Түркістан облысы: Сауран ауданында шегірткеге қарсы 7515 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі

Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыру туралы жиын болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК Сауран аудандық филиалы, ҚР АШМ АӨК МИК Түркістан қалалық аумақтық инспекциясы мен Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдық әдістемелік орталығы басшылары мен аталмыш бөлімдердің мамандары, ауылдық округі әкімдері мен ауыл шаруашылығы мамандары, шегіртке анықтаушы ретінде тартылған қоғамдық жұмысшылар қатысты.

Онда ҚР АШМ АӨК МИК Түркістан қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Жантөре Ибрагимов аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру бағытында баяндама жасады.

Өткен жылы марокко шегірткесінің дернәсілдеріне қарсы 1 998 гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілсе, ағымдағы жылы аудан бойынша 7515 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. 11 сәуір күні «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мамандарының қатысуымен анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде Шорнақ ауылдық округіне қарасты «Бағдат» қоражайының солтүстік-батыс жағындағы 80 гектар жайылым жер зерттеліп, оның 1,0 гектар жерінде марокколық шегіртке дернәсілдерінің шыға бастағандығы анықталған.

Осыған орай, ауа райының қолайлылығына байланысты марокколық шегіртке дернәсілдеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары күні ертеңнен бастау жоспарлануда. Сауран ауданында аса қауіпті зиянды организм марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуші мердігер мекеме ретінде «Защита растений-К» ЖШС анықталып отыр.

Ал Түркістан облысы аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылдың 15 қаңтарында облыс әкімінің өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізетін штаб құрылды». Штаб құрамына облыс әкімінің орынбасары, жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдері енгізілген. Штаб құрамына сәйкес, 15 ауданда осы жұмыстарды үйлестіру бойынша жергілікті штабтар құрылып дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан облысы марокко шегірткесі көп таралған өңір болып табылады. Атап айтқанда, негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болып табылса, соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандары, барлығы 10 ауданның 62 ауыл округінде кездеседі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті таратқан деректерге сүйенсек, 2017 жылдан бері марокко шегірткесінің таралу динамикасына қарасақ, 2017 жылы 430,0 мың гектардан аса алқап өңделсе, одан кейінгі өңделген көлем төмендеген. Көпжылдық тәжірибеге сүйенсек, марокко шегірткесі 7-8 жылда таралудың шарықтау шегіне келіп тұрады. Соңғы 3 жылда өңдеу көлемдері ұлғайып, таралу шегіне жететін мезгіл 2024-2025 жылдарға тура келіп тұр.

Ағымдағы жылы марокко шегірткесіне қарсы облыс бойынша барлығы 271,575 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 162,119 мың гектар жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, 107,350 мың гектар әуемен, 0,706 мың гектар аспалы бүріккішпен, 1,4 мың гектар ұшқышсыз ұшу аппаратымен жүргізіледі.

Марокко шегірткесіне қарсы қолданылатын «Карат Супер к.э.» іш құрылысы, жанасу арқылы әсер ететін болса, «Пиларкинг в.к.» және «Тиаметрин с.к.» препараттары кешенді әсер ететін препараттар болып табылады.

Марокко шегірткесінің таралу аумағын анықтауға болжам орталығы тарапынан 733,36 мың гектарда мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Оған жергілікті атқарушы органдардан 244 қосымша анықтаушы, болжам орталығынан 79 жауапты маман мен 38 автокөлік қатысады.

Жалпы алғанда, фитосанитариялық жұмыстардың ұйымдастырылуына 74 дана жер үсті бүріккіштері, 6 дана АН-2 ұшағы, 5 дана аспалы бүріккіш, 1 дана ұшқышсыз ұшу аппараты және инспекция тарапынан 21 жұмыс тобы, 40 инспектор, 19 автокөлік, өзге облыстардан 4 қызметкер 4 автокөлігімен, Болжам орталығынан 79 маман, 38 автокөлік, жергілікті атқарушы органнан 244 қосымша анықтаушының қатысуымен жүргізіледі деп күтілуде.

Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес, Арыс қаласы – 17,150 мың гектар, Келес ауданы – 16,650 мың гектар, Сарыағаш ауданы – 17,300 мың гектарда 24 дана жер үсті бүріккіш техникаларымен өңдеу жұмыстарын жүргізетін «SATTI TULIK» ЖШС, Бәйдібек ауданы – 4,890 мың гектар, Қазығұрт ауданы – 8,228 мың гектар, Ордабасы ауданы– 7,113  мың гектар, Отырар ауданы – 0,450 мың гектар, Сауран ауданы – 3,757 мың гектар, Төлеби ауданы – 1,372  мың гектар, Шардара ауданы – 4,150 мың гектар, барлығы 29,960  мың гектар аумақта «Защита растений-К» ЖШС жер үсті бүріккіштерімен күрес жұмыстарын жүргізетін мердігер болып танылды. Осы жұмыстарға 38 жер үсті бүріккіш техникасы қарастырылған.

Әуемен химиялық өңдеу жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы негізінде Арыс қаласы — 18,500 мың гектар, Келес ауданы — 14,775 мың гектар, Сарыағаш ауданы – 20,400 мың гектар, барлығы 53,675 мың гектарда өңдеу жұмыстарын «Авиакомпания «Дельта-Юг» ЖШС 3 дана АН-2 ұшағымен жүргізеді. 

Қалған жер үсті бүріккіштерімен – 81,059 мың гектар, әуемен – 53,675 мың гектар, аспалы бүріккіштер – 0,706 мың гектар және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен 1,400 мың гектар көлемге мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілуде. Жалпы алғанда 271,575 мың гектардың 134,735 мың гектарында жеңімпаз анықталып, қалған 136,840 мың гектарда мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде.

Еске салсақ, Қазақстанда шегіртке жәндіктерінің 270-тен астам түрі мекендейді, олардың 10-15 түрі қауіпті болып табылады. Шегірткелердің ең қауіпті түрлері — азиялық, мароккалық және итальяндық прус. 2024 жылы 2,5 миллион гектар алқапта табын шегіртке зиянкестерінің таралуы болжанып отыр, оның ішінде азиялық шегіртке – 186 мың гектар және Марокко шегірткесі – 281 мың гектар. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Әбдікәрімов хабарлады.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында ең көп таралған аумақ – 784 мың гектар, Қостанай облысында – 776 мың гектар және Түркістанда – 271 мың гектар.

«Химиялық өңдеулерді жүргізу үшін арнайы бүрку техникасының 427 бірлігі жұмылдырылады: 289 жерүсті желдеткіш және штангалық бүріккіштер, 56 аэрозольді генераторы, 36 аса жеңіл авиация кемелері, 36 ұшақ, 2 ұшқышсыз авиация жүйесі және 8 рюкзак бүріккіштер», — деп атап өтті ведомство өкілі.

Үйірлі шегірткелерімен күресу үшін республикалық резервтен 8,1 миллиард теңге бөлінді. Шегірткелермен күресу үшін 2,46 миллион гектар алаңды өңдеу үшін пестицидтер сатып алынды, 90,8 мың гектар алқап бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда. 2,2 миллион гектар алаңға химиялық өңдеу қызметтерін сатып алу бойынша шарттар жасалды, 308 мың гектар алаңға конкурстық рәсімдер жалғасуда. Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірге пестицидтер жіберілді. Өңдеу жұмыстары кейінірек басталады.

«Бұл шараларға 4,2 миллиард теңге дайындағанбыз. Биыл шегіртке көп болуы мүмкін. Соған байланысты Үкімет резервінен қосымша 3,9 миллиард теңге бөлінді. Сонда үйірлі шегірткемен күресу үшін республика резервінен 8,1 миллиард теңге жұмсалады. Қазіргі уақытта шегірткелермен күресу үшін 2,46 мың га алаңда өңдеу үшін пестицидтер сатып алынды. 2,2 млн га алаңға химиялық өңдеу бойынша қызметтерді сатып алу бойынша шарттар жасалды. Пестицидтер Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерге жөнелтілді. Бұл өңірлерде шегірткелердің шығуы әлі байқалған жоқ»,– дейді Дархан Әбдікәрімов.

Байқасақ, Үкімет шегірткемен күреске қаражатты жылдан-жылға көптеп бөліп жатыр. Мәселен, 2022 жылы шегірткемен күреске 2,5 миллиард теңге бөлінген. Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен табын зиянкестерімен күресуге пестицидтерді сатып алуға, сақтауға, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерге 3,8 миллиард теңге жұмсалған. Ол жылы Ақтөбе мен Қостанай облыстарының егістіктерін шегіртке басты. Қостанай облысында зиянкестердің күрт көбеюінен 4,6 миллион гектарды құрайтын егіс алқабының 500 гектары зардап шеккен.

Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрі болған Ербол Қарашөкеев зиянкестердің күрт көбеюіне «күннің белсенділігі» әсер еткенін айтқан еді. Ол сонымен бірге 2024 жылы да шегірткенің көп болатынын болжады.

«Әрбір 11 жыл сайын шегірткелердің таралуының осындай шарықтау шегі болады. Биыл осындай кезең. Келесі жылы да шегіртке көп болады. Мұндай кезеңде шегірткенің таралуы он, жиырма есеге көп болады. Бір шегіртке, шамамен 100 немесе 1000 жұмыртқа сала алады», – деп мәлімдеген болатын.

Ал Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды штаб мүшелерімен бірге жуырда ғана Арыс қаласына барып, аса қауіпті үйірлі шегірткенің марокколық түрімен күрес жұмыстарының барысымен танысты. Өңделген аумақтарды аралап, мамандармен биологиялық тиімділікті бақылаған әкім жауапты мердігерлер мен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің және Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысылығымен кездесті.

    Облыс әкімі химиялық өңдеу жұмыстары бойынша жауаптылардың жұмысын сынға алды. Қазіргі ахуалға алаңдаған аймақ басшысы жауаптыларға қосымша талап қойды. Оларға жауапкершілігін арттыруды ескертті.

    Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Еліміз бойынша шегірткемен күрес жұмыстарына ҚР ауыл шаруашылығы министргі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жауапты.

    Облыс әкімі болжамшылардың мәліметімен өткен жылмен салыстырғанда биылғы таралу аймағының бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқанын айтты. Тиісінше, шығын да өскен. Аймақ басшысы келер жылы оның көлемін 3 есе азайту бойынша жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

     Өңірде қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеді.

     – Барлық жауапкершілік — сіздерде. Сондықтан химикат та техника да жеткілікті болу керек. Жұмыс толық өздеріңіздің қолдарыңызда. Ал, жауап беретін — біз. Сондықтан проблемаларды ортаға салып, оларды шұғыл шешу керек. Күн ысып кетті, сондықтан әрі кетсе 10 күнде жұмыстарды толық бітірген жөн. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан ешқандай олқылыққа жол жоқ. Қосымша техника тарту жұмысын күшейтіңіздер. Ең тиімді саналатын әуемен залалсыздандыруды аумағын арттыру керек. Қаражат бөлінген. Жұмысты ширату туралы нақты ұсыныстар әзірлеп, оны жүзеге асыруға кіріскен жөн. Міндеттеме алған жауапты мекеме зиянкестерді жойып үлгермей қалса, шаруалар шығынын мойындарыңызға аласыздар. Болжам жасаушылардың берген мәліметі нақты болмай шықса, олардың да жауапкершілігін қарау керек. Жер сипап қалмау үшін егістік алқаптарды зиянкестерден уақытында қорғау қажет. Қапы қалсақ, диқандар төгілген тері ақталмай, шығынға батуы мүмкін, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

      «РФДжБӘО» РММ Түркістан облыстық филиалына белгіленген аумақтарда анықтау-зерттеу жұмыстарын уақтылы жүргізіп, күнделікті экономикалық зиянды шегінен асқан аумақтардың зерттеу актілерін ұсыну міндеті жүктелді. Химиялық өңдеу жүргізуге жауапты мердігер компанияларға өңдеу жұмыстарына қосымша техникалар мен ұшақтар тарту және бұдан әрі «Тиаметрин» препаратын қолдану, оның бір реттік шашу нормасын барынша ұлғайту жөнінде тапсырма берілді.

       Түркістан облысы марокко шегірткесі көп таралған өңір болып табылады. Атап айтқанда, негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болып табылса, соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандарында да кездесуде. Күрес жұмыстары жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, әуемен, аспалы бүрікішпен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделеді.

Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 20-дан астам жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыстардан, болжам орталығынан 100-ге жуық маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысуда.

Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер компаниялар болып, жер үсті бүріккіш техникалармен «SATTI TULIK» және «Защита Растений-К» ЖШС-тері, ал әуе ұшақтарымен өңдеуге «Авиакомпания Дельта-ЮГ» ЖШС-гі анықталды.

      Аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары ауа райы ерекшеліктеріне қарай аудандарда жаппай сәуір айының 16-ы күнінен басталды. Бүгінгі күнге облыс бойынша 15 мың гектар марокко шегірткесінің ошақтары химиялық жолмен өңделіп отыр.

Химиялық өңдеуге имидаклоприд, лямбда-циголотрин тобындағы «Пиларкинг в.к.», «Тиаметрин с.к.» және «Карат супер к.э.» препараттары қолданылуда. Мамандардың айтуынша, оның малға, шөпке зияны жоқ.

      Түркістан облысы аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылдың қаңтарында облыс әкімінің өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру»жұмыстарын жүргізетін штаб құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасары, жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдері енгізілген.

Сөз соңында айтарымыз, 2023 жылы Сауран ауданы бойынша жергілікті қаржы есебінен зиянды организм саяқ шегірткеге қарсы 2630 гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға қойылып, 500 гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Ал ағымдағы жылға аудан бойынша үйірсіз саяқ шегірткеге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының болжамды көлемі 2,84 мың гектарды құрап отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin