ХХІ ғасырда жер шарындағы ең өзект мәселе – тұщы су, яғни сапалы ауыз су. Ауыз су – кез келген тірі жан үшін ең қымбат және қалпына келтіре алмайтын табиғи қоры болып саналса, ол жыл санап кеміп барады. Мәселен, таулы аумақта орналасқанымен, Төлеби ауданында жаздың аптап ыстықтарында ауыз су тапшылығы сезіледі. Аталған мәселені шешу бағытында кешенді жоспарлар құрылып, 50-60 жыл тұтынудан тозығы жеткен ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстары кезеңімен жүргізілуде.
Айталық, Бірінші Мамыр ауылдық округі Бейнеткеш елді мекеніне 23 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 133 құдық орнатылып, сыйымдылығы 300 текше метрді құрайтын су қоймасы салынды. Мердігер: «Строй Жол Сервис» ЖШС. Елді мекенді таза ауыз су құбырына қосу жұмысы 2023 жылдың шілде айына жоспарланған. Қазіргі кезде резервуар аумағын абаттандыру, тас төсеу жұмыстары жүргізілу үстінде.
Сондай-ақ, Зертас елді мекеніндегі су құбырының құрылысын жүргізуші мердігер «Ақмешіт Мелиоратор» ЖШС-і тарапынан 52 шақырым су құбыры тартылып, 351 құдық қойылып, сыйымдылығы 1200 текше метрді құрайтын су қоймасы салынды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың шілде айына дейін жалғасып, нәтижесінде 5970 тұрғын, 986 абонент ауыз сумен қамтылады деп жоспарланған.
Керегетас елді мекеніне 27 шақырым су құбыры жүргізіліп, сыйымдылығы 300 текше метрді құрайтын су қоймасы орнатылды. Су қоймасының маңайын абаттандыру ісі аяқталғаннан кейін 158 абонент ауыз суға қосылады.
Нысанбек елді мекенінде де ауыз су құрылысы аяқталуға жақын. 22 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 300 текше метрді құрайтын резервуар орнатылды. Қазіргі кезде жобаға ілінбей қалған 10 үйге ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаны аяқтау бойынша мердігер мекемен келіссөз жүргізіліп, шілде айында 170 абонент таза сумен қамтылады деп күтілуде.
Ленгір қаласын сапалы ауыз сумен қамту бағытында Көктерек су тазалау имаратының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі кезде 2200 текше метр резервуар, су тазарту құрылғысы орнатылды. Химиялық тазалаудан шыққан кәріздік суын төгетін көлемі 100 текше метрді құрайтын септик құйылып, имарат маңы қоршалып, көгалдандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізілу үстінде.
Тағы бір атап өтер мәселе, Төлеби ауданында жергілікті тұрғындардың сұранысына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу мақсатында жаңа массивтерге инженерлік-коммуникация жүйелері тартылып жатыр. Қазіргі таңда 44250 азамат жер телімінде кезекте тұр. Ауданға қарасты 5 елді мекеннің (Көксәйек, Зертас, Бірінші Мамыр,Қаратөбе, Қайнар) инженерлік-коммуникация жүйелерінің құрылысын жүргізуге 248 миллион теңге қаржы бөлінді.
Бірінші Мамыр елді мекеніндегі жаңа массивтерге 16,4 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 92 дана құдық қойылды. 278 электр бағанасы орнатылып, 8,1 шақырым электр желілелері жүргізілді. Аталған массивті табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында 8,781 шақырым газ құбыры тартылып, екі есептегіш құралымен 133 дана, бір есептегішті 22 ШРП орнатылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін 255 отбасына жер телімі үлестіріледі.
Сонымен қатар Қаратөбе елді мекеніндегі жаңа массивтен 302 жер телімі бөлінеді деп жоспарлануда. Қазіргі таңда ауыз су құбырлары жүргізіліп, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Қайнар елді мекеніндегі жаңа массивке 12,4 шақырым ауыз су құбыры тартылып, 65 дана құдық қазылды. Қазіргі уақытта электр жүйелері жүргізіліп, табиғи газ құбырларын тарту үшін конкурс өткізілуде. Жаңа массивтен 165 отбасына жер телімі бөлу жоспарлануда. Көксәйек елді мекеніндегі жаңа массив арқылы 170 жер телімі беріледі деп күтілуде. Аталған массивке ауыз су, электр жүйелері тартылып, 2,4 шақырым орташа қысымды газ құбыры жүргізілді.
Бұдан бөлек, Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы жаңа массивті электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 850 дана электр бағанасы орнатылып, 9 дана трансформатор қойылады. Қазіргі таңда автокөлік жолдарының құрылысын жүргізуге, ауыз су құбырларын тартуға конкурс ұйымдастырылуда. Қажетті инфрақұрылым құрылыстары аяқталғаннан кейін 1030 отбасына жер телімін үлестіру көзделіп отыр.
Айта кетейік, тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімін алу үшін «еGov.kz» порталы арқылы кезекке тұру мүмкіндігі қарастырылған. Кәмелетке толған әрбір қазақстандық 10 соттық жерге онлайн арқылы өтінім беріп, өз кезегін қадағалай алады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.