Түркістан облысы: Сауран ауданында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысы өтті

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысы және отбасының цифрлық картасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселелер қаралды.

Комиссияның күн тәртібіне сәйкес, ескірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі атқарылған жұмыстары, емхананың тіркеуінде тұратын есірткі қолданушылар және оны емдеу жолдары, нашақорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы баяндамалар тыңдалды. Бұдан бөлек, отбасының цифрлық картасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Қахраман Мирзараимов хабарлама жасады.

Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев күн тәртібіндегі айтылған кемшіліктер бойынша тиісті мекеме басшыларын сынға алып, алдағы уақытта жоспарлы, жүйелі жұмыс жүргізуге нақты тапсырмалар беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Естеріңізде болса, былтыр шілде айында Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленді.

Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді (Darknet, мессенджерлер, криптоәмияндар және т. б.).

Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру.

Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр.

Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.

Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді.

Нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді.

Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік береді.

Емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, адам аз жүретін аумақтардағы жасырын есірткі зертханалары мен плантацияларды жою шаралары қабылданды.

Жоспар шекаралық өткізу пункттерін дәрілік заттарды, прекурсорларды және дәріхана зертханаларына арналған жабдықтарды анықтауға арналған скринингтік құралмен қамтуды көздейді.

Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады.

Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 миллиард теңге бөлу қарастырылған.

Кешенді жоспардың есірткіге қарсы жүйелі жұмыс үшін маңызды бағдарламалық құжат болып табылатындығы Түркістандағы ұлттық құрылтайда, ІІМ-дегі алқаның кеңейтілген отырысында атап өтілді.

Кешенді жоспардың негізгі мақсаттары:

— қоғам үшін аса қауіпті, әсіресе, синтетикалық препараттардың таралуының жолын кесу, олардың қолжетімділігін төмендету;

— нашақорлықты ерте анықтау жүйесін енгізу;

— есірткі қолданатын адамдардың шынайы және нақты есебін қалыптастыру;

— уәкілетті органның құзыреті мен мәртебесін арттыру;

— материалдық-техникалық жағдайды нығайту.

«Мемлекеттің есірткіге қарсы саясатының өзектілігін атап өтіп, ел Президенті нақты бағыттарды белгілеп, жоспарды іске асыру бойынша міндеттерді алға қойды. Оны ІІМ-нің ведомствоішілік деңгейде сапалы және тиімді іске асыру мақсатында әрбір іс-шараны орындау барысы ішкі бұйрықпен бекітілді. Бұл жұмысты үйлестіруді біз, Министрліктің салалық департаменті жүзеге асырады. Жоспардың әрбір тармағын іске асыру бойынша қадамдық іс-қимыл алгоритмін әзірледік. Жоспар 7 бөлімнен, 77 тармақтан тұрады. Мұндай шешімдер оның орындалу динамикасын апта сайын әр сегментте бақылап, іс-әрекеттерімізді түзету бойынша қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Әмірханов.

Кешенді жоспарды жүзеге асыруға бірнеше министрлік пен ведомство атсалысады. ІІМ 38 тармақтың орындалуына жауап береді, ал 15 тармақ бойынша бірлесіп орындау жұмысын атқарады. Денсаулық сақтау министрлігі – 16, Мәдениет және ақпарат министрлігі – 5, Оқу-ағарту министрлігі – 9 тармақ, Әділет министрлігі – 4 тармақ бойынша жауапты болып бекітілген. 

Кешенді жоспарға сәйкес халықтың осал топтары – жасөспірімдер мен жастар арасында ведомствоаралық профилактикалық жұмыс ұйымдастырылды. Барлық өңірде есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізу жоспарлары бекітілді. Бір айда 1800-ден астам осындай іс-шара өткізілді. Денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп 700 іс-шара өткізілді, оның ішінде нарколог-дәрігерлердің қатысуымен 402, еріктілердің қатысуымен 265 акция ұйымдастырылды.

Ал Түркістан өңіріне келсек, есірткілік заттарға тәуелді 292 науқас бақылауда тұр. 2024 жылдың 3 айында наркологиялық стационарлық бөлімшеде өз еркімен нашақорлықтан 6 науқас емделіп шыққан. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресіне бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың жұмыс жоспарына сай облыстың мектептерінде, жоғарғы оқу орындарындарында, нашақорлықтың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау бойынша, халық, оның ішінде жастар арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, нашақорлықтың, маскүнемдіктің және темекі шегудің, насыбайды қолданудың алдын алу мақсатында дәрігерлік семинар, кездесулер өткізілуде. 2024 жылы I тоқсан қорытындысы бойынша облыс жастары арасында нашақорлық пен синтетикалық есірткінің таралуының алдын алу мақсатында «Есірткісіз қоғам», «Денім сау болсын десең», «Нашақорлыққа жол жоқ», «Тәуелділік – ол ессіздік», «Нашақорлық қоғам дерті» тақырыптарында 64 психо-профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, оған 4000-нан астам жас қамтылған. Рейдтер, мониторинг жұмыстары қолға алынған.

2024 жылдың 3 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 212 дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сату бойынша 12 дерек, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдау арнасының 64 дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан 116,6 келі есірткі заттары тәркіленді. Биылғы 3 айда синтетикалық есірткіні жарнамалаған 60 ақпараттық сайт бұғатталды.Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және барлық аудандық полиция бөліністеріндегі ювеналдық полиция тобының инспекторларымен бірге күнделікті облыс жастары, мектеп оқушылары және студенттер арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мен нашақорлықты болдырмау бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп келеді. Биыл 3 айда 33580 мектеп оқушысы мен студенттер және жастар арасында 143 профилактикалық іс-шарасы мен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тексеруінің нәтижесінде аса күшті дәрілік заттардың рецептісіз босатылғаны бойынша биылғы 3 айда 18 хаттама толтырылып, 3 322 800 теңге айыппұл салынған.

Айтпақшы, елімізде Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылмақшы. Бұл жайлы «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған қаулыда жазылған.

«Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылсын»,- делінген құжатта.

Құжат түсіндірмесінде Iшкi iстер министрлiгiнің құрылымындағы Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетін құру есірткіге қарсы қызметтің негізгі бағыттары бойынша функцияларды сапалы деңгейде орындауға, есірткінің қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылдан тұратын ұйымдастырушылық бөлігін мемлекеттік деңгейде жақсартуға мүмкіндік беретіні жазылған.

Ішкіс істер министрлігінде осыған дейін 4 ведомство болған. Ал жаңадан құрылатын комитет министрлікке қарасты 5-ші ұйым ретінде тіркеледі.

Комитет құру мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес жүзеге асырылмақ.

Комитеттің бөлімшелері мемлекеттік есірткі саясатын қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Сондай-ақ бұл бөлімшеге қосымша өкілеттіктер мен штат саны берілетін болады. Комитет қызметкерлерін тұрғын үй төлемдерін алу құқығы беріледі.

«Жобаны іске асыру штат санын көбейту, қызметкерлердің жалақысын көтеру және тұрғын үй төлемдерін беру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 183,3 миллион теңге мөлшерінде қосымша қаржы шығындарын талап етеді»,- делінген құжат түсіндірмесінде.

Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінде мынадай штаттар ашылады:

комитет төрағасы;

комитет төрағасының орынбасары;

басқарма бастығы;

басқарма бастығының орынбасары;

бөлім бастығы;

аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкіл;

аға жедел уәкіл;

жедел уәкіл.

Бұл кешенді жоспар негізінде заңнамалық және нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыру жоспарланған. Қоғамда нашақорлық деңгейін төмендету көзделеді.

Сөз соңында айтарымыз, Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ!» ұранымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы айлық іс-шарасы басталды. Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитет және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығы бөлек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin