ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Сайрам ауданында арнайы іссапарымен болды. Алдымен халық қалаулысы «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға аудан әкімі Арман Сәбитов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шамхат Халмурадов, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, тиісті дербес бөлім басшылары және ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Ақсукент, Қарабұлақ, Қарасу, Манкент ауылдық округтерінен келген тұрғындар өз өтініштерінде жерді заңдастыру, электр жарығы және ауыз су жүйелерімен тұрақты қамту, каналды күрделі жөндеуден өткізу, жаңа мектеп интернатын салу, сонымен қатар кадрға қатысты мәселелерін заң аясында қарап, шешілу жолдарын қарастыруды сұранды.
Аталған мәселелер тыңдалған соң, Мәжіліс депутаты және аудан басшысы Арман Сәбитұлы бақылауларына алып, нәтижесі хабарланатынын түсіндірді.
Сапар барысында Қарасу ауылдық округінің Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүйелерін жүргізу, сонымен қатар Қарасу және Ынтымақ ауылдарына жоспарланып отырған спорт кешендерінің құрылыс жобаларымен танысты.
Бұдан кейін депутат сапары Көлкент ауылдық округіне қарасты Ақсуабад ауылындағы М.Қашқари атындағы мектебінің алаңшасында ауыл тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде М.Оразалиев және Қосбұлақ ауылдарын инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету және Ханқорған ауылына спорт кешенінің құрылыстарының жобалары және өзге де мәселелер талқыланды.
Депутат ауылды дамыту, салаларды жетілдіру, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айтты. Барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы уақытта зерделенетінін жеткізді.
Жиын соңында ауыл ақсақалы ақ батасын берді.
Еске салайық, Ұласбек Сәдібекұлы Сәдібеков 1967 жылы 12 ақпанда Жамбыл ауылы, Бәйдібек ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Ұлты — қазақ. 1973-1983 жылдар аралығында Жамбыл атындағы орта мектепті бітірген. 1985-1987 жылдар аралығында Москва облысы, Одинцово қаласы, №25979 әскери бөлімшесінде Кеңес Армиясы қатарында қызмет еткен. Еңбек жолында 1983 жылы Бәйдібек ауданында арнайы мамандырылған мал бордақылау бірлестігінде жұмысшы болып бастады. 1987-1992 жылдары Целиноград кейін Ақмола қаласында Ауыл шаруашылық институтында оқыды. Мамандығы — инженер-электрик, екінші мамандығы — экономист. Шымкент қаласында Қайнар университетінде сырттай оқыды.
Ақмола қалалық жастар істері жөніндегі комитет төрағасы, Алғабас аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, Алғабас аудандық ішкі саясат бөлімінінің бас маманы, Алғабас аудандық жастар ісі спорт және туризм бастығы, «Жетіген» ЖШС-ның директоры, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппараты әлеуметтік — мәдени кешені бөлімінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысының жастар ісі және ішкі саясат департаментінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының іші саясат департаментінің директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының әкімі, «Нұр Отан» ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облысының филлиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі, Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілі, Сайрам ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Отбасылық жағдайы: үйленген, 5 ұлы бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.