
Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, биыл атқарылар жұмыстарды баяндады.
— Шу өңірі алыс болса да, біздің назарымыздан тыс қалмайды. Мұнда белгіленген жоспардан тыс уақытта да келіп тұрамын. Бұған дейін сіздер ұсынған мәселелер аяқсыз қалмай, ретімен шешіліп жатыр. Биыл сұраныстарыңызға орай мал өлекселерін тастайтын «Беккери» шұңқырын салып, Абай және Мұқанов көшелеріне көше жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті жұмыстар атқарылу үстінде. Осында келіп, сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз — мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, соның төңірегінде тиісті жұмыстарды атқару, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Ашық аспан астында өткен жиында тұрғындар бірқатар ұсыныс-пікірлерлерін жолдады. Сондай-ақ жеке мәселелері бойынша да жүгініп, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласы бойынша өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешу үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Тасты ауылдық округінде де болып, белгілінген кестеге сай тұрғындармен кездесті. Онда биыл аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ауылдық округ тұрғындарымен алдыңғы өткізген есептік жиын барысында көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, атқарылар жұмыстарды баяндады.
— Біз сіздермен нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізу үшін тоқсан сайын кездесудеміз. Алдарыңызға келіп, кездесудегі мақсатымыз халықпен тығыз байланыста болып, өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру болып табылады. Бұған дейін айтылған барлық ұсыныстарыңыз назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылды. Өзім осы ауданның тумасы болғандықтан, атқарылу керек мәселелер маған етене таныс. Биыл сұраныстарыңызға орай, мұнда 75 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүруде. Біз мұнымен шектеліп қоймаймыз. Келер жылға да нақты жоспарларымыз бар. Осылайша түйіткілді мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, тиісті жұмыстарды атқарамыз, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Жиында тұрғындар биылға бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдап, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын заң аясында қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Аудан басшысының Тасты ауылдық округі тұрғындарымен өткізген есептік жиынына аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.