Бүгін қазақ ауыз әдебиетінің эпостық жырлары мен қисса—дастандарын жатқа айтудан жасөспірімдер мен балаларға арналған «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» облыстық байқауы өтті. Облыстың барлық аудан, қалаларының дарынды мектеп оқушылары «Ер Тарғын» эпостық жырын жатқа айтудан бақтарын сынады.
Сайыстың мақсаты қазақ халқының сан ғасырлар бойы бастан кешкен тарихын, батырлардың ерлігін, қазақ ауыз әдебиетінің тарихи, эпостық жырларын дәріптеуге, балалар мен жасөспірімдердің туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға және ұлттық шығармаларды халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталғаны айқын.
Байқауға Қазақстан журналистер одағының мүшесі, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан, жыршы, термеші Әбдіғаппар Айдаров төрелік етті.
Қазылар алқасы үміткерлердің эпостық жырдың айту мәнеріне, жаттау қабілетіне, дауыс тазалығына, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Отырар ауданынан келген талантты оқушы Кәусар Берік иеленді. Жүлделі I орын Шардара ауданынан келген Байдулла Ерғалиге бұйырды, II орын иегерлері жетісайлық Жұлдызай Накипбек және Отырар ауданынан Нұрбақыт Зайнидинов атанды, жүлделі III орынды қанжығасына байлағандар Жетісай ауданынан Сейдан Бейбарыс, Төлеби ауданынан Жақсылық Думан, Арыс қаласынан Құралай Сарман болды.
Бұдан бөлек байқауда эпостық жырды жатқа айтудан үздік деп танылған қатысушы үміткерлерге арнайы жүлделер табысталды.
Айта кетейік, «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» байқауы үш эпостық жырлар бойынша өткізіледі.
25 сәуірде «Мұңлық Зарлық» эпостық жыры бойынша байқау жалғасатын болады.
Тарқата айтсақ, «Ер Тарғын» – батырлық жыры.
Ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын бейнелейтін жырдың негізгі идеясы – ерлік пен батырлықты дәріптеу, ел бірлігін сақтау, кіршіксіз махаббат. Жырдың негізгі кейіпкерлері – Тарғын мен Ақжүніс.
«Тарғын» – бес қаруды шебер меңгерген батыр, «Ақжүніс»– ару қыз. Тарғын хандармен араз болса да, халықпен бірге. Оның басына іс түскенде ханға деген өкпесін ұмытып, жау елін жайратып жібереді. Ақжүніс сұлу ғана емес, ақылды жан, батырдың жәрдемшісі. Ол әрдайым батырмен бірге жүреді.
«Ер Тарғын» жырының композициясы шымыр әрі шебер құрылған. Жырдың тілі өте көркем. Онда классик эпосқа тән белгілер толық сақталған. «Ер Тарғын» жыры башқұрт халқына да жақсы таныс. Қазақ – башқұрт нұсқаларының сюжетінде елеулі айырмашылық байқалмайды. Ерекшелік негізгі кейіпкерлер, оларға берілген бағасы тұсында ғана кездеседі. Жыр сюжеті қазаққа етене жақын. Бұл тақырыпқа композитор Е.Г.Брусиловский «Ер Тарғын» (1937) операсын жазған.
«Ер Тарғын» жырының нұсқалары көп. Алғаш Н.И.Ильминский (1859 жылы), В.В.Радлов (1870 жылы), Н.Саркин (1904 жылы), Ә.Диваев (1922 жылы) жинақтарында жарияланған. Алматы қаласындағы Орталық ғылыми кітапхана мен Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар қорында жырдың 8 түрлі нұсқасы сақтаулы. Жинаушылары – Саркин, Диваев, І.Иманов, Ә.Ыспанұлы, Б.Адамбаев, З.Бекарыстанов, М.Құсниұлы, айтушылары – Марабай, О.Қисықов, Н.Нұрғалиұлы, М.Бекетұлы. Ел арасына кең тарағаны – Марабай нұсқасы. Ильминский оны 1862 жылы Қазанда жариялаған.
«Диваев жинағындағы нұсқа» да Марабай нұсқасына негізделген. Бұл нұсқада Тарғын Қаратаудан шыққан батыр болса, Нұрғалиұлы нұсқасында Тарғын Астрахан ханының қарамағындағы батыр, оған Ғайнижамал есімді қыз ғашық болып, тартыс Тарғын мен Шорман арасында өрбиді. Бекарыстанов нұсқасында Тарғынның әкесі – Қосы. Бекетұлы нұсқасында Тарғын Созақтан Қырым ханына кеткен батыр. Жырдағы Сыпыра жырау – Тоқтамыс хан тұсында өмір сүрген (15-ғасыр), қыпшақ тайпасынан шыққан тарихи тұлға. «Бұлғыр, бұлғыр, бұлғыр тау, бұлдырап тұрған құрғыр тау» деген жолдар 15–17-ші ғасырлардағы жыраулық поэзияға тән өрнектер. Шаған – қалмақ жеріндегі су атауы, гидроним. Ол бірде ақ түске қатысты болса, бірде дінбасы атауын білдіреді. «Тарғын» сөзінің мағынасы анықталған жоқ. Жырда Тарғынның тегіне қатысты мынадай мәлімет сақталған: Тарғын – Ардаби – Әжікерей, Айқожа. Мұндағы Айқожа бес қалаға хан болған. Онысы тарихи Бесбалық болуы мүмкін. Батырдың генеалогиясы қазақ шежіресін толықтыратын мәліметтер қатарында арнайы зерттелуге тиіс. Жырдағы этнонимдік атауларды екіге бөлуге болады: бірі – қырғыз, ноғайлы, қара ноғай, екіншісі – он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт. Осы мәліметтер жырдың туған дәуіріне де анықтық енгізеді. Оймауыт, торғауыт, хойт, хошоут, дөрбет – ойраттардың іргелі одағына кірген тайпалардың атауы. Олар Қыпшақ даласына 1452–1455 жылдары еніп, Сырдарияның бойымен Ташкентке дейін барған. «Ер Тарғын» жырын ноғайлы дәуірінен соң, 17–18-ші ғасырларда туған деген пікір дәл емес. Тарғынның ноғайлы дәуірінің батыры екені шындыққа сай келеді. Ноғайлы ұлысы ыдырағаннан кейінгі Қазан, Астрахан, Қырым хандықтары құрылған тарихи-этн. оқиға ізі жырдан анық байқалады. Тарғынның өз елінен Қырым ханына кетуі, Ақшаханның қол астында да тұрақталмай, Еділдегі ноғайлы ханзадасына баруы соның дәлелі. «Ер Тарғын» жырының көркемдік ерекшеліктері, сюжеттік желісі, образдары хақында М.О.Әуезов, М.Ғабдуллин, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Х.Марғұлан, С.Мұқанов, т.б. ғалымдар зерттеулер жазды.
Көңілге бір кірбің түсіретін жәйт — осы «Ер Тарғын» жырының «Қазақ халық әдебиеті» деген сериямен Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы институты 1987 жылы бастырып шығарған «Батырлар жырының» алтыншы томында Тарғынның қырғыз боп жүргені. Бұл жырды 1859 жылы Марабай жыраудың айтуынан Н. И. Ильминский жазып алып, 1862 жылы Қазан университетінің баспасынан шығарған. Ол орыстардың қазақты қырғыз атайтын кезі ғой. Сондықтан Ильминскийге Ер Тарғынның қазақтан гөрі қырғыз болғаны тиімді көрінген шығар. Тарғын өмір сүрген тұста қазақ даласында, тіпті Алатауда да қырғыздар жалпы болмаған. Онда олар Енесай бойында көшіп-қонып жүрген. Сосын қырғызда хандық болмай, ру тайпаларды жеке манаптар билеп келген. Оның үстіне қырғызда Тарғын деген батыр болыпты дегенді де естіген емеспіз. Демек, жырдың келесі басылуында осы жаңсақтықты түзеп, қырғыз жұрты емес қазақ жұртынан шыққан батыр деп жазған абзал болар.
Тарихи әділдіктің өзі де соны талап етеді ғой. Енді Ер Тарғын өмірде болған шын мәніндегі тарихи тұлға екеніне тоқталайық.
Қазақтың қаһармандық дастаны мен тамаша операсының бас кейіпкері Ер Тарғын энциклопедиялық басылымдарда күні бүгінге дейін ХҮ ғасырда өмір сүрген деп жазылып жүр. Еліміздің тарихын тұңғыш рет жан-жақты зерттеген ірі ғалым, көрнекті алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев 1925 жылы жарық көрген «Қырғыз-қазақ халқының тарихы» кітабында аты аңызға айналған бұл тарихи тұлғаны «Естерекұлы ер Тарғын» деп жазады. Оның топшылауынша, Батыс Қазақстан өңірінде Естерек Дінахметовтың ұлы Тарғын батырдың атында Тарғын деген өзен бар. Ал оның жазғанымен келісер болсақ, Ер Тарғын он бесінші ғасырдан недәуір кейін өмір сүрген болып шығады.
М. Тынышбаевтың бұл болжамы құмық тарихшыларының аталмыш тарихи тұлғаға беретін бағасымен астасып жатады. Құмықтардың негізінен Дағыстанда тұратын түркі тектес тілі қазақшаға тым жақын кавказ халқы екені белгілі. Құмық зерттеушілері Ер Тарғын туралы өз түсініктерін қазақы дерек көздерімен ұдайы байланыстырып отырады. Мысал үшін «Құмық әлемі» басылымының жазғанына назар салсақ та жетіп жатыр. «Ер-Тарғу — Тарқы құмықтарының ауыз әдебиетінде аталатын қаһарман батыр. Бір қызығы ол қазақтың «Ер Тарғын» қаһармандық эпосымен өте ұқсас. Жырға бағар болсақ, қазақ батырыныкі атамекені — Кубань даласы. Батырдың әкесі Естерек Қазылық тау жоталарынан терістікке қарай шөбі шүйгін, суы мол Қиян жазығын жайлаған Тарғынның өзі Қазылық тауларына таман «Темір-қақпа» деген жерде көшіп-қонып жүрген», — деп жазады басылым.
Осы айтылғандардан Ер-Тарғу қаһарманның қазақ батыры Ер Тарғынның бейнесі екені бесенеден белгілі боп тұрған жоқ па. Құмық зерттеушілері қазақ жырындағы жер атауларын өзінше топшылап, батырдың атамекенін Үлкен Кавказ жоталарынан терістікке қарай көсіліп жатқан кубань өзенінің жазығы еді дейді, батыр одан Дербент өңіріне көшкен сыңайлы.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.