Естеріңізде болса, биылғы наурыз айында аудан басшысы Арман Абдуллаевтың Қызылжар ауылдық округіндегі Жаскешу елді мекенінің тұрғындарымен кездесу барысында Келес өзені арнасының су деңгейінің көктем және күз айларында көбеюіне байланысты су өз арнасынан шығуынан жарлардың құлау қаупі жоғары екенін айтып өткен еді. Бұл ретте өзен жанында орналасқан мазаратты су алу қаупін ескеріп, аудан басшысы Арман Абдуллаев бұл мәселені өз бақылауында алатынын және тиісті шараларды қабылдайтынын айтып өткен.
Бұрын келісілгендей, аудан басшысы су деңгейі төмендегенде, су арнасын туралау жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Осы ретте, бүгін Арман Абдуллаев Қызылжар ауылдық округіндегі Келес өзенінің мән-жайымен танысуға арнайы барып, аталған ауылдық округ әкіміне су арнасының туралау бойынша арнайы техникалық көліктері бар тұрғындарды жұмыла жамылдырып, жұмыстарды тездетуді тапсырды.
Айта өтейік, Келес – Сырдария алабындағы өзен. Түркістан облысы Қазығұрт, Келес аудандары арқылы ағып өтеді. Ұзындығы — 241 шақырым, су жиналатын алабының ауданы — 3310 шаршы шақырым.
Бастауын Қаржантау жотасының батыс беткейінен алып, қасиетті Қазығұрттың бұлақтарынан қуаттанып, ішінара Өзбекстан жерін басып өтіп, Шардара бөгеніне құяды. Ақыр соңында Сырдарияны қоректендіріп отырған, жағалауындағы жұртшылықтың асыраушысына айналған киелі өзен. Бастау алатын жерінен оңтүстік-батысқа қарай ағады. Қаратас ауылының тұсында оңтүстікке бұрылады.
Жоғары ағысындағы арнасы тар және тік жарлы келген, төменгі ағысындағы арнасы кең. Ірі салалары Көкпарсай, Қаржансай, Ұялысай, Ащықарабаусай, т.б. Суы тұщы. Қар және жер асты суымен толығады. Қапыланбек ауылы тұсындағы көп жылдық орташа су ағымы — 5,9 м3/с шамасында. Өзен суы бау-бақша, егін суаруға пайдаланылады.
Орайы келгенде атап өтер мәселе, Сарыағаш ауданының су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Сарыағаш ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны — 329 дана, ұзындығы — 2232,7 шақырым, оның ішінде каналдар — 168 бірлік, ұзындығы — 1401,7 шақырым және қашыртқылар — 161 бірлік, ұзындығы — 831 шақырым. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы 27,6 мың гектар көлеміндегі суармалы жерлер сумен қамтамасыз етіледі. Сарыағаш ауданы арқылы 3 ірі және кіші (Сырдария, Келес және Құркелес) өзендері ағып өтеді. Келес өзенінің ұзындығы 241 шақырымды құрайды, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары келіп құйылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.