Келес ауданында жайылымдық және шабындық жерлерді зиянкестерге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізілу үстінде. Жауапты мекемелермен келісім жасалып, химиялық қоспалар да сатып алынған.
— Келес ауданының Бозай және Жамбыл ауылдық округі аумақтарында шегірткенің көбейуіне байланысты 6 күннен бері кеш батқаннан таң атқанша ауыл тұрғындарымен бірге қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін 400 литр шамасында дәрі-дәрмек жұмсалды. Қазіргі таңда қолда 130 литр дәрі бар. Күнделікті күндіз анықтап, түнде дәрілеу жұмыстары жүргізілуде, — деді Келес аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев.
Айта кетейік, қолданылатын препараттар да ҚР аумағында пайдалануға рұқсат етілген және тұрғындарға, жануарлар мен құстарға зияны жоқ болып табылады.
Жалпы, биыл үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге республикалық бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Мамандардың болжамы бойынша шегіртке 1,6 миллион гектар аумаққа таралуы мүмкін. Бүгінгі таңда 385,3 мың гектар алаңда пестицидтердің қажетті қоры қалыптастырылды. Әкімдіктермен бірлесіп өңірлерде жедел штаб құрылып, мониторинг және химиялық өңдеу жөніндегі жұмыс жоспары бекітілді. Аумақтарды өңдеуге мамандандырылған техника, оның ішінде жер үсті және әуе көлігі жұмылдырылатын болады.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында мароккалық шегіртке дернәсілдерінің пайда болғаны анықталды. Аймаққа пестицидтер толығымен жеткізілді. 8-9 сәуірде өңдеу іс-шаралары басталды.
Басқа аймақта жерді химиялық өңдеу жұмысы шегірткелердің таралу ошағы анықталған кезде басталады. Көршілес мемлекеттермен шекаралас аумақта бірлескен зерттеу жүргізілетін болады. Бұл туралы Қазақстанның АШМ-ның мамандары Ресей, Қытай және Өзбекстан мемлекетіндегі әріптестерімен алдын ала келісті.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев те өз кезегінде министрліктің шегірткемен қалай күресіп жатқанын айтты.
«Қазіргі таңда біз 1,2 миллион гектар жерге дәрі септік. Жоспар бойынша 1,4 миллион гектар жерге шегірткеге қарсы дәрі себілуі тиіс болған. Жұмыстар әлі де тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, Қостанайда шегірткемен күрес қарқынды жүріп жатыр. Ол жерге демалыс күндері барып, жағдаймен жеке таныстым. Қамысты ауданына барып, Ақтөбе облысының шекарасына жақын жерлерде болдым. Шегіртке басқан аймақтардың бәріне жедел түрде дәрі-дәрмектер жеткізіліп, арнайы мамандар жіберіліп отырды», — дейді Е.Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, Қазақстан аумағында үш түрлі шегіртке тараған, олар – итальяндық шегіртке, азиялық және марокколық шегірткелер. Олардың биыл күрт көбеюіне «күннің белсенділігі» әсер еткенін айтады министр.
«Әрбір 11 жыл сайын шегірткелердің таралуының осындай шарықтау шегі болады. Биыл осындай кезең. Келесі жылы да шегіртке көп болады. Мұндай кезеңде шегірткенің таралуы он, жиырма есеге көп болады. Бір шегіртке, шамамен 100 немесе 1000 жұмыртқа сала алады», — дейді министрлік басшысы.
Еске сала кетсек, биыл Ақтөбе мен Қостанай облыстарының егістіктерін шегіртке басқан. Қостанай облысында зиянкестердің күрт көбеюінен 4,6 млн гектарды құрайтын егіс алқабының 500 гектары зардап шеккен.
Биыл ел аумағында 1,5 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін екенін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекциясы хабарлаған болатын. Жалпы, республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 миллиард теңге бөлінген. Ал 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 миллиард теңге бөлінген-ді.
Бұл ретте Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес күшейтілді. Биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мен фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауылдық округінде атқарылып жатыр. «Марокко шегірткесіне» қарсы облыс бойынша барлығы 67,3 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүзеге аспақ. Оның ішінде, 59,1 мың гектарда бүріккіш техникаларымен, ал 8,24 мың гектарда әуе жолдары арқылы жүргізілуде.
Биыл облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің өкімімен штаб құрылған болатын. Осыған сәйкес, барлық аудандар мен қалаларда тиісті штабтар дайындық жұмыстарына кірісті.
Сарыағаш ауданы бойынша 15 380 гектарға 7 дана, Арыс қаласында 12 420 гектарға 6 дана және Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сауран, Төле би, Шардара аудандары бойынша 31 250 гектарға 14 дана жерүсті желдетпелі бүріккіш техникасы жұмылдырылды.
Ал, «Азиялық шегірткіге» қарсы Созақ ауданында 11 500 гектар аумақта химиялық күрес шаралары жоспарланған. Химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау көзделген.
Фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында облыстық аумақтық инспекция тарапынан 40 мемлекеттік инспектор мен 19 қызметтік автокөлік тартылды.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша 2023 жылға аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен 59050 гектарға және әуемен 8240 гектарға жоспарланған.
Бүгінгі күнге Марокко шегірткесінің таралу аумағын зерттеуге жоспарланған 705 мың гектар алқаптың 392 мың гектар алқабы зерттелді. Экономикалық зиянды шегінен асқан алқап облыс бойынша 16800 гектарды құрайды. Химиялық өңдеу жұмыстары 2023 жылдың 8 сәуір күні Сарыағаш ауданының Дарбаза ауыл округінде басталды. Сарыағаш ауданы бойынша экономикалық зиянды шегінен асқан 10280 гектар алқаптың 9240 гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Арыс қаласында экономикалық зиянды шегінен асқан 3890 гектар алқаптың 3645 гектары өңделіп, 5 жер үсті желдеткіш бүріккіштері жұмыс істеуде. Келес ауданы бойынша 1770 гектар алқаптың 1575 гектары 2 жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен өңделуде. Сауран ауданы бойынша 610 гектардың 260 гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс бойынша бұл жұмыстар «Авиа компания Дельта-Юг» ЖШС-не қарасты 20 дана жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен жүргізілуде. Сонымен қатар 1 АН-2 ұшағы қолданылып жатыр.
Өзі шегіртке десек болды, көз алдымызға бау-бақша мен егін-шөпті отап, зор залал келтіретін зиянкес жәндік көзімізге елестейді.
Алайда шегірткенің кей түрі ғана қауіпті, ал қалғандарының жай күнін көріп, тіршілік кешіп жүрген жәндіктер екенін білмейміз. Шегірткенің үлкені де, кішісі де бар. Түрі көп. Кейбірінің ұзындығы 10 сантиметрге дейін жетеді.
Шегірткенің басты қасиеті не ерекшелігі дейміз бе, оның бір жұмыртқадан екі түрлі шегірткенің өсіп жетілетіндігін айтуға болады. Мәселен бауырлас шегірткенің бірі – жасыл, бірі – қара болып шығуы мүмкін. Мұның сырын білмеген ғалымдар тіпті бір жұмыртқадан жарып шыққан шегірткелердің өзін екі түрлі популяцияға жатқызып, әрбіріне жаңаша атау беріп жүрген кездері болды. Алайда мұның бәрі бір шегірткенің тұқымдары ғана. Бәрі шегірткенің өскен жеріне байланысты.
Жалғызбасты шегірткелер
Шегірткенің негізінен екі түрі болады: бірі – жалғыз, салт жүретін шегірткелер, екіншісі – үйірмен жүретін шегірткелер.
Жалғыз тіршілік ететін шегірткелер, әдетте, азық-түлік мол, шөбі шүйгін жерде өмір сүреді. Түсі жасыл, денесі ірі, қанаты әлсіз келеді. Азық-түлік мол болғандықтан, бір қоныста жата береді. Сондықтан көп ұшып, секіріп әуре болмайды. Қанаты әлсіз болатындығы содан.
«Жалғызбасты» шегірткелер шырылдап үн шығарады. Жалғыз жүргендіктен, шырылдап үн шығарып басқа «қандастарын» жанына шақырады, белгі береді, назарын аудартады.
Табын шегіртке
Егер шегірткелер азық-түлік аз, тақыр жерде тіршілік етсе, онда табынға бірігіп, үйір құрып өмір сүреді. Мұндай шегірткелердің түсі қара қошқыл, жасырынуға бейім, қанаты қуатты келеді. Ұзақ жаққа ұшуға үйренген. Жүздеген шақырымды басып өтуі мүмкін. Табын шегіртке 16 шақырым/сағат жылдамдықпен ұша алады.
Ауыл шаруашылығына зиян келтіретін де, міне – осы шегірткелер. Кейбір табындағы шегірткенің саны 40 миллиардқа дейін жетуі мүмкін. Мұндай рекорд ХХ ғасырдың ортасында Мароккода тіркелген. Табынның ұзындығы 250 шақырымға дейін жетсе, ені 20 шақырымға дейін жеткен екен. Мұндай алапат табын басып өткен жерде ештеңе қалмасы анық, бәрін жалмап кетпек.
Шегірткенің пайдасы
Адамдар аштық жайлаған, қуаңшылық болған жылдары шегіртке аулап жейтін болған. Ғалымдар шегірткенің ағзасында жұғымды, пайдалы заттардың көп екенін айтады. Ет пен майдың орнын алмастыра алатындай жұғымдылығы бар. Витаминдер көп.
Сондықтан әлі күнге дейін қытай мен Мексика тұрғындары шегірткені таңсық ас ретінде жейді.
Шегірткенің қаптауы мәселесін шешудегі қолданыстағы тәсілдер — бұл жаппай көбеюдің тарай бастаған кезінде және қауіпті зиянкестердің жаппай миграциясы кезінде кең ауқымды аумақтарда жаппай химиялық өңдеу жұмыстарын немесе қолжетімсіз ошақтардағы қатерлердің алдын алу ымыралы іс-әрекеттерін жүргізу. Яғни бұл орайда шегірткелердің үйірлері ұшып келгеннен кейінгі қолданған тәсілдердің әсері қанағаттандырарлықсыз болады. Жаппай химиялық өңдеудің басты стратегиялық кемшілігі — бұл жұмыстардың «өрт сөндіру» тәртібінде өткізілетіндігінде, өйткені бастапқы ошақтарда, әсіресе қол жетпейтін немесе қолжетімсіз аумақтардағы шегірткелердің шоғырланудың алғашқы кезеңдері назардан тыс қалады.
Біздің ойымызша, бүгінгі таңда шегірткелердің жаппай таралу кезеңінде үлкен аймақтарда жаппай химиялық өңдеудің жалғыз баламасы ретінде шегіртке мәселесін ұзақ мерзімді және тұрақты шешімін қамтамасыз ететін сақтандырғыш тәсіл қолданылуы керек. Бұл стратегия қомақты ғылыми негізбен дәлелденген ауқымды тәжірибеге сүйенген көп жылдар бойы жүзеге асырылған қолданбалы зерттеулер нәтижесі.
Аталған сақтандырғыш тәсіл шегірткенің біржылдық өміріндегі өмір сүру мекендерінің тиімді бақылау нәтижелеріне негізделіп, көлемдерінің көбеюінің және мінез-құлқының өзгеруін ерте анықтау мақсатында іске асырылады; соның әсерінен шегіртке ошақтарының тұтануының сиреуіне және үлкен ошақтардың тұтануын болдырмайтын ерте ақпараттану және жауапты іс-шараларды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.