Бұл жөнінде Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың Қоғам және Қарғалы ауыл округтері тұрғындарымен кезекті кездесу жиынында айтылды. Кездесуде аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, қос ауыл округінде көтерілген мәселелердің іске асу барысы туралы айтып өтті.
Расы керек, аталған ауыл округтерінде қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі ағын су тапшылығы болып отыр. Шаруалардың егістік жерлеріне ағын су жеткізу үшін «Қызыл-Ту» насос станциясынан 6 дана СНП насосы іске қосылғаны белгілі. Алайда елді мекендердегі ағын су тапшылығы мұнымен толық шешімін табады деген сөз емес. Осы мақсатта Д.Алтынбеков каналын бетондау жұмыстарын жүргізу жұмыстары қолға алынып, бүгінде демеушілер есебінен жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Жобалық-сметалық құжаты дайын болған соң, қаржыландыру мақсатында «Қазсушар» РМК-на ұсынылады.
Естеріңізде болса, биыл мамыр айында Отырар ауданына жасаған сапары барысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барған-ды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады.
Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде.
Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырған болатын.
Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық бұл өңірдегі шаруа жайын, құрғақшылықпен күрес мәселесін, су тапшылығының алдын алуды былай түсіндіріп берді: «Отырар ауданында Арыс өзенінен бастау алатын, ұзындығы 42 шақырымға созылып жатқан Алтынбеков каналы бар. Канал бойында 13 мың гектар егістік жатыр. «Қызылту» насос стансасынан алты насосты Сырдария өзенінен кері тепкісіне қойдық, одан Алтынбеков каналына қосымша су айдалып жатыр. Оған қосымша Арыс өзеніне Қарааспан су бөгетінен бес текше метр, Бадамнан үш текше метр су келуі керек. Ол бізге жетем дегенше жолай бірнеше ауданды аралып, 4,5 текше метр су келеді.
Жалпы бізде су тапшы екені рас, бірақ кезекке қойып, шаруаларға түсіндіріп, жағдайды реттеуге бар күшімізді салып отырмыз. Қазір, Құдайға шүкір, су тапшылығы мәселесін ішінара шешіп отырмыз деуге болады.
Көктем туа Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен ақылдасамыз, «Қазгидрометтен» биылғы жауын-шашын мөлшері туралы болжам келеді. Барлық шаруаларды, ірі-ірі шаруа қожалықтары басшыларын жинап сөйлесеміз, болжамды жеткіземіз. Мүмкіндігінше суды үнемдеу керегін айтамыз. Алтынбеков каналының ең соңғы бөлігіне суды жеткізу қиындау. Алтынбеков каналының соңғы жағында Қарғалы ауылдық округы, Талапты ауылы бар. Биылғы болжамды қарап, каналдың соңғы бөлігіндегі шаруаларға мүмкін болса биыл егін екпей қоя тұруын өтіндік. Әрине, тіршілік ету әркімге де керек. Оларға ол жердің орнына каналға жақын маңнан жер тауып беруге тырыстық.
Отырар ауданы, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатындықтан, диқандар мал азығын егеді. Ол жүгері, жоңышқа. Биыл 11 200 гектар жерге жүгері егілді, 11 500 гектар жерде жоңышқамыз бар. Биылғы аптап ыстық шаруаға кедергісін келтіргені рас, бірақ оның мәселесін шешу үшін алдын ала қам жасап келеміз. Ауданымызда 500 мыңнан аса ұсақ мал, 7-8 мың түйе бар, 18 мыңдай жылқы, 50 мың сиыр бар. Соларға 259 мың тонна жем-шөпті мал қыстату науқанына жинау жоспарын белгіледік. Ауыл шаруашылығы маманы болсақ та, назарға алмаймыз, қариялар айтып жүр. Құрғақшылық жылдары жантақ жақсы өсетін көрінеді. Себебі су көп болса, басқа шөп биіктеп, жантақ кішкене қалпында қалып қояды екен. Биыл жантақ бізде қалың әрі биік өсті. Оны 120 мың тоннадай жинаймыз деп отырмыз. Тамыздың ортасынан ары қарай жантақ піседі, сол кезде оруға кірісеміз. Одан бөлек, жылқы мен түйеге 87 мың тоннадай жоңышқа жинамақпыз. Мал азығы жағынан ауданда мәселе болмайды деп отырмыз» — деген еді.
Соңғы жылдары таулы аудандардағы жауын-шашын мен мұз деңгейінің төмендігінен отырарлық шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету күрделі мәселелерге айналып келеді. Әсіресе, шілде, тамыз айлары аралығында ағын су деңгейінің шамадан тыс төмендеуі шаруалардың мол өнім алуына кедергі келтіруде. Аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов ағын су жетіспеушілігін жою мақсатында «Қызыл ту» насос станциясындағы су айдайтын насостарды күрделі жөндеуден өткізіп, шаруаларды қажетті мерзімде ағын сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай аудан басшысы тапсырмаларының орындалу барысымен және ағын су арналарының өткізгіштік қабілетімен танысып, «Қызыл ту» насос станциясының жұмысын көрді.
«Қызыл ту» станциясында орналасқан 4 дана СНП-500 маркалы насостарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілген. Жаздыгүні Д.Алтынбеков каналы арқылы 6,5 м/с су босатылса, Арыс өзеніндегі Сырдария өзенінің кері тепкісінен насос станциясы арқылы каналға қосымша 2 м/с су тасталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Талапты ауылының Сегізтам тұсындағы егін алқаптары толығымен суғарылып, Қоғам ауыл округі шаруаларының мәселесі шешімін тапты.
Қарғалы ауыл округінің Отырар елдімекені аумағындағы егіс алқаптарына су жеткізу де басты назарға алынып, аудан әкімдігі тарапынан шаруаларға қажетті су жеткізу үшін күнделікті кезекшілер қойылып, қатаң бақылауда ұсталды.
Жалпы алғанда, Отырар ауданында туризм, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жөнінде де жұмысты күшейту керек. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын талқылау жөніндегі көшпелі мәжілісте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық сала бойынша атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралады. Аудан әкімі мен жауапты басшыларға селқостықтан арылып, белсенді жұмыс істеуді тапсырды.
Расында да, соңғы жылдары таулы аймақтардағы мұз бен жауын-шашынның түсу деңгейінің аздығынан Отырар ауданында ағын су жетіспеушілігі орын алып жатыр. Ауданға қарасты Қарғалы ауыл округіндегі диқандардың қауын, жүгері, жоңыршқа алқаптары ағын судан тапшылық көрді. Осы жағдайларды ескере отырып, Отырар ауданының әкімдігі суды көп қажет етпейтін және ғылыммен негіздемесі нақтыланған өнім түрлерін өсіруді ұсынып отыр.
Әсіресе, Алтынбеков каналының бойындағы Қарғалы мен Отырар ауылдарының диқандары жаз айларында судан тапшылық көреді. Енді осы мәселені шешу үшін ауыл тұрғындары суды көп қажет ететін бақша дақылдарын емес, күздік бидай егуді қолға алып отыр. Жаңа жоба қалай жүзеге асып жатыр? Бидайдың шығымы қалай? Дәл қазір бидай егіліп, жайқалған жасыл алқап өткен жылы бос жатқан болатын. Ешкім ештеңе екпейтін. Себебі жаз ортасында арықтардың аңқасы кеуіп, егістікке су жетпей қалады. Диқандар да тәукелге бара бермейді. Аузы күйген ауыл тұрғындары ақылдаса келе, бұл жерге күздік бидай егуді жөн деп тапқан. Қарғалы ауылының тұрғыны Аманкелді Байкеевтің айтуынша, егін суғаратын көктем мен күз айларында мұнда су мол болады. Шаруалар бидайды алғаш рет егіп отырса да, егін бітік шыққан. «Бізге шығымы жақсы сияқты. Бидай көрмегенбіз ғой. Балалар жақсы дейді. Құдай қаласа, жаман өнім болмайды. Судан қысылған жоқпыз, ертеректе суарып алдық сәуірдің ішінде. Қазір енді егін орағына дайындалуымыз керек. Бір айдың ішінде піседі» — дейді ол.
Былтыр күзде Қарғалы ауылындағы 8 шаруа бір кооперативке бірігіп, 30 гектар жерге бидай еккен. Оны көрген көршілес Отырар ауылының диқандары да 130 гектарға дән сеуіпті. Биыл егін жайқалып өсті. Мұны көрген басқа шаруалардың бидай егуге қызығушылығы артқан. Сөйтіп, бұған дейін бақша дақылдарын егіп келген диқандар енді күздік бидай егуді қолға алып отыр.
Отырар ауданының шаруалары ағын суды Сырадия өзенінен Алтынбеков каналы арқылы алады. Қарғалы мен Отырар ауылы каналдың ең төменгі бөлігінде орналасқандықтан, жаз айларында су жетпей қалады. Мамандар бұл жоба су тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы екенін айтады. Әрі алғаш рет егіліп отырғандықтан, шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілген. «Ұрық тауып беру бойынша біз ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауыл әкімдігі түгелімен көмектесті. Қазіргі таңда 160 гектар жерге егіс, бидай егілді. Егіс жаман емес. Алдағы келесі айда егіс жинау науқаны басталады. Комбайнмен уақытында көмектесеміз деп шаруаларға біз өзіміз уәде бердік» — дейді Отырар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бекжан Кенжеғұлов.
Су тапшылығына байланысты ауданда игерілмей жатқан 800 гектар жер бар. Биыл соның барлығына егін егу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Отырар мен Қарғалы ауылдары «Ауыл аманаты» бағдарламасына енген. Енді ауыл ақсақалдары аудан әкіміне 2,5%-тік несиені диқаншылықпен айналысатын жастарға берсе деген ұсыныспен шыққалы отыр. Егер қолдау тапса, онда егіс көлемін мың гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік болмақ.
Негізі ХХІ ғасырдың ең өзекті проблемасы – су. Расында адамзат үшін ауадан кейінгі қажеттілік — суда. Сусыз тіршілік тығырыққа тіреліп, жойылу қаупі төнеді. Ал су – шектеулі ресурс. Қазір әлем елдері арасында оның көзін иелену үшін күрес шиеленісіп, кейбір аймақтарда геосаясаттың аса маңызды факторына айналып келеді. Бүгінде су қорының проблемасы ең өткір болып отырған аймақ – Африка және Орталық Азия. Оның ішінде Қазақстанның жағдайы өте күрделі.
Елдегі су ресурсының 40% астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл және Шу секілді елдің бас өзендері көрші Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Оған Сырдарияның Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетінін қосыңыз. Бұл жалпы су бойынша сырт елдерге тәуелдіміз дегенді білдірмей ме?
Бір ғана Ертіс өзенін алайық. Қара Ертіс болып басталатын өзеннің 40%-ға жуық көлемі Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының аумағынан өтеді. Демек солтүстік пен шығыстағы өндірістік аймақтардың дамуына Ертістің тікелей әсері бар. Бірі – ауыз су ретінде, екіншісі – аяқ су, үшіншісі – өндірістік су ретінде кәдеге жаратып отыр. Яғни Ертістің суына елдің бес ірі орталығы байланып тұр.
Оңтүстіктегі жағдай да осыған ұқсас. Мәселен, Сырдария өзенінің жағдайын қысқаша шолайық. Ішкі нарықты Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандары мақта, жеміс-жидек пен бақша дақылының жартысына жуығымен қамтып, Қызылорда облысы күріштің 90% өндіріп отыр десек, мұның бәрі Сырдың ырысы екендігі анық.
Бастауын Қырғызстаннан алатын Сырдария өзені Тәжікстан, Өзбекстан аумағынан өтіп, шығыстан батысқа қарай екпіндей ағып, Аралдан ентігін басады. Бұрындары осындай еді. Иә, сырбаз Сырдың суы Аралдың толқындарымен қауышып, теңіз жағалаған жұрттың қуанышы болатын. Өкінішке қарай, қазір Арал теңізі мен Арал қаласының арасы құмды төбелерге айналып, «Үлкен Аралдан» біржолата айырылып қалдық. Ендігі міндет – «Кіші Аралды» сақтап қалу.
Алайда Кіші Аралға және Арал маңындағы көлдерге судың түсуі қалдық принципі бойынша жүзеге асырылуына байланысты соңғы 12 жыл көлемінде теңіздегі су көлемі 27 млрд текше метрден 20 млрд текше метрге дейін азайған. Теңіз өз жағасынан 15-20 метрге шегініп кетті. Аралды қалыпты деңгейде сақтау үшін жыл сайын кем дегенде 3 млрд текше метр көлемінде су құйылуы қажеттігін ескерер болсақ, Солтүстік Аралдың жағдайы өлі аумаққа айналған Үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталауы ықтимал. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Көкарал бөгетін жөндеу және Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр атырабын қалпына келтіру жобасын жедел арада жүзеге асырмаса, жағдай күрделене түсуі мүмкін.
2021 жылы Арал теңізіне қажетті су көлемінің тек 15,6%, яғни 1,2 млрд текше метр судың 199 миллион текше метрі ғана түсті. Сол жылы Арал өңірінде қуаңшылық салдарынан жайылымдық жерлер құрғап, мал шығыны орын алып, төтенше жағдай жариялануына судың деңгейі әсер еткені анық. 2022 жылы Сырдария өзенінен теңізге жоспарланған мөлшердің тек 16% түсті.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, судың шығынын азайтуда су шаруашылығы саласын толықтай цифрландыруға көшіру міндеті тұр. Сосын каналдар мен су қашыртпаларын назардан тыс қалдырмай, үнемі тазалап, қажетті жағдайларда, каналдардың табанын бетондауды қолға алу маңызды.
Тұтынушылар санасына суды үнемдеп қолдану мәдениетін сіңіруіміз керек. Мәселен, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр суды қолданады. Бұл – жуынып-шайынып, ауыз су ретінде пайдаланатын мөлшері. Судың сапасы бір бөлек әңгіме. Ал біздің елдің тұрғындары тәулігіне 150-200 литрге дейін су шығындайды.
Қысқасы, келешекте кемелді елге айналудың бір ғана жолы бар. Ол су ресурстарымен өлшенеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2015 жылы 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуы бағдарламасын қабылдап, онда сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты көрсеткіш деп таразылады. Еліміздің жалпы ішкі өніміне жұмсалатын су шығыны мөлшерін төмендету де кезек күттірмес мәселе. Яғни таяу болашақта елдің дамуында су ресурстарының қолжетімділігі – бірінші орынға шығады.
Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында су мәселесіне ерекше назар аударуы бекер емес. «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр.
Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.
Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер.
Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн.
Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.
Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.
Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.
Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.
Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.
Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын» — деді Президент Қ.Тоқаев.
Мұнан бөлек Мыңшұқыр ауылындағы көпқабатты тұрғын үйлердің артындағы жол бойы жарықтандырылып, Қоғам ауылындағы Бескепе көшесін орта жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2024 жылы аудандық бюджетке қаржыландыруға ұсыну жоспарлануда. Сондай-ақ, Талапты елді мекеніндегі ауылдық амбулаторияның құрылысына биыл облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Биыл аудандағы 5 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу және бірнеше ауыз су нысандарына насос жиынтықтарын сатып алу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Аталған елді мекендердің қатарында Отырар ауылы да қамтылған. Таратып айтайық аудандағы жағдайды. Мысалы, Отырар ауданы бойынша 38 елді мекеннің 33 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған (50306 адам немесе 97,5%). Әрине, бұл тұрғыда аудан әкімі 5 елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілмеген. Олар: Бестам, Жанкел, Ызакөл, Сырдария, Ақкөл ауылдары.
Әйткенмен 2022 жылы Бестам (халық саны — 151), Жанкел (халық саны — 191), Ызакөл (халық саны — 275) елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы басталған, 2023 жылға өтпелі. Сонымен қатар, Қарақоңыр ауыл округіндегі Сырдария (халық саны — 352) елді мекеніне жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде.
2025 жылы Балтакөл ауыл округіндегі Ақкөл (халық саны — 365) елді мекенін таза ауыз сумен қамтамасыз ету межеленген екен. Қазіргі таңда облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан геологиялық іздеу-барлау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу шаралары ұйымдастырылып жатыр.
«Жобаны жүзеге асыру барысында ауыз сумен қамтылмаған бес елді мекендегі 1334 ауыл тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылып, 2025 жылы аудан бойынша ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту үлесі 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр» — деген-ді Сәкен Сұлтанханов.
Сондай-ақ, ауданға қарасты бірқатар елді мекендердің ауызсу жүйелері тозығы жетіп, күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп отыр. Осыған орай, Жаңа Шілік, Аққұм, Балтакөл, Маяқұм елді мекендерінің ауызсу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджет есебінен жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Сонымен бірге Қоғам елді мекенінде балалар ойын алаңшасын салу және Отырар елді мекеніндегі ішкі көшелерге аяқ жолдар салу жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар, Талапты елді мекеніндегі Ж.Смайлов және Қарғалы елді мекеніндегі Қарғалы-2 көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Отырар ауылындағы «Ауыл — Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Т.Ибрагимов көшесіне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, аудан көлеміндегі жалпы автокөлік жолдардың ұзындығы 863,25 шақырымды құрайды. Оның ішінде қанағаттанарлық жағдайдағысы — 543,93 шақырым (63 %). Нақтылай айтсақ, облыстық маңыздағы жолдар — 325,9 шақырым, қанағаттанарлық жағдайдағысы — 192,28 шақырым (59%). Аудандық маңыздағы жолдар — 109,65 шақырым, қанағаттанарлық жағдайдағысы — 90,15 шақырым (82,22%). Ішкі көшелер — 427,7 шақырым, қанағаттанарлық жағдайдағысы — 261,5 шақырым (62%). Оның ішінде: асфальт көше — 261,5 шақырым; тас көше — 87,3 шақырым; топырақ көше — 78,9 шақырым.
«2022 жылы ұзындығы 19,8 шақырымды құрайтын 26 көшеге орта және ағымдағы жөндеу жұмыстары жергілікті бюджеттен (сметалық құны — 303,8 миллион теңге) жүргізілді.
Ауылдық округтер төртінші бюджеті есебінен 7 шақырымды құрайтын 15 көшеге ағымдағы, орта жөндеу жұмыстары (39,8 миллион теңге) жүргізілді.
2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 19,6 шақырымды құрайтын 10 ішкі көшеге (518,4 миллион теңге) және жергілікті бюджет қаржысы есебінен 24,3 шақырымды құрайтын (417,9 миллион теңге) 17 көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланып, қанағаттанарлық дәрежедегі жолдар 305,4 шақырымды (72,0 %) құрайды деп күтілуде» — деп атап өткен бір сөзінде Сәкен Сұлтанханов.
Кездесу барысында Қоғам ауылының тұрғындары А.Мәмбетәлі, Ә.Аққұлов, Н.Додабаев, А.Тілеуовтар мен Отырар ауылының тұрғындары Е.Шынтереков, Н.Ердемқұл, С.Дүйсенбаев, Ж.Исаевтар ағын су жеткізу, ауыз су жүйелерін жөндеу, газдандыру жұмыстары туралы көкейдегі сауалдарын қойды. Аталған мәселелерді мұқият тыңдаған аудан басшысы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.
Сонымен, аталмыш ауылдық округтер туралы маңызды деректерді бөліссек. Қоғам ауыл округінің орталығы — Қоғам ауылы.
Елді мекендері — Қоғам, Мыңшұқыр, Талапты.
Халық саны — 3495 адам.
Округтің барлық жер көлемі — 15080 гектар.
Оның ішінде:
ауыл шаруашылығы жері — 7044,1 гектар;
жалпы егістік — 2808,1 гектар;
суғармалы жер — 2808,1 гектар;
шабындық жер — 19 гектар;
жайылымдық жер — 4217 гектар.
Елді мекен бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының саны туралы деректер:
№ | Елді мекен | Түйе | Жылқы | Ірі қара мал | Уақ мал |
1 | Қоғам | 150 | 787 | 1968 | 13678 |
2 | Мыңшұқыр | — | 209 | 682 | 2472 |
3 | Талапты | 95 | 247 | 1320 | 5544 |
Барлығы | 245 | 1243 | 3970 | 21694
|
Ветеринариялық-санитариялық объектілер туралы мәлімет:
№ | Елді мекендер | Мал дәрігерлік пунктері | Мал тоғыту орындары | Жасанды қашырым пунктері | Биотермиялық шұңқырлар |
1 | Қоғам | 1 | 1 | 1 | 1 |
2 | Мыңшұқыр | — | — | 1 | 1 |
3 | Талапты | — | 1 | 1 | — |
Барлығы | 1 | 2 | 3 | 2
Жүктеу |
Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың және айдаудың маусымдық маршурттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік графигі. Сонымен қатар жайылымның кезеңінің ұзақтығы:
№ | Таулы аймаққа малдардың айдап шығарылу мерзімі | Таулы аймаққа шығарылған малдардың қайтарылу мерзімі | Ескерту |
1 | Сәуір-мамыр | Тамыз-қыркүйек |
|
Ауыл шаруашылығы жануарларының мал басына шаққандағы жайылымның қажеттілігі туралы кестесі:
№ | Елді мекен | Елді мекендердегі жалпы жайылымның жер көлемі, гектар | Мал басы мен қажетті жайылымдық жер көлемі, гектар | ||||||
Түйе | Норма, гектар |
Қажетті жайылым, гектар | Жылқы | ||||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | |||
1 | Қоғам | 150 | 12 | 1800 | 787 | ||||
2 | Мыңшұқыр | — | 12 | — | 209 | ||||
3 | Талапты | 95 | 12 | 1140 | 247 | ||||
Барлығы | 5895 | 245 | 12 | 2940 | 1243 | ||||
Норма гектар |
Қажетті жайылым, гектар | Ірі қара мал | Норма, гектар | Қажетті жайылым, гектар | Уақ мал | Норма, гектар | |||
8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | |||
9 | 7083 | 1968 | 8 | 15744 | 13678 | 2 | |||
9 | 1881 | 682 | 8 | 5456 | 2472 | 2 | |||
9 | 2223 | 1320 | 8 | 10560 | 5544 | 2 | |||
9 | 11187 | 3970 | 8 | 31760 | 21694 | 2 | |||
Қажетті жайылым, гектар | Жалпы қажет жайылым жер көлемі, гектар | Елді мекендердің жалпы жайылымы мен қажетті жайылымның айырмасы, (-,+) | |||||||
15 | 16 | 17 | |||||||
27356 | |||||||||
4944 | |||||||||
11088 | |||||||||
43388 | 89275 | -83380 | |||||||
Ал Қарғалыға келсек, Түркістан облысы Отырар ауданындағы ауыл, Қарғалы ауылдық округі орталығы.
Аудан орталығы — Шәуілдір ауылынан солтүстікке қарай 9 шақырымдай жерде, Шәуілдір каналының бойында, жазықта орналасқан.
1999 жылы жергілікті тұрғындар саны 941 адам (461 ер адам және 480 әйел адам) болса, 2009 жылы 933 адамды (466 ер адам және 467 әйел адам) құрады.
Негізі 20 ғасырдың 60-жылдарының басында қаланды. 1996 жылға дейін «Қазақ КСР-нің 30 жылдығы атындағы ауыл» деп аталып келген.
Елді мекендері — Қарғалы, Отырар.
Халық саны — 2561 адам.
Округтің барлық жер көлемі — 75651 гектар.
Оның ішінде:
ауыл шаруашылығы жері — 61080 гектар;
жалпы егістік — 3896 гектар;
суғармалы жер — 3896 гектар;
көп жылдық екпелер — 157 гектар;
шабындық жер — 1 гектар;
жайылымдық жер – 57026 гектар.
Елді мекен бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының саны туралы деректер:
№ | Елді мекен | Түйе | Жылқы | Ірі қара мал | Уақ мал |
1 | Қарғалы | 16 | 447 | 2674 | 17213 |
2 | Отырар | 15 | 784 | 1576 | 13242 |
Барлығы: | 31 | 1231 | 4250 | 30455
|
Ветеринариялық-санитариялық объектілер туралы мәлімет:
№ | Елді мекендер | Мал дәрігерлік пунктері | Мал тоғыту орындары | Жасанды қашырым пунктері | Биотермиялық шұңқырлар |
1 | Қарғалы | 1 | 1 | 1 | 1 |
2 | Отырар | — | 1 | 1 | 1 |
Барлығы | 1 | 2 | 2 | 2
|
Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың және айдаудың маусымдық маршурттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік графигі. Сонымен қатар жайылымның кезеңінің ұзақтығы:
№ | Таулы аймаққа малдардың айдап шығарылу мерзімі | Таулы аймаққа шығарылған малдардың қайтарылу мерзімі | Ескерту |
1 | Сәуір-мамыр | Тамыз-қыркүйек |
|
Ауыл шаруашылығы жануарларының мал басына шаққандағы жайылымның қажеттілігі туралы кестесі:
№ | Елді мекен | Елді мекендердегі жалпы жайылымның жер көлемі, гектар | Мал басы мен қажетті жайылымдық жер көлемі, гектар | ||||||||||||
Түйе | Норма гектар | Қажетті жайылым гектар | Жылқы | Норма гектар | Қажетті жайылым, гектар | Ірі қара | |||||||||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | ||||||
1 | Қарғалы | 30930 | 16 | 12 | 192 | 447 | 9 | 4023 | 2674 | ||||||
2 | Отырар | 32412 | 15 | 12 | 180 | 784 | 9 | 7056 | 1576 | ||||||
Барлығы | 63342 | 31 | 12 | 372 | 1231 | 9 | 11079 | 4250 | |||||||
Норма, Гектар |
Қажетті жайылым, гектар |
Уақ мал | Норма, гектар |
Қажетті жайылым, гектар | Жалпы қажет жайылым жер көлемі, гектар |
Елді мекендердің жалпы жайылымы мен қажетті жайылымның айырмасы, (-,+) | |||||||||
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | |||||||||
8 | 21392 | 17213 | 2 | 34426 | |||||||||||
8 | 12608 | 13242 | 2 | 26484 | |||||||||||
8 | 34000 | 30455 | 2 | 60910 | 106361 | -43019 | |||||||||
«ANYQ.KZ»-ақпарат.