Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарының әкімдері Қытай Халық Республикасының бірнеше қаласын, индустриалды аймақтары мен өндіріс орындарын аралап келген болатын. Мақсат – тәжірибе алмасу, зауыттар мен фабрикалар ашу және инвестиция тарту. Аталған іссапар қорытындысы бойынша жиналыс өтіп, жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалды. Өңір басшысы осы іссапар нәтижесімен нақты жобаларды жүзеге асырып, жұмыс орындарын көбейту керектігін жеткізді.
– Аудан, қала әкімдері, басқармалар бюджет қаржысын игерумен ғана емес, тың жобалар, инвестиция тарту мәселесімен жүйелі шұғылданулары қажет. Жаңа кәсіпорындар ашу маңызды. Біз жобаларды сараптап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Кәсіпорындар аймақтық деңгейде қалып қоймай, өнімдерін экспортқа шығаратындай деңгейге жетуі керек. Көрші елдің әлеуетін көрдіңіздер, тәжірибесін пайдаланыңыздар. Қытайдың өндіріс орындарын аралауға баратын аудан, қала басшылары қазірден бастап өздеріңізге оңтайлы жобаларды жоспарлап, келіссөздерге дайындалыңыздар. Іссапарлардан нәтиже шығатын болсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Қытайға Түркістан облысы делегациясын бастап барған Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, іссапар барысында Қытайдың 40-қа жуық компаниясымен кездесулер өткізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасын жинау, тоқыма саласы, шағын бизнеске арналған жабдықтардың өндірісі сияқты салалардағы компаниялармен келіссөздер жасалған. Екі елдің өкілдері арасында B2B (бизнес пен бизнес) форматында бірқатар кездесулері өткен. Делегация Джэнжоу қаласында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесіне қатысты, онда Хэнань провинциясындағы 300-ден астам өндірістік кәсіпорынның өнімдері қойылған. Көрме барысында Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды.
Іссапар барысында мақта шаруашылығы, тамшылатып суғару, мал сүйегі мен терісін терең өңдеу, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жазау және өзге де салалар бойынша келісімдер қаралған.
Жиында Шардара ауданында жиһаз өнімдерін өндірумен айналысатын «Шебер» мүгедектер қоғамының директоры Бақтыкерей Омар Фошан қаласына барып 8 компаниямен келіссөздер жүргізгенін, жиһаз өнімдерін сатып алуға келісім жасалғанын айтты. Роботтандырылған жабдықтарды жеткізу туралы келісімге келгенін мәлімдеп, облыс әкімі үйлестірген іссапар жемісі болғанына ризашылығын білдірді. Келісімшарттардың жалпы сомасы 380 мың АҚШ долларын құрайды. «Golden Camel» компаниясының өкілі Жазира Озатқызының да жоспарлары тыңдалды.
Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мақта шаруашылығы бойынша жаңа технологияларды енгізуге келісім жүргізілгенін жеткізсе, басқа аудан әкімдері де іссапар қорытындысымен кәсіпорындар саны артады деген пікірлерін білдірді.
Маңызды басқосуда мақта шаруашылығы, жібек құртын өсіру жобалары бойынша да мағлұматтар ұсынылды. Облыс әкімі тұт ағашын өсіру, жібек шаруашылығын дамыту бойынша бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Бұл салаға инвестиция тартуға мүмкіндік мол әрі жаңа жұмыс орындары көбейеді.
Жалпы, алдағы уақытта Қытай инвесторларымен келіссөздер жалғасып, өңірде жаңа кәсіпорындар ашылады деп күтіліп отыр.
Кәсіп демекші, балды бизнеске айналдырып, ерекше шаруашылықты өзіне кәсіп еткен Жетісай ауданы, Қазыбек би ауылдық округінің тұрғыны Алмахан Нұрболат бүгінде мемлекеттің қамқорлығын сезініп, табысын арттырып отырған кәсіпкерлердің бірі.
Бала күнінен көзінен зақым алып, ІІІ топ мүгедектігімен зейнетке шыққан Нұрболат өткен жылы кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекет тарапынан берілетін 1 млн 200 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысын ұтып алып, өз кәсібін бастаған. Осыған дейін талай істің басын шалған омарташы енді ғана табыс көзін тапқандай.
Ерекше күтімді қажет ететін осынау бір тіршілік иелерінің өзгертуге келмейтін ішкі ережелері мен қағидаларының барын айтқан омарташы аралар үшін тазалықтың сақталуының маңыздылығына да тоқталды.
«Аралар үлкен отбасы болып тіршілік етеді. Омартада аналық, аталық, жұмысшы, күзетші аралар қалыптасқан белгілі заңдар мен ережелерге бағынады. Әрбір ара өзінің міндеттерін мүлтіксіз орындайды. Гүлдерден бал жинамаған араны күзетшілер омартаға кіргізбей қоятын қасиетке де ие. Аралар тазалықты сүйеді. Сондықтан, ара ұстасаңыз, омартаның мұнтаздай таза болуына аса мән беру керек. Үнемі ыждағаттап тазалап, мұқият қадағалағанда ғана сапалы бал жинап алуға болады» дейді Нұрболат Алмахан.
Технологиялық үдеріс пен сұраныстың артуына байланысты қазіргі таңда ара балының формацевтика саласы мен халықтық ем-домда да жиі қолданылып, суық тию, жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек, асқазан, ішек, жүйке ауруы, қан қысымының көтерілуінің де алдын алуға пайдаланылады.
Бұл кәсіп атақты ойшыл Алберт Эйнштейннің «Егер жер бетінен ара жойылып кетсе, төрт жылдан кейін адамзат та болмайды» тұжырымын тағы да бір нақтылай түскендей.
Айтпақшы, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Мырза» шаруа қожалығында жеміс-жидектердің ерекше сұрыптары өсіп тұр.
Шаруа қожалығының иесі Ануар Мырзаев 25 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Өзінің мамандығы — агроном. Бау-бақшада алманың 20 түрі, өріктің 10 түрі, шабдалының 12 түрі, алмұрттың 6 түрі, черешняның 2 түрі, қара өріктің 5 түрі, жүзімнің 5 түрі, анар жемістері отырғызылған. Көкөністен картоп, пияз өсіріп, барлығын сатылымға шығарады.
Сонымен қатар, раушан гүлінің бірнеше түрі мен шырша талдарының ерекше сұрыптары бар.
Жалпы, 8 гектарды алып жатқан шаруақожалықтың 1,5 гектарында балық шаруашылығы қолға алынған. Қазіргі таңда, көлшіктерге балықтың шабақтары жіберілген.
«Алдағы мақсатым — балық шаруашылығының маңайына демалыс аймақтар салу. Арнайы көшет талдарын егуге арналған жерімді кеңейту. Еңбек бар жерде береке болады. Әр адам өз ауласын бақшаға айналдырып, өнім алуға мүмкіндіктері бар. Мен тіпті кеңес беруге де әзірмін», — дейді шаруақожалық иесі.
Ерекше сұрыптағы жеміс-жидектердің көшеттерін Ануар Мырзаев арнайы өзі егіп, әзірлейді. Тіпті жан-жақтан сатып алуға ұсыныс білдірушілер көп. Шыққан өнімдерін Кентаудан бөлек, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Қарағанды, Астана қалаларына жібереді. Қарамағында бүгінгі таңда 25 ауыл тұрғыны жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.