Түркістан облысы: Ордабасы ауданының шаруаларына мемлекеттік қолдаулар жайлы мол мағлұмат берілді

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыста құрылған агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру жұмысшы тобы ордабасылық шаруаларымен кездесті.

Жиынға шаруалардан бөлек ауылдық округтердің әкімдері мен тиісті бөлімдердің мамандары, жанармай таратушы операторлар да қатысты. Топ құрамында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов (топ жетекшісі), “Қазсушар”, “Тұран су” мекемелерінің, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның, “Ырыс” МҚҰ ЖШС-ның өкілдері болды.

Жиынды аудан әкімі Азат Оралбаев жүргізіп отырды.

Топ мүшелері су үнемдеу технологиясын пайдаланушыларға мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар тұқымды, минералды тыңайтқыштың, пестицидтер мен биогенттердің, су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау мәселелерінің кезеңдері туралы ақпарат берілді.

Естеріңізде болса, елімізде Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Үкімет басшысы елде суды үнемдеу жүйелерін енгізу қарқыны әлі де төмен екенін айтты. Тамшылатып суару әдісі жоспарланған 312 мың гектардың 84 мың гектарында ғана қолданылып жүр.

Сондықтан фермерлерді су үнемдейтін технологияларды қолдануға ынталандыру үшін суару жүйелерін құруға, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару техникасын сатып алуға кететін шығындарды субсидиялау үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылады.

Осының арқасында су үнемдейтін технологиялармен суармалы жер көлемі 1,3 миллион гектарға дейін ұлғайып, шамамен 2,1 текше шақырым су үнемделеді, ауыл шаруашылығы өнімі де айтарлықтай артады деп күтілуде.

«Технологиялар құны қымбат. Оған диқандардың көпшілігінің шамасы жетпейді. Сондықтан оларды өзімізде шығаруды қолға алу керек. Мұндай жобалар қазірдің өзінде талқылануда. Оларды іске асыруымыз қажет», — дейді премьер-министр.

Биыл наурыз айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, су шаруашылығының проблемалары және су үнемдеу технологиясын енгізу мәселелері бойынша мәжіліске қатысқан болатын. Министр бірінші кезекте су үнемдейтін технологияларды енгізу және суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет бұл үшін субсидия көлемін ұлғайтуға және суармалы суға тарифті төмендетуге дейін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді.

Аталған саладағы мәселелердің шешілуіне барынша қолдау көрсетілетінін айтқан Нұржан Нұржігітов өңірдегі су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарына оң баға берді.

Сондай-ақ, министрлік жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты. Мәселен, Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады. Сондай-ақ 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарлануда. 

«Судың көлемі енді көбеймейді. Сондықтан осы бағытта жұмыстарға күш салынады. Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Су кодексінің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық беріледі. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі», – деген-ді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар Үкіметте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді және тамақ өнеркәсібін дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы қаралды.

Құжаттың негізгі міндеті – Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешені саласындағы өнімді қайта өңдеу көлемін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындау. Бұл мақсатта Кешенді жоспарда «Бәйтерек» холдингі және «Halyk Bank» қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несиелендіруге жататын қайта өңдеу саласындағы жобалар пулы қалыптастырылады. Аталған жобалар негізінен сүт-тауар фермаларын, көкөніс қоймаларын салу, мал шаруашылығын дамыту, суару жобаларына, дәнді дақылдарды, етті, жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуге бағытталған. Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау құралдарын қолдануды ескере отырып, қарыз алушы — АӨК субъектісі үшін түпкілікті мөлшерлеме жылдық 6%-дан аспайды.

Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков мәлім еткендей, Кешенді жоспардың негізгі бағыттары өңдеуге бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несиелер беру және еңбекақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы өндірістің табыстылығын арттыру, қорғау шараларын қолдану арқылы ішкі нарықта отандық өңделген өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру.

«Қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, бастапқы өндірістен жоғары өнім шығаруға көшу жөніндегі міндетті шешу үшін мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы өнімдерін терең қайта өңдеуді дамытуға инвестициялар белсенді тартылатын болады. Қайта өңдеудің барлық салаларында: кәсіпорындарды арзан және сапалы шикізатпен қамтамасыз ету, технологиялық құрал-жабдықтарды жаңғырту, қолда барларын қайта жүктеу және қайта өңдеу кәсіпорындарының қосымша қуаттарын құру, сондай-ақ өткізу нарықтарын қамтамасыз ету бойынша елеулі мемлекеттік қолдау қажет», — дейді Ербол Тасжүреков.

«Атамекен» ҰКП өкілі Ербол Есенеев бизнес тарапынан қаржыландыру болған жағдайда Кешенді жоспар жобаларын іске асыруға қатысуға дайын екенін атап өтті.

«Бізге 2024 жылға арналған Кешенді жоспарда өңдеу үлесін 40%-ға дейін жеткізу міндеті қойылған, бұл өте маңызды көрсеткіш. Барлық процедуралық мәселелерді мүмкіндігінше тезірек аяқтап, қаржыландыруды бастау қажет. Екінші деңгейлі банк өзінің жобалар пулын құрып үлгерді, кейбіреулері қаржыландыру міндетін алды. Пулға енгізуге болатын әлеуетті жобалар бар. Тағы бір маңызды жайт, екінші деңгейлі банк ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаражат бөлуге дайын. Бұл жұмысты әкімдіктермен мүмкіндігінше тез пысықтау керек», — деп түйіндеді сөзін вице-премьер.

Кеңес соңында С. Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен Кешенді жоспар бойынша барлық рәсімдік мәселелерді жедел шешуді және өңірлер әкімдіктерімен бірлесе пулдан жобалар әзірлеуге кірісуді тапсырды.

Енді осы орайда 2024 жылы ауыл шаруашылығына субсидия алу тәртібі туралы толық мағлұмат берсек. Бағдарламалардың түрлері, шаруаларға қойылатын шарттар мен талаптар хақында егжей-тегжей ақпарат берейік.

Ауыл шаруашылығында бизнес ашу оңай емес, ол үшін база құру, техника, жабдық, мал, жем сатып алу керек. Бірақ бұл саладағы жаңа өндірушілер азық-түлік қорын қамтамасыз етіп, елге пайда әкелуде. Шаруалардың жағдайын жеңілдету үшін мемлекетіміз субсидиялау және жеңілдікті несиелеу бағдарламаларын жүзеге асырады.

Ауыл шаруашылығына арналған субсидиялар — бұл кәсіпкерлер шығындарының бір бөлігін өтей алатын мемлекеттен бөлінетін қаржылай көмек. Субсидия көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар өсіріп, өңдейтін, асыл тұқымды мал, қара мал және қой-ешкі, құс еті өсірумен айналысатын шаруаларға беріледі. Одан басқа отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және су мен отын шығынын өтеуге арналған субсидиялар да бар.

Қаржылай көмекті шағын фермерлер де, ірі шаруашылықтар да ала алады. Бірақ субсидия тек жұмсалған шығындарды өтейді, яғни егер фермер бизнес ашқысы келсе, онда алдымен керегін сатып алады немесе құрып салады да, содан кейін шығынын дәлелдейтін есептер ұсынып, соның негізінде субсидия алады.

Асыл тұқымды мал шаруашылығына арналған субсидия

Асыл тұқымды мал шаруашылығы — бұл ауыл шаруашылығының маңызды саласы, сол себепті мемлекет селекциялы және асыл тұқымды мал өсіру жұмыстармен айналысатын тауар өндірушілердің шығындарын субсидиялайды, яғни бір бөлігін өтеп береді.

Субсидия мақсаты

асыл тұқымды қара мал басын сатып алу,

ет және ет-сүт бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алу,

асыл тұқымды қой, айғыр, түйе сатып алу,

ет және жұмыртқа беретін асыл тұқымды жас құс сатып алу,

асыл тұқымды бұқаларды, қошқарларды күту,

қолдан ұрықтандыру қызметтері,

қара малдың, қойдың, маралдың, шошқаның тауарлық және асыл тұқымды малдарымен байланысты жұмыс,

бал аралары ұяларымен жұмыс.

Субсидия мөлшері мал түріне байланысты болады. Мысалы, бір отандық асыл тұқымды сиырға 150 мың теңге бөлінсе, Аустралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан немесе Еуропадан әкелінген сиырға 300 мың теңге субсидия беріледі (мемлекет селекция жұмыстарын жүргізу үшін жаңа тұқым сатып алуға мүдделі). Жалға алынған малға субсидия берілмейді. Субсидиялардың толық тізбесі мен нормативтермен осы сілтемеден танысуға болады.

Фермерлерге қойылатын талаптар

Фермер субсидия алу үшін арнайы талаптарға сай болуы керек — ол талаптар мал түріне және мал шаруашылығының түріне қарай өзгеріп тұрады.

Мысалы, селекция мен асыл тұқым өсіруге байланысты жұмыстарға субсидия алу үшін барлық мал басы селекция және асыл тұқым жұмысының ақпараттық қорында (САТЖАҚ) және ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасында (АЖБ) тіркелуі керек. Жалпы саны 20–30 аналық мал басына бір жасқа толған және бұрын тұқым шығаруға пайдаланылмаған кемінде бір асыл тұқымды бұқа болуы қажет.

Өтініш беру мерзімі мал шаруашылығының түріне байланысты болады, әдетте, ол ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан 20 желтоқсанына дейінгі кезең (өтініш мал сатып алған күннен бастап 12 ай ішінде тапсырылады).

Өсімдік шаруашылығына берілетін субсидиялар

Өсімдік шаруашылығына субсидиялар келесі бағыттар бойынша беріледі:

басым дақылдар, оның ішінде көпжылдық көшеттер өндiру,

тұқым шаруашылығы,

тыңайтқыштар (органикалық тыңайтқыштар кірмейді),

зиянды организмдерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған биологиялық агенттер мен пестицидтер.

Әр аймақтың өз басым дақылдар тiзбесі және әр жыл сайын нақтыланатын субсидия нормалары бар. Мысалы, Жетісу облысы бойынша 2024 жылы алты бағыт бекітілген — бұл қант қызылшасы, дәнді дақылдарға арналған жүгері, майлы дақылдар, қарақұмық, өнеркәсіптік жылыжай кешендерінде өсірілген көкөністер, фермадағы жылыжайдағы өсірілген көкөністер, ал Шымкент қаласында — үш бағыт: мақсары, өнеркәсіптік және фермадағы жылыжайда өсірілген көкөністер. Басым дақылдардың тiзбесі мен нормаларын білу үшін, өзіңіздің қалаңыз бен ауданыңызға қарау керек.

Тұқым шаруашылығына арналған субсидияны түпнұсқа тұқым өндірушілер, элит тұқым және тұқым шаруашылықтары, ауыл шаруашылығында тауар өндірушілер немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері толық бағамен сатып алынған тыңайтқыштар, пестицидтер, биоагенттер үшін ала алады. Тұқымға арналған субсидиялар егіннің түріне байланысты: түпнұсқа тұқымнан бидай өсіретін болсаңыз, 166 000 теңге сұрай аласыз, ал бұршақ өсірсеңіз, 171 500 теңге субсидия сұрай аласыз.

Ауыл шаруашылығы өндірушілер суаруға субсидия ала алады. Субсидия мөлшері сатып алынған суармалы судың текше метрі мен тарифтердің пайыздық қатынасына байланысты болады. Күріш дақылдарына 2024 жылы ол ҚҚС-сыз тарифтің 50% құрайды, басқа ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін сараланған түрде белгіленеді.  Әр жылға бекітілген субсидия есептеу тәртібін мына сілтемеден қарауға болады.

Сондай-ақ, фермерлер егін жинау жұмыстарына арзандатылған дизель отынын ала алады. Оның көлемі жер көлемі мен ауыспалы егіс көлеміне қарай автоматты түрде есептеледі. Фермер тек егінін растап, оператор таңдайды да, электронды қолтаңбамен өтінішке қол қояды. Әр оператордан сатып алынған жанармай көлемі мен қалдығы онлайн режимінде бақыланады.

Өсімдік шаруашылығы егінін көбейтуге және сапасын арттыруға арналған субсидия ережелерімен осы сілтемеден танысуға болады.

Инвестицияға арналған субсидиялар

Инвестицияға арналған субсидиялар жоба паспорттарына сәйкес жаңа өндіріс орындарын құруға немесе жұмыс істеп тұрған қуаттарды кеңейтуге, жаңғыртуға, техника және ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтарын сатып алуға беріледі. Барлығы 30–ға жуық бағыт субсидияланады. Мысалы, қант өндіретін кәсіпорын құруға салынған инвестицияны субсидиялау үлесі 25%, ал басым ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу немесе жылыжай кешенін салуға және кеңейтуге салынған инвестицияны субсидиялау үлесі 30% құрайды. Мына сілтемеде субсидиялауға жататын жобалар паспорттарының толық тізбесі берілген.

Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау

Агробизнес дамытуға жеңілдікпен несие алған шаруаларға мемлекет несие пайызының бір бөлігін өтей алады.

Қағида бойынша ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі + 7,5% қолданылады, кәсіпкер оның тек 6% төлейді, ал қалғанын мемлекет субсидиялайды. Субсидиялау мерзімі несие мерзімінен аспауы керек.

Мына мақсаттарға берілген несиелерді субсидиялауға болады:

ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде аспалы және тіркемелі жабдықтар, ауыл шаруашылығы жануарларын, негізгі құрал сатып алуға және құрылысқа берілген несиелер (ұн, минералды су және алкогольсіз сусын өндіруге сатып алынған негізгі құралдар бұл тізімге кірмейді);

өндіріс процесінің технологиялық цикліне жұмсалатын айналым қаражатын толықтыру;

көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу.

Фермерлерге ауыл шаруашылығына жеңілдікті несие алу тәртібі

Субсидия алуға өтініш беру

Субсидия алуға барлық өтініштер Gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік жүйесінде беріледі. Субсидияның барлық түрлеріне өтініш беру тәртібі:

Gosagro.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліңіз.

Негізгі бетте субсидиялау категориясын таңдаңыз, мысалы, басым дақылдарды субсидиялау.

Өз аймағыңызды таңдап, «Қызмет алу» батырмасын басыңыз.

Жеке кәсіпкерлік немесе заңды тұлға ретінде тіркелу формасын таңдаңыз.

Мына өрістерді толтырыңыз — ЖСН/БСН, телефон нөмірі, біздің мысалда кездесетін өріс — ауыспалы егіс жылы, егін дақылы, ЖК немесе ЖШС аты-жөні жазыңыз.

Жер учаскесі туралы мәлімет, банк деректемелері толтырыңыз және қажет құжаттарды (қайта өңдеу кәсіпорнымен жасалған ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісімшарт), шот туралы туралы анықтама, өңдеуші кәсіпорын шығындарының төлем құжаттарын жүктеңіз.

Құжат жасап, ЭЦҚ-ға қол қойып, процедураны аяқтаңыз.

Өтініш екі күн ішінде қарастырылады. Кейін субсидиялауға нәтижелері электронды поштаға және порталдағы жеке кабинетіңізге жіберіледі.

Сайтта Күту тізімі бар — фермерлер бюджет бөлінгенше күтіп отырмай, өзі ыңғайына қарай кез келген уақытта өтініш бере алады. Өтініш мақұлданғаннан кейін жүйеге түсіп, төлем кезегін күтеді. Әр қаладағы Ауыл шаруашылығы басқармалары ағымдағы өтінішті қарастырмағанша, келесі өтінішке көше алмайды. Өтініштерді тіркеу және күту тізімі онлайн жарияланған.

Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенін дамытуға субсидияны бірыңғай субсидиялау жүйесі арқылы онлайн алуға болады. Процедура толығымен автоматтандырылған, сол себепті сыбайлас жемқорлық қаупіне жол берілмейді.

Одан бөлек “Ауыл аманаты” бойынша берілетін 2,5% жеңілдетілген несиені алудың жолдары түсіндірілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешеніндегі экономикалық саясаттың талдау орталығымен бірлесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша микрокредиттеудің ақпараттық жүйесін әзірледі. Ол кредит алу үшін электрондық өтінім беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындары үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Бұл жайында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуынша, қазіргі уақытта бұл жүйе Жамбыл облысында іске қосылған. Сондай-ақ жақын арада Ақтөбе және Алматы облыстарында енгізіледі.

Айта кетерлігі, бағдарламаны іске асыру аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Оның аясында 6,2 миллиард теңге сомасына 299 кооператив қаржыландырылды.

«Тұтастай алғанда, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану түрінде, сондай-ақ кооперативтер арқылы өнім өндіруді және оны өткізуді ұлғайту мүмкіндігінде өзіндік артықшылықтарға ие, бұл болашақта өндірілген өнімді сауда базарларының, қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді», — дейді вице-министр.

Осыған байланысты, бағдарлама шеңберінде кооперативтер құруды ынталандыру үшін кредиттеудің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған кредит беру көзделген. Бүгінгі таңда бұл сома 29,5 миллион теңгені құрайды.
Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қалған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең шарттарда мемлекеттік қолдаудың барлық қолда бар шаралары қолжетімді. Осылайша, кооперацияны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау кезінде басымдылық пен жоғары нормативтер көзделген. Мұнда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының жекелеген түрлерінің құны жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35-50%-ға дейін ұлғаяды.

«Салық кодексіне ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін салықтың бес түрі бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі көзделген. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту шеңберінде облыс әкімдіктері өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, кооперативтерге базарларда, жәрмеңкелерде орын бөлу үшін жағдайлар жасау, кооперативтермен жұмыс істеу бойынша өңірдің ірі зәкірлік кәсіпорындарын тарту кезінде кооперацияның әлеуетін іске қоса алады», – дейді ведомство өкілі.

Басқосудың екінші бөлімі сұрақ-жауап форматында өтіп, топ жетекшісіне, мүшелеріне өздерін толғандырған мәселелер бойынша сұрақтарын қойып қойған шаруаларға нақты жауаптар берілді.

Жиын топ өкілдерінің азаматтарды жеке қабылдауымен жалғасты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin