Мал өсірсең — түйе өсір. Отырарлық шаруа түйе сүтін сатып, 700 мың теңге табыс тауып отыр. Қоғам ауылының тұрғыны Азамат Қасмырзаұлы қазір еміне шипа іздеген жандар шұбатты жиі сатып алатынын айтады. Сондай-ақ «түйенің етіне де сұраныс жоғары» дейді.
Азамат Қасмырзаұлының түйе шаруашылығымен айналысқанына отыз жылдан асқан. Айтуынша, бұл кәсіп атадан-балаға мұра ретінде көшіп келеді. Бүгінде шаруаның қожалығында елуден астам түйе бар. Кәсіпкер тек оның алтауын сауып, шұбат сату арқылы айына 700 мың теңгеден астам табыс тауып отыр. Сондай-ақ сүті мол түйе өнімдеріне де сұраныс жоғары екендігін айтады.
«Түйе шаруашылығымен айналысу — бұрыннан келе жатқан ата кәсібіміз. Түйені сауамыз, сүтін сатамыз, өзіміз ішеміз. «Мал төресі – түйе» демекші, осы түйе арқылы таза маңдай термен, еңбекпен күн көріп жатырмыз. Түйе екі жылда бір рет төлдейді. Қазіргі сауылып жатқандары – биылғы туғандары. Басқалары тоғайда – жайылымда. Ауылдан жырақ ұстаймыз» — дейді Азамат Қасмырзаұлы.
Ғалымдар шұбаттың жүзге тарта пайдалы қасиетін дәлелдеп отыр. Бүгінде шет мемлекеттерде онкологиялық аурулармен күрес кезінде қолданылатын сусын әлемдік тәжірибелерде өз нәтижесін беріп келеді.
Ал жұбайы Ақнұр Ерманқызының айтуынша, бауыры ауыратындар көбінде шұбатты шикілей, дәрілік мақсатта тұтынады екен.
«Түйені біз күніне үш мезгіл сауамыз. Таңертең, түсте және кешкісін. Әр сауған кезде үш литр мөлшерінде сүт береді. Кейбіреулері төрт литрден береді. Түйенің сүтінің емдік пайдасы өте мол. Асқазан, ішек ауруларымен ауыратын науқастар түйе сүтімен дерттеріне шипа тауып жатыр. Берісі — ауылымызды және әрісі ауданымызды осы түйенің сүтімен қамтамасыз етіп отырмыз. Күніне 40-50 литр сүт аламыз» — дейді жұбайы.
Түркістан облысында нар өркешті түйелер ғана мекендей алады. Себебі жалғыз өркешті түйелердің түрлі жәндіктерден қорғануға мүмкіндігі бар. Ата кәсіптен нәсібін тапқан Азамат Қасмырзаұлының айтуынша, осы Ойсылқара түлігінен күніне кем дегенде сегіз литр сүт алуға болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.