Түркістан қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «Шекспир оқулары» байқауының үздіктері марапатталды

Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Шайхықызының қолдауымен бөлімнің жылдық жоспарына сәйкес, облыс орталығында алғаш рет мектеп мұғалімдері арасында «Шекспир оқулары» қалалық байқауы өткізілді.

Шекспир шығармаларын насихаттау арқылы рухани бірлікті нығайту, әдебиетке деген көпшіліктің ықыласын арттыру мақсатында бөлімнің ағылшын тілі пәні әдіскері Жанат Орынбайқызының ұйымдастыруымен өткен шара биыл Қаныш Сәтбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектеп базасында жоғары деңгейде өткізілді.

Атап өтерлігі, Уильям Шекспир ( 23 сәуір 1564 жылы, Стратфорд Эйвон, Англия — 23 сәуір 1616 жылы сол жерде) — ағылшынның ұлы драматургы әрі ақыны, әлемнің ең әйгілі драматургтарының бірі, кем дегенде