Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Кездесу барысында аудан басшысы алдымен наурыз айындағы кездесуде көтерілген мәселелер бойынша тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
– Әкімнің міндеті – халықпен кездесу, ауылдың жағдайын білу. Өзінің құзыреті аясында мәселелерді шешу үшін шаралар қабылдау. Барлық жұмыстар кезең — кезеңімен, маңыздылығына байланысты жүзеге асады. Алдағы уақытта ауданды әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жұмыстары қарқынды жалғасатын болады, – деді аудан әкімі Арман Абдуллаев.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі жаңа мектеп және мәдениет үйін салу, электр энергиясымен қамтамасыз ету, қоқысты тазалау, ағын су, халықтың әлеуметтік жағдайы туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Кездесуден кейін, аудан әкімі Арман Абдуллаев тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдап, талап-тілектерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
Сондай-ақ, тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назарға алынып, алдағы уақытта заңға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Осы орайда бүгін аудан басшысы Арман Абдуллаев Көктерек кентіндегі №16 Панфилов атындағы жалпы орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Айта кетсек, жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың ішкі ағаш еден төсеніштерін, есік-терезелерін, әжетханаларды және ішкі кәріз жүйелерін жаңарту, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары және қоршаулар жаңартылатын болады. Мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтау жоспарлануда.
Мұнан соң, аудан басшысы кент аумағындағы тұрғын үйлерді сапалы электр энергиясымен қамту үшін жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Айта кетсек, бүгінгі таңда нысан бойынша электр желілері тартылып, 15 дана электр трансформаторлары орнатылған. Құрылыс жұмыстарымен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне нысанның құрылысын сапалы жүргізіп, белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан соң кент аумағындағы 713 тұрғын үй сапалы электр энергиясымен қамтылатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.