Жетісай ауданындағы бағбандар италиялық алма мен жүзімінің бірнеше түрін отырғызып, жерсіндіріпті. Олар жеміс—жидек көшетін сонау Еуропадан алдырмас бұрын жергілікті топырақты жіберіп, климаттық ерекшелігін анықтап алған екен. Одан кейін компаниямен келісімшартқа отырып, шаруалар ағаштарды күтіп—баптаудың қыр—сырын үйреніп келген.
Мамандар жеміс-жидек, біріншіден, егістік жердің құнарлылығын сақтаса, екіншіден, мол табыс көзі екенін айтады. Сондықтан жергілікті шаруалар бау-бақша өсіруге бейімделіп келеді. Айталық, Сұлтан Жолдасбаев – италиялық алма мен жүзімді Мырзашөл өңіріне жерсіндіріп отырған бағбандардың бірі. Ол осыдан 7 жыл бұрын мұндағы 20 гектар жердің 11 гектарына алманың үш түрін, қалғанына жүзім көшеттерін отырғызған екен.
«Бұлардың ерекшелігі, бұлар интенсивті. Яғни, отырғызған жылы өнім береді. Бірінші жылы аз болса да, гектарына 1 тоннадай береді. Келесі жылдан бастап 10 тонна, 3 жылдан бастап максималды өнім беретін дәрежеге жетеді. Тамшылатып суару арқылы біз суды үнемдейміз. Қор үнемдеу технологиясына жатады. Қажетті азот сияқты тыңайтқыштарды беруге болады. Биік жер болсын, барлығына суды біркелкі жеткіземіз» — дейді бағбаншылықты кәсіп еткен азамат.
Мұнда жаздық, күздік және қыстық алма түрлері бар. Бағбан олардан жылына 20-дан 35 тоннаға дейін өнім алса, жүзім 20 тоннадан кем бермейтінін айтып қалды. Жүзімнің тағы бір ерекшелігі, жергілікті өнімге қарағанда, ерте піседі. Шілденің басынан бастап қарашаға дейін жеміс жинайды. Алманың келісін 250-300 теңгеден өткізсе, жүзімді 300 теңге мен 500 теңге аралығында саудалайды. Негізінен ішкі нарыққа жөнелтіледі.
«Жетісай ауданында 786 гектар көп жылдық жеміс-жидек дақылы егілген. Оның 450 гектарына жүзім, қалған 336 гектарына алма отырғызылған. Былтыр осы жеміс ағаштарынан 15 мың тонна өнім алынған. Биылғы жоспар сол жоба болады деп күтіп отырмыз» — дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков.
Бау-бақша өсірген бағбандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұрын қарқынды баудың гектарына субсидия төленсе, қазір тамшылатып суару тәсілін қолданғандарға кеткен шығынның 40%-ін мемлекет өтеп береді. Жетісай ауданында мақта көлемін азайтып, жерді әртараптандыруға ерекше назар аударылып отыр. Оның орынына өнімі мен табысы мол бау-бақша дақылын егетіндерге қолдау көп.
Иә, расында да, Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы дамып келеді. Бұрын баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынатын болатын. Осы бағытта шетелдің тәжірибесін пайдалана отырып, қарқынды бауларды көлемі ұлғаюда. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, бір гектардан 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда.
Қазіргі уақытта, облыстағы қарқынды баулардың көлемі 4 710 мың гектарды құрап отыр. Оның ішінде жылдың алғашқы 3 айында 116 гектарға отырғызылды.
Қарқынды бау шаруашылығын дамыту хақында сөз қозғағанда, алма өндірісін арттыру бойынша қарқынды баулар көлемі ұлғайту жұмыстары жалғасып жатқанын атап өткен орынды. Жоспар бойынша биыл егіс көлемі 4740 гектардан 8520 гектарға жеткізіледі деп күтіліп отыр (биыл 3780 гектарға артық). Облыс халқын алма өнімімен қамтамасыз ету 125,1 %-дан 153,5 %-ға артады (2022 жылы 125,1 мың тонна – 2027 жылы 160,3 мың тонна).
Бұл орайда жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау жүктемелерін арттыру туралы да айта өтсек. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38,0 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қоймасы бар. Ал облыста жылына 1,7 миллион тоннаға жуық жеміс-көкөніс, картоп өнімдері өндіріледі. Сондықтан бүгінгі күні аудан, қала әкімдіктерінің маусым аралық кезеңде баға тұрақтылығын сақтау шараларын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндіктер жоқ.
Осыған орай, Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 142,3 мың тонна жаңа қуаттылықтарды құра отырып, маусым аралық кезеңде жылына 250-300 мың тонна тауар айналымын жасауға қол жеткізіледі деген меже бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.