетін стратегиялық маңызға ие 5 ірі жоба жүзеге асырылуда.

   — «Түркістан магистралды каналында  күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталып, қала аумағындағы 2,1 шақырым канал бойы абаттандырылды. Нәтижесінде жылына 60 миллион текшеметр ағын су үнемделетін болады.

Каналдың су өткізу құрылымдарына Австралиялық «Рубикон Воутердің» тәжірибесімен автоматтандыру жүйесі орнатылды.

— Сыйымдылығы 18,5 миллион текшеметрді құрайтын «Кеңсай — Қосқорған — 2» су қоймасы салынып, пайдалануға берілді. Жалпы жоба аясында  жылына 31,0 миллион текшеметр ағын су қосымша жеткізіледі.

Сонымен қатар  «Боралдай» су қоймасы (65 миллион текшеметр, жоба құны 15,0 миллиард теңге), «Бәйдібек ата» су қоймасын салу (65 миллион текшеметр, жоба құны 16,9 миллиард теңге) жобалары әзірленуде.

Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын одан әрі толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу» (40 миллион текшеметр, жоба құны 4,07 миллиард теңге) жоба іске асырылуда.

Аталған жобалар толық іске асқан жағдайда Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етілетін болады.

Бұдан бөлек, 2022 жылы облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге  қаржы қаралып 1 су нысанын күрделі жөндеу (Отырар ауданындағы Р-1 каналы), 6 су нысанын  ағымдағы жөндеу (Қазығұрт ауданындағы Р-4-4, Р-2 және облыстық коммуналдық меншіктегі Бөген, Қошқорған су қоймалары, Қараспан су торабы, Түркістан магистралды каналы) жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ Мақтаарал ауданының коммуналдық меншіктегі барлық 141 шақырымды құрайтын 54 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізілуде. Нәтижесінде 12,9 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.

Иә, ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік — суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы – өте күрделі.

Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл жалпы су бойынша сырт елдерге тәуелдіміз дегенді білдірмей ме?

Бір ғана Ертіс өзенін алайық. Қара Ертіс болып басталатын өзеннің 40%-ға жуық көлемі Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының аумағынан өтеді. Демек солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуына Ертістің тікелей әсері бар. Бірі – ауыз су ретінде, екіншісі – аяқ су, үшіншісі – өндірістік су ретінде кәдеге жаратып отыр. Яғни Ертістің суына елдің бес ірі орталығы байланып тұр.

Оңтүстіктегі жағдай да осыған ұқсас. Мәселен, Сырдария өзенінің жағ­да­йын қысқаша шолайық. Ішкі нарық­ты Түркістан облысының Жетісай, Мақта­арал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90% өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы екендігі анық.

Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шығыстан батысқа қарай екпіндей ағып, Аралдан ентігін басады. Бұрындары осындай еді. Иә, сырбаз Сырдың суы Аралдың толқындарымен қауышып, теңіз жағалаған жұрттың қуанышы болатын. Өкінішке қарай, қазір Арал теңізі мен Арал қаласының арасы құмды төбелерге айналып, «Үлкен Аралдан» біржолата айырылып қалдық. Ендігі міндет – «Кіші Аралды» сақтап қалу.

Алайда Кіші Аралға және Арал ма­ңындағы көлдерге судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылуы­на байланысты соңғы 12 жыл көлемінде теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метр­ден 20 млрд текше метрге дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге шегі­ніп кетті. Аралды қалыпты деңгейде сақ­тау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд текше метр көлемінде су құйылуы қажетті­гін ескерер болсақ, Солтүстік Аралдың жағдайы өлі аумаққа айналған Үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталауы ық­тимал. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Көкарал бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел арада жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін.

2021 жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6%, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түсті. Сол жылы Арал өңірінде қуаңшылық салдарынан жайылым­дық жерлер құрғап, мал шығыны орын алып, төтенше жағдай жариялануына судың деңгейі әсер еткені анық. 2022 жылы Сырдария өзенінен теңізге жоспарланған мөлшердің тек 16% түсті.

Біле білсек, Сыр өңірінің экономи­калық және экологиялық жағдайы, хал­қының тыныс-тіршілігі Сырдария өзе­нінің сулылығына және Арал теңізінің жағдайына тікелей байланысты. Жібек жіптей ұзыннан-ұзақ созылып жатқан өңір «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы, Орынбор – Ташкент темір жолы және Сырдария өзенін бойлай орналасқан аудандарды бірікті­ре­ді. Үш магистральды арна — Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тірегі. Бұларсыз өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласын дамытып, сыртқа тасымалдап, табыс табу әсте мүмкін емес. Соның ішінде Сырдария өзенінің ықпалы тым жоғары екенін жақсы білеміз.

Бұл өңірдің тағы бір ерекшелігі, ішкі нарықты күрішпен қамтамасыз етуде республиканың суармалы суының 30% астамын тұтынып отыр. Ал күріштің басты ерекшелігі – 90 күннен 110 күнге дейін суда тұрып дән байлайды, піседі. Яғни суды көп қажет ететін дақыл. Су тапшылығын азайтуда күріштіктің көлемін азайту керек деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, суды үнемдеу маңызды. Алайда күрішсіз Қызылорда облысының экологиялық ахуалы нашарлап, топырақ тұзданып, «жарамсыз оазиске» айналады. Өйткені Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Топырақ­тың тұздануы үздіксіз жүруі салдарынан ауыспалы егіс жүйесі де айналымнан шығады. Бұл – мамандардың тұжырымы.

Күріш алқаптарының көлемін қазіргі деңгейден күрт азайтуға болмайтыны және күріш өсіруге су үнемдейтін тамшылатып немесе жаңбырлатып суару технологиясын қолдану мүмкін еместігі белгілі. Тығырықтан шығудың бір жолы – ауыспалы егіс тәртібін сақтай отырып, лазерлік тегістеу жұмыстарын жүргізу маңызды. Бұл – суды үнемдеудің ең тиімді жолы. Мәселен, күрішті 1 гектар аумақта өсіріп, баптау кезеңінде 28 – 32 мың текше метр аралығында су жұмсалатын болса, лазерлік тегістеуден өткен жерлерде су шығыны 24 мың текше метрге дейін төмендейді.

Әрине, Сыр бойында жергілікті атқа­рушы органдар су тапшылығын азай­ту бағытында ауқымды шаралар жүр­гізуде. Су нысандарын құжаттандыру жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ об­лыста суармалы жерлерді қалпына кел­тіру мақсатында 3 жоба әзірленген. Әзірге олардың біреуі (ПУИД-2) іске асырылуда. Осы жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлердің 80% қалпына келер еді. Шаруашылық құрылымдары бүгінге дейін 60 мың гектар жерді лазерлік тегістеуден өткізді. Бұл егістік жердің 34% құрайтынын ескерсек, өңірдің бұл жұмысты таяу уақытта аяқтап шығуы үшін қолдау қажет. Сол себепті, Үкімет шаруаларға осы бағытта дем беріп, субсидиялауды жол­ға қойғаны дұрыс деп ойлаймын.

Қызылорда облысы өңірдегі агро­өнеркәсіп кешенінің ерекшелігіне байланысты елдегі барлық суармалы судың 30%-дан астамын тұтынатынын жоғары­да айттық. Аймақта табиғи өсірілім­дегі егіс аумақтары жоқ. Суару желілері­нің қанағаттанғысыз жағдайына байланыс­ты облыс жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су шығынына ұшырайды екен, бұл дегеніңіз жалпы республикадағы жыл сайынғы су шығынының жартысы.

