Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, мал бастарын сәйкестендіру мәселелерін шешу бойынша құрылған жұмысшы топқа берілген тапсырмалардың орындалуын талқылау үшін Түркістан облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғани Құрманбай мен Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың қатысуымен кездесу ұйымдастырылды.
Естеріңізде болса, «Түркістан облыстық статистика департаментінің бюллетеніндегі, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор базасындағы және ауыл округ әкімдіктерінде жүргізілетін ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеу кітапшасындағы мал бастарын сәйкестендіру мәселелерін шешу туралы» Түркістан облысы әкімінің міндетін атқарушы Бейсенбай Тәжібаев жұмысшы топ құрған болатын.
Құрылған жұмысшы топ төрағасының орынбасары болып Түркістан облыстық ветеринария басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғани Құрманбай бекітілген болатын.
Түркістан облысы ветеринария басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Ғани Құрманбай берілген тапсырмаларды орындау мақсатында Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаевтың қатысуымен кездесу өткізді. Кездесу барысында ветеринария саласында біршама уақыттан бері шешімі табылмай келе жатқан мәселелер талқыланды.
Нақтырақ айтсақ, Сауран ауданындағы мал басын сәйкестендіру; Ветеринария мамандарының ғимаратпен қамтылу жағдайы; Қажетті биотермиялық шұңқырларды және уақ мал тоғытатын орындарды салу туралы; Аудандағы ветеринариялық–санитариялық нысандарды құжаттандыру жұмыстарының барысы туралы; Ауданда атқарылып жатқан ветеринариялық іс-шаралардың орындалу барысы туралы сынды бес мәселе талқыланды.
Жалпы, ауыл шаруашылығы мал басын сәйкестендіру үшін чиптеуге, радиожиілік биркаларына көшу керек деген мәселе Мәжіліс пен Үкімет деңгейінде көтеріле бастады. «Эпизоотиялық салауаттылықтың және мал шаруашылығын дамытуды жоспарлаудың негізгі факторы жануарларды есепке алу болып саналады, ол жануарлардың заңсыз орын ауыстыруын, алып-сатудың көлеңкелі мәмілелерін болдырмайды. Сондықтан мал басын сапалы есепке алуды қамтамасыз ету ветеринарияны цифрландырудың стратегиялық міндеті болып отыр. Мысалы, Маңғыстау облысы бойынша біраз мал басы Ауыл шаруашылығы жануарларының бірыңғай базасына енгізілмеді, соның салдарынан жем-шөппен қамтамасыз етуде баршаға белгілі проблема туындады. Осыған байланысты, Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінің деректер базасында ауыл шаруашылығы жануарлары мен олардың иелері бойынша мәліметтерді өзектілендіру қажет. Ветеринария саласындағы цифрландыру ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар (диагностика, вакцинация, емдеу және т.б.), ветеринариялық препараттарды есепке алу және олардың айналымы жөніндегі ақпаратты да қамтуға тиіс. Бұл ретте, республика аумағының интернетпен толық қамтылмауын ескере отырып, тиісті ақпараттық жүйелердің дербес режимде жұмыс істеуін көздеу қажет», — дейді мамандар.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру де жоспарланған. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтқан болатын. «Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі 55 іс-шарадан тұратын Ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын бекітті. Онда осы сауалда көтерілген ұсыныстар мен саланың проблемалы мәселелері де қамтылған. Осылайша жоспар аясында 2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру көзделген.
Бұдан басқа, Үкімет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңды іске асыру ауқымында I және (немесе) II патогенді топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық қызмет саласындағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту бөлігінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасын қарап жатыр», — деген-ді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол ветеринария мамандарын азаматтық қызметшілер санатына қосуға қатысты да жауап беріп, мемлекеттік ветеринария ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар нысанында да, мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында да жұмыс істейтінін айтқан. Оның атап өтуінше, заңнамаға сәйкес, мемлекеттік ветеринария ұйымдарының ветеринария дәрігерлері жергілікті атқарушы органдар ұйымды мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында құрған жағдайда азаматтық қызметшілер санатына жатқызылуы мүмкін.
«Бүгінгі таңда ветеринария саласындағы уәкілетті органға ветеринария дәрігеріне жүктеме нормативінің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін беру мәселесі пысықталуда», — деді Әлихан Смайылов.
Кездесу барысында аудан әкімі Ғалымжан Қарабайұлы көтерілген мәселелер бойынша шешім қабылданып, заң аясында жұмыс атқарылатынын жеткізді.
Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев Шаға ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Шаға ауыл округінде жарық мәселесі өзекті. Шоқтас елді мекенінде электр желісі жетіспейді. Салдарынан жарық жиі өшеді. Электр желілерін жаңартуды сұрады тұрғындар. Бершінтөбе елді мекенінің екі көшесіне асфальт төсеу, елді мекендерге ауыз судың уақытылы берілуі, жайылымдық және суармалы жерлердің жетіспеуі. Бұл — тұрғындар талабы. Сонымен қатар, көшелерді жарықтандыру, қоқыс тастайтын арнайы орынның қажеттілігі де айтылды. Мемлекеттік спорт мектебі мен халық санының өсуіне байланысты жаңа емхана керектігін де алға тартты.
Жыл басында аудан әкімі тұрғындармен кездесуінде 14 мәселе көтерілген болатын. Соның бірі жедел жәрдемнің уақытында келмейтіндігі сұралған болатын. Мәселе өз шешімін тапты. Тағы бір мәселе Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылына мектеп қажеттілігі айтылған. 2025 жылы 300 орынды мектеп құрылысын жүргізу үшін Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасына ұсыныс берілген. Мектеп құрылысын жүргізуге жер телімінін шығарып беруге Шаға ауыл округі әкіміне хат жолданған. Қазіргі таңда жер алу үшін жұмыстар жүргізілуде.
Халықпен кездесу барысында: «Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Басты міндетіміз аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында жұмыстар жалғасын табатын болады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларының әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, жаңа кәсіпорындар ашу, жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейту есебінен аудан экономикасын көтеру, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстар атқарылып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жүйелі жұмыстар атқарамыз», — деді аудан басшысы Ғалымжан Қарабайұлы.
Кездесуде мұнан өзге ұсыныстар тұрғындар тарапынан айтылды. Аудан әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмалар беріп, орындалуын қадағалауды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.