Түркістан облысы: Отырар ауданында биылғы 9 айда жалпы өндірілген өнім көлемі 80 миллиард 112 миллион 330 мың теңгені құрады

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына арнайы іссапармен барып, аудан активінде «Отырар ауданын дамытуда қандай кедергілер мен кемшіліктер бар? Өңірді өркендету үшін не істеу керек? Жоспарлары бар ма? Тапсырмалар тұрақты орындалып, ел мүддесі қорғалып жатыр ма?» деген сұрақтарды талқылады. Жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

– Ауданға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстарын күшейту қажет. Орындау тапсырылған инвестициялық жобалар бүгінгі күнге дейін жүзеге аспаған. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жоспар орындалмай отыр. Инвесторлар келіп, жаңа кәсіпорындарын ашса, ауданның салық базасы ұлғаяды. Отырар ауданында туристерге қызмет көрсететін орындарды дамытуға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырғанмын. Бірақ өздеріңіз көріп отырсыздар, ауданның басты туристік нысаны – Арыстан баб кесенесінің жағдайына, келушілердің көңілі толмайды. Кесененің жанындағы аймақты абаттандыру бойынша қажетті шараларды қабылдау қажет. «Қызыл ту» насос станциясын жөндеу бойынша ұсыныс енгізіп, бұл мәселені шешуді тапсырғанмын. Сонымен қатар аудандағы каналдарды механикалық тазалаудан өткізу керек. «ҚазСуШар» мекемесімен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, аталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдансын, – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте Отырар ауданының әкімі Сәкен Сұлтанхановтың есебі тыңдалды. Ол ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды, ескертпелер бойынша іс атқарылатынын мәлімдеді.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды зерделеу барысында анықталған кемшіліктерге, экономикалық көрсеткіштерге тоқталды.

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында жалпы өңірде өндірілген өнім көлемі 80 миллиард 112 миллион 330 мың теңгені құрап, 2022 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда артық орындалды. Жалпы ауданда салық төлеушілердің мүлігіне қайта бағалау жүргізіп, құны 900 миллион теңгеге артып, қосымша 5 миллион теңгеге жуық кіріс анықталған.

Дегенмен бірқатар көрсеткіштер мен тапсырмалардың орындалуы бойынша кемшіліктер анықталған. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 95,2 пайызды құрап, жоспарлар орындалмай отыр.

Актив отырысында осы мәселелер кеңінен талқыланып, жауапты басшыларға сын-ескерпе айтылды.

Атап айтқанда, жұмыс орындарын ашу, білім, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді шешу, ауданды абаттандыру, тазалық сақтау жұмыстарын күшейту және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.

Осы тұста қоса кетер ақпарат, Түркістан облысының Отырар ауданындағы Қарғалы ауылдық округіне қарасты Қарғалы елді мекені тұрғындарына «көгілдір отын» пайдалануға берілді. Халықтың қуанышын бөлісуге арнайы барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, пікірлесті.

– Ауыл-аймақ тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылымды жақсарту бағытында бірқатар жобалар қолға алынған. Жол жөндеу, ауыз су және табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Тағы бір ауыл «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Құтты болсын! Ендігі кезекте тұрғындарды кәсіпкерлікке тартуға күш салған жөн. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы да қолдау бар. Бос жатқан жерді тиімді пайдаланып, түрлі жобаларды жүзеге асыру керек – деді Дархан Сатыбалды.

Ауыл ақсақалдары игі жаңалыққа ризашылықтарын білдіріп, ел азаматтарына баталарын берді.

Аталған елді мекенді газбен жабдықтау жүйесінің құрылысы 2021 жылы басталды. Мердігер мекеме – «Жылуэнергоремонт» ЖШС. Ұзындығы 17,184 шақырым болатын газ құбырының құрылысына республикалық бюджеттен 192,88 миллион теңге бөлінді. Абонент саны – 113. Бүгінгі таңда ауылдық округ әкімі аппараты тарапынан жеке тұрғын үйлерге газ құбырларын монтаждау жұмыстары жүргізу туралы түсіндірме жұмыстары атқарылды. Демеушілер қаражаты есебінен аз қамтылған отбасының баспанасына монтаждау және құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, Отырар ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 2014-2017 жылдары автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГТС) салынып, Шәуілдір елді мекеніне дейін 51,4 шақырым газ құбыры тартылды. Автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы 34 елді мекен (халық саны-51426) табиғи газбен қамтамасыз етіледі. 2022 жылы 13 елді мекеннің газ құрылысы аяқталған. Оның ішінде, 12 елді мекен (халық саны-20759) аудан халқының 40,2 пайызы табиғи газға қосылды.

2023 жылы 9 елді мекенге табиғи газ берілген жағдайда жалпы 16223 халық қосымша табиғи газға қосылып, аудан халқының 72 %-ы табиғи газға қосылуға қол жеткізеді. Олар: Темір, Арыс, М.Шойманов, Қарғалы, Көкмардан, Шытты, Сарыкөл, Сырдария, Отырар.

Сырдария өзенінің батыс бөлігінде орналасқан 12 елді мекенге (Аққұм, Жанкел, Көксарай, Ызакөл, Шеңгелді, Қостерек, Бестам, Маяқұм, Үштам, Көлқұдық, Балтакөл, Ақкөл) газ жеткізу мақсатында 13 жобаға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 15302 халық табиғи газбен қамтылып, ауданның табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 99 пайызды құрайды деп күтіліп отыр.

Ал Отырар ауданына іссапар соңында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ашық форматта жеке қабылдау өткізіп, аудан тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Қабылдауға келген азаматтардың көбі әлеуметтік мәселелермен келген. Мәселен бірі шет елде емделуге квота беруді сұраса, келесі азамат жұмысқа орналастырып беруді өтінді. Отырар ауданы, Арыс ауылындағы мектептің спорт залына және тағы бір білім ұясын күрделі жөндеуге қатысты мәселе көтерді. Сондай-ақ аудан тұрғыны бөбекжай меңгерушісінен қысым көргенін жеткізді. Мектеп директорының жалақысын төмендетіп жібергеніне наразы азаматтың мәселесі де тыңдалды. Кәсіпкерлік нысанына қатысты дау да сөз болды.

– Сіздердің өтініштеріңізді тыңдау үшін аудан, қалаларды кезекті рет арнайы аралап жүрмін. Шешілетін мәселе болса, «бар» деп, шешілуі уақытты талап етсе, оны да ашық айтамыз. Қабылдауда көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынады, – деді Дархан Сатыбалды.

«Ашық есік күніне» құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, өтініштердің оңтайлы шешілуіне атсалысты. Тұрғындар ашық пікір алмасуға толық жағдай жасалғанын жеткізді. Қордаланған мәселелерді мұқият тыңдаған өңір басшысы тиісті сала мамандарына заң аясында шешуді тапсырды.

Айта кетейік, күні кеше Кентау қаласындағы іссапарында Дархан Амангелдіұлы жалпы қоғамдық қабылдау өткізіп, инфрақұрылым, әлеуметтік мәселе, баспанамен қамту, туризмді дамыту бойынша тұрғындардың өтініші мен ұсыныстарын тыңдады. Жыл басынан бері облыс әкімі тарапынан қабылдаулар тұрақты өткізіліп келеді. Азаматтардың өтініші негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылып жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin