Түркістан облысы білім басқармасына қарасты “Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің жылдық жоспарына сәйкес, 16 сәуір күні Жетісай ауданында «Тұлғаны дамытудағы ағылшын тілінің рөлі» атты заманауи білім жүйесіндегі күрделі мәселелерді шешуге бағытталған еркін форматта «дөңгелек үстел» өткізілді.
Өскелең ұрпақтың тұлғалық дамуына өзіндік креативті үлесін қосатын ағылшын тілі пәнінің заманауи білім беру жүйесінде маңыздылығы орасан зор.
Жетісай ауданының білім бөлімінің бағдарлауымен ағылшын тілі пәні мамандары мен оқушылары үшін «Спикерtime», «Оқуvision» жобалары назардан тыс қалмады. Семинар барысында аудандық білім бөлімі мен «Study way» ILC тіл орталығының ұтымды ынтымақтастығының нәтижелі жұмыстары байқалды.
Іс-шара Жетісай ауданы әкімінің орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Марат Айнабековтің қатысуымен жоғары деңгейде атқарылды.
Халықаралық тілдің әлеуетінің тұлғалық дамуға әсерін жобаларына негіз еткен аудандық әдістемелік кабинет әдіскері Н. Балхибаева нысаналы, нәтижелі жұмыстарын көрсетті.
Қазіргі таңда Жетісай ауданының ағылшын тілі пәні саласында республикалық пән олимпиадары бойынша бірнеше республикалық деңгейдегі жүлдегерлер, халықаралық IELTS сертификат иегерлері де бар екендігі бүгінгі семинардың жоғары деңгейде өтілгендігін айғақтады.
Сонымен қатар осы күні «Түркістан облысы білім беруді дамыту орталығының» жұмыс жоспарына сәйкес, 2024 жылғы 16 сәуір күні Түркістан қаласындағы №19 Төлеби атындағы жалпы білім беретін мектептің базасында «Математикалық сауаттылық бойынша ББЖМ тапсырмаларын шешудің тиімді тәсілдері» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар өтті.
Облыстық семинарға аудандардың математика пәні әдіскерлері және үздік мұғалімдер қатысып, оқушылардың математикалық сауаттылық бойынша ББЖМ тапсырмаларын шешудің тиімді тәсілдерін меңгеру һәм оны күнделікті сабақта қолдану бойынша озық тәжірибелерімен бөлісті.
Облыстық тәжірибелік семинар жоспарына сәйкес:
- ББЖМ тапсырмаларын шешуге бағытталған 7-9-шы сыныптарда ашық сабақ;
- «Білімділер бәйгесі» математикалық сайысы;
- «Нәтижеге бағытталған әдістемелік көмек» тренинг сабағы;
- интеллектуалдық сайыс;
- «Білім сапасын арттыруда белсенді әдістерді қолдану» атты коучингтер жоғары деңгейде өтіп, семинарға қатысушылардың үлкен қызығушылығын оятты.
Облыстық семинарға аудандардан келген мұғалімдер өздеріне қажетті мол әдістемелік мағлұматтармен қайтты.
Осы тұста тәжірибелі ұстаздар тарапынан айтылған ойларды мысалға келтіре өтейік. Оқушылардың математикалық сауаттылығының қалыптасуы «математикалық құзыреттiлiктiң» даму деңгейлерімен (танымдық салалармен) сипатталады:
— білу (еске түсіру);
Терминдерді, сандарды қасиеттері бойынша суреттеу және есептеу; график пен кестеден мәліметтерді алу; құралдарды қолдану; классификациалау, математикалық объектілерді танып білу.
- қолдану (байланыстарды орнату);
Нәтижелі шешу тәсілін таңдау; математикалық ақпаратты талдау және көрсету; модельдеу; тізбекке байланысты тапсырмаларды орындау; стандартты есептерді шешу
- ойлау (пайымдау, тұжырымдау).
Объектілердің арасындағы тәуелділікке талдау жасау; қорытындылау, әртүрлі шешу жолдарын синтездеу; дұрыс/бұрыс айтылғандарды дәлелдеу; стандартты емес есептерді шешу.
Оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытуда – бүгінгі заман талабы. Осы ретте, математика пәнін терең білудің маңызы зор.
Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.
Сауаттылық тұлғаның тұрақты қасиеті болып табылатындықтан, функционалдық сауаттылық сол тұлға меңгерген белгілі бір білім-біліктерден көрініс табады. Өйткені функционалдық сауаттылыққа адам нақты білім алу кезеңдерінен өткеннен кейін қол жеткізеді. Сондықтан білім белгілі бір сауаттылық деңгейін қамтамасыз ететін құрал және нақты іс- әрекеттердің нәтижесі ретінде қарастырылады.
Математика пәні міндетті пәндердің бірі болғандықтан, оқушылардың даярлығы, математикалық ұғымдарды қолдана білу деңгейлері стандарттан төмен болмауы тиіс. Бірақ оқушылардың қабілеттері мен математикалық білімдері, ол білімдерді қолдану деңгейлері әр түрлі болады. Осы орайда математикалық сауаттылық моделін қарастырған жөн. Математикалық сауаттылық моделі шынайы әлем проблемаларын математикалық әлеммен ұштастыруға, тәжірибедегі мәселелерді пайымдай отырып, оның математикалық моделін құруға алғы шарт болып табылады.
Математика сабағындағы негізгі сауаттылыққа мыналар жатады:
- Математика – ғылым болмысынан балама ұғымдар. Сондықтан да математика барлық ғылымдардың логикалық негізі – күре тамыры ретінде қарастырылады.
- Математика ең алдымен оқушылардың дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады және оны шыңдай түседі.
- «Математикалық сауаттылық» ауызша, жазбаша қабілеттерін қалыптастыру арқылы оқушының «математикалық сауаттылықты» меңгере білу қабілетін шыңдайды.
- Математика әлемде болып жатқан түрлі құбылысты, жаңалықты дұрыс қабылдап, түсінуге көмектеседі.
- Математиканың болашақ тұлғаны моральдық, эстетикалық және этикалық тұрғыдан қалыптастыруда да тәрбиелік мәні бар.
Математикалық сауаттылықты қалыптастыру үшін:
- теорияны білу, оны логикамен ұштастыру,
- есепті шығаруда тиімді жағын көруге баулу,
- математикалық сайыс сабақ, пән кеші, апталықтарды математиканың даму тарихымен байланыстыру,
- Ақпараттық оқыту технологиясынан математика сабақтарында интерактивтік тақтаны қолдану. Интерактивті тақта арқылы оқушылар жаңа материалдарды арнаулы бағдарламалар көмегімен мүмкіндігінше меңгерумен қатар функциональдық сауаттылығы да артады.
Математика — барлық ғылымдардың логикалық негізі, демек, математика оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады, дамытады, оны шыңдай түседі және әлемде болып жатқан жаңалықтарды дұрыс қабылдауға көмек береді. Математика сабағында оқытудың әр түрлі технологияларды қолдана отырып, оқушылардың шығармашылық ізденістерін, өз бетінше жұмыс істеу белсенділіктерін арттыру барысында теориялық білімдерін кеңейтіп, логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға болады.
Л.С.Выготский «педагогика өткенге емес, келесі күнге баланың дамуына бағытталу керек», – деді. Осыған орай оқушылар арасында математикалық сауатылығын арттырудың барысында дамыта оқытуды ұйымдастырудың тиімділігі жоғары. Дамыта оқыту — сабақтағы мұғалім мен оқушы арасындағы ерекше қарым-қатынас. Мұғалім бұл жағдайда дайын білімді түсіндіріп қоюшы, бағалаушы емес, танымдық іс-әрекетті ұйымдастыратын ұжымдық істердің ұйытқысы. Тек осындай оқыту ғана баланың ақыл – ойының көзін ашып, шығармашылығын дамытады. Мұғалім баланы оқыта отырып жалпы дамыту, оның өз бетінше ізденуге, шешім қабылдауға дағдыландыру, жекелік қасиеттерін ескеру, басшылыққа алу, әрі қарай ұшқырлау, тұлғалыққа бағыттау болып табылады. Дамыта оқытуда баланың ізденушілік-ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Мұғалім сабақ үрдісін ұйымдастырушы, бағыттаушы адам рөлінде шешім табылған кезде әркім оның дұрыстығын өзінше дәлелдей білуге үйретіледі. Әр оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Әрине, жауаптар барлық жағдайда дұрыс бола бермес. Дегенмен әр бала жасаған еңбегінің нәтижесімен бөлісіп, дәлелдеуге талпыныс жасайды, жеке тәжірибесін қорытындылауға үйренеді. Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор.
Біріншіден, дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді.
Екіншіден, дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. «Жақсы оқушы», «Жаман оқушы» ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады.
Үшіншіден, оқушының жеке басын дамытатын басты құрал- ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.
Төртіншіден, дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді.
Осылайша, дамыта оқыту бойынша сабақ кезеңдерінде
- оқушылар сабақтың мақсат, міндетін өздері анықтайды,
- мәселені шешу жолын іздестіреді,
- жаңаны өздері табады,
- ақылдасады, кеңеседі.
«Математика – адамның ақыл-ойын, сана-сезімін, ойлау қабілеттерін дамытатын бірде бір құрал. Сондықтан да математиканы дамыта оқыту күн тәртібінде ең бірінші тұрған мәселе. Ұстаз қандай әдіс-тәсіл қолданса да мақсаты біреу, ол — оқушыларға тиянақты да сапалы білім беру. Оқушылардың математикалық сауаттылықтарын қалыптастыру мәселесі бүгінгі таңда білім саласында тұрған басты мәселенің бірі болып табылады. Себебі оқушының кез келген сабаққа деген қызығушылығы болмаса, онда оның алған білімі тұрақты болмайды» — дейді ұстаздар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.