Бүгін Отырар ауданында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы аймақтық «Жер аманаты» және партиялық бақылау комиссиясының бірлескен көшпелі отырысы өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен һәм «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің төрағалығымен өткен көшпелі отырыста «Жер аманаты» партиялық жобасы бойынша Арыс қаласы мен Ордабасы, Отырар аудандары әкімдерінің 2022 жылы атқарылған жұмыстардың есептері тыңдалды.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов «Жер аманаты» партиялық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және анықтау бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Сан жылдар бойы игерілмей, босқа жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудың жай-күйі жан-жақты сөз болған басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Досжанов баяндама жасады. Сондай-ақ, жиында «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында өткен жылы атқарылған және биыл атқарылатын жұмыстар жөнінде Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов, Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов есепті баяндама жасап, комиссия мүшелерінің сауалдарына тұщымды жауаптарын берді.
Жалпы Отырар ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 640 109 гектарды құраса, оның ішінде: суармалы жерлер — 43492 гектар; жайылымдық жерлер — 594 890 гектар; шабындық жерлер — 1294 гектар, көп жылдық екпелер 433 гектар болып отыр. 2022 жылы ауыл шаруашылығы жерлеріне жүргізілген түгендеу жұмыстары нәтижесінде мақсатына сай пайдаланылмаған 79,1 мың гектар (оның ішінде: 4142,0 гектар — суармалы, 74708,0 гектар — жайылым, шабындық — 204 гектар) жерге шығарылған қаулылардың күші жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған.
Қазіргі таңда аудан көлемінде жалпы қолда ұсталатын мал басының саны артуына байланысты елді мекендерде 317 189 гектар ортақ мал жайылым жерлерге қажеттілік туындап отыр. Қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 140,0 мың гектар, 2024 жылы 89,1 мың гектар, 2025 жылы 90,2 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылымына беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 67,5 мың гектарды құрады.
Сондай-ақ, агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 гектар (оның ішінде: суармалы — 8191,7 гектар, жайылым — 154 512,11 гектар) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданды.
Биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 гектар жайылымдық жерлер ортақ жайылымға пайдалану үшін келісім жасалды (2022 жылға жоспар 90,7 мың гектар болған).
Қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың гектар ортақ мал жайылым жерлер бар.
2022 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 30,0 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне беру жоспарлануда.
Орайы келгенде айта өтейік, Отырар ауданының Даму жоспарына сай 2025 жылға дейін егіс көлемін 40 000 гектарға ұлғайтып, жалпы аудандағы суармалы жердің 95,2 пайызын игеру жоспарланып отыр. Негізінен қайта айналымға қосылатын жерлерге жүгері жоңышқа дақылдарымен қатар өңіріміздегі соңғы жылдардағы ағын су тапшылығын ескере отырып күздік бидай (2022 жылы егілгені 300 гектар болса, 2025 жылға 2600 гектарға жеткізу) егуге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсіліне көшуді қолға алып 2025 жылға 4100 гектарға жуық алқапқа осы техналогияларды пайдаланатын болады. Нәтижиесінде 2025 жылға жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 50,0 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда.
Жоғарыда аталған егіс көлемдерін игеру үшін ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып, жоспарға енгізіліп отыр. Бүгінгі таңда Шәуілдір суармалы алқабындағы 13 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтамасыз ету үшін қосымша 11 текше метр/секунд су жеткізетін «Сырдария-Арыс» каналының құрылысына және осы алқаптағы жер асты суы деңгейін түсіріп топырақ құнарлылығын арттыруға бағытталған 368 шақырымды құрайтын дрендер жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр. Аталған жұмыстар республикалық бюджеттен, Европалық қайта құру және даму банкі есебінен жүргізілетін болады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда арнайы жұмыс тобы құрылып 11 ауылдық округтегі ағын су нысандарын аралап, зерделей отырып 2025 жылға дейін негізгі деп саналатын 8 каналға күрделі және 37 каналды механикалық тазалау жұмыстары жоспарға енгізілді (аудан бойынша 118 канал). Аталған барлық су нысандары республикалық «Қазсушар» мекемесіне тиесілі. 2025 жылға дейін жалпы болжамды қажетті қаржы көлемі 11,2 миллиард теңгені құрайды.
Естеріңізде болса, биыл қаңтар айының 17-сіндегі ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қазақстандықтарды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету шаралары талқыланған болатын. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасаған-ды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің хабарлауынша, ҚР Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 миллион гектарды құрайды, оның ішінде:
– 82,4 миллион гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер;
– 63,9 миллион гектар босалқы жерлер;
– 21,2 миллион гектар елді мекендерге іргелес жерлер;
– 15,9 миллион гектар басқа санаттағы жерлер (орман қоры, ерекше қорғалатын табиғат аумағы, өнеркәсіп жерлері).
Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген талдау мен әкімдіктердің деректеріне сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 миллион шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Жайылымдардың жалпы алаңына жүктеменің рұқсат етілген шекті нормативтері бойынша жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 миллион гектар жайылым қажет.
Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7%-ға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16%-ды құрады. Сонымен қатар ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 миллион шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 миллион гектарды құрауы мүмкін.
Республиканың 17 облысының ішінен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал жаюы үшін 15 облыста жайылымдардың тапшылығы байқалады, әсіресе, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында.
«Жайылымдардың жетіспеушілігі орын алып отырған уақытта елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллион гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп», — деді Е. Қарашөкеев.
Ведомство басшысы осы жұмыстың маңызды аспектісі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 миллион гектар пайдаланылмайтын жерлерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісті.
Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг деректері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігі пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша 2023 жылға арналған жоспарды әзірледі және осы жоспарды аудандар бөлінісінде облыстар бекітті.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп осыы жылдың 16 қаңтарында мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы jerkarta.gharysh.kz геосервисті әзірлеп, іске қосты. Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Және де жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады.
Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.
«Жергілікті халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында кешенді шаралар қабылдау қажет. Бүгінгі таңда жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 миллион гектардан асады, оның 29,3 миллион гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізілуде», — деді Е. қарашөкеев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 миллион гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 миллион гектар аумағының 75%-ын құрады. Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.
«Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады», — деді ауыл шаруашылығы министрі.
Жергілікті атқарушы органдар жергілікті халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін жайылымдармен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңы шеңберінде ұйымдасқан шаруашылықтардың жүктелмеген жайылымдарын қайта бөлуге бағытталған 1 немесе 2 жыл мерзімге Жайылымдарды басқару жөніндегі жоспарларды әзірлеуде және бекітеді.
Бүгінгі таңда жоспарланған 188 Жайылымды басқару жоспарының 148-нің күші бар. Осылайша, қазіргі уақытта Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспардың мерзімі аяқталып, оларды қайта бекіту бойынша әкімдіктермен жұмыстар жүргізілуде.
Халықты жеке ауладағы жайылымдық жерлермен қанағаттандыру мақсатында 2022 жылы жергілікті атқарушы органдар мынадай шаралар қабылдады:
- іргелес жатқан босалқы жерлерді елді мекендердің жерлеріне қосу арқылы жалпы алаңы 421,2 мың гектар елді мекендердің шекаралары кеңейтілді;
- босалқы жерлерден 2,4 миллион гектар жергілікті халыққа қайта бөлінді;
- 22,7 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын жайылымға трансформациялау жүзеге асырылды;
- 325,5 мың гектар халықтың жайылымдардағы қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін алып қойылды;
- 1,2 миллион гектар жер резервке қойылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі Заң жобасы әзірленді, ол ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралып, ағымдағы жылдың 18 қаңтарында екінші оқылымға шығарылды.
Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді, мәселен:
– жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының жер заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту;
– меншігінде жайылымдық және шабындық алқаптары бар адамдардың елді мекендердің жерлерінде заңсыз шөп шабу және мал жаюы мәселесі бойынша жауапкершіліктерін белгілеуі және т. б.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі осы түзетулерді осыжылдың 1 жарты жылдығына дейін қабылдау үшін барынша күш салуда.
Жалпы республика бойынша ауыл тұрғындарының мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуде оң динамика байқалады.
Соңғы 2 жылда прокуратура органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп атқарылған шаралар, жергілікті тұрғындардың жайылым тапшылығын 8,9 миллион гектарға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы министрінің пікірінше, әкімдіктерге:
- осы бағыттағы жұмысты күшейту және қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жөнінде пәрменді шаралар қабылдау;
- Жайылымдарды басқару бойынша 40 жоспарды бекіту жұмыстарын жеделдету және оларды жергілікті жерлерде сапалы іске асыруды қамтамасыз ету;
- жердің одан әрі тозуын болдырмау үшін, оның ішінде біржылдық және көпжылдық дақылдарды егу арқылы жайылымдарды түбегейлі және үстірт жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізу;
- жайылымдық инфрақұрылым объектілерін дамыту және реконструкциялау жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет.
Ал Түркістан облысына келсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару бағытында берген тапсырмасы негізінде Түркістан облысы бойынша 521,7 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспарланғаны 500 мың гектар болатын, яғни артығымен орындалып отыр. Алайда жерді қайтару, түгендеу жұмыстары барысында көптеген заңсыздық анықталған. Мысалы, Бәйдібек, Келес, Шардара аудандарында әкімдер тарапынан ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы табыстау кезінде заң талаптары сақталмаған. Ал Сайрам, Төлеби, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында өндірістік кооператив мүшелерінің келісімінсіз кооператив жерлерін сатып жіберу, мүшелерін тізімнен шығарып тастау, құрылыстар жүргізу сынды заңсыздықтар тұрғындардың жоғары органдарға шағымдануына әкеліп отыр. Бірқатар ауданда ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз қазып, құм, тас, кірпіш өндіру әлі де тыйылар емес. Ауылшаруашылық жерлеріне, нақтырақ айтсақ, Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінде 1 387 тұрғын үй, 27 мал қора, мал базары, Түлкібас ауданы Машат елді мекені аумағында мал базары заңсыз салынған. Шардара, Мақтарал, Жетісай аудандарында мақта зауыттарына жерлерін кепілдікке қойып, несие алып қайтара алмаған, соның ішінде несиелері қайтарылған шаруалардың да жерлері аукционда сатылып кеткен. Бүгінгі таңда шаруалар жерін даулап Үкіметке дейін шағымданып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері шекараларын заңсыз қазып қоршайтындар да аз емес. Ал Төлеби ауданы Біркөлік, Ақмешіт, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің қорғау аймақтарынан демалыс орындарына жер учаскелері заңсыз берілген. Түркістан қаласы, Сауран, Сайрам аудандарында жалған шешіммен жер учаскелері берілген.
Осындай заңсыздықтарды анықтаған облыстық жер ресурстарын басқару департаменті тексеру Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес, келіп түскен арыз-шағымдар мен хаттардың негізінде жүргізілгенін мәлім етті.
«Пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін космомониторинг құрылғылары арқылы анықтау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебінің экспликациясында тіркелген жер пайдаланушыларда мал басы тіркелгені туралы ИСЖ базасымен салыстыру нәтижесінде 4 386 жер пайдаланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталды. Осы орайда жер пайдаланушылардың тізімін анықтап, аудан, қала әкімдеріне пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару бағытында жұмыстар жүргізу жөнінде хат жолданды. Сонымен қатар Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланысты ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның космостық мониторингі бойынша 4 543 жер пайдаланушының 560 801,6 гектар жері пайдаланбай жатқаны анықталды. Оның ішінде жүктемесі – 20 пайыздан төмені 302 832,9 гектар немесе 54,2 пайыз. Былтыр заңсыз табысталып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мемлекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз беріліп, жер көлемі 5482,3 гектар 45 талап-арыз қанағаттандырылды, 4756,1 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 25 жер иесінің көлемі 4751,6 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған талап арыздар қаралып жатыр», — дейді департамент басшысы Алтынбек Мырзаев.
Бұған қоса аудан, қала әкімдіктерінде 123 конкурс өткізіліп, 66 663,4 гектар жер жалға берілген. Соның ішінде Бәйдібек, Шардара аудандары мен Кентау қаласында алаңы 2 742 гектар 31 жер учаскесі заң талаптарын бұза отырып табысталғаны анықталған. Осыған орай аудан, қала әкімдерінің қаулы, шешімдеріне қатысты 13 тексеру жүргізіліп, нұсқама берілген. Оның үшеуі орындалып, 8-і қаралуда, ал 2 нұсқама ӘҚБтК-тің 462-бабымен сотта қаралып жатыр. Тексеру бойынша жалпы 93 тексеру жүргізіліп, 38 нұсқама берілген. Аудан, қала әкімдіктерімен жер қатынастары бөлімдеріне 63 тексеру жүргізіліп, 9 лауазымды тұлғаға 415,1 мың теңге айыппұл салынған, 32 нұсқама табыс етілген.
Жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтардан 1 209 арыз-шағым түсіп, қаралу нәтижесімен 72 тексеру тағайындалды. Облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне 2021-2022 жылдары аралығына келіп түскен арыз-шағымдары негізінде аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне және аудандық жер қатынастары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 137 және 462-баптары бойынша бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларына, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшылары мен бас мамандарына, ауылдық округ әкімдеріне әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен бірге арыз-шағымдар мен құқық қорғау органдарынан келіп түскен хаттардың негізінде лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау бойынша қорытындылар жолданған.
Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, өңірде жайылым жердің жалпы аумағы – 8 миллион 860,4 мың гектар. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – елді мекендердегі тұрғындардың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылым тапшы. Аудан, қалалар кесіндісі бойынша 2022 жылдың 1 қаңтарында жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектар болған. Бірақ осы қажеттіліктің 35,4%-дан астамы, яғни 1105,7 мың гектары жайылымдық алқаптары жоқ 3 ауданға тиесілі. Атап айтқанда, Жетісай және Мақтаарал аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрайды, бұл аудандардағы жайылымдардың жалпы ауданы – бар болғаны 2,2 мың гектар. Ал жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектар ғана болатын Сайрам ауданында жайылым тапшылығы – 471,1 мың гектар. Былтыр елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округтерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген еді. Басқарма мәліметіне жүгінсек, жоспар 102,3 пайызға орындалған. Яғни атқарылған жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектар болып отыр. Осыған байланысты 20 жылға ортақ жайылым көлемін ұлғайту жоспарының жобасы әзірленіп, аудан, қала әкімдіктерімен нақтыланып жатыр.
Басқарма басшысы Ерғали Тілегеннің айтуына қарағанда, жайылым қоры шектеулі аудандарда жеке қосалқы шаруашылықтардағы малды қорада ұстауды және кооперативтерге біріктіру арқылы шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығару бағыттары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«2023 жылға облыс бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 330 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», — дейді Е.Тілеген.
Айта кетелік, облыс бойынша жайылым қоры шектеулі аудандарда шағын мал бордақылау алаңдарын ашу және кооперативтерге біріктіру бағытында жұмыс жүргізу арқылы жайылым тапшылығы азайтылмақ. Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасы бойынша 2,5 пайыз берілетін несие арқылы отбасылық сүт фермаларын және мал бордақылау алаңдарын көбейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар келелі жиында «Жер аманаты» комиссиясының 2023 жылы 6 сәуірде өткен отырысындағы №2 хаттамалық тапсырманың орындалу барысы туралы партияның Арыс қалалық, Ордабасы және Отырар аудандық филиалдарының төрағалары Бақтығали Ділдабеков, Әлиасқар Бердімұрат пен Абай Құрмандар баяндады.
Комиссиялардың бірлескен көшпелі отырысында Отырар ауданына қарасты Аққұм ауыл округі тұрғындарының жерге қатысты мәселесі де әңгіме арқауына айналып, халықтың талап-тілегі ескеріліп, бұл мәселеге орай салалық басқарма және департамент басшылары қолданыстағы заң шеңберінде тиісті жауаптарын берді.
Жиын қорытындысы бойынша арнайы қаулы-қарар қабылданып, тиісті әкімдіктер мен уәкілетті органдарға жолданды.
Сөз соңында мына мәселені тілге тиек етпесек болмас. «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының бастамасымен jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды.
Аталған сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдаланушысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
Интерактивті картаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі әзірледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр.
Осы жұмыстың жүйелі іске асырылуына қоғамдық бақылау жүргізу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан республикалық және өңірлік «Жер аманаты» комиссиялары құрылды.
Бүгінде пайдаланылмай жатқан 5,2 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 3 миллион гектардан астамы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен қайтарылды.
Өткен жылдың желтоқсан айында партиялықтар әрбір ауылдық елді мекендегі жайылым тапшылығын және мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелерінің тізбесін көрсететін интерактивті карта әзірлеуді ұсынды.
Комиссияның «жедел желісіне» тұрғындар тарапынан 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның барлығы жергілікті әкімдіктермен және бейінді министрлікпен бірлесіп мұқият қаралды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.