Түркістан облысы: Сауран ауданында жиһаз цехы айына 350-ге жуық орындық шығарады

Сауран ауданының Иассы ауылдық округінде орналасқан «Хайдаров ЖК» жиһаз кәсіпорны айына 350-ге жуық орындық дайындайды. Кәсіпорын басшысы Валид Бабирұлы өзі де жиһаз ұстасы болып кәсіпті бастаған. Бүгінде аталмыш цех жергілікті 12 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өнімдер еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатыр.

Өз қаржысына өндіріс орнын ашқан азамат алдағы уақытта цех көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын көбейтуді жоспарлап отыр. Орындықтың бір данасының орташа бағасы 13 мың теңгені құрайды. Бағасы көңілге қонымды, сапасы жоғары өнімдер сұранысқа ие.

Орайы келгенде атап өтерлігі, таяуда Сауран ауданының Жүйнек ауылдық округінде 25-ші жиһаз шығаратын «ASIA BREND» кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков пен аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев, ауыл ақсақалдары мен БАҚ өкілдері қатысқан болатын.

«ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнының басшысы Ұйғын Әбішовтің бастамасымен бастаған кәсіпорында бүгінде 30 қызметкер тұрақты түрде жұмыс атқарады. Өнімнің негізгі өндірілетін түрлері — тұрмыстық жиһаздар. Жатын, қонақ бөлмеге, балаларға арналған, ас үй сөрелері, шкафтар мен шифоньерлер сияқты түрлі жиһаз түрлерін шығарады. Өндіріс орнының жылдық қуаттылығы 10 000 дананы құрайды.

Мұндағы өнімнің жоғары сапалы отандық және түрік жабдықтары мен қазіргі заманғы материалдарды пайдалану арқылы өндіруде. Сондай-ақ, кәсіпорын өнімдері сапа менеджменті сертификатымен расталған. Бұдан бөлек, өндіріс орны дизайнерлердің қатысуымен сенімді компоненттерді пайдалана отырып, тұтынушыға тек жоғары сапалы жиһаз ұсынуда. Аталмыш кәсіпорынның қызметкерлері шын мәнінде бірегей дизайнерлік жиһаздың керемет коллекцияларын жасап шығаруда.

Сонымен қатар ауданда тігін цехы да жолға қойылып келеді. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен ауданда «Игілік» әлеуметтік жобасы қолға алынған болатын. Таяуда аталған жобаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, аудандық мәслихат депутаты Әбдірашид Жүсіпов пен БАҚ өкілдері қатысты.

Жобаның негізгі мақсаты аудандағы көп балалы аналар, аз қамтылған және мүгедіктігі бар отбасыларды қолдауға және өмірлік қиын жағдайдан шығаруға, үйде жұмыссыз отырған аналарды кәсіпке бейімдеуге бағытталған. Осыған орай, Оранғай ауылдық округ әкімдігінің ұйымдастыруымен ауылдық округтегі мәдениет үйінен ғимарат қаралып, тігін цехы жұмысын бастады.

Аталған ғимаратқа аудандағы жеке кәсіпкер «SEM-BRAND» жиһаз фабрикасының басшысы Бабыр Абиловтың демеушілігімен 14 дана тігін машина алынып, орнатылды. Бүгінгі күнге Оранғай ауылдық округінің көп балалы, атаулы әлеуметтік көмек алушы аналарға тігін тігуді үйретуде. Жұмыста жақсы үйренген 14 әйелді жеке кәсіпкер тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталаған жоба алдағы уақытта аудандағы барлық ауылдық округтерде қолға алынатын болады.

Еске салайық, 2023 жылы Қазақстан 13,7 миллион долларға жиһаз өнімдерін экспорттады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 31%-ға артық. Өнімдерінің негізгі көлемі ТМД елдеріне жіберілген. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

Есептік кезеңде еліміздің кәсіпорындары жалпы сомасы 82,6 миллиард теңге болатын жиһаз өндірген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28%-ға көп.

«2023 жылы өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі жиһаз өнеркәсібінің үлесі 0,18% болған, ал өңдеу өнеркәсібінде 0,4 пайызға тең болды. Саланың физикалық көлем индексі көрсеткіші – 143,5%», – делінген хабарламада.

Негізінен ас үйге арналған жиһаздар (50,4%) және кеңсеге арналған ағаш жиһаздар (5,4%) көбірек өндіріліп, тауарлар өсіміне ықпал етіп отыр. Ал мына тауарларды өндіру азайған:

«арнайы отыруға арналған жиһаз» (негізінен металл жақтауы бар) тауарлары – 46,9 %;

асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз – 2,3%;

«жатын бөлмелерге арналған ағаш жиһаз» – 0,1%.

Оған қоса былтырғы жылмен салыстырғанда жиһаз өнімдерінің импорты 5,3%-ға төмендеген. Бұл Қазақстан азаматтары кейінгі жылдары елде өндірілетін өнімдерге басымдық бергенін білдіреді.

Жиһаз өнімдерін тұтынудың ішкі нарығы 2023 жыл қорытындысы бойынша 537,4 миллион доллар немесе 245,2 миллиард теңге болды.

Бұл секторға 17 миллиард 166 миллион теңге инвестицияланды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3,9-ға көп.

Жалпы елімізде жиһаз өндіретін 1515 кәсіпорын бар, оның 1507-і шағын кәсіпорындар. Былтыр бұл салада 14,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Айта кетейік, 2022 жылы ҚР-да жиһаз бен тұрмыстық заттар бағасы айтарлықтай өскен еді. Өнеркәсіптегі кәсіпорындар саны 8%-ға қысқарған болатын.

Қазақстаннан жиһаз экспортының аздығы сонша, көптеген тауарларда ол қолда бар ресурстардың 1%-на да жетпейді. 

Тағы бір атап өтерлігі, былтыр қазан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдегі жиһаз жасау саласындағы кәсіпкерлердің басын қосып, мәжіліс өткізген-ді. Жиынға, сонымен бірге осы салаға бейімделген кәсіпорындарға қажетті жабдықтар тасымалдайтын мекеме өкілдері де қатысты. 

Облыс әкімі Түркістан облысынан арнайы жер бөлініп, өндірістік парктер салынатынын, онда кәсіпкерлерге жағдай жасалатынын айта келе, облыста жиһаз саласы бойынша кластер жасақтау, кәсіпорындарды бір аймаққа шоғырландырып, экспорттық әлеуетін көтеру жөнінде ұсыныс айтқан. 

– Жиһаз саласында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары. Бүгін сіздермен осы саланы одан әрі дамытып, жаңа кәсіпорындар мен зауыттар ашу мәселесін талқылауды жөн көрдік. Жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Бұл ретте әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және кәсіпкерлер күш біріктіріп, жиһаз кластерін дамытуымыз қажет. Оған біздің тарапымыздан қолдау көрсетіледі. Ұсыныстарыңызды, мәселелерді тыңдап, тиісті шешім шығарамыз. Мемлекеттік тапсырыс саласында да алдымен отандық өндірушілерге басымдық беріледі. Ол үшін осы саладағы кәсіпкерлер бірігіп, Түркістанның брендін жасақтауға, экспорттық әлеуетін көтеруге атсалысқандары жөн. Арнайы парктер құрылады, қолдау көрсетеміз, – деген Дархан Сатыбалды. 

Мәжілісті Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев жүргізіп отырды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта, Түркістан облысында жиһаз өнеркәсібі саласында 100-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішіндегі ірілері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне өнімдерін экспорттауда. Облыс кәсіпкерлері жиһаз өнеркәсібі саласында биылғы 8 айда 4,0 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, көлемін өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 43,8%-ға өсірген. 

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев Сауран ауданының Шаға ауылдық округіндегі өндірістік парктердің құрылысы және қазіргі жағдайы жөнінде баяндады. Кәсіпкерлерді осы аумақтан орын алып, жұмыс істеуге шақырды. 

 Кәсіпкерлердің ұсыныстары мен пікірлері де тыңдалды. Атап айтсақ,  Шардара ауданында жиһаз шығаратын «ШЕБЕР» мүгедектер қоғамының директоры Омар Бақтыкерей, Шымкент қаласындағы «Дом под ключ» компаниясы басшысының орынбасары Қуаныш Бекмұрат, Түркістан қаласында жиһаз шығаратын ЖК «Құдайбергенов» кәсіпорнының басшысы Құдрат Құдайбергенов және өзге де кәсіпкерлер жиһаз өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді қозғады. Олар жиһаз саласына жеңілдетілген несие беру, халықаралық көрмелерге қатысуға қолдау көрсету, мамандар тартуға, жас шеберлерді оқытуға жәрдемдесу, мемлекеттік тапсырыс аясында отандық өндірушілерді қолдау, сертификат беру, шетелге экспортқа шығару тетіктерін жеңілдету және түсіндіру жөнінде өтініштерін жеткізді. Осы салаға қолдау білдірген облыс әкіміне алғыстарын айтып, жиһаз кластерін құруға атсалысатындарын атап өтті. 

Алдағы уақытта Түркістан қаласының маңында жиһаз кластерін дамытуға бағытталған өндірістік парктер жұмысын бастайды. Онда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Қорыта айтқанда, 2023 жылы отандық жиһаз өнеркәсібіне инвестиция көлемі 17,1 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда төрт есеге жоғары көрсеткіш (4,4 миллиард теңге).

Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Өткен жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы Түркістан облысында осы салаға 1,4 миллиард теңге инвестицияланған. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, бір жылда саладағы инвестиция көлемі тоғыз еседен астам (9,1) өсім көрсетіп отыр. Мұндай жоғары көрсеткіштер кеңселер мен сауда кәсіпорындары үшін жиһаз өндірісіне (+5,8 есе — 6,3 миллиард теңгеге дейін) және басқа да жиһаздарға (+18,9 есе — 6,9 миллиард теңгеге дейін) инвестициялар көлемін арттырудың арқасында мүмкін болды.

Көрсеткіштің атауы 2022 жылы қаңтар-желтоқсан

 

2023 жылы қаңтар-желтоқсан

 

өсім
ҚР негізгі капиталына инвестициялар, миллион теңге 4 403 17 166 +3,9 есе
Түркістан облысы, миллион теңге 1 442 13 183 +9,1 есе
Кеңселер мен сауда кәсіпорындарына арналған жиһаз өндірісі 1 078 6 302 +5,8 есе
Басқа жиһаз өндірісі 0, 365 6 881 +18,9 есе

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin