Бүгінде Отырар ауданында балық шаруашылығын дамыту, балық өнімі көлемін арттыру және жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жергілікті билік нақты қадамдарға барып жатыр. Естеріңізде болса, былтыр желтоқсан айында Отырар және Сауран аудандарының балықшы шаруаларының қатысуымен семинар өткен-ді.
Қос ауданның шаруалары арасында тәжірибе алмасып, осы салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге кеңестер беруге бағытталған шараға келген көпшілік Қоғам ауыл округіне қарасты Талапты елді мекенінде орналасқан ЖК «RAN» шағын балық шаруашылығының жұмысымен танысқан болатын.
Атап өтер жайт, аталған шаруа қожалығы 2023 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінде 0,20 гектар жерде жылына 20 тонна балық өндіруді қолға алған. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Қазіргі таңда 3 адам қызмет етуде. Жоба құны – 12 миллилн теңге. Өнім еліміздегі аймақтардың нарығына шығарылады. Алдағы уақытта өнім көлемін көбейту көзделіп отыр.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, биылға барлығы 20 дана бассейін салу құрылысы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда өз қаржысы есебінен сыйымдылығы 4 дана бассейннің (темірден құрастырылған) құрылысы аяқталып, 18 мың дана тұқы шабақтары суға жіберілген. Атап айтқанда, сазан, ақ амур, карас сынды балық түрлері бар. Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантқа өтінім берілді. Сонымен қатар «Ырыс» МҚҰ-на 8,6 миллион теңге қаржыға құжаттар тапсырылды. Жоба толық іске асқан жағдайда балық өнімін өндіру құрылысының жылдық қуаттылығы 100 тоннаға жеткізіледі.
Жалпы, Отырар ауданында балық шаруашылығымен айналысатын ұзын-ырғасы 4 шағын шаруа қожалығы бар.
Бизнесті дамытып, кәсіпкерлерді қолдауды мақсат тұтқан Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық балық шаруашылығын дамыту арқылы мол табысқа кенелудің тиімділігі жөнінде айтып, аталған бағыттағы мемлекеттік қолдаулар жайында атап өтті.
Семинар барысында кәсіпкерлер балықты суықтан және ыстықтан сақтап қалу жолдары, оған қажетті оттегі жеткізу, су көздерін тиімді пайдалану, балық шабақтарын сатып алу мен өнімді өткізу көздері туралы жан-жақты кеңестер алып, өздерін толғандырған сауалдарына мамандар тарапынан тұщымды жауаптар алған болатын.
Айта кету керек, Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп келеді.
Тұтастай алғанда, Түркістан облысында балық шаруашылығы жүздеген отбасының күнкөріс көзіне айналып келеді. Тіпті тұрғындар арасында үйіргелік жеріне қолдан тоған жасап, балық өсіріп жатқандар да бар. Соның бірі — саурандық Жасур Муминов.
Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекенінде тұратын жеке кәсіпкер 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамтуды қолға алып отыр. Бұл бағытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңге несие алды. Үйінің ауласына төрт бассейнде форель орнатып, балық өсіруге кірісті. Шаруа бұл кәсіптен жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Қазір мұнда 5 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Олар балықтың өсуін бақылып, қажетті тағамдарын беріп отырады. Қажет кезде суын ауыстырады. «Ауыл аманаты» жобасы өз ісін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін тілге тиек еткен Жасур Муминов алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Жалпы, өңірде балық шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған» арнайы бағдарламасы бекітілді.
Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20,0 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін 2 есеге, яғни, 7 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100% дейін көтеру көзделіп отыр.
Бағдарлама бойынша биыл 24 тоғандық балық өсіру шаруашылығы тіркеліп, 68 жұмыс орны ашылды.
Конкурстық негізде резервтегі көлде тауарлы балық өсіру мақсатында 2 жергілікті маңызы бар су айдыны бекітіліп берілді.
Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндірілген.
Сонымен қатар облыстағы кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеген. Нәтижесінде, тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш бастады.
«Облыста республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының саны — 112. Оның ішінде 25 су айдыны кәсіпшілік балық шаруашылығына және 69 су айдыны көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. 2021 жылы — 5706,9 тонна, 2022 — 6120 тонна, 2023 жылы 6660 тонна тауарлы балық өндірілді. Мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы облыстық бюджеттен аква өсірудің өнім сапасын арттыру мақсатында 31 кәсіпкерге 500 миллион теңге, республикалық бюджеттен инвестициялық салымдар кезіндегі балық шаруашылығы субъектілерінің шығыстарын өтеу бойынша 7 кәсіпкерге 123,8 миллион теңге субсидия берілді. Сонымен қатар „Түркістан ӘКК“ АҚ-на 14 кәсіпкер 5,4 миллиард теңге көлемінде несие алуға құжаттар ұсынды. Нәтижесінде 5 кәсіпкерге 3,7 миллиард теңге несие беру мақұлданды. 2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы орналасқан кәсіпшілік балық шаруашылығы су айдындарына 3070 тонна квота бөлініп, балық аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде „Ауыл аманаты“ бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша 35 кәсіпкерге 249,5 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді», — дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.
Өңірде алдағы уақытта балық шаруашылығын жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр. Бұл бағытта елді мекендерде балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмек.
Одан бөлек, өңірдегі балық шаруашылығын үйрететін мектепке ел кәсіпкерлерінің қызығушылығы артқан. Мәселен, жақында саурандық кәсіпкерлер Шардараға барып, балық шаруашылығын дамыту жолдарын үйреніп қайтты. Олар Шардара ауданында орналасқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне арнайы барып, 5 күн қатарынан балықты өсіру, қолдан ұрықтандыру әдістерін үйренді.
Сондай-ақ, Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту, жас кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатында «Балыққа өмір сыйла!» атты республикалық форум өткен болатын.
Онда балық шаруашылығы қауымдастығын құру бойынша қарар қабылданып, салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Жаңадан құрылған қауымдастық облыстағы балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетеді.
Айта кетейік, бүгінде облыста жаңадан 93 тоғанды балық шаруашылығы бар. Оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік ауладан ашқан. Жалпы өңірде қуаты жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Расында да, әлемде су маржандары қазір өте жоғары бағаланып жүр. Оның денсаулыққа пайдасы, В, С витаминдеріне, ақуыздарға бай екені, ағзаға тез сіңімді, жиі тұтынатындардың қан қысымы дертіне ұрынбайтыны көпшілікке аян. Ал әлемде балық өндіруден Қытай мен Жапония көш бастап тұр. Мәселен, аталған елдерде бір адам жылына 45 келі балық жейді екен. Тиісінше, бұл мемлекеттер — әлемнің алпауыт елдерінің қатарында. Мұның құпиясының бірі, бәлкім, осы тамақ рациондарындағы балықты жиі қолдануында шығар. Нутрициологтер: «Адам жылына, кем дегенде, 16 келі балық жеуі керек» — дегенді айтады. Ал қазақстандықтар 4–5 келіге жетер-жетпес мөлшерде ғана тұтынады екен. «Мүмкін, еліміздің дамуын қарқындату үшін балық шаруашылығын мықтап қолға алуды күн тәртібіне қою керек пе» деген ой келеді.
Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері балық экспортынан озық тұр. Қырғызстан жоғары деңгейде өндіріп, Ресейге экспортқа шығарып жатыр. Егер мемлекеттен көптеп грант бөлінген жағдайда оларды алдағы бес жылдықта басып озамыз. Ал Өзбекстанның балық өсіру саласы оқ бойы озып кеткен. Сондықтан жақын арада оларды қуып жетуіміз мүмкін деу қиын. Өйткені олардың жылдық балық өсіру айналымы — 300 000 тонна, бізде — 15 000 тонна.
«Мұның себебі неде? Бұл ең біріншіден, жастарға түсіндірме жұмысының дұрыс жүргізілмеуінен деп ойлаймыз. Содан кейін мектептегі оқу бағдарламасында балық шаруашылығы жайлы, оны қалай өсіретіні туралы мүлде оқытылмайды. Көп адам балықты қолдан өсіруге болатынын білмейді. Балық шаруашылығы — потенциалы бар және табысты кәсіп. Мәселен, бір ғана форельдің нарықтағы бір тоннасының құны – 2 миллион 800 мың теңге. Ал одан жылына бір емес, 42 тонна өндіріледі» — дейді сала мамандары. Енді түсер пайданы өздеріңіз есептеп көріңіздер…
Маман демекші, қателеспесек, былтыр мемлекет тарапынан балық шаруашылығына 60 грант бөлінді. Ал Қазақстан бойынша бес оқу орны болатын болса, соған 20 шақты ғана талапкер түсті. Соның ішінде 9-ы — Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенті. Тоғызы да «Аквакультура және судың биологиялық ресурстары» мамандығын таңдаған екен.
Иә, көрші мемлекеттермен салыстырғанда, бізде қолдау жақсы. Мысалы, кәсіпкер балық тұқымын, дернәсілдерін сатып алар болса, соған кеткен шығынның мемлекетке 50 пайызын ғана қайтарса болады. Ал шаруашылыққа кеткен шығынды 100 пайыз деп есептесек, соның 30 пайызын, балықты өсіру барысында жемге кеткен шығынның да 30 пайызын, емдеу барысында дәрі-дәрмекке кеткен шығынның 50 пайызын қайтарады. Сондықтан бұл кәсіпті бастау өте қолайлы.
Елімізде балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, бұл балық өсіруге пайдаланатын суды беру құнының шығынын ішінара өтеуді көздейді. Бұл субсидия суармалы егістік өкілдеріне берілетін субсидияға қарап отырып әзірленді.
Сондай-ақ балық өсіруге пайдаланылған судың құнынан 40 пайызын мемлекет өтеп береді.
Балық шаруашылығын дамытуға арналған заң жобасында балық өсіру жобасына алынған несиенің пайыздық сыйақысын ішінара өтеу ұсынылып отыр.
«Балық өсіретін қожалықтар жобаға несие алады дейік. Сол кредитке ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі сияқты 6 пайызға дейін субсидия беріледі. Нарықта кредиттің пайыздық мөлшерлемесі 20-22 пайыз ғой, соның 6 пайызын — өзі, қалғанын — мемлекет өтеп береді», — деді Нұркен Шәрбиев.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.