Түркістан облысы: Ордабасы ауданының әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешімін табуы тиістігін ескертті

Бұл жөнінде аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен апталық аппараттық мәжілісте айтылды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат жетекшісі мен мамандар, дербес бөлім басшылары мен ауыл округтердің әкімдері, коммуналдық және облысқа бағынысты мекемелердің басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде “Ауыл аманаты” жобасының іске асырылуы және көктемгі дала жұмыстарының барысы, Төрткүл ауылдық округіндегі абаттандыру, тазалық және көктемгі тал отырғызу жұмыстары, облыс және аудан әкімінің тұрғындармен есепті кездесулерінде көтерілген мәселелердің орындалуы туралы мәселелер қаралды.

Күн тәртібіне сәйкес аудан әкімі Азат Оралбаев ауыл әкімдері мен ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына “Ауыл аманаты” жобасына енген ауыл округтерде тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Атап өтерлігі, “Ауыл аманаты” жобасының ІІІ кезеңін Қажымұқан, Шұбарсу, Төрткүл және Бөген ауылдық округтерінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аталған ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы өндірістік коперативтерін құру арқылы жүзеге асырылмақ. Яғни, көкөніс, құс, балық, мал шаруашылықтарын дамыту көзделіп отыр.

Жобаға 410 адам қатысып, 422 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Мысалы, Бөген ауылдық округінде 200 бас түйені құрайтын ауыл шаруашылығы өндірістік коперативін құрып, оған 90-нан астам мүше енгізілмек. Мұнда түйе сүтін өткізу, жинау, өңдеу жұмыстары қолға алынатын болады.

Жалпы, Ордабасы ауданында «Ауыл аманаты» жобасымен кәсіп ашқандар саны артып келеді. Соның бірі — Ордабасы ауданы Шұбар ауыл округі, Тоқсансай елді мекенінің тұрғыны Ұлжалғас Аманбекова «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өз кәсібін ашқан. Бастапқыда ірі қара мал басын бордақылау бағытында 8,6 миллион теңге несие алуға мүлкін кепілге қойып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде комиссияның оң шешімін алған. Кәсіпкер несие қаржысына Жамбыл облысынан 23 бас ірі қара мал әкеліп, шаруашылығын бастаған.

Алдағы уақытта ірі қара мал басын бордақылап, ет өнімдерін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Шұбар ауыл округі бойынша «Шұбар-1» ауыл шаруашылығы өндірістік коперативіне 92 азамат несие алуға тіркелген. Олар түрлі бағыт бойынша несие алуға өтініш берген. Оның ішінде мал бордақылаумен айналысуға — 82, құс шаруашылығына — 1, балық шаруашылығына — 5, өсімдік шаруашылығына — 3, омарташылыққа (бал арасын өсіру) — 1 және өз кәсібін ашуға бағыты бойынша 4 азамат несие алуға ниет білдірген. Бүгінде 72 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, 60 жоба қаржыландырылған. Оның 56-ы — мал бордақылау, 2 жоба — өсімдік шаруашылығы, 2-і — өзге бағыт бойынша.

Иә, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші екенін айтып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдаудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып, өңірлерде пилоттық жоба ретінде жүзеге асып келеді.

«Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған. Ең бастысы, кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді етіп, жобаларды шағын инвестициялармен жүзеге асыруға мүмкіндік беруге қол жеткізу. Осындай жобалар арқылы ауыл халқының табысын арттыру болып отыр.

Осы орайда, Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауыл округінің тұрғыны Серік Мұратбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие алып өз кәсібін ашқан. «Серік» атты жеке тігін цехын ашқан азамат керекті құрал-жабдықтарын алып, өз үйінде тапсырыс қабылдап кәсібін дөңгелетуде. Тігіншілікті отбасылық кәсіпке айналдырған шеберлер құрақ көрпе, жасау, қыз жасауы секілді бұйымдарды дайындайды.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Ордабасы ауданының Шұбар ауыл округі бойынша қазіргі уақытта 92 азамат несие алуға ниет білдірген. Оның ішінде облыстық «Ырыс» микроқаржы ұйымына 76 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінгі күнге 60 азаматтың жобалары облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған.

Сонымен бірге, мемлекеттік бағдарлама аясында кәсібін дөңгелетуге ниеттенген жанның бірі — кентаулық көпбалалы ана Ажар Қалдыбаева. Кәсіпкер мемлекеттен 8,5 миллион теңге несие алып, тігін шеберхасын ашқан. Қаржысына арнайы техникалар мен қажетті құрылғыларды сатып алған.

Көпбалалы ана 15 жылдан бері үйінде тапсырыс қабылдап, көрпе-жастықты қолмен тігіп келген. Бүгінде шеберханаға мақта түтетін, көктейтін және көрпені 320 түрлі үлгіде тігіп шығаратын құрылғы алған. Қажетті техникалар арқылы уақытын тиімді пайдаланатын кәсіп иесі, енді тапсырыстың да саны артатынына сенімді. Отбасылық кәсіпке айналған шағын цехта үш адам жұмыс істейді.

Расын айту керек, «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға ерекше қызығушылық танытқан өңірдің бірі – Түркістан облысы. Қарапайым ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, кәсіп ашуына мүмкіндік беретін бағдарламаға биыл бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, несие алуға ауылдық елдімекендермен қатар, шағын қалалар қосылды. Бағдарлама қаражатының 50 пайыздан аспайтын бөлігі мал, құс, балық сатып алуға беріледі. Биыл бұл мақсатта республикалық бюджеттен 13,2 млрд теңге қарастырылмақ. Нәтижесінде 62 ауылдық округінде жаңадан 62 кооператив құру жоспарланып отыр. 2640 жоба қаржыландырылып, 4500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Пилоттық жобада жинақталған тәжірибені ескере отырып, биылғы бағдарламаға енгізілген өзгерістердің бірі — жобаға қатысушыларға тұрақты жұмыс орындарын құру мінеттеледі. Сондай-ақ бөлінген қаражатқа техника сатып алып, жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бөлінген қаржыға жеңіл автокөлік сатып алуға болмайды. Және ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстарынан сатып алуға тиым салынады.

– «Ауыл аманатының» нәтижесін ел көріп отыр. Жаңа жобалаларды үйлестіруде бағыттарға басты назар аудару керек. Әр ауданның өз брендін қалыптастыруға назар аударыңыздар. Мысалы, Бәйдібек, Сайрам аудандары десе, ел мал шаруашылығын еске түсіреді. Шардара десек, балық өндіру дамыған аймақ екенін білеміз. Сол секілді бұрын Сарыағаш десе, ел жүзімді алқаптарды айтатын. Сонықтан әр аймақтың өзіндік ерекшелігін қарастыра келе, сол бағытқа бет бұру. Жаппай бәрі мал өсіріп, не қызанақ егіп, қалған салалар құр қалмау керек, – дейді өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында өткен жылдан бері 19,8 миллиард теңгеге 3200-ден астам жоба қаржыландырылды. 16 ауданның 64 ауылдық округінде жаңадан 75 кооператив құрылып, 3,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Халықтың 80 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұратын Түркістан облысына пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған адам қатысты. Сондай-ақ 16,4 га алаңға 328 жылыжай құрылысы қаржыландырылды. Жоба аясында 21 трактор, 2 комбайн алынып, 19 қайта өңдеу орындары ашылды.

– Етті бағыттағы ірі қара малдың саны 5 714 басқа, сүтті бағытта 22 400 басқа, жылқы саны 2 500 басқа, ұсақ мал 14 286 басқа артты. Ауыл тұрғындары мал бордақылап, балық өсіруді қолға алды. Енді бірі шағын кәсіпкерлікті дамытуда. Бағдарламаның игілігі жөнінде халыққа жан-жақты түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жан-жақты зерделенген жобада ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі — 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылықтарын дамыту, кооперативтерді техникамен жабдықтау және өз кәсібін ашу.

Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің айтуныша, 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру басталды. Бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 9,2 миллион теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы – 29,5 миллион теңге).

Айта кету керек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлерде сенім білдірілген өкіл (агент) ретінде әрекет етеді, олар бағдарлама қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Бағдарламаны іске асыру аясында 2023 жылы 17 мың шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінді.

Қаражаттың негізгі бөлігі – 70%-ға жуығы Жамбыл (24,1 миллиард теңге), Түркістан (19,8 миллиард теңге), Ақтөбе (16 миллиард теңге) және Алматы (8,3 миллиард теңге), облыстары үшін қарастырылған. Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың басым бөлігі – осы облыстарда, сондай-ақ олардың ішінде еңбекке жарамды адамдар қатарынан бола тұра, бірде-бірі жұмыспен қамтылмаған отбасылар байқалады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінгі таңда 82,4 миллиард теңге сомасына 13,2 мың шағын несие берілді. Бұл ретте 4 облыста қаражаттың игерілмеуі байқалады. Ақтөбе облысында 11,1 миллиард теңге (69,5%), Ұлытау облысында 1,6 миллиард теңге (46,1%), Алматы облысында 2,8 миллиард теңге (33,3%), Жамбыл облысында 3 миллиард теңге (12,6%) игерілмеген.

«Жалпы шағын несиелеу бағдарламасы ауыл тұрғындарының негізінен мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытынын көрсетті. Мәселен, мал шаруашылығы саласына берілген шағын несиелердің жалпы көлемінен 79%-ы, өсімдік шаруашылығына 4,1%-ы және ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлеріне 16,9%-ы бағытталды», — дейді Ербол Тасжүреков.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында салаларға несие беру бойынша сараланған тәсілді қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бөлінген қаражаттың жалпы сомасының 50%-ынан аспайтын мөлшерде мал шаруашылығы саласына жіберуге шектеу қойды.

Сонымен қатар министрлік «АӨК-дегі ЭСТО» ЖШС-мен бірлесіп «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша шағын несиелеудің ақпараттық жүйесін әзірледі, ол несие алуға электрондық өтінім беруге мүмкіндік береді, бұл ауыл тұрғындары үшін бағдарламаның қолжетімділігін арттырады. Қазіргі уақытта бұл жүйе Жамбыл облысында іске қосылған, сондай-ақ жақын арада Ақтөбе және Алматы облыстарында іске қосылатын болады.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәлімдеуінше, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,2 миллиард теңге сомасына 299 кооператив қаржыландырылды.

«Жалпы ЖҚШ-ты кооперативтерге біріктіру ауыл шаруашылығы техникасын бірлесіп пайдалану түрі, сондай-ақ кооперативтер арқылы өнім өндіруді және оны өткізуді ұлғайту мүмкіндігі бойынша өзіндік артықшылықтарға ие, бұл болашақта өндірілген өнімді сауда базарларының, қала дүкендерінің сөрелеріне шығаруға мүмкіндік береді», — дейді Ербол Тасжүреков.

Осыған байланысты бағдарлама аясында кооперативтер құруды ынталандыру үшін несиелеудің ең жоғары сомасы 8 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылған кооперативтерге несие беру көзделген (2024 жылы – 29,5 миллион теңге).

Ауыл шаруашылығы вице-министрінің сөзінше, бүгінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қалған ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тең негізде мемлекеттік қолдаудың барлық қолда бар шарасы қолжетімді. Осылайша, кооперацияны ынталандыру үшін инвестициялық субсидиялау кезінде басымдылық пен жоғары нормативтер көзделген, мұнда ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығының жекелеген түрлері бойынша құны жергілікті бюджет қаражаты есебінен 35-50%-ға дейін ұлғаяды.

Салық кодексінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін салықтың бес түрі (корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, мүлік салығы, көлік құралдары салығы) бойынша 70% жеңілдік беретін арнайы салық режимі көзделген.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту аясында облыс әкімдіктері өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, кооперативтерге базарларда, жәрмеңкелерде орын бөлу үшін жағдайлар жасау, кооперативтермен жұмыс істеу бойынша өңірдің ірі зәкірлік кәсіпорындарын тарту кезінде кооперацияның әлеуетін іске қоса алады.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл тұрғындары арасында бағдарлама бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ түсіндіру жұмыстарына ауылдық округтердің барлық әкімі жұмылдырылған. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында, әлеуметтік желілерде шағын несиелеу шарттары жарияланды, ауыл тұрғындарының табысты тәжірибесі туралы бейнероликтер жарияланды», — дейді Ербол Тасжүреков.

Вице-министр кейбір табысты бизнес-жобалардың мысалдарына қысқаша тоқталып өтті. Мысалы, Түркістан облысында Балтакөл ауылындағы Біржан Жүнісов наубайханасының жобасы жүзеге асырылуда, онда күн сайын 300-ден астам нан сатылады. Жобаны жүзеге асырғанға дейін кәсіпкер жұмыссыз болған. Ауыл тұрғыны 8 миллион теңге несие алды. Жоба сәтті жүзеге асырылуда және кәсіпкер несиені мерзімінен бұрын өтеуді және бизнесті кеңейтуге 29 миллион теңгеге дейін қайта алуды жоспарлап отыр, оған бағдарламаның шарттары мүмкіндік береді.

Қызылорда облысында алғашқылардың бірі болып Бидайкөл ауылындағы «Барлыбай және К» кооперативінің томат пастасын өндіру цехы шағын несие алды. Мұнда басшы Қанат Мұсаев несиеге 27,6 миллион теңге алып, томат пастасы мен консервіленген өнімдерді өндіру желісін сатып алды. Цехтың қуаты – тәулігіне 2 тонна өнім. Бүгінгі таңда 25 мың банка өнім – томат пастасы, аджика, салаттар сынама ретінде дайындалды. Кәсіпкер сапа сертификатын алды. Сондай-ақ жобаны іске асыруға кооператив мүшелері ретінде тұқыммен, көшетпен, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген ауыл тұрғындары тартылады. Олардың өнімдері томат пастасын өндіру цехына қабылданады.

Сонымен қатар «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Сараптамалық топ құрылды. Осы Сараптамалық топ нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу бөлігінде, оның ішінде Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдаған ұсыныстар берді:

  • Бюджет кодексіне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қаражатты тікелей аудару үшін (ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жолданды);
  • уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты өткізу кезінде ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне қосымша балл беру үшін Жер кодексіне (бұл мәселе пысықталуда);
  • ӘКК-нің ауыл шаруашылығы кооперацияларының жарғылық капиталдарына қатысуы үшін «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға (бұл ұсыныс Ұлттық экономика министрлігіне жіберілді);
  • ӘКК-ні бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүргізу жолымен сенім білдірілген агент ретінде айқындау үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға.

Оған қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасын жетілдіру бөлігінде ұсыныстар берілді, оның ішінде:

  • мал шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында және қызмет көрсету саласында, әсіресе тауашалық салаларда (бал, гүлдер, құс, ұсақ тауарлы фермаларда артықшылығы бар ІҚМ және ұсақ мал фермаларында және т.б. отбасылық фермалар) үлгілік жобаларды әзірлеу;
  • өнімді өткізуді, қайта өңдеуді және оны өткізуді қамтамасыз ету мақсатында бағдарламаға қатысушылар іске асыратын жобаларды кластерлік модельге немесе кооперацияға интеграциялау;
  • кооперативтерді құру кезінде сату кооперативтеріне баса назар аудару қажет;
  • ірі агробизнес пен жобаға қатысушылар арасындағы кооперация және т.б.

Бұдан басқа облыс әкімдері Ауыл шаруашылығы министрлігімен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісім бойынша бағдарламаның негізгі көрсеткіштерін бекітті.

Экономикалық көрсеткіштердің мониторингі Ауыл шаруашылығы министрлігіне бекітілді, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мониторинг жүргізілетін әлеуметтік көрсеткіштер ескерілді. Бағдарламаны іске асыруға 2024 жылы 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Қаражат жетіспеген жағдайда облыс әкімдіктерінің жергілікті бюджет қаражатынан шағын несиелеуге қосымша қаражат бөлу мүмкіндігі бар, бұл “Ауыл Аманаты” бағдарламасы аясында ауыл мен шағын қалалардың тұрғындарын несиелеумен қамтуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», — дейді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

 Сондай-ақ елді мекендердің тазалығына және тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге немқұрайлы қараған жауапты азаматтарға қатаң шара көрілетіндігін ескертті. Одан бөлек, аудан әкімі халықпен кері байланыс орнатуды жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, кейбір ауыл әкімдерінің, бөлім басшыларының апталық аппараттық мәжіліске дайындықсыз келетінін сынға алған аудан басшысы әрбір мәселенің артында халық тұрғанын жадыларынан шығармауды ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin