Түркістан облысы: Сауран ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 73 миллион теңгеге 14 жоба қаржыландырылды

Сауран ауданы жаңадан құрылғалы жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылып жатыр. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Атап айтқанда, ауданда абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу үшін арнайы 4 дана арнайы техника сатып алуға қаражат бөлінді. Жаңа Иқан ауылдық округіндегі Ойық елді мекенінің тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті болып келген. Аталған мәселені шешу үшін 243 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары осы қазан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 43 тұрғын үй ауыз сумен қамтылады.

Сонымен қатар, Аша елді мекенінде халық саны көбейіп, 300 оқушыға арналған мектепте 812 оқушы білім алуда. Тұрғындардың сұранысы бойынша 600 орындық мектеп құрылысы жоспарланып, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына енгізілді. Келер жылы пайдалануға берілмекші.

«Ауылдағы өзекті мәселелерді Сіздерден артық ешкім білмейді. Сондықтан белсенді болуға, түйткілді мәселелерді дер кезінде жеткізуге шақырамын. Маңызды мәселелерге халықтың араласуы өте маңызды. Біз өз тарапымыздан оларды шешудің заңды тетіктерін қарастырамыз» — деген өңір басшысы Дархан Сатыбалды Сауран ауданының өсіп-өркендеуі үшін аянып жатқан жоқ. Ауылды дамыту, көркейту, жұмыс орындарын ашу — әр әкімнің басты міндеті екенін аудан-қала әкімдерінің есіне үнемі салып отыратыны тағы бар.

Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударады. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруалар өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары бойынша 6 бағытта несие алып жатыр. Сондай-ақ кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар. Сауран ауданында аталмыш бағдарлама Қарашық, Ораңғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Білуімізше, бүгінде 74 жоба қабылданып, 73 млн. теңгеге 14 жоба қаржыландырылды. Ал 11 жоба кепілдік шартын тіркеу сатысында тұр. Ауданда 7 кооператив құрылыпты. Сауран ауданы әкімдігі биыл 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отыр екен. Жарты жылдың қорытындысына сәйкес 3 млрд. 948 млн. теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 6 есе артқан. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд. 460 млн. теңге құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, балық шаруашылығын дамыту, балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма салынады. Мақта майын өндіру цехын ашу жоспарланған. Мал азығын дайындайтын цех салынып, жаңбырлатып суару арқылы жоңышқа өсіру жобасы іске асырылады. Жүзден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп болжанып отыр.

Жалпы, Үкімет Президенттің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып отыр, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Жобаның орындалу барысы ҚР Үкіметі Аппараты жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлердегі жобасының іске асырылу барысы және жергілікті атқарушы органдардың бөлінген несиелік ресурстарды игерілуі туралы есептері тыңдалды.

Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 млрд. теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85%-ы мал шаруашылығы саласына (35,8 млрд. теңге), 7%-ы өсімдік шаруашылығына (2,8 млрд. теңге), 5%-ы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6%-ы басқа бағыттарға (1,1 млрд. теңге) берілген.

Жиын қорытындысына сәйкес Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлерге облыс, аудан, ауылдық округ деңгейінде жобалық кеңселер құру, цифрлық платформаны әзірлеу процесін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді. Барлық деңгейдегі әкімдіктерге жыл соңына дейін ауылдық округтерге скрининг жүргізу, олардың экономикалық мамандануын айқындау, сондай-ақ ауылдық кооперативтер құру жұмысын жандандыру тапсырылды.Сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының оң тәжірибесі ұсынылды. Онда жобаны іске қосу алгоритмінен бастап, ауылдық округтерге скрининг жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тізбегін ұйымдастыру үдерісін реттей алды.

Иә, Сауран ауданының даму әлеуеті зор. Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Халықтың 88,9%-ы таза су пайдаланады. Биыл Аша елді мекенінде ауыз су жүйесі құрылысының 2-ші кезеңі аяқталып, 522 үй ауыз су жүйесіне қосылды. Тағы бірнеше елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Су жүйесімен қамтуға құрылыс жұмыстарын жүргізу экономикалық жағынан тиімсіз деп танылған 3 елді мекенге кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары 8 елді мекенде жүргізіледі.

150 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. 1 100 орынға арналған мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасына 5 мектеп салынады. Бірнеше балабақша салынып жатыр. Жеке инвестор есебінен күніне 500 адамды қабылдайтын жаңа емхана ашылды. Шорнақ елді мекенінен тәулігіне 500 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысына 9 гектар жер бөлініп, құжаттары әзірленуде.

Сауран ауданы тарихи ескерткіштерге бай өлке, ауданда 54 тарихи-мәдени нысан бар. Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелеріне туристер қызығушылық танытып, көптеп келеді. Аудан аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды 100 мыңдай турист тамашалаған. Туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары өз жалғасын табуда.

Ауданда Ескі Сауран қалашығы, Үкаш ата кесенесі, Жүсіп ата тарихи-мәдени туристік нысандары орналасқан. Туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында, Ескі Сауран қалашығының аумағынан 320 млн. теңгеге «Сапар» орталығының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Онда қонақүй, тамақтану орындары, көрме орталығы болады. Жүсіп ата кесенесінен «Сапар орталығы» мен музей пайдалануға берілді. Биыл 5 жаңа жоба жүзеге асырылады. 100-ге жуық жұмыс орны ашылып, 90 мыңнан астам турист келеді деп жоспарлануда.

 Тағы бір атап өтер жайт, «Әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығында «Тең қоғам» бөлімшесі мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше күтімді қажет ететін балаларға әлеуметтік-тұрмыстық ортаға бейімделуіне бағытталған лайықты еңбекке, жұмыспен қамтуға және экономикалық тәуелсіздік құқығын асыруға кешенді қызмет көрсетеді.

120 балаға қызмет көрсетуге қауқарлы мекеме бірінші жарты жылдықта 65 балаға 7 бағыт бойынша әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетті. Сауран ауданы бойынша 3314 мүгедектігі бар азамат бар, оның ішінде 129-ы – ерекше күтімді қажет ететін балалар. Мамандардың айтуынша, орталықтың әлеуметтік қызмет алушылары мен ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайы жақсарған.

Сауран ауданында жиһаз фабрикаларының жұмысы да өз арнасын тапқан. Мәселен, «Sem_Brand» жиһаз фабрикасында 200-ге жуық адам жұмыс атқарады. Мұнда жиһаздың кез келген түрі жасалынады. Әсіресе, кеңсеге арналған үстелдер мен орындықтарға сұраныс жоғары. Фабриканың бір ерекшелігі — темір мен ағаштан бөлек каркастан жиһаздар жинайды. Өндірісті кеңейтуді көздеген кәсіпорын басшылығы мемлекеттен жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерін қарастыруда.

Ал, «Хабибулла-ата» жиһаз фабрикасы 2007 жылы іске қосылған. Онда 150 адамға дейін жұмыс істейді. Фабрикада заманауи үлгідегі корпустық жиһаздар жасалынады.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin