Түлкібас ауданын дамыту үшін не істеу керек? Қандай салаларға, бағыттарға басымдық берген жөн? Ауданды өркендетуде қандай индикаторлар орындалмай отыр? Мәселелерді шешу жолдары бар ма? Бұл сұрақтарға Түлкібас ауданында өткен көшпелі отырыста жауап берілді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібастың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтып, аудан әкімі мен басқарма басшыларына барлық сала бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Барлық аудан, қаланы аралай келе байқағаным – ортақ және ұқсас мәселелер көп. Тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер де мазмұндас. Рас, көпшілігіне қосымша қолдау, бюджеттен қаржы бөлу керек. Бірақ қолда бар ғимараттарды дұрыс күтіп ұстап отыра алмай жатқан сәттер көп кездесуде. Немқұрайдылықтың салдары тазалық пен тәртіптің нашарлауына әкеліп соғып жатыр. Түлкібас ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен медицина мекемелерінің біразының маңындағы санитарлық тазалық талапқа сай емес. Мектептер де бар. Көшелер мен жолдардың сапасын арттыру керек. Мәдениет және демалыс орындарында да абаттандыру, тазалық жұмыстарын жандандырған жөн. Түлкібас – туризмді, өндірісті дамытуға өте қолайлы аудан. Дәл қасынан халықаралық магистраль өтеді. Мүмкіндікті пайдалану керек. Жұмыс орындарын көбейту, инвестиция тарту бойынша нақты жұмыстар атқаруды тапсырамын, – деді Дархан Сатыбалды.
Көшпелі отырыста Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов 2022 жылдың қорытындысы туралы және биылғы 4 айдағы көрсеткіштер бойынша есеп берді.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстар мен индикаторларды зерделеу нәтижесі туралы баяндама жасады. Нақты кемшіліктерді ашық айтып, түйткілдерді тарқатты.
Мәжілісте Дархан Сатыбалды аудан әкіміне зерделеу жұмыстары нәтижесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою, ауданды дамытуда басқармалармен бірлесе жүйелі жұмыс атқару жөнінде тапсырма берді. Ауданның кіріс көзін ұлғайту, жастарды қолдау, денсаулық, білім салаларындағы мәселелерді шешу, аудан инфрақұрылымын жақсарту, жаңа кәсіпорындар ашу, «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыру және мемлекеттік бағдарлаламаларды тиімді пайдаланып, тұрғындарды еңбекпен қамту және өзге де мәселелерді қозғап, жұмысты ширату керектігін айтты. Аудан басшылығына жақында келген Нұржан Ізтілеуовке іскерлігін, біліктілігін көрсету керек екенін жеткізді.
Түркістан облысында ауылдық елдімекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы қолға алынды. Жоба аясында Түлкібас ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде құлпынай шаруашылығын дамыту көзделіп отыр.
Жуырда аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аталған жобаның іске асу барысын бақылау мақсатында округке қарасты «Клубничный рай» шаруа қожалығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын.
Шаруа жалпы 2 гектарға жуық жерге құлпынайдың «Альбион», «Черный принц», «Азия», «Клери» сұрыптарын егіп, мол өнімге қол жеткізуге ниетті. Осы мақсатта «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, кәсібін өрлетуді көздеп отыр. Бүгінгі таңда өнімдерді сақтайтын қойма құрылысын бастап кеткен. Алғашқы өнімін алып үлгерген кәсіпкер, алдағы уақытта құлпынай келісін 1500 теңгеден саудалауды жоспарлап отыр.
Аудан басшысы аталған шаруашылық төрағасымен сұхбаттасып, аудан әкімдігі тарапынан заң аясында барлық қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізген-ді.
Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданынан мемлекеттік «Ауыл аманаты» пилоттық жобасына Мичурин және Балықты ауылдық округтері еніп, ауқымды жобалар іске асырылмақ.
Көпшілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме?
Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. «Бұл — біздің ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облысының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36% — ға төмендеді. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті — «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», — деп атап өткен-ді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.
Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.
Ал несиенің шарттары мынадай:
Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %.
Мерзімі – 5-7 жыл.
Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге.
Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.
«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», — дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.
Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. Қазақстан фермерлер қауымдастығының, Ақтөбе облысы бойынша филиалының төрағасы Берік Сариев бұл жобаға қатысудың оңай екенін айтады.
«Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы керек», — дейді ол.
Пилоттық жоба ретінде Жамбылда басталып, Ақтөбеде осы күзден бері жалғасып келе жатқан бұл жобаға әзірге ауыл халқы қатты қызығушылық таныта қоймапты. Өйткені ақпарат жетіспейді.
«Біздің облыста, халықтың мұндай жобадан хабарсыз қалмауы үшін «Ауыл аманаты» қоры құрылған. Қазір онда ылғи жастар жиналып, ауыл тұрғындарына арналған тренингтер өткізіп тұрады. Яғни жобаға қатысам деген ауыл тұрғындары сол қорға хабарласып, жоба туралы, жинау керек құжаттар туралы біліп, тіпті бизнес жоспар құруды да үйрене алады», — дейді Берік Сариев.
Мал өсіремін деген шаруа үшін жақсы мүмкіндік. Десе де, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған жайылымдық жер тапшылығы қалай шешіледі? Малмен айналысу үшін ауыл тұрғынына мал жаятын жайылым, шөп шабатын шабындық керек.
«Біздің өңірде ондай мәселе жоқ. Жайылымдық жер тапшылығы үлкен қалалар орналасқан өңірлерде бар шығар. Бірақ Ақтөбе өңірінде ондай қиындықтар әзірге болған жоқ. Неге десеңіз, ірі-қара өсірумен айналысатын кәсіпкерлер ауылға жақын отырудан қашады. Себебі олар етті, сүтті немесе асыл тұқымды мал бағады. Ондай малдардың екпесін егіп, барынша түрлі ауру ошағынан алшақ ұстауға тырысады. Ал ауылда әркімнің малы әртүрлі. Екпе уақытымен егілді ме, жоқ па біле алмайсың. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер ауылға жақын жер алмауға тырысады. Соның есебінен біздің өңірде жайылымдық жер тапшылығы жоқ», — дейді Қазақстан фермерлер қауымдастығының Ақтөбе облысындағы өкілі Берік Сариев.
«Біздің облыс бүгінде президенттің ауылдық аумақтарды дамыту туралы тапсырмасын орындауға дайын, соның арқасында «Ауыл аманатына» дайындық кезінде әрбір ауылдық округке скрининг жүргізілді, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың нақты саны, әрбір отбасының табысы, халықты сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін дамыту қажет өндірістер анықталды», — дейді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Өңір әкімдігі бойынша бірінші кезеңде өңірдің 24 ауылдық округінде 2700-ден астам жоба іске асырылатын болады. Осы мақсатқа 3 миллиард теңге бөлінді. Жобаның ерекшелігі ақшалай, тауарлық несие беру болып табылады. Атап айтқанда, 27 ірі шаруа қожалығы есебінен ауыл тұрғындарына 6 мың бас мал беру жоспарлануда. Қарызды ауыл тұрғындары алған төлдерімен қайтарады. Бүгінгі таңда 42 жеке қосалқы шаруашылыққа 650 бас мал берілді.
«Ауыл аманаты» аясында құс шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. 2100-ден астам жоба ауыл шаруашылығы қызметінің осы түрімен байланысты.
«Ауыл аманаты» — өте жақсы бағдарлама, өйткені 2,5% — бен, бірінші жылға арналған демалыспен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен бірде-бір қаржы ұйымы қарыз бермейді. Біз бәріміз бұл идеяны қолдауға дайынбыз. Өйткені, жергілікті сапалы ауыл шаруашылығы өнімі – Ұлт денсаулығы!», — дейді кәсіпкер Евгения Макаревич.
Естеріңізде болса, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өткен-ді. Таяудағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу көзделген, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқанын айтты.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.
Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.
Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.
Аудан әкімінің сөзіне сенсек, Түлкібас ауданында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2022 жылы 18,6 миллиард теңгені құрады. 2023 жылдың жоспары – 23,4 миллиард теңге. Алдағы 3 жылда өнеркәсіп саласы бойынша жалпы құны 322,9 миллиард теңгелік 8 жобаны іске асыру көзделген. 2024 жылы «Beibars Bottlers» ЖШС-нің ауыз су және түрлі-түсті сусындар шығаратын зауытын салу және «Борсықсай» ЖШС-нің балықтарға арналған жем-шөп өндіретін зауытын салу межеленген. Қалған 6 жобаны 2025 жылы жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 1606 жаңа жұмыс орны құрылып, өндіріс көлемі 84,6 миллиард теңгеге артып, бюджетке қосымша 6,8 миллиард теңге еніп, кіріс көлемі ұлғаяды деген жоспар бар. Өңір басшылығы тарапынан жаңа инвесторлар тарту, жобалар санын көбейту жөнінде міндеттер жүктелді. Бұл бағытта да жұмыстар қолға алынбақ.
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түлкібас ауданына жұмыс сапарында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Шақпақ баба ауылындағы жер асты жолының (тоннель) құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жобаның жалпы құны – 8,5 миллиард теңге. Оның ішіне Жаскешу-Шақпақ ауылдары аралығындағы 40 шақырым автомобиль жолының құрылысы да қамтылады. Тоннелдің ұзындығы – 840 метр, ені – 13 метр. Құрылыс бірнеше жыл бойы әлі жалғасып келеді. Нақтырақ айтсақ, Тұрар Рысқұлов елді мекенінің айналма жолын (40,5 шақырым) және әрқайсысының ұзындығы 840 метр болатын екі жолақты тоннель салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жолдың құрылысы аяқталып, жалпы ұзындығы 3,8 шақырым құрайтын тоннелге кіреберіс жолдары қалып отыр. Ал тоннельдің құрылысына келсек, «Тараз-Шымкент» бағытында бұрғылау-жару жұмыстары және монолитті бетонмен тұрғызу жұмыстары толық аяқталған. Жол жабыны мен дренаж құрылғысы үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оң жақ тоннель, яғни, «Шымкент-Тараз» бағыты бойынша бұрғылау-жару, сондай-ақ 345 метр монолитті бетонмен салу жұмыстары атқарылуда. 2023 жылдың соңында аяқтау көзделіп отыр.
Облыс әкімі құрылыс жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, бас мердігер «EVRASCON» компаниясы (Әзірбайжан Республикасы) өкілдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Осы құрылысқа қатысты мемлекеттік орган басшыларына жобаны қадағалап, соңына дейін жеткізу керектігін айтты.
Одан кейін Дархан Сатыбалдыға Түлкібас аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жағдайы таныстырылды. Бұл ғимарат 1904 жылы салынған. Алғашында шіркеу болып ашылған. 1987 жылы «Түлкібас аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» болып аталған.
Аталған спорт мектебінің спортшылары 2022-2023 жылдары облыс чемпионатында 7 алтын, 10 күміс, 14 қола, Қазақстан Республикасының чемпионатында 6 алтын, 3 күміс, 6 қолаға қол жеткізген.
Қазіргі таңда ғимарат тозған. Спортшыларға арнайы киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелері қарастырылмаған, қолайлы жағдай жасалмаған. Осыған байланысты Шақпақ баба ауылына заманауи жаңа спорт мектебін салу қажет. Спорт мектебінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінуі тиіс.
Өңір басшысы бұл мәселе зерделеніп, тиісті шешім қабылданатынын жеткізді. Бұқаралық спорттың маңызды екеніне тоқталып, жауапты басшыларға мәселені бақылауға алуды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.