Созақ аудандық мәслихатының кезекті жетінші сессиясы өтті. Оған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы, депутаттар, ауыл кент округ әкімдері, ардагерлер мен бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Сессия жұмысын аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жүргізіп отырды.
Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков атқарған жұмыстары жайында баяндама жасады. Аудан аумағында іске асып жатқан жобаларға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұралы Айдаров пен Құмкент ауылдық округінің әкімі Ерзат Балықбаевтың есебі тыңдалды.
Сонымен, Нұралы Айдаровтың айтуынша, жалпы аудан бойынша 35 мектеп, 37 балабақша (17 мемлекеттік, 20 жекеменшік) жұмыс атқаруда. Созақ ауданының адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылында аудан бойынша 1 540 бала мектепке қабылданып, жалпы 15 433 оқушыны құраған болатын.
2022-2023 оқу жылында 937 оқушы мектеп бітірді. Оның ішінде 52 оқушы «Алтын белгі» белгісін және 90 оқушы үздік аттестат иеленді. Мектепті аяқтаған 937 оқушының 779-ы (грант — 417, ақылы — 352. Шет ел жоғары оқу орындарына 10 оқушы кетті) ЖОО-ға оқуға түссе, 108-і АОО-ға оқуға (грант — 69, ақылы — 39) түсіп отыр. Оқуға түспей, жұмыспен қамтылғаны — 42, әскерге кеткені – 7, қайтыс болғаны — 1. 2023-2024 жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 1546 бала қабылданып, жалпы оқушы саны – 15 526-ны құрап отыр. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 100 пайызға жеткізу межеленген. Қазіргі таңда, 2-6 жас — 99,6%, 3-6 жас 100%-ды құрады.
Сонымен қатар, Президентіміздің тапсырмасы аясында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебіне 900 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары баталды. Сондай-ақ, Ыбырай ауылынан Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебіне 200 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Мектептерді қысқы маусымға дайындау мақсатында жылыту жүйелерін шаю және қысымдау-сығымдау жұмыстары толық аяқталған. Жаңа оқу жылында 1-4-ші сынып оқушылары 5941 бала ыстық тамақпен қамтылуда.
«Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша аудандағы мекемелерге хат жіберіліп, республикалық акцияға қатысуға арнайы хат берілген болатын. Қазіргі уақытта, бюджеттік мекемелер тарапынан 122 бала, қосымша демеушілер есебінен 732 бала, жалпы 854 балаға жәрмеңке аясында көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 18 тамыз күні арнайы «Оқушы формасы мен мектеп жабдықтары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда аудан кәсіпкерлері мен шымкент қаласынан арнай келген кәсіпкерлер арзандатылған мектеп формалары мен мектеп жабдықтарын сатты.
Сондай-ақ аудан әкімі аппараты заң бөлімінің басшысы Ұ. Шекеева, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы И.Айбатырова, аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Б.Әбенұлы, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Е.Аманов күн тәртібінде қаралған мәселелері бойынша баяндады.
Жұмыспен қамтуға тоқталсақ, еліміздегі Ұлттық жобалар шеңберінде 2 655 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 72 пайызға орындалған (оның ішінде: «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 130 жаңа жұмыс орны ашылу жоспарланып, бүгінгі күнге 60 жаңа жұмыс орны ашылды; «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобасы бойынша 1281 жұмыс орны ашылу жоспарланып, 1241 жұмыс орны ашылды; 1371 адамды бос жұмыс орындарына жұмысқа жіберу жоспарланып, 8 айдың қорытындысымен 704 адам жолданды; ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес 714 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 8 айдың қорытындысына сәйкес, 590 жаңа жұмыс орны ашылды). Жұмыссыздық деңгейі 5,0 пайызды құрайды. 2023 жылы 1 рет жәрмеңке өткізіліп, барлығы 24 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналастырылды.
Ал жер қатынастарына келсек, «Жер аманаты» жобасы аясында жайылым жерді ортақ жайылымға қайтару бойынша 2023 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан 120,0 мың гектар жер учаскесін Созақ аудандық жер қорына қайтару бойынша Облыстық басқарма тарапынан жоспарланып, 2023 жылдың 7 айында 58261 гектаржер учаскесі аудан қорына қайтарылды.
Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жалғасуда.
Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі (2 кент, 27 ауылдық елді мекен) 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.
Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 23 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 6 елді мекенге (Шолаққорған, Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде.
«Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтекаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» жұмыс жобасы бойынша 2022 жылға 51,0 миллион теңге, 2023 жылға 657 миллион теңге қаржы бөлініп, су тарату нысандарының орындары қоршалып, 30 шақырымға жуық су құбыры траншеяларға тасталған. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген жағдайда Шолаққорған ауылы тұрғындары тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады. Жоба құны – 1 миллиард 547 миллион 373 мың теңге.
Созақ, Шақырық елді мекендерін тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірлеуге аудандық бюджеттен 2023 жылға 17 141,0 мың теңге қаржы бөлініп, үстіміздегі жылы сәуір айында мемлекеттік сатып алу конкурсы бойынша жобалаушы анықталып, келісімшарт түзілді. Осы жылы ЖСҚ әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, қаржы қарау үшін бюджетке ұсынылуда.
Қаратау ауылы тұрғындарын тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге қажетті 12 454,0 мың теңге қаржы бөлу жөнінде аудандық бюджеттік комиссияға сұраныс беріліп, қаржы қаралды. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 000,0 мың теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемлер анықтылды.
Жоба құны: 2 820 249,0 мың теңге.
Балдысу – 513 миллион 872,0 теңге;
Қарабұлақ – 413 миллион 561,0 теңге;
Басбұлақ – 515 миллион 141,0 теңге;
Саржаз – 583 миллион 493,0 теңге.
Сызған – 794 миллион 182,0 теңге.
Қақпансор, Қоңыратарық елді мекендері экономикалық жағынан тиімсіз елді мекендер санатында болғандықтан елді мекен қатарынан алынуда. Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін республикалық бюджеттен 575 миллион 754 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін 380 миллион 226 мың теңге қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Газдандыру жұмыстары бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршау жұмыстары жүргізілді. ВОЛЬС кабельдері жүргізілген. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. 2023 жылға АГТС қондырғыларын орнату жұмыстарын жүргізу үшін 1 млрд. 202 мың 719 теңге қаржы бөлінді. 2023 жылдың наурыз айында 353 миллион теңге аванс төленді. (АГТС қондырғылары дайындалуда) Қалған 411 миллион 221 мың теңге бөлінген жағдайда АГТС қондырғылары толығымен орнатылып, табиғи газға қосылатын болады. 2021-2022 жылдар аралығында 175 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3500 абонентке газ құбыры жүргізілді.
2023 жылға қалған 345 миллион 234 мың теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың сәуір айында 142 миллион 047 мың теңге қаржы игерілді. Үстіміздегі жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталады. Республикалық бюджеттен: «Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысына» – 250,5 миллион теңге (2022 жылдан өтпелі) бөлініп, 2023 жылы 24 шілдеде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды. Бүгінгі күнге нысанды құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы» (сыртқы инженерлік желілер) – 245,5 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысанды аяқтау мерзімі 2023 жылдың желтоқсан айы деп жоспарлануда.
«Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» – 181,3 миллион теңге. Бүгінгі күнге құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Нысан 2024 жылға өтпелі. «Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысына» – 2 065,0 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары басталды. Ағымдағы жылға республикалық бюджеттен 300 млн. теңге қаралды. Бүгінгі күнге мердігер мекеме анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан 2024 жылға өтпелі. «Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтек ауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы» – 9 205,3 мың теңге. Жобалық-сметалық құжаттамасына сараптама қорытындысы алынғаннан кейін республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылатын болады.
Қаралған мәселелер бойынша ауданндық мәслихат депуттары тарапынан тиісті шешімдер қабылданды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.