Түркістан облысы: Отырар ауданында «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында жаппай сенбілік ұйымдастырылып, ағын су каналдары мен арықтар тазаланды.

Шара барысында Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауыл округіне қарасты Көлқұдық, Ақкөл елді мекендерінің «Сумағар», «Жайықбек», «Ақкөл» каналдарының араналарына арнайы техниканың көмегімен механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде негізгі жоспарланған «Сумағар» каналының 8 шақырымы, «Жайықбек» каналы 2 шақырым аумағы шөп-шаламнан, тұнбалардан, қоқыс шөгінділерінен арылып, су өткізу қабілеті жақсарды.

Сондай-ақ, Балтакөл ауыл округі, Ақкөл елді мекеніндегі «Ақкөл» каналы арнасының 2,5 шақырымы механикалық тазалаудан өткізілді.

Игілікті шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқанының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында су айдындарының аумақтарын қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту мақсатында жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылды. Шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметшілері, жастар мен еріктілер тобы белсенді атсалысуда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықтың қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатын көздеген «Мөлдір бұлақ» апталығында Көксарай ауыл округіндегі орталық сулы каналының бойына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Шара барысында канал бойындағы арық-атыздар қоқыс-қалдықтардан тазартылып, ретіз өскен жыңғылдар оталды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына барша аудан тұрғындарын сенбілік шараларына белсене қатысуға шақырған болар едік!

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында тазалық шаралары жүргізілді. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарында 1 408 ауқымды іс-шара өтіп, оған жалпы 67 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков мәлімдеді.

«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының 5 апталығының қорытындысы бойынша облыс аумағында 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелді. Сондай-ақ, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланып, 346 саябақ және скверлер ретке келтірілді. Бұдан бөлек, 302 мыңнан астам жеке үйлердің және 1 767 әлеуметтік нысандардың айналасы тазаланып, барлық аудан-қалалардағы су, өзен бойларында сенбіліктер өтті. Нәтижесінде 3 981 тонна қоқыс шығарылды. Айта кетерлігі, тазалық және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады», — деді Жанәділ Нұрғалиұлы.

Канал демекші, Отырар ауданындағы су шаруашылығы нысандарының техникалық жай-күйін жақсарту арқылы су тұтынушыларға тұрақты ағын су жеткізу мақсатында 2024 жылға бірқатар жөндеу жұмыстары жоспарланған. Тарқата айтсақ: Д.Алтынбеков каналын механикалық тазалау – 9,0 шақырым, орындалып қойды; Ақкөл каналына бас тоспа орнату – 1 дана; Көкмардан каналын механикалық тазалау – 13,8 шақырым, орындалып қойды; Қызылту насос станциясын ағымдағы жөндеу – 50 текшеметр тонна/бетон, жұмыс жүріп жатыр; Су сорғы құрылғыларын жөндеу – 15 комплект, қажетті қосалқы бөлшектер алынып, өз күшімізбен жөнделеді; Сулы каналын механикалық тазалау – 4 шақырым; Беларық каналын механикалық тазалау – 3 шақырым, орындалып қойды; Сумағар каналын механикалық тазалау – 6 шақырым, орындалып қойды; Қонай каналын механикалық тазалау – 2 шақырым.

Бұл ретте Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы іске асырылып жатқан жобалар да бар. Мәселен, «Шәуілдір үстеме каналының» 2-кезең жобасы. 2024 жылғы 10 қаңтардан бастап Еуропалық қайта құру және даму банкі ЕСЕРР порталында мердігер мекемені анықтау үшін конкурс жарияланды. Мердігер мекемені анықтау рәсімделген уақытқа сәйкес анықталады. Қазіргі таңда құжаттарының техникалық ерекшеліктерге сәйкестігін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұны бір деңіз. Екіншісі, Шәуілдір суармалы алқабының мелиоративті жағдайын жақсарту бойынша да біраз шаруа қолға алынған. Тапсырыс беруші «Қазсушар» РМК бұйрығына сәйкес, орындалған және қалдық жұмыстарға кешенді тексеру жүргізіліп, нысанның құрылысы аяқталмаған ретінде қабылдауға тексеру актісі әзірленді. «Қазсушар» РМК тарапынан құрылыс жұмыстарын қайта бастау 2024 жылдың 3-тоқсанына жоспарланып отыр.

 Еске салайық, Түркістан облысында суару маусымында шаруаларды сумен қамтамасыз ету үшін 600 шақырымнан астам канал тазаланды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлаған болатын.

«Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы суару маусымына дайындық аясында өз қарамағындағы каналдардың 600 шақырымнан астам жерін механикалық әдіспен тазалады. Бұл жұмыс егіс алқаптарына су жеткізу сапасын жақсарту және каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін жасалады.

«Бұдан бөлек, мемлекетаралық «Ханым» каналының 18 шақырымға жуық бөлігіне механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 20 мың текше метр лай тұнбасы шығарылды», – делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметіне қарағанда, филиал қызметкерлері «Найман» каналының 7,5 шақырым бөлігін бетонмен қаптады. Ал Түлкібас ауданында 77 шақырымнан астам канал бетондалады. Бүгінде 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, егіс алқаптарына қосымша ағын су қажет болған жағдайда «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналы арқылы Шардара су қоймасынан су алынады. Ағын суды машиналық әдіспен көтеру үшін мұнда 10 насос іске қосылуға дайын. Жалпы ұзындығы 29 шақырым болатын канал 86 700 гектар жерге су жеткізе алады.

Жалпы, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасатыны биыл ақпан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылып, талқыланған-ды.

«Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 млн. текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 млн. м3 ағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 млн. м3 ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.

– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Сатыбалдының жауаптыларға тапсырмалар бергенін білеміз.

Жиында су нысандарының құрылысы бойынша Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов пен Құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің есептері тыңдалған болатын.

Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.

Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы салаларын арнайы  техникамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде Түркістан қаласында «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне арнайы техникалар тапсырылған. Арнайы іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшысының орынбасарлары Анвар Каримов, Урун Озген және облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары су саласына жауапты мекеме жетекшілері қатысты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арналған Жолдауында су тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталды. Осы орайда, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен «Тұран су» мекемесіне қолдау көрсетілуде. Су нысандарын қалпына келтіру, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету, су басу жағдайларының алдын алу мақсатында аталған мекеме техникалық жарақтандырылды. Нәтижесінде жұмыстарды мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Тәжірибе көрсеткендей, бұл мемлекеттік кәсіпорын жұмысының экономикалық тиімділігі басқа жеке ұйымдарға қарағанда 1,5 – 2 есе жоғары болып отыр. Үнемделген қаржы есебінен былтыр 17 арнайы техника сатып алынып, коммуналдық меншіктегі 680 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Міне, бүгін «Тұран су» мекемесіне – 15, аудан, қалаларға 14 арнайы техника тапсырылып жатыр. Бұл ретте қолайлы келісім жасаған «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшылығына алғысымды айтамын. Енді аудан, қалалардағы су саласына жауапты мекемелер осы техникаларды тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Ермек Кенжеханұлы.

Сол тұста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керектігі айтылды. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек делінді. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс» — деген болатын.

Сонымен қатар Президенттің: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын» — дегені де естен шыға қойған жоқ.

«Тұран су» мекемесіне 1,3 миллиард теңгеге 15 дана «HITACHI» экскаваторы тапсырылса, аудан, қала әкімдіктеріне құны 756,4 миллион теңгені құрайтын 14 дана арнайы техника табысталды. Атап айтқанда, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Сауран, Сайрам, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс қаласына техникалар берілді.

Өңірде 2024 – 2025 жылдары 938 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары атқарылады деп жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласында судың 40 пайызы босқа ысырап болып жатқандығын атып өтіп, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейтуді тапсырды. Осы ретте ҚР АШМ-не су үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия көлемін 50%-дан 80%-ға ұлғайту жөнінде ұсыныс берілген. Жалпы су үнемдеу технологияларын 2028 жылға қарай 100 мың гектар алқапқа енгізу межеленген. Өңірде суармалы алқаптарды ағын сумен қамту, каналдар мен қашыртқыларды тазалау жұмыстары жалғасады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin