Еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлына 100 жыл толуын мерекелеу аясында Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті және білім басқармасының «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен Төлеби ауданындағы «Бәйшешек» жазғы сауықтыру лагерінде «Айбын – 2024» облыстық әскери-патриоттық жиынына іріктеу сайысы өткізілді.
Жарыстың ашылуына Түркістан облыстық Қорғаныс істер жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев, облыстық білім басқармасы «Облыстық қосымша білім беруді дамыту орталығының» өкілдері, «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі мен жергілікті соғыс ардагерлері қатысып, жас сарбаздарға сәттілік тілеп жылы лебіздерін білдірді.
– Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру қазақстандықтардың ортақ парызы, тікелей міндеті болып саналады. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл шарадағы нәтижелер алдыңғы жылдармен салыстырғанда анағұрлым жақсы деуге болады. Тартысты өткен іріктеу сайысынан анықталған 10 ер баламыз бен 5 қыз бала алдағы халықаралық сайыста жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін, – дейді Жандос Күлдербаев.
Жалпы, жарысқа аудан, қалалардан барлығы 17 командадан құралған 255 жасөспірім қатысты. Белтемірге тартылу, арқада жатып кеудені көтеру, әскерилендірілген кросс, арқан тарту, пневматикалық мылтық ату, АК-74-ті жартылай шашу мен жинау, жамылғы түріндегі жалпы әскери қорғаныс киімін кию сынды жарыс түрлерінен бақ сынады.
«Айбын» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынының қорытындысы бойынша І орын Арыс командасына бұйырса, ІІ орынды кентаулықтар жеңіп алды, ал үздік үштікке Түлкібас ауданының құрамасы тұрақтады. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары маусым айында Құрлық әскерлерінің әскери институтының базасында өткізілетін халықаралық кезеңге жол тартады.
Айбын демекші, елімізде «Айбын» ордені бар. 1995 жылы белгіленді.
Орденмен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының әскери қызметшілері, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қayincіздік, ішкі істер органдарының және басқаларының қызметкерлері жауынгерлік даярлықта, әскерлердің жоғары жауынгерлік дайындық деңгейін ұстауда, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін; әскери және қызмет бабындағы парызын өтеудегі көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғауда жасаған ерлігі үшін марапатталады.
«Айбын» орденінің үш: I, II және III дәрежелері болады.
І және II дәрежелі «Айбын» ордендерімен кіші және аға офицерлік құрамдағы адамдар марапатталады.
III дәрежелі «Айбын» орденімен солдаттар, матростар, сержанттар, старшиналар, прапорщиктер мен мичмандар марапатталады.
«Айбын» ордені қазақтың даңқты батырларының атымен аталады. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ортаға салған-ды.
«Еліміздің жылнамасында есімі алтын әріппен жазылған батырларымыз аз емес. Мен халқымыздың осындай үш даңқты перзентіне жеке тоқталғым келеді. Майданға взвод командирі ретінде аттанған Сағадат Нұрмағамбетов соғысты Берлин түбінде батальон командирі болып аяқтады. Сұрапыл соғыстың барлық қиындығын көрген ол Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі болды. Айрықша қолбасшылық қабілетімен аты аңызға айналған тағы бір тұлға – Бауыржан Момышұлы. Ол майдан шебіндегі ең қиын шайқастарға қатысты, батальон, полк, дивизия басқарды. Оның қоршаудан шығу тәсілі кейін соғыс өнеріне «Момышұлы спиралі» деген атаумен енді. Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерлігі де бүгінде еш талас тудырмайды. Ол – алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа ту тіккен батыр», — деп еді Президент.
Мемлекет басшысы өткен жылы өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында бірқатар ордендерді көрнекті тұлғалардың атымен атау мәселесін қозғаған еді. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар. Президенттің пайымынша, бұл отаншылдықты және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді.
«Қазір мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіру үшін нақты шаралар қолға алынды. Бұл жұмыспен Республикалық комиссия айналысып жатыр. Елімізде әскери және күштік құрылым қызметкерлеріне арналған «Айбын» ордені бар. Осы мәртебелі орденнің түрлі дәрежесін Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен атаған жөн деп санаймын. Бұл тарихи әділдікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам болмақ. Сол арқылы қаһармандарымыздың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртамыз. Бұл бастама осы марапаттың мазмұнын байыта түседі. Халқымыздың біртуар перзенттеріне тән ерлік рухы осы ордендердің мәртебесін биіктетеді. Сондай-ақ награда иегерлеріне Отанымызға қалтқысыз қызмет етуге ерекше жігер береді. Мен бұған кәміл сенемін», — деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау және мемлекеттік награда жүйесін жетілдіру мақсатында «Айбын» орденін даңқты батырлардың есімімен атауға қатысты заңға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары бастамашылық жасаған еді. Бастама сенатта мақұлданды.
Жаңа нормаларға сәйкес «Айбын» орденінің түрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаевтың есімін беру қарастырылған.
«Атап айтқанда, I дәрежелі «Айбын» орденін Сағадат Нұрмағамбетовтің есімімен, II дәрежелі «Айбын» орденін Бауыржан Момышұлының есімімен, III дәрежелі «Айбын» орденін Рахымжан Қошқарбаевтың есімімен атау ұсынылды», – деді Сенат депутаты Андрей Лукин.
Мақұлданған заң даңқты батырлардың жауынгерлік ерлігін мәңгілік есте қалдыру, сондай-ақ жалпыұлттық сананы, қазақстандық азаматтық бірегейлікті нығайтуға, әскери-патриоттық тәриені дамытуға өз үлесін қосады. Сенатор Алишер Сатвалдиев соғыс майданындағы ерлігі – елге мұра, бейбіт күндегі ерен еңбегі ұрпаққа үлгі болған батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімін ұлықтау арқылы Мемлекеттік наградалар жүйесін жетілдіруді мақсат тұтқан заңды толық қолдайтынын жеткізді.
«Әріптестеріміз Нұртөре Байтілесұлы, Ғалиасқар Төлендіұлы және Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаты бастамашылық еткен бұл құжат қазір Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясының негізгі ұстанымы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ісіне қызмет етеді деп сенемін. Заңда көзделген стратегиялық мақсаттың бірі – жастарды патриотизмге тәрбиелеу, жас ұрпақтың рухын көтеру, адами ұстанымдарды қалыптастыратын тәрбие беру және тәрбиелік ортаны құру. Қазіргі қоғам дамуы тұлғаның жаңа әлеуметтік типін қалыптастыруды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елжанды, отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуді талап етеді», – деді ол. Алишер Сатвалдиевтің айтуынша, талқыланып отырған заңның ұрпақтар сабақтастығын байланыстыруда маңызы ерекше. Сөз соңында сенатор «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық даналығын дәріптей келе, талқылап отырған заңды қолдауға шақырды.
Жалпы, орден-медальдарға тұлғалардың есімін беру көптеген елде бар тәжірибе. Еуразия ұлттық университетінің тарих ғылымдарының докторы, профессоры Мақсат Алпысбес бұл тәжірибе халқы үшін ерен ерлік танытқан батырларымыздың есімін мәңгі есте сақтауға сеп болатынын айтты.
«І дәрежелі «Айбын» орденіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Мәскеу түбінде үлкен ерлік көрсеткен Бауыржан Момышұлының және ІІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев есімінің берілуі өте дұрыс шешім. Бұл жас өскелең ұрпақты отаншылдық және ерлік мінезді етіп тәрбиелеуде зор рөл атқарады. Бұл наградалардың бір міндеті – соғыстағы ұлымдықты күйретіп, жеңіске жетуде қазақ халқының қаһармандарының есімін тағы бір еске алып, тарих ақиқатын ұмыттырмау. Бүкіл әлем гитлерлік Рейхстагқа қазақ баыры Рақымжан ту тіккенін ұмытпауы керек. Барша ел Мәскеуді қорғауда ең үлкен ерлік көрсеткен Бауыржанның соғыс өнерін білуге тиіс. Көптеген әлем елінде өздерінің даңқты, әсіресе елін, жерін қорғаған батырларының және мемлекеттің дамуына үлес қосқан тұлғалардың есімімен осындай наградаларды атау қалыптасқан дәстүр. Соның аясында біздің елде де мақұлданған шешім өте дұрыс деп бағалаймыз. Сондықтан «Айбын» орденінің дәрежелерін әлем майданында ұлы ерлік көрсеткен батырларының есімі берілгені ерлік дәстүрді дәріптеуге қызмет ететін үлкен табыс деп білеміз. Демек, бұл «Айбын» ордені нагрдаларының дәрежелеріне батыр аталарымыздың есімін бекіту, барша әлемге ел қорғаудағы қазақ ерлігінің үлгісін асыл өнеге етуге тиіс», – дейді тарихшы М. Алпысбес.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.