Түркістан облысы: Сауран ауданында кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары күшейтіліп жатыр

Бұл жөнінде аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен ауданның апталық мәжілісінде сөз болды. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кеңесшілері, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов, Сауран ауданы бойынша 2024 жылғы көктемгі кезеңдегі энзоотиялық аурудың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың барысы туралы «Ветеринариялық қызмет» ШЖК МҚК-ның аудандық филиалының маманы Мырзахожа Вапаев, аудандық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау басқармасының басшысы Нүрділла Мырзагелдиев баяндама жасады.

«Ветеринариялық қызмет» ШЖК МҚК-ның аудандық филиалының маманы Мырзахожа Вапаевтың мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті 16 ауруына жоспарланған 2646331 вакцинаның 1086030 жеткізіліп, бекітілген жоспарға сәйкес, бүгінгі күнге дейін 648810 вакцина егілгендігін жеткізді.

Ауданда залалсыздандыру жұмыстары бойынша ірі қара малдар 120727 бас, уақ малдарды тоғыту 504738 бас, үй іргелік қора жайларды 2384524, сыртқы ірі шаруа қора жайлар 219600, буферлік аймақтарды (мал иірімдері, суаттар, бұталарды) 973150 шаршы метрді қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін ауыл округтерінің мәліметке сәйкес, ірі қара малдарды бүрку — 1329 бас, уақ малдарды тоғыту – 3801 бас, үйіргелік қора жайлардың — 101764, буферлік аймақтардың — 54690, сыртқы қора жайлардың 790 шаршы метріне залалсыздандыру жүргізілгендігін атап өтті.

Еске салайық, өткен жылы Түркістан облысында 1623 адамды кене шаққан. Салдарынан бір науқас қайтыс болды.

«Түркістан облысы бойынша дезинфекция орталығының» басшысы Қасымбек Исабекұлының сөзіне сүйенсек, наурыз-сәуір айларында облыста кенелерге қарсы дәрілеу шаралары жүргізілді. Жалпы 2 қала, 14 аудандағы 108 елдімекен аумағында кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары жүргізіліп отыр. Бұл бағытта 9 автокөлік, 22 моторлы шашыратқыш аппарат, 16 дезбригада жұмылдырылған.

Өткен жылы Түркістан облысында кене шағудың 1 623 жағдайы тіркеліп, 13 адамның ауруы зертханалық түрде расталған. Оның ішінде 1 науқас көрсетілген ем-шараларға қарамастан қайтыс болды.

«Түркістан облысы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының таралуына қолайлы өңір. Аймақтың климаты ыстық болғандықтан өзге өңірлерге қарағанда, жәндіктер де жер бетіне ерте шығады. Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығы да дамыған. Егерде кене шаққан науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, өлім жағдайына әкелуі мүмкін», — дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Бахтыораз Мизамұлы.

Ағымдағы жылы Сауран ауданы аумағында аса қауіпті және зиянды организмдерге қарсы 7 515 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бүгінгі күнге 10 880 гектарда анықтау-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 760 гектары экономикалық зияндылық шегінен (ЭЗШ) асқандығы анықталды.

Мердігер мекеме «Защита растений-К» ЖШС тарапынан 18 сәуірден бастап 3 дана жер үсті бүріккіш техникасы арқылы 690 гектар жерге «Пиларкинг 20% п.к.» (0,06-0,07 л/га) дәрісімен (48,3 литр) химиялық өңдеу жүргізілді. Химиялық өңдеу жұмыстарының биологиялық тиімділігі 87-90%. Қазіргі таңда аса қауіпті және зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда.

Мәжілісті қорытындылыған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров күн тәртібіндегі қаралған өзекті мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдеріне кенеге қарсы жұмыстарды күшейту керектігін айтты. Сонымен қатар, залалсыздандыру шараларын жүйелі түрде қолға алып, ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin