Түркістан облысы: Сауран ауданының әкіміне шаруалар тарапынан ауылдың ағын суы мен екі өнім алуға байланысты ұсыныстар айтылды

Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Ескі Иқан ауыл округінің тұрғындарымен кездесуін ақжолтай жаңалықпен бастады. Осы жылдың наурыз айында 13 көшеге «көгілдір отын» кіргізілді. Тағы 27 көшенің тұрғындары көмір тасып, күл шығарудың мехнатынан арылмақ. Ауылдың жасы мен жасамысы үшін көптен күткен қуаныш. Ауылдарды газбен қамту кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Жыл басында аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Ескі Иқан тұрғындарымен кездесуінде 13 мәселе көтерілген. Оның 3-еуі нақты шешімін тапқан. 1-іне түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Қалған 9 мәселесі орындалу үстінде.

— Сіздер көтерген мәселе бүгін, я болмаса кеше пайда болған жоқ. Жылдар бойы, тіпті кеңестік дәуірден бері күрмеуі шешілмей келе жатыр. Біз барынша бөлінген қаржыны үнемдеп, кезек күттірмейтін мәселені алдымен шешеміз. Ауыз су, жол, жарық, газ мәселесі — аудан үшін басты мәселе. Бағаналар мен жолдар ескірген, ұңғымалардың тозығы жеткен. Сіздердің талаптарыңыз орынды. Бірақ, бұл мәселелер бір күнде я болмаса бір айда шешілмейді. Талап пен заң солай. Алдымен ұсыныс енгізіліп, содан соң барып бюджеттік жоспарға қойылады. Оның барлығы — уақыттың еншісінде. Кейде бір мәселені шешу үшін жылдар кетеді. Біз жоспар жасап, сіздердің талаптарыңызды кезең-кезеңімен орындауды қолға алып жатырмыз, — деді аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы.

Кездесу барысында аудан әкіміне диқандар тарапынан шаруаларға қазып алған құдықтарын субсидия алуға шешімін тауып берсеңіз, сонда ауылдың ағын суға қол жеткізіп, диқандардың екі өнім алуына мүмкіндік туар еді деген ұсыныстар айтылды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» және «Суару жүйелерін және тамшылатып суаруды құру және кеңейту» жоба паспорты бойынша мемлекеттік қолдау қарастырылған. Су алуға және беруге арналған инфрақұрылым мыналарды қамтиды: су жинау құрылысы, сорғы станциясы (электрлі, дизельді немесе бензинді), ұңғыма, магистральдық құбыр немесе арна, таратушы желілер, электр беру желісі, трансформаторлық қосалқы станция салынған немесе қазылған жағдайда, шеккен шығыстың бір бөлігіне 50% субсидия алуға мүмкіндігі бар екендігі түсіндірілді.

Аудан басшысы мұнан өзге тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді. Ал ауыл тұрғындары аудан әкімінің І жартыжылдықта атқарған жұмыстарына оң бағасы мен батасын берді.

Өз кезегінде Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев Ескі Иқан ауылдық округіндегі салынып жатқан бірнеше әлеуметтік құрылыс нысандарын аралады. Атап айтсақ, алдымен жаңадан салынып жатқан полиция бекетінің ғимаратының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Қ.Исмаилов көшесінің бойындағы ауыл тұрғындарының ұйымдасуымен бой түзеп жатқан демалыс аллеясы, балалар ойын алаңшасына барып, ауыл тұрғындарымен жүздесті. Аудан әкімі кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан ұйымдастырылып жатқан игілікті жұмыстарына оң бағасын беріп, пікір алмасты.

Бұдан бөлек, Ескі Иқан ауылындағы ауыл шаруашылығы жерлерінің сорлануының алдын алу мақсатында ирригациялық жүйелері жаңаша жетілдіру жобасының екінші кезеңі бойынша атқарылып жатқан тиісті жұмыстарды бақылады. Сонымен қатар, ауылдағы Шолпан көшесіндегі жоспарланып жатқан демалыс аллеясының жоспарымен танысты.

Аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы Ескі Иқан ауылдық округіндегі нысандарды бақылап, пысықтап, кейбір мәселелер төңірегінде ауылдық округ әкіміне, тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мерзімінде орындалуын жүзеге асыруды міндеттеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.