Түркістан облысы: Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында 60 мың бас құсқа арналған цехы өз жұмысын бастайды

Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Искаков Қарнақ ауыл тұрғындарымен кездесіп, шаруалардың жұмысымен танысты. Ең алдымен Ырмақ су қоймасының қысқы маусымға дайындық барысын бақылады.

Сонымен қатар, ауылда орналасқан заманауи қоршаулар мен плиталар шығаратын цехтың жұмыс барысымен танысты. Бүгінгі таңда «EVROPLIT» цехы облыс бойынша тасы өрге домалаған цехтың бірі саналады. 2015 жылы ашылған цех небәрі 15 соттық жерде орналасып-ақ замануи үлгідегі плиткалардың түр-түрін шығарады.

Шығарылған өнім негізінен қаладағы кез келген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында қолданылады. Бүгінде цехтан тапсырысқа орай 40-қа жуық бұйым жасалады. Бұдан бөлек цехта облыста кездесе бермейтін евро үлгідегі қоршаулар шығарыла бастады. Оған деген сұраныста артқан. Цех қажетті озық технологиялармен жабдықталған. Онда 60-қа тарта жұмысшы бар.

Қала әкімінің орынбасары Қуаныш Ғалымжанұлы мемлекет тарапынан кәсіпкерлердің жұмысын ұлғайтуға бағытталған төмен пайызды несиелерді алып, жұмыс көлемін ұлғайтуды ұсынды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алған құс цехында болды. Онда бүгінгі таңда қызу жұмыс жүруде. Жуырда 60 мыңдай бас құс әкелу жоспарлануда. Бұл цехта құс еті өндірілмек.

Орайы келгенде айта өтейік, биыл қаңтар–маусымда ҚР-да 70,7 мың тонна жаңа сойылған немесе салқындатылған құс еті өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 27,1% артық. Мұздатылған құс еті 63,2 мың тонна өндірілді, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,8% аз.

Өңірлер бойынша Ақмола облысы жаңа сойылған немесе салқындатылған құс етін өндіруден көшбасшы: 27,7 мың тонна (бір жылда 30,2% өскен). Одан кейін — Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары.

Мұздатылған құс етін өндіруден Алматы облысы көш бастап тұр: 27,2 мың тонна. Екінші және үшінші орында — Ақмола мен Абай облыстары.

Жалпы, 2022 жылы елімізде 121,2 мың тонна жаңа сойылған немесе салқындатылған құс еті (бір жылда 7,8% өскен) және 120,8 мың тонна мұздатылған құс еті (4,9% азайған) өндірілді.

Биыл қаңтар–мамырдың қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар құс еті және тағамдық субөнімдерге сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 73,5% қамтамасыз етті, бір жыл бұрын көрсеткіш 72,2% болған.

Импорттың үлесі — 26,5%. Қазақстан 49,1 мың тонна құс еті мен тағамдық субөнімдер импорттаған — былтырғымен салыстырғанда 5,7% артық. Бұл ретте экспортқа 14,1 мың тонна жөнелтілді, 2,8 есе өскен.

Ішкі нарықта құс еті мен тағамдық субөнімдерді сату 5,9% өсіп, 171,5 мың тоннаны құрады.

Еске салайық, еліміздегі ірі құс етін өндіруші «Aitas KZ» холдингі былтыр мемлекеттен бірнеше миллиард теңге субсидия алған екен. «Aitas KZ» тікелей субсидиядан бөлек банк несиелерінің пайызын да субсидиялады. Бұл ретте мемлекеттік субсидиялар «Aitas KZ» холдингінің пайдасын арттырғанымен, құс етінің қымбаттауына тосқауыл бола алмады. Хабарламада атап өтілгендей, компания еліміздегі құс еті нарығында басым, яғни өндіріс көлемімен ішкі бағаға әсер етуге нарықтық күші жеткілікті.

Биыл маусымда құс етінің бағасы бір жылда 10,8% өсті. Оның ішінде тауық еті — 13,9%, тауықтың саны — 6%, тауықтың төсі — 18,2%, жамбас және сирағы — 18,6% қымбаттады.

Өңірлер бойынша құс етінің бағасы ең көп өсімі Павлодар облысында тіркелді: 23,6%. Одан кейін Батыс Қазақстан (23,3% өскен) және Қостанай (19,6% өскен) облыстарында да баға айтарлықтай қымбаттады.

Ең аз жылдық баға өсімі Маңғыстау облысында тіркелді: бар болғаны 0,6%. Республикада 20 өңірдің ішінде тек Ақтөбе және Түркістан облыстарында құс етінің бағасы аздап арзандады: әр облыста елеусіз 2,8%.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, бүгінгі күні республикада 69 құс фабрикасы бар. Оның 34-і – жұмыртқа, ал 29-ы ет бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ 6 бірдей асыл тұқымды өнім шаруашылығы құрылған. 2022-ші жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорындарда 288,7 мың тонна ет өндіріліпті. Бұл 21-ші жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артық. Дерекке сүйенсек, шығарылған жұмыртқаның да көлемі 4,4% көп. Құс фабрикалары тағамдық жұмыртқаның 75,3% өндіріпті. 24,6% жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 101% құрап отыр. Ағымдағы жылға келер болсақ, қаңтар-маусым аралығында Қазақстанда 165,2 мың тонна құс еті өндірілген. Өсім – 14,4%. Ал шығарылған жұмыртқа – 2,4 млрд. дана.

Расында да, елімізде құс етіне сұраныс әр кезде де жоғары. Ет өнімдері ішінде сиыр етінен кейін ең көп тұтынылатыны – құс еті. Соған сай азық-түлік нарығында құс өнімдерін өндіру қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы сан салалы іс-шаралар кең көлемді мемлекет қолдауына ие. Құс етінің өндірісі, таралымы, бағасы Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ осы салаға тікелей мүдделі Қазақстан құс өсірушілер одағы, Құс фабрикалары одағы, Жұмыртқа өсірушілер қауымдастығының ұдайы назарында, бақылауында.

Құс өнімдерінің көлемі, түрлері де жыл санап артып келеді. Дегенмен өндірістің осыншалық дамып жатқанына қарамастан, оны тұтыну бағасы да соншалық өсу үстінде. Осынау қарама-қай­шы­лық­тың себеп-салдарларын жоға­рыда аталған тиісті мекеме-ведом­с­т­волардың нақтылы дерек-дәйектеріне, білікті мамандардың ой-пікірлеріне сүйене, жүгіне отырып, саралап көрген едік.

Ұлттық статистика бюросы­ның мәліметі бойынша елімізде өткен жылы құс еті өндірісі 2,8%-ға артқан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 214,6 мың тоннаға жоғары. Жұмыртқа өндірісі 5,3%-ға немесе 3,82 млрд. данаға өскен.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігінің мәліметі бойынша отандық кәсіпорындар нарық­ты жұмыртқамен 101% қамтып отыр. Құс етімен қамту 50%-дан 65%-ға дейін артты. Осылайша, 2025 жылға қарай жергілікті компаниялар құс еті импортын толық алмастырады деп күтіліп отыр. Жоспар жаңа құс фабрикаларын салу және жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын жаңғырту, кеңейту есебінен жүзеге асырылмақ.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәлі­­меті бойынша, құс еті мен тағамдық субтауар импорты былтырдан бері 18,1%-ға артып, 75 361 мың долларды құрады. Ал салмағы бойынша көрсеткіш 18,8% төмендеді. Елімізге құс етін негізгі импорттаушы – Америка Құрама Штаттары. Мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елден өткен жылдың өзінде 59 982 мың доллардың (құс еті импортының 79,6%-ы) өнімі жеткізіліпті.

Ресми деректерге сенсек, 2023 жылдың басында ет және оның өнімдері 32%-ға қымбаттаған. Ет саудасымен айналысатын сатушылар құс етінің ішінде кең тарағаны әрі өтімдісі тауық еті дегенді айтады. Биылғы жылы елімізде құс еті өндірісі 26,2 мың тоннаға жетіп, жаңа сойылған, салқындатылған құс еті өндірісі 31%-ға артқан. Егер мұны өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырсақ, былтырғы көрсеткіш 19,9 мың тоннаны құраған. Бұл да болса құс етіне деген сұраныстың жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын байқатады. Айталық, 2000 жылдардың басында құс етін тұтыну жан басына шақ¬қанда 3,6 кило мөлшерінде болса, қазірде бұл көрсеткіш 20 килодан асып кеткен. Әлеуметтік теңсіздік жағадан алып, қымбатшылық қысып тұрған кезеңде мұның бір, мүмкін басты себебі – құс етінің өзге ет түрлеріне қарағанда бағасы төмен. Мысалы, ол сиыр етіне қарағанда едәуір арзан. Дегенмен, құс еті салыстырмалы түрде ғана арзан. Болмаса, өзге азық-түлік түрлері секілді құс етінің құны да жыл сайын қымбаттау үстінде. Дәл осы күндері елорданың сауда орындарында бройлер тауығының килосы шамамен 1 200-1 300 теңгеден, үй тауығының килосы 2 000 теңгеден сатылып жатыр.

Құс етіне қатысты өңірлердегі баға да, әлбетте, әркелкі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің нарығына жүргізілген соңғы сарап, шолулар көрсет­кен­дей, жер-жерлердегі азық-түлік бағасы тұрақты емес және екі бағытта – арзандау-қымбаттау бағытында жиі өзгеріп отырады. Алайда таразы басының тербелісі соншалықты салмақты емес, баға сәл арзандау, сәл қымбаттаумен шектеледі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы бекіткен норма бойынша жан басына шаққанда 18 кило тауық етінен айналуы тиіс. Аталған норма бойынша ел тұр­ғын­дары құс етімен қаншалықты қам­та­масыз етілген? Соңғы жылдарғы өндіріс көлеміне салып қарасақ, бір адамға 12 кило еттен айналады. Ал тұтыну көр­сет­кі­ші 20 килодан жоғары. Яғни жан басына шақ­­қан­дағы қалған 8 кило құс еті сырттан әке­лінеді.

Үкіметтің құс шаруашылығын дамы­ту­ға арналған бағдарламасына сәйкес, 2027 жылға қарай еліміздегі құс етінің тұтыну көлемі әр тұрғынға 31 килоға жетуі тиіс. 31 кило – көрші Ресей елінің қазіргі көрсеткіші. Жалпы, әлем елдері құс шаруашылығын қарқынды түрде дамытуда. Өйткені құс етіне ішкі-сыртқы нарықтағы сұраныстың өсуі аталған са­ла­ның дамуына кең жол ашып отыр. Бүгінде дүние жүзінде 20 миллиардтан аса тауық бар деседі. Бұл жер бетіндегі халық санынан үш есе көп. Тауығы көп елдердің көшбасында Қытай тұр, одан кейін – Индонезия мен АҚШ. Ал Ресей – 8-9-орындарда. Әйтсе де, тауық санын жан басына шаққанда бұл тізім өзгеріп, Қытай 5-орынға (1 адамға – 3 тауықтан) түсіп қалады. Ал Иранда бір адамға – 13 тауықтан келіп, алдыңғы орынға шығады.

Құс санының өсуі біздің елімізде де анық байқалады. Қазақстанда соң­ғы төрт жылда үй құсының саны 35,6 млн. бастан 44,3 млн басқа (24%) өскен. Егер елімізде 2015 жылы 146 мың тонна құс еті өндірілген болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 222 мың тоннаға жеткен. Осының арқасында елдің құс еті жөніндегі импорт-экспорт көрсеткішінде оң өзге­рістер орын алды. Біз де құс өнімдерін шетелдерге көптеп шығаратын дәрежеге жеттік. Отандық құс өндірушілердің өнім­дерін сатып алушылар қатарында Қырғызстан, Ресей, Грузия, Тәжікстан, Беларусь елдері бар.

Міне, осындай жан-жақты даму, өр­кен­деу барысында бағаның өсуі қалыпты өсуі қалыпты құбылысқа айналғаны қын­жыл­тады әрі қайран қалдырады. Бұл жө­ніндегі пікірлер де, болжамдар да әрқилы. Сатушылар бағаның түлкідей түрленуіне өндірушілердің өздері себепкер дегенді айтады. Болмаса өрттей қаулаған бәсе­ке­лестік, сауда сөрелерін қайыстырып тұр­ған молшылық жағдайында құс етінің бағасы неге тұрақтамайды, төмендемейді? Қалай дегенде де, құс етінің бағасы нарық саясатына қарама-қарсы бағытта өрлеп бара жатқаны ащы шындық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin