Түркістан облысы: Биыл отырарлық диқандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа түрен салып, күзгі бидай екті

Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың халықпен кездесуі Қарғалы және Темір ауыл округтерінде жалғасын тапты. Алдымен Қарғалы ауылындағы егістік алқапта болып, бидай егуді қолға алған шаруалардың жұмысымен танысты.

Жалпы, биыл отырарлық диқандар жаз айларында су тапшылығының салдарынан бос жатқан 160 гектар алқапқа түрен салып, күзгі бидай еккен болатын. Күзгі және көктемгі мезгілдегі мол ағын суды тиімді пайдаланған «Біржан-2» ЖШС, «Ақсақал», «Сағындық-М», «Әшірбай» шаруа қожалықтары аңқасы кепкен даланы жасыл желекке бөлеп, мол өнім алуды көздеп отыр. Қазіргі таңда техникалардың дайындығын пысықтаған диқандар алдағы 1 ай көлемінде егінді толық жинап бітіреді деген болжам бар. Аралау барысында аудан басшысы тың тәжірибені аудандағы өзге ауыл округтерінің диқандары да қолға алу керектігін айтып, бұл жоба аймақтағы су тапшылығын жоюдың ең тиімді әдісі болатынын атап өтті.

Расында да, соңғы жылдары таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашынның түсу деңгейінің аздығынан Отырар ауданында ағын су жетіспеушілігі орын алып жатыр. Ауданға қарасты Қарғалы ауыл округіндегі диқандардың қауын, жүгері, жоңыршқа алқаптары ағын судан тапшылық көрді. Осы жағдайларды ескере отырып, Отырар ауданының әкімдігі суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынып отыр.

Әсіресе, Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Жаңа жоба қалай жүзеге асып жатыр? Бидайдың шығымы қалай? Дәл қазір бидай егіліп, жайқалған жасыл алқап өткен жылы бос жатқан болатын. Ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан. «Бізге шығымы жақсы сияқты. Бидай көрмегенбіз ғой. Балалар жақсы дейді. Құдай қаласа, жаман өнім болмайды. Судан қысылған жоқпыз, ертеректе суарып алдық сәуірдің ішінде. Қазір енді егін орағына дайындалуымыз керек. Бір айдың ішінде піседі» — дейді ол.

Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Қазір егін жайқалып тұр. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.

Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырадия өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген. «Ұрық тауып беру бойынша біз ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімдігі түгелімен көмектесті. Қазіргі таңда 160 гектар жерге егіс, бидай егілді. Егіс жаман емес. Алдағы келесі айда егіс жинау науқаны басталады. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп шаруаларға біз өзіміз уәде бердік» — дейді Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кенжеғұлов.

Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.

«Ауыл аманаты» демекші, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осы ретте, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды.

«Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Жалпы Түркістан облысынаң орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады.

Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.

Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда әрбір аудан және ауылдық округ әкімдеріне үлкен жауапкершілік пен ізденіс, еңбекқорлық керек. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаның қаражаты тиімді жұмсалуы тиіс.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мамырдың 29-ындағы аппараттың апталық отырысында осы мәселеге арнайы тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша баяу қимылдап, көш соңында қалған аудан әкімдерінің, жауапты басқармалардың жұмысын сынға алды.

– Аудандар мен қалаларды аралап, әкімдермен, елмен кездесіп жүрміз. «Ауыл аманаты» жобасын үйлестіру жұмыстары әлі де төмен деңгейде. Жартыжылдық бітіп жатыр, баяу жүруде.

Осы жобаға қатысты басқармалар, қаржылық мекемелер, «Ырыс» қаржы ұйымы, «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, әкімдер, кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталықтары жұмысты жандандыруы тиіс. Тұрғындарға құжат дайындауға, жобаларын жүзеге асыруға көмектесіңіздер. Жобаның сәтті жүзеге асырылуына тікелей жауаптысыздар. Бұл – Мемлекет басшысының назарында тұрған аса маңызды тапсырма.  Мемлекет ұсынған қаржы тиімді жұмсалып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға серпін беруі қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Бекмұратов пен «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның төрағасы Ф.Байдуллаевтың есептері тыңдалған-ды.

Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен жыл басында 11 миллиард теңге, наурыз айында республикалық бюджетті нақтылауда қосымша 8,9 миллиард теңге қарастырылып, жалпы 19,8 миллиард теңге бөлінді.

Облыс бойынша негізгі 6 бағытты қаржыландыру көзделуде. Нәтижесінде 3 220 бірлік жобаға қолдау көрсетіліп, кемінде 3413 бірлік жаңа жұмыс орындары құрылады. Несие қаржысын таратушы ретінде сенім білдірген өкіл «Түркістан ӘКК» АҚ-ы белгіленді. Өтінім қабылдау «Түркістан ӘКК» АҚ-ы еншілес мекемесі «Ырыс»ШНҰ» ЖШС арқылы жүргізілуде.

Жобаны іске асыруда өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріледі.  Пилоттық жобаны жүзеге асыруға барлық ауылдық округтерде скрининг жұмыстары жүргізіліп, бірінші кезекте (11 миллиард теңгеге) жобаға қатысатын 16 ауданнан 32 ауылдық округі анықталды. 44 кооператив анықталып, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Кооперативтердегі мүшелер саны – 3406 адам.  Бүгінгі күні 425 жоба қабылданып, 1,1 миллиард теңгеге 236 жоба мақұлданып, қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде.

Талдауға сәйкес 90%-ы өтінімдер мал шаруашылығы саласын дамыту бағыттында өткізілген немесе 425 жобадан 380 жоба мал шаруашылығы, 40 жоба егін шаруашылығы, 5 жоба балық шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр.

Жиында құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту және жобаларды әртараптандыру бойынша тапсырмалар берілді. Сонымен бірге осы қолдау арқылы АӘК алушылар санын азайтып, кәсіпкерлер санын көбейту міндеті де күн тәртібінде екені мәлімделді.

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 4 мыңға жуық адамға несие беру жоспарланған. Бұл туралы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлім еткен болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында ел Үкіметі «Amanat» партиясымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске қосқан болатын. Нұрбол Қарабайұлының баяндауынша, пилоттық жоба шеңберінде 16 ауданнан 32 ауылдық округ анықталып, скрининг жұмыстары мен түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат жоспарланды. Бүгінгі таңда 11 млрд теңге қаражат бөлінді. Осының есебінен берілетін микрокредиттер саны 2 200 бірлік және 2 332 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Қосымша 8,7 млрд теңге республикалық бюджеттен беріледі. Жалпы аталған қаржыға 4 мыңға жуық адам несиеге қол жеткізетін болады. Бұл орайда, өткен айда Түркістан облысында аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаевтың айтуынша, бүгінде бағдарламаны іске асыру барысында 3 млрд теңге құрайтын 344 жобаға өтініш түскен. «Бағдарламада бекітілген бағыттар аясында биылғы 17 сәуірден бастап құжаттар қабылданып жатыр. Оның ішінде уәкілетті органмен 1,4 млрд теңге құрайтын 270 жоба қаралып, жалпы соммасы 1,04 млрд теңгені құрайтын 225 жоба мақұлданды. Атап айтсам, Созақта — 22, Кентауда — 9, Отырарда — 5, Түлкібаста — 15, Сайрамда — 6, Келесте — 32, Сарыағашта — 7, Төлебиде — 20, Қазығұртта — 27, Шардарада — 2, Арыста — 18, Бәйдібекте — 10, Ордабасыда — 26, Сауранда — 3, Жетісайда — 12, Мақтаралда 11 жоба бар. Аталған қаражаттар есебінен алдағы уақытта қосымша тағы екі ауыл округін қамту жоспарланған», — деді ол. Сондай-ақ спикер бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық беретінін және несие алу үшін тұрғындар ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажеттігін жеткізді. «Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады», — деді Нұрлыбек Ақылбекұлы. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Брифингте сөз алған «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев аталған қаржы ұйымының мамандары әрбір ауыл округке бекітіліп, құжаттарды қабылдап жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Сарыағаш, Келес, Созақ, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан құжаттар көбірек тапсырылып жатқандығын тілге тиек етті. Еске сала кетсек, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар.

Соңғы уақытта «Ауыл аманаты» жобасын Үкімет мүшелері өңірлерге барып, әкімдермен бірлесіп, оның мүмкіндіктерін халыққа жеткізіп жатыр. Жобаға биыл 100 млрд. теңге бөлінді. Ол 2,5%-бен беріліп жатыр. Нәтижесінде ауылдағы 18 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып қана емес, өз жеке кәсібін ашуға және оны дамытуға мүмкіндік алады.
Көршілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме?

Бұл жоба AMANAT партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.

Ал несиенің шарттары мынадай:
Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %
Мерзімі – 5-7 жыл
Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 млн теңге
Коопертивтер үшін – 27.6 млн теңге

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», — дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. Қазақстан фермерлер қауымдастығының, Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Берік Сариев бұл жобаға қатысудың оңай екенін айтады.

«Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы керек», — дейді.

Пилоттық жоба ретінде Жамбылда басталып, Ақтөбеде осы күзден бері жалғасып келе жатқан бұл жобаға әзірге ауыл халқы қатты қызығушылық таныта қоймапты. Өйткені ақпарат жетіспейді.

«Біздің облыста, халықтың мұндай жобадан хабарсыз қалмауы үшін «Ауыл аманаты» қоры құрылған. Қазір онда ылғи жастар жиналып, ауыл тұрғындарына арналған тренингтер өткізіп тұрады. Яғни жобаға қатысам деген ауыл тұрғындары сол қорға хабарласып, жоба туралы, жинау керек құжаттар туралы біліп, тіпті бизнес жоспар құруды да үйрене алады», — дейді Берік Сариев.

Мал өсірем деген шаруа үшін жақсы мүмкіндік. Десе де, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған жайылымдық жер тапшылығы қалай шешіледі? Малмен айналысу үшін ауыл тұрғынына мал жаятын жайылым, шөп шабатын шабындық керек.

«Біздің өңірде ондай мәселе жоқ. Жайылымдық жер тапшылығы үлкен қалалар орналасқан өңірлерде бар шығар. Бірақ Ақтөбе өңірінде ондай қиындықтар әзірге болған жоқ. Неге десеңіз, ірі-қара өсірумен айналысатын кәсіпкерлер ауылға жақын отырудан қашады. Себебі олар етті, сүтті немесе асыл тұқымды мал бағады. Ондай малдардың екпесін егіп, барынша түрлі ауру ошағынан алшақ ұстауға тырысады. Ал ауылда әркімнің малы әртүрлі. Екпе уақытымен егілді ме, жоқ па біле алмайсың. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер ауылға жақын жер алмауға тырысады. Соның есебінен біздің өңірде жайылымдық жер тапшылығы жоқ», — дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының Ақтөбе облысындағы өкілі Берік Сариев.

Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.

Осы орайда ерекше атап өту қажет, Отырар ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы егіс көлемінің 2022 жылғы жоспары 34 844 гектар болса, орындалуы 36 195 гектарды құрап, егіс көлемі 1351 гектарға артқан. 2022 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің жоспары 33,4 миллиард теңге болса, жыл көлемінде жиналған өсімдік шаруашылығының және мал шаруашылығы өнімдерінің есебінен орындалуы 35,5 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,2 пайызды құрады (оның ішінде, өсімдік шаруашылығы — 21,4 миллиард теңге, мал шаруашылығының өнімі — 13,8 миллиард теңге). Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 4,4 миллиард теңгеге артқан (2021 жылдың 12 айында — 30,1 миллиард теңге).

Ал, ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға тартылған инвестицияның жоспары 3,0 миллиард теңге болса, жыл қорытындысымен 8,8 миллиард теңгеге орындалып, жоспар 3 есеге артығымен орындалды. Сонымен қатар, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция көлемінің жоспары 380,2 миллион теңге болса, орындалуы 100 пайызды құрады.

Мұнан соң ауыл округіндегі көне тұрмыстық заттар мен тарихи жәдігерлерді жинап кішігірім музей үйін жасаған Жұмахан Әбдіқадіровпен кездесіп, тарихты сөйлеткен құнды заттарды сақтау мәселелерін талқылады. Кездесуде ауыл тұрғыны жинақтаған жұмыстарын сақтап қалу мақсатында аталған жәдігерлер мемлекет бақылауына алынып, жай берілсе деген ұсынысын жеткізді. Аудан басшысы аталған мәселені саралай келе алдағы уақытта өлкетану ғылыми орталығын ұйымдастырып, жауапты мамандармен кеңесе отырып осы орталықтан жай беру жағдайын қарастыратынын айтты.

Одан әрі ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Кездесуде ауыл қариялары Базарбай Дайрабаев, Нұрқұл Ердемқұл, Есенбай Шынтерековтер ескірген ауыл округі әкімдігінің ғимаратын жөндеу, Отырар елді мекенінің ауыз жүйелерін жаңарту, көрші ауылдардың малдарының егістік танаптарға жиі түсуін тоқтату секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі айтылған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына тапсырмалар беріп, аталған жұмыстардың орындалуын өз бақылауына алатынын ескертті.

«Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз атап өткендей ауылдағы іргелі істерге себепші болып жүрген азаматтың бірі — Темір ауылының тұрғыны Дүйсенбек Божаев. Ауыл халқын ынтымақ-бірлікке шақырып, жастарды туған еліне, туған жеріне қызмет етуге үндеп жүрген өнегелі қария өз демеушілігімен балаларға арналған ойын алаңшасын салып беруде. Бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ауыл халқымен кездесу барысында аталған ойын алаңшасының құрылысын көріп, балалардың қуанышын еселеп, ауылдағы салауатты өмір салтын насихаттауға, ауылды көркейтуге атсалысқан азаматтарға шынайы алғысын жеткізді.

Ойын алаңшасы дегеннен шығады, 2022 жылы Шәуілдір ауылындағы М.Әуезов көшесіне (45,176 миллион теңге) және Мыңшұқыр ауылына көп функционалды спорттық ойын алаңшалары (35,017 миллион теңге) пайдалануға берілген.

Сонымен қатар 2022 жылы 4 елді мекенде (Балтакөл, Шытты, Қарғалы, Қостерек) спорт және балалар ойын алаңшалары пайдалануға беріліпті.

«Қазіргі заман талабына сай елді мекендерде балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшаларын салу бойынша тұрғындардан сұраныстар көптеп түсіп жатыр» деген аудан басшысы биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен Аққұм, Ақтөбе, Ш.Қалдаяқов, Жаңа Шілік, Ескі Шілік елді мекендеріне балалар ойын алаңшасын салуға сметалық құны 151,6 миллион теңге, Шеңгелді, Талапты, Арыс, Көлқұдық, Маяқұм елді мекендерінен спорт алаңшаларын салуға сметалық құны 125,8 миллион теңге қарастырылып отырғандығын жеткізді.

Темір ауыл округі тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізуі еді. Ағымдағы жылы газдандыру жұмыстары аяқталып, ауыл халқы толық газға қосылады деген жоспар бар. Ауыл округіндегі газдандыру жұмыстарының құрылысы барысымен танысқан аудан әкімі мердігерлерге жұмыс сапасының маңыздылығын ескертіп, ауыл әкіміне тұрғын үйлерге кіретін ішкі жүйелерді қосу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Осы орайда аудан әкімі: «Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылған. АГТС арқылы 2025 жылға 34 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде 22 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. 2022 жылдың есепті кезеңінде 13 елді мекенде газ құрылысы аяқталып, бүгінгі таңда 12 елді мекендегі 2139 абонент (қосылуы — 66 пайыз) табиғи газға қосылған. Олар: Ақтөбе, Жаңа Шілік, Ескі Шілік, Қарақоңыр, Ш.Қалдаяқов, Мыңшұқыр, Ынталы, Қоғам, Бестораңғыл, Ақтам, Талапты, Шәуілдір елді мекендері, халық саны — 20759, абонент саны – 3239» — деп, біраз мағлұмат бере кетті.

Оның сөзіне сенсек, 2023 жылы 9 елді мекен (Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Отырар, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария елді мекендері, халық саны — 16123, абонент — 2681) табиғи газға қосылған жағдайда аудан халқының 72 пайызы (5981 абонент, 37113 тұрғын)  табиғи газбен қамтылатын болады.

Бұдан бөлек 2024 жылы Қостүйін елді мекенін газға қосу жоспарланып отыр екен. Сәкен Сұлтанхановтың жоспарлауынша, 2023 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 12 елді мекеннің   жобалық-сметалық құжаты әзірленіп (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл елді мекендері, халық саны — 14312, абонент — 2243), 2025 жылға газ құрылысын аяқтап, ауданның жалпы газбен қамтылуы 99,6 пайызға жетеді деп күтіліп отыр.

Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында ауыл қариялары Өксікбай Мырзабай, Амантай Төрехан, Бекетау Жүсіптер ұсыныс-пікірлерін айтып, малдарға қашырым пунктін салу, ауыз судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету, тұрғын үйлерге қойылған газ өлшеуіш құрылғыларының жарамдық мерзімінің өтуі секілді мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Аталған мәселелер туралы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеп, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Екі ауыл округіндегі кездесулерден соң аудан басшысы Сәкен Асылханұлы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтардың жайылымдық жер, ауыз су, жұмыссыздық секілді мәселелер бойынша айтқан өтініштеріне заң аясында жауап берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.