Түркістан облысы: Отырар ауданында үйдің алдындағы жерден жылыжай салып, көл-көсір табыс табуға болады

Бүгін Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанханов түс ауа Шәуілдір ауыл округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.​ Аудан басшысы алдымен үйіргелік жерде жылыжай ісін жандандырып отырған ауыл тұрғындары Убайдулла Тулепов пен Ханзада Аширбекованың шаңырақтарына ат басын бұрып, шаруашылықтарымен танысты.

​ Нақтырақ тоқталсақ, «Қызсұлу апа» шаруашылығының иесі Ханзада Аширбекова тұрғын үйінің ауласындағы 0,16 гектар жерге салынған жылыжайға қызанақ ексе, Убайдулла Тулепов 0,11 гектар аумаққа қияр егіп, өз істерін дөңгелетіп отыр. Аудан әкімі үй ауласын жылыжайға айналдырып, кәсіптерінің жемісін көріп отырған ауыл тұрғындарының ісі өзге азаматтарға да үлгі болатынын айтып, кәсіп иелерінің еңбекқорлығына ризашылығын білдірді. «Еңбектің көзін тапса, еңбектенсе, үйіргелік жерден үйдей табыс табуға болады», — деді аудан әкімі.

Жалпы, соңғы жылдары Отырар ауданында жылыжай шаруашылығы біртіндеп қанат жайып келе жатқандығын ерекше атап өткен орынды. Мәселен, Сәкен Сұлтанханов Талапты ауылдық округіне барған тұста «Бек» ЖШС-нің жылыжай кешенінің жұмысын көріп, шаруашылық иесінің атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берген болатын. Аудан басшысы кәсіпкерлік саласын дамытып, жылыжай ісін жандандыруға ниетті азаматтарды қашан да қолдауға дайын екенін жеткізген-ді.

Оны айтасыз, былтыр қараша айында өзге өңірлерде қар жауып, бұрқасын болып жатқанда, Отырар ауданында қияр мен қызанақ пісіп жатты. Салаға жауаптылардың сөзіне сенсек, әл-әзір аудан көлемінде 6 гектарға жуық жылыжай бар. Олардың басым бөлігі — үй іргелік нысандар. Жылыжайлардың барлығы дерлік термальды су жүйесімен қамтылған. Яғни жер асты ыстық суымен суару жүргізіледі  Бүгінде аудан аумағындағы жылыжай көлемін арттыру жоспарланып, бірқатар табанды қадамдар жасалып жатыр. 

Отырар ауданында салынғанына бүгінде 10 жылдан асқан шаруашылық бар. Содан бері өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Мұндағы жылыжайлардың басым бөлігі жер асты ыстық сумен қамтылған. Сондықтан шаруалар алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.

«Біз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы 3 жақты келісімге тұрамыз. Жоспар қоямыз алдағы жылдарға. Былтырғы жоспарымызды толық орындап шықтық. 2 гектар жерге Қарақоңыр ауыл округінен былтыр 1 гектар жерден жылыжай құрылыс салса, Құдай қаласа, биыл көлемін 3 гектарға жеткіземін деп отыр» — дейді Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздықов.

Аталған шаруа қожалығы аудандағы 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Солардың бірі — Ботакөз Сыздықова. Бүгінде мұнда жолдасы екеуі жұмыс істейді. Нақты қызметтері — қызанақты теру, сорттау, дайын өнімдерді арнайы қораптарға салу. Көпбалалы ана «Ауылда да тіршілік бар. Бастысы, еңбек пен ниетіңіз болса болғаны» — дейді. 

2012 жылы іске қосылған жылыжай халықты көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Өнімдер Шымкент, Алматы қалалары мен Түркістан облысының барлық аудан қалаларына экспортталуда.  Былтыр жылыжайдан 5 тоннаға жуық өнім алынған екен. Алдағы уақытта оның көлемін ұлғайту жоспарда бар.

Сондай-ақ Отырар ауданы, Қарақоңыр ауылының диқандары да көктемгі дала жұмыстарына ерте бастан қам жасап, аязды ақпан айында жылыжай шаруашылығын жандандырды. Өз несібесін жерден тауып жүрген жандардың бірі – жергілікті «РПК Жанұя» ЖШС-нің төрағасы Рамазан Кенжебеков. Ол 3 гектар аумаққа жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп, көкөніс өсіру ісін бастап кеткен. Қазір шаруашылық иесі жылыжайдың 1 гектар аумағына болгар бұрышының көшеттерін отырғызған. Диқан алдағы уақытта 3 гектар жерді толық игеруді жоспарлап отыр.

Болгар бұрышы – күнделікті тұрмысқа өте қажетті өнімдердің бірі. Құрамында дәрумендер өте көп. Бұрыштың 30 грамы осы дәрумендегі күнделікті қажеттілікті қанағаттандырады екен. Бір ғажабы, болгар бұрышындағы пайдалы қасиеттер оны пісіргеннен кейін де сақталады. Сондықтан бұл көкөніс нарықта үлкен сұранысқа ие.

Отырар ауданы әкімінің орынбасары Ержан Оралбайдың айтуынша, Отырар ауданында бүгінде егістікті әртараптандыру жұмысы жүріп жатыр.

– Міне, егіншілікті әртараптандырудың арқасында диқандарымыз бұрын-соңды екпеген көкөніс түрлеріне бет бұра бастады. Еңбекқор ағайын отандық нарықты көкөністермен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Бұл – дұрыс бастама. Алдағы уақытта да мұндай тың жобаларға аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді ол.

Мұнан соң Сәкен Сұлтанханов аудан орталығындағы​ «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, Шәуілдір ауылының тұрғындарымен кездесті. Аталған орталық ардагерлердің бір сәт бой жазып, серігіп қайтатын демалыс орынына айналған. Ғимарат тұз шахтасы (тұзбен емдеу), медбике кабинеті, автоматтандырылған түрлі массаж құрылғыларымен және арнайы психологиялық көмек көрсету кабинеті, кітапханамен қамтылған. Орталықта бір күнде 50 қызмет алушыға 14 маман әлеуметтік қызмет көрсетеді.

Жалпы, мұндай орталықтардың ашылуы Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігі әзірлеген «Белсенді ұзақ өмір» Ұлттық жоспарында көзделген. Ол жергілікті бюджет есебінен белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын құруды көздейді. Бүгінгі күні мұндай орталықтар еліміздің түгел дерлік өңірінде ашылып, жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмысы қарт адамдарға денсаулықты қолдау бойынша көмек көрсетуге, қолайлы және кедергісіз орта құруға, оларды қоғамдық өмірге тартуға бағытталған. Онда йога, скандинавиялық жүріс, айкуне бойынша сабақтар өткізіледі, медициналық, психологиялық және заң консультациясы, IT және smart-сауаттылыққа, шет тілдеріне оқыту, көшпелі іс-шараларды ұйымдастыру, мәдени объектілерге бару, тақырыптық концерттер мен өзге де іс-шаралар өтеді. «Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, ішкі шығармашылық әлеуетті іске асыру үшін жағдай жасау, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады», – дейді сала мамандары.

Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарын ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов 2021 жылғы ақпанда бекіткен болатын. Ол егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру, қарт адамдардың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсарту, егде жастағы адамдардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін іс-шараларды көздейді. Осы жоспарды іске асыру үшін үлкен жастағы адамдардың жағдайын жақсарту мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссия құрылды.

Республикада 2,2 миллионнан астам жасы бойынша зейнеткер тұрады. Мемлекет аға буын адамдарын әлеуметтік қорғау, оның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды дәйекті түрде қабылдауда. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес базалық зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері инфляция деңгейінен 2%-ға оза отырып индекстеледі. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы мөлшері 5%-ға, ынтымақты зейнетақы 7%-ға ұлғайды. 2022 жылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы мөлшері қосымша 4% индекстелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда зейнетақылардың 9-11%-ға өсуін қамтамасыз етті.

Мемлекет Басшысы Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шараларды атап өтті. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% – ынан 70%-на дейін, ал ең жоғары мөлшері 100%-ынан 120%-на дейін кезең-кезеңімен арттырылатын болады.

Бұдан басқа 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыстың шамасын 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылды. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қарт адамдарды қолдау, олардың әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту бойынша шараларды іске асыруда.

Республикада 51 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Орталықтардың жұмыс істеуіне жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 2022 жылы 2,4 млрд. теңгеден асты.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары «бір терезе» қағидаты бойынша үш бағытта жұмыс істейді: белсенді ұзақ өмір сүру, денсаулық мәдениеті және жұртшылықпен байланыс. Орталықтардың қызметі егде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, өнімді және белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыруға (йога, скандинавиялық жүріс, ат-сауаттылықты арттыру, мотивациялық және кәсіпкерлік курстар, ағылшын тілі курстары және т.б.), егде жастағы адамдарды тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге, қазақстандық қоғам өміріне қатысуға бағытталған.

Ал Түркістан облысының Отырар ауданындағы ардагерлер үйін қарттардың шығармашылық орталығы деуге болады. Мұнда келетін зейнеткерлердің бірі ән айтса, енді бірі өлең жазады.  «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы өткен жылы ашылған. Бір жылдың ішінде зейнетке шыққан еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналған. Мұнда ардагерлердің бос уақыттарын тиімді өткізіп, денсаулығы мен көңіл-күйін жақсартуға барлық мүмкіндік жасалған. Миды тынықтыратын сенсорлық бөлме, терапевт дәрігері мен массаж және тұзбен емдеу бөлмелері қызмет көрсетеді. Одан бөлек, бильярд ойнап, дене шынықтыратын жаттығу залы мен кітапхана қарастырылған. Орталық қызметіне қариялар дән риза.

Сондай-ақ мерекелік кештерде ән айтатын өнерлі әжелер тобы жасақталған. Олар аптасына 2-3 рет осында келіп, дайындықтарын пысықтайды.  Мұнда жылына 1200, ал күнделікті жүзге жуық зейнеткерге әлеуметтік қызмет көрсетіледі. «Ауданда 5 мыңға жуық зейнеткер болса, соның 24 пайызын қамтуға мүмкіндік береді. Орталықта әлеуметтік медициналық, әлеуметтік еңбектік, әлеуметтік педагогикалық, әлеуметтік тұрмыстық және әлеуметтік мәдени қызметтер көрсетіледі» — дейді орталық басшысы Бекжан Орынбасар.

Кездесу барысында ауыл қариялары Жұмахан Әбдіқадіров, Нармахан Намазбаев, Төреәділ Тұрабаев, Шаяхмет Серікбаевтар ауыл маңындағы «Отырар-2050» мекемесінің теңгеріміндегі пайдаланылмай жатқан жерді ауыл тұрғындарына уақытша мал жаюға беру, Д.Алтынбеков көшесінің бойындағы аяқжолды ұзарту, Т.Бозшабаев көшесін орта жөндеуден өткізу, ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» мекемесі орналасқан жерді мекеме баланысына беру секілді мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аталған мәселелерге жеке-жеке тоқталған аудан әкімі заң шеңберінде тиісті шешімдер қабылданатынын айтып, жауапты мекеме басшыларына нақты тапсырма берді.

Пайдаланылмай жатқан жер демекші, «Аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 643 398 гектар. Оның ішінде: суармалы жерлер — 43 492 гектар, жайылымдық жерлер — 594 890 гектар, шабындық жерлер — 1294  гектар, көп жылдық екпелер 433 гектарды құрайды» — дей келе, аудан әкімі Отырар ауданында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 79 055  гектар (оның ішінде: 4142,0 гектар — суармалы, 74708,0 гектар — жайылым, шабындық — 204 гектар) жерлердің қаулылары жойылып, ауданның арнайы жер қорына қайтарылған. Әйтпесе 2022 жылға жоспар ретінде 67,5 мың гектар межеленген екен.

Сондай-ақ, агроқұрылымдардың мақсатына сай игермеген 162 703,81 гектар (оның ішінде: суармалы — 8191,7 гектар, жайылым — 154 512,11 гектар) жерлері анықталып, тізімі 2022 жылы Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментіне шара көру үшін жолданыпты. Бұдан бөлек биыл ірі агроқұрылымдармен екі жақты меморандум жасау арқылы елді мекенге жақын орналасқан 94 200 гектар жайылымдық жерлерді ортақ жайылым ретінде пайдалану үшін келісім жасалыпты. Ал 2022 жылға жоспар 90,7 мың гектар болған екен.

Аудан әкімінің сөзінен түйгеніміз, қазіргі уақытта ауыл округтері бойынша 50,6 мың гектар ортақ мал жайылым жерлері бар.

2022 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жайылым жерлерді пайдаланбай жатқан жерлердің есебінен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 30,0 мың гектар жерлерді елді мекеннің ортақ мал жайылым жеріне беру жоспарланыпты.

Ал Түркістан облысы бойынша жағдайға келсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз пайдаланған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару бағытында берген тапсырмасы негізінде Түркістан облысы бойынша 521,7 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Жоспарланғаны 500 мың гектар болатын, яғни артығымен орындалып отыр. Алайда жерді қайтару, түген­деу жұмыстары барысында көпте­ген заңсыздық анықталған. Мыса­лы, Бәйдібек, Келес, Шардара аудан­д­арында әкімдер тарапы­нан ауыл шаруашылығы жер­лерін конкурс арқылы табыс­тау ке­зінде заң талаптары сақ­тал­­­маған. Ал Сайрам, Төлеби, Бәйдібек, Сарыағаш аудандарында өндірістік кооператив мүшелерінің келісімінсіз кооператив жерлерін сатып жіберу, мүшелерін тізімнен шығарып тастау, құрылыстар жүргізу сынды заңсыздықтар тұрғындардың жоғары органдарға шағымдануы­на әкеліп отыр. Бірқатар ауданда ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз қазып, құм, тас, кірпіш өндіру әлі де ты­йылар емес. Ауылшаруашылық жерлеріне, нақтырақ айтсақ, Сайрам ауданы Қарабұлақ елді мекенінде 1 387 тұрғын үй, 27 мал қора, мал базары, Түлкібас ауданы Машат елді мекені аумағында мал базары заңсыз салынған. Шардара, Мақтарал, Жетісай аудан­дарында мақта зауыттарына жерлерін кепілдікке қойып, несие алып қайтара алмаған, соның ішінде несиелері қайтарылған шаруалардың да жерлері аукционда сатылып кеткен. Бүгінгі таңда шаруалар жерін даулап Үкіметке дейін шағымданып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлері шекараларын заңсыз қазып қоршайтындар да аз емес. Ал Төлеби ауданы Бір­көлік, Ақмешіт, Сайрамсу, Қас­қасу өзендерінің қорғау ай­мақ­тарынан демалыс орындарына жер учаскелері заңсыз беріл­ген. Түркі­стан қаласы, Сауран, Сай­рам аудандарында жалған шешіммен жер учаскелері берілген.

Осындай заңсыздықтарды анықтаған облыстық жер ресурс­тарын басқару департаменті тексеру Кәсіпкерлік кодексінің талаптарына сәйкес, келіп түскен арыз-шағымдар мен хаттардың негізінде жүргізілгенін мәлім етті.

«Пайдаланбай жатқан ауыл ­шаруа­шылығы жерлерін космо­мониторинг құрылғылары арқы­лы анықтау жұмыстары да жүргі­зіліп жатыр. Аудан, қала әкімдіктері бекіткен жер балансы есебі­­нің экспликациясында тіркел­ген жер пайдаланушыларда мал ба­сы тіркелгені туралы ИСЖ ба­за­сымен салыстыру нәтижесін­де 4 386 жер пайдаланушының 673 462,2 гектар жеріне мал басы тіркелмегені анықталды. Осы орайда жер пайдаланушылардың тізімін анықтап, аудан, қала әкім­деріне пайдаланбай жатқан жер­лерді қайтару бағытында жұмыс­тар жүргізу жөнінде хат жол­данды. Сонымен қатар Жер кодексінің 145-1 бабына енгізілген өзгерістерге байланыс­ты ауыл шаруашылығы жер­лері­не қатысты «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-ның космос­тық мони­торингі бо­­йынша 4 543 жер пайдаланушының 560 801,6 гектар жері пайдаланбай жатқаны анықталды. Оның ішінде жүктемесі – 20 пайыздан төмені 302 832,9 гектар немесе 54,2 пайыз. Былтыр заңсыз табыс­талып, пайдаланбай жатқан жер учаскелерін мәжбүрлеп мем­лекетке қайтару үшін сотқа 96 талап-арыз беріліп, жер көлемі 5482,3 гектар 45 талап-арыз қанағаттандырылды, 4756,1 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы 25 жер иесінің көлемі 4751,6 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қалған талап арыздар қаралып жатыр», — дейді департамент басшысы Алтынбек Мырзаев.

Бұған қоса аудан, қала әкім­­діктерінде 123 конкурс өткізіліп, 66 663,4 гектар жер жалға беріл­ген. Соның ішінде Бәйдібек, Шар­дара аудандары мен Кентау қаласын­да алаңы 2 742 гектар 31 жер учас­кесі заң талаптарын бұза отырып табыстал­ғаны анық­талған. Осыған орай аудан, қала әкімдерінің қаулы, ше­шім­деріне қатысты 13 тексеру жүргізіліп, нұсқама берілген. Оның үшеуі орын­далып, 8-і қаралуда, ал 2 нұс­қама ӘҚБтК-тің 462-бабымен сотта қаралып жатыр. Тексеру бо­йынша жалпы 93 тексеру жүргізіліп, 38 нұсқама берілген. Аудан, қала әкімдіктерімен жер қаты­настары бөлімдеріне 63 тексеру жүргізіліп, 9 лауазымды тұл­ғаға 415,1 мың теңге айыппұл салын­ған, 32 нұс­қама табыс етілген.

Жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтардан 1 209 арыз-шағым түсіп, қаралу нәтижесімен 72 тексеру тағайындалды. Облыс­тық жер ресурстарын басқару департаментіне 2021-2022 жылдары аралығына келіп түскен арыз-шағымдары негізінде аудан, қала, ауыл әкімдіктеріне және аудандық жер қатынастары бөлі­мінің лауазымды тұлғалары­на қатыс­ты Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 137 және 462-баптары бойынша бірқатар аудан әкімдерінің орынбасарларына, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшылары мен бас мамандарына, ауылдық округ әкімдеріне әкімшілік шаралар қолданылған. Сонымен бірге арыз-шағымдар мен құқық қорғау органдарынан келіп түскен хаттардың негізінде лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау бо­йынша қорытындылар жолданған.

Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша, өңірде жа­йылым жердің жалпы аумағы – 8 миллион 860,4 мың гектар. Шаруашылық жүргізуші кәсіп­орындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – елді мекендердегі тұрғындардың ша­руа­шылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылым тапшы. Аудан, қалалар кесіндісі бойынша 2022 жылдың 1 қаңтарында жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектар болған. Бірақ осы қажет­тіліктің 35,4%-дан астамы, яғни 1105,7 мың гектары жайылымдық алқаптары жоқ 3 ауданға тиесілі. Атап айтқанда, Жетісай және Мақтаарал аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің 95%-ын суармалы жерлер құрайды, бұл аудандардағы жайылымдардың жалпы ауданы – бар болғаны 2,2 мың гектар. Ал жалпы жайылым көлемі 31,7 мың гектар ғана болатын Сайрам ауданында жа­йылым тапшылығы – 471,1 мың гектар. Былтыр елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1012 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округтерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген еді. Басқарма мәліметіне жүгінсек, жоспар 102,3 пайызға орындалған. Яғни атқарылған жұмыстың нәтижесінде 2023 жылы жалпы жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектар болып отыр. Осыған байланысты 20 жылға ортақ жайылым көлемін ұлғайту жоспарының жобасы әзірленіп, аудан, қала әкім­діктерімен нақтыланып жатыр.

Басқарма басшысы Ерғали Тілегеннің айтуына қарағанда, жайылым қоры шектеулі аудан­дар­да жеке қосалқы шаруа­шы­лық­тардағы малды қорада ұстау­ды және кооперативтерге бірік­тіру арқылы шалғайдағы маусым­дық жайылымдарға шығару ба­ғыт­тары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«2023 жылға облыс бойынша мақсатына сай пайдаланылмаған 330 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемле­кет меншігіне қайтару жоспары бекі­тіліп, тиісті жұмыстар атқа­ры­лып жатыр», — дейді Е.Тілеген.

Айта кетелік, облыс бойынша ж­айы­лым қоры шектеулі аудан­дарда шағын мал бордақылау алаң­­дарын ашу және кооператив­тер­ге біріктіру бағытында ж­ұ­мыс жүр­­­гізу арқылы жайылым тап­шы­­­­­­лығы азайтылмақ. Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру бағ­­­­дар­­ламасы бойынша 2,5 па­йыз бері­ле­тін несие арқылы отбасы­лық сүт фер­маларын және мал борда­қы­лау алаңдарын көбейту көзделіп отыр.

Кездесу соңында Шәуілдір ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахмет Темірбеков атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі итолатынын айтып, ақ батасын берді.

Кездесуден кейін аудан басшысы Сәкен Асылханұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.