Мемлекет басшысының қолдауы­мен су тапшылығын төмендетуге нақты шаралар қабылданды. Президентіміз аталған күрделі мәселені саясиланды­руға жол бермей, Сырдария өзенінің жо­ғары ағысында орналасқан мемлекеттермен нәтижелі келіссөз жүргізіп, тиісті кө­лемдегі судың бөлінуіне жағдай жасады. Ал трансшекаралық өзендер арқылы ел аумағына келген суды тиімді пай­далануды үйлестіру – Үкіметтің тіке­лей жауапкершілігі.

Дегенмен, республика бойынша суару жүйелерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту шараларымен қамтылған 319 мың гектар аумақтың тек 15 мың гектары, нақтырақ айтқанда 5% жетер-жетпес көлемі ғана судың ең көп шығынына батып отырған Қызылорда облысы­ның үлесінде. Демек Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктері Қызылорда облысының суармалы жерлерін қалпына келтіру және қайта жаңғырту бағытындағы жобаларын қаржыландыру көлемін арттыруға күш салуға тиіс.

Қысқы-көктемгі мерзімде артық су­ды жинап, жазда егіске пайдалану да Сыр өңірі диқандары үшін маңызды. Мамандардың пікіріне сүйенсек, ол үшін өңірде «Қараөзек» көлдер жүйе­сінде 775 млн текше метрлік, Шиелі ауданының аумағында 600 млн текше метрлік «Күміскеткен», Жаңақорған ауда­нының аумағында 200 млн текше метрлік «Тайпақкөл-Қандыарал» тасқын су жинағыштары салынған жағдайда суармалы жерлерді, көл жүйелерін, ша­бындық-жайылымдық жерлерді сумен қамтудың мүмкіндігі артады. Әрине, жобада судың көлемін мейлінше Аралға жіберу тетігі де қаралғаны жөн.

Түркістан облысының Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қызылорда облысының барлық ауданында тұратын халықтың әлеуметтік әлеуетін арттырып, елдіктің жолында еңбек сіңіруінде Сырдың суы жетекші рөлге ие екенін айтуға тырыстық. Мұны шешуде сала мамандары Сырдарияның жоғары ағысында орналасқан көршілермен су бөлісу бойынша келіссөздер жүргізгенде Арал теңізінің жағдайын назардан тыс қалдырмай, халықаралық шарттарға сүйеніп, өзеннің суын тең пайдалануда табандылық танытуы керек.

Екіншіден, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағ­дайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды.

Үшіншіден, тұтынушылар санасына суды үнемдеп қолдану мәдениетін сіңіруіміз керек. Мәселен, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр суды қолданады. Бұл – жуынып-шайынып, ауыз су ретінде пайдаланатын мөлшері. Судың сапасы бір бөлек әңгіме. Ал біздің елдің тұрғындары тәулігіне 150-200 литрге дейін су шығындайды.

Қысқасы, келешекте кемелді елге айналудың бір ғана жолы бар. Ол су ресурстарымен өлшенеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағ­дарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсет­кіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе. Яғни таяу болашақта елдің да­муында су ресурстарының қолжетімді­лігі – бірінші орынға шығады.

Сондай-ақ, 2022 жылдың қорытындысымен мал басының өсімі бар. Атап айтқанда, мүйізді ірі қара 59 927 басты құрап 101,4 пайызға, уақ мал 408 089 басты құрап 105,8 пайызға, жылқы 19 445 бас немесе 106,3 пайызға, түйе 9 700 бас немесе 101,6 пайызды құрады. Ауданда шағын және орта бизнес саласында өндірісті дамыту бойынша да біршама жұмыстар атқарылуда. Жалпы өнеркәсіп өнімі көлемін арттырып, 780 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда.

Жалпы, Түркістан облыссында мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. Республика бойынша ірі қара мал санының 12,3%-ы (1 035,2 мың), ұсақ малдың 22,5%-ы (4 530,1 мың), жылқының 10,2%-ы (385,3 мың), түйенің 14,5%-ы (36,8 мың) және өндірілген еттің 11,4%-ы (247,1 мың тонна), сүттің 12,1%-ы (797,5 мың тонна) — өңірдің үлесінде.

Мал азықтық қорды қамтамасыз ету  тұрақты бақылауға алынып 5,2 миллион тонна мал азығы дайындалды. Бұл облыстағы мал басына жылдық қажеттілікті 1,3 есеге қамтамасыз етеді.

Тұқымдық түрлендіруге ірі қара аналықтың 19,8%-ы, уақ малдың 47,4 %-ы қатысуда.

 «Сыбаға» бағдарламасымен 1 289 бас асыл тұқымды ірі қара мал,  «Алтын асық» бағдарламасымен 45 590 бас уақ мал,  «Құлан» бағдарламасымен 1 973 бас жылқы сатып алынды.

Өңірде жалпы 9 185 бірлік бордақылау алаңы бар. Оның 400 басқа дейін — 9 153 бірлік,  400-100 басқа — 10 бірлік, 1000 бастан жоғары — 22 бірлік мал бордақылау алаңдары жұмыс істеп тұр.

Облыс — ет экспорты бойынша республикада 1-орында. Елімізден экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 75%-ы, қой етінің 40% -ы – Түркістан облысының үлесінде.

Өткен жылдың қорытындысымен 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

Облыста 8 бірлік ет өңдеу, 23 бірлік сүт өңдеу, 22 бірлік жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді.

2022 жылдың қорытындысына орай қайта өңдеу көлемі 120,9 миллиард теңгені құрады.

Ет өңдеу бойынша ірі кәсіпорындар: Ордабасы ауданындағы «Ордабасы Құс» ЖШС (жылына 9,0 мың тонна), «Инфрастрой ЛТД» ЖШС (жылына 6,0 мың тонна),  Қазығұрт ауданында «Қарқын-2030» ЖШС (жылына 2,8 мың тонна).

Киелі, қазақ өркениетінің алтын діңгегі саналған Отырар ауданы — туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі. Өткен жылы қызмет көрсетілген келушілер саны 15,0 мың адамды құрады. Осыған байланысты аудан көлемінде туристік бағытты тиімді пайдалану мақсатында бірнеше жоба әзірленуде. Сол жобалардың бірі — «Жұлдыз» шару қожалығы, экотуризм жобасын ашу арқылы 40 тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалашығы арасындағы ұзындығы 1,7 шақырым аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Нәтижесінде, 2025 жылғы дейін ауданның туристік тартымдылығын арттырып, келуші туристер санын 500 мың адамға жеткізу көзделуде.

2022 жылдың есепті кезеңінде 12 елді мекенде газбен қамтамасыз ету құрылысы аяқталып, табиғи газға қосылған. Ауданның даму жоспарына сәйкес, 2023 жылы құрылыс жұмыстары аяқталған 7 елді мекенді, 2024 жылы 3 елді мекенді, 2025 жылы қалған 12 елді мекенді табиғи газ жүйесіне қосу жоспарланып, межелі 100 % көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде.

Қорытынды жиында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай аудандағы «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарлама аясында жастарды әлеуеттік сүйемелдеу жұмыстарының іске асуы туралы баяндап өтті.

Жиын барысында қоғамдық кеңес мүшелері Бақытжан Сапарбай, Оңалбек Тоқбергенов, Амантай Төрехан, Нұржан Дайрабаев, Мария Белгібай, Темірхан Партаевтар көкейдегі сауалдарын қойып, аудан аймағын шіркейден залалсыздандыру, білім саласындағы үйірме жұмыстарын жандандыру, кіріс көздерін арттыру бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Аудан әкімі жиында көтерілген мәселелерге заң аясында жауап беріп, кейбір мәселелердің орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді. Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселеге байланысты қоғамдық кеңес мүшелері оң бағасын беріп, қаулы қабылданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.