Ауданда энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында дәрілеу жұмыстары бастау алды. Жуырда аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбайдың қатысуымен жиын өтіп, облыста конго-қырым қанды қызбасының алдын алу бойынша дәрілеудің (энзоотиялық шаралар) айлық шарасы басталғаны хабарланған болатын.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейтқұлов, ауыл округтердің әкімдері мен салалық бөлімдердің, мекемелердің қызметкерлері қатысқан.
2024 жылы Ордабасы ауданы бойынша энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында І кезеңге 108 972 бас ірі қара малды бүрку, 462 861 бас уақ малды тоғыту, 3 721 183 шаршы метр үй іргелік қора жайларды, 879 500 шаршы метр мал иірімдерін, суаттар мен бұталарды және 517 236 шаршы метр сыртқы қоражайлар мен аумақтарды залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
2024 жылы аудан бойынша энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында І кезеңге ірі малдарды бүркуге, уақ малдарды тоғытуға 2 478 литр «Дизицип» сұйық дәрісі, үй іргелік қора жайлар, мал иірімдері мен суаттарды және сыртқы қоражайлар мен аумақтарын залалсыздандыруға 20 472 келі «Дуэт 0,12 %» инсектоакарацидтті ұнтақ дәрісі жұмсалмақ.
Осы тұста есте ұстайтын маңызды жайт, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері: инкубациялық кезең (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан-аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі мерзім) 1-14 күнге дейін созылады, бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты болады.
Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілері, ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы қалай жұғады? Негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасмалдаушы кене, сонымен қатар жабайы және үй жануарларының ағзасында да ауру қоздырғыштары болады. Адамның ауруды жұқтыруы жұқпаланған кенемен қатынаста немесе кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, сұйықтығымен және ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдар арқылы жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін.
Табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда және қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасты болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию қажет (қалпақты комбинезон, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салу, жақсы қорғалған аяқ және бас киім, резіңке колғап).
Табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды (мойын, бастың шаш бөлігі, дененің артқы жағы т.б.) бір-біріңіздің үстеріңізді мұқият қарап отыру қажет. Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет.
Кене шаққанда немесе кенемен жанаста болу арқылы аса қауіпті инфекцияны жұқтыру мүмкін болғандықтан, өзіңізді және өз жанұяңызды қорғау үшін міндетті түрде жеке басты қорғау, сақтану құралдарын пайдаланыңыз!
Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралуыңыз және 14 күн медициналық бақылауда болуыңыз қажет.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында облыс әкімдігінің қаулысымен үй жануарлары арасында жиі кездесетін энзоотиялық аурулардың тізбесі бекітіліп, жыл сайын тиісті іс-шаралар атқарылуда.
Түркістан облыстық ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен «Энзоотиялық іс-шараларға дайындық барысы және атқарылу жоспары туралы» жиналыс өткізіліп, іс-шараға дайындық барысы пысықталды. Оған аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдері, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, АШМ ВБжҚК Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшылары мен «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-ы және аудан қала бойынша филиал басшылары қатысты.
Түркістан облыстық ветеринария басқармасының Ғани Құрманбай жауаптыларға тапсырма беріп, бұл жұмыстардың аса маңызды екеніне тоқталды. Жоспарлар бекітіліп, жұмыстар талқыланды.
Бүгінде энзоотиялық аурулардың алдын алу үшін қажетті 32 тонна «Дизицип» (сұйық препарат), 246,7 тонна «Дуэт» (ұнтақ) препараттары сатып алынып, 17 ауданға толығымен жеткізілді.
Көктемгі кезеңде 1 595,7 мың бас ірі малды бүрку және 5 197,0 мың бас ұсақ малды тоғыту, 39,3 млн шаршы метр қоражайлар мен жапсарлас аумақты, 15,1 млн шаршы метр мал иірімдері, суаттар, бұталар, 7,2 млн шаршы метр сыртқы қоражайлар мен аумақтарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл іс-шараларды Түркістан облысының ветеринария басқармасының «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК-ы атқарады.
Залалсыздандыру жұмыстары мемлекет есебінен тегін жүргізіледі. Облыс тұрғындары залалсыздандыру жұмыстары басталғанға дейін ауласындағы қоражайларды механикалық тазалаудан өткізуге міндетті.
Биыл залалсыздандыру жұмыстары 10 сәуірден жүргізіле бастады.
Түркістан облысы аумағындағы ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, кенелерге қарсы жануарларды, үй-жайларды және өзге де аумақтарды жәндіктер мен басқа да буынаяқтылардан қорғау және жою бойынша бірқатар іс-шаралар тізбегі жоспарланған.
Энзоотиялық іс-шараларды атқаруға 1878 маман жұмылдырылды. Іс-шараны атқаруға қажетті 17 дана сәйкестендірілген ДУК автокөлігі, 19 дана мотопомпа жұмылдырылып отыр. Облыс бойынша дизенфектор мамандар 140 дана ранцтік аппаратпен, 3000 дана арнайы киіммен, 11 268 респиратормен, 3756 дана қорғаныс көзілдірігімен, 3756 дана қолғаппен және 1878 дана етікпен қамтамасыз етілді.
Осылайша Түркістан облысында ветеринария саласына тиісті қолдау көрсетіліп, жұмыстар күшейтілді. Ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін 16 түрлі аса қауіпті ауруға қарсы тиісті іс-шаралар атқарылуда. 2023 жылы барлығы 13 ауруға қарсы 29,5 миллион доза вакцина егіліп, жоспар толығымен орындалды. 2024 жылы 30,1 миллион доза вакцина егу жоспарланып, бүгінгі таңға 12,8 миллион доза вакцина бөлініп, аудан, қалалардағы уақытша сақтау қоймаларына жеткізілген. Төрт түлікке екпе жұмыстары басталуда.
Бұл саладағы жұмыстар мен кемшіліктер және жоспарлар жуырда Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде де талқыланған-ды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірде ауыл шаруашылығының маңызы жоғары екеніне тоқталып, ветеринария саласындағы жұмыстар өте сапалы атқарылуы тиіс екеніне тоқталды. Тіпті өз жұмысын дұрыс атқара алмай жатқан кейбір филиал басшыларына қарсы қатаң қызметтік шара көруді тапсырды.
– Эпизоотиялық жағдайды үнемі бақылап, тұрақты ұстап отыруымыз керек. Өйткені, Түркістан облысының негізгі басымдықтарының бірі – мал шаруашылығы. Егер ветеринария саласында эпизоотиялық жағдай дұрыс болмаса, мал шарушылығына зиян келеді. Экспорт та тоқтайды. Сондықтан өте үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеңіздер. Көптеген аудандарда жолдың бойында, қоқыс полигондарында малдың өлекселері жатыр. Малды сойып, терісін далаға тастап кететіндер де бар. Бұл аурулардың таралуына әкеліп соғу мүмкін. Сондықтан осы мәселені ретке келтіріңіздер. Қатаң қадағалап, тәртіп орнату керек. Биыл ветеринария саласында кене шағу жағдайларын, мал ауруларының таралуын төмендетіңіздер. Ол үшін вакцинация, зарарсыздандыру жұмыстары сапалы әрі оны жүргізген мамандар білікті болуы тиіс, – деген Дархан Сатыбалды Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылындағы мал базарын ретке келтіру, өңірдегі мал базарларын талапқа сай ету, санитариялық тазалық жұмыстарын күшейту, «Беккари» шұңқырларына қатысты түйткілдерді шешу бойынша тапсырмалар берді.
Түркістан облысының ветеринария басқармасының басшысы Ғани Құрманбай ветеринариялық іс-шараларды өткізу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 2022 жылмен салыстырғанда бруцуллезге шалдығу дерегі мүйізді ірі қараларда – 41 %, уақ мал арасында 37 %-ға азайған.
2024 жылы бруцеллез ауруына қарсы 1 247,0 мың ірі қара және 4 344,8 мың бас уақ малдардан қан сынамасын алу және ветеринариялық зертханаға жеткізу жоспарланып, бүгінгі танда 105,2 мың, бас ірі қара, 281,5 мың, бас уақ мал тексерілді.
Былтыр энзоотиялық аурулардың алдын алуға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаржы бөлініп, бұл іс-шараларды атқаруға кәсіпорыннан 1552 қызметкер жұмылдырылған. Мамандар арнайы қорғаныс киімдермен қамтамасыз етілген. 17 дана сәйкестендірілген ДУК автокөлігі әперілген. 3 056,5 мың бас ірі малды бүрку және 9 773,7 мың бас ұсақ малды тоғыту жұмыстары жүргізілді. 74,2 миллион шаршы метр қора жайлар мен жапсарлас аумақтар, 29,2 миллион мал иірімдері, суаттар, бұталар залалсыздандырылған.
Биыл бұл іс-шараларға қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігермен келісімшарт түзілді. Көктемгі кезеңде 1 595,7 мың бас ірі малды бүрку және 5 197,0 мың бас ұсақ малды тоғыту, қоражай мен жапсарлас аумақты, суаттар мен бұталарды залалсыздандыру, тиісті іс-шараларды атқару жоспарланып отыр.
Құтыру ауруының алдын алу және таралу жолдарын болдырмау мақсатында былтыр қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау, залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қолданыстағы ережелерді сақтамай үй жануарларын қараусыз жібергені үшін ішкі істер органына 514 ұсыныс беріліп, 485 адамға «Әкімшілік құқық бұзушылық» заңы басшылыққа алынып, айыппұл салынды. Үй жануарларын есепке алу бойынша 12 915 бас ит-мысық чиптеліп, «Таңба» дерекқор базасына енгізіліп, есепке алынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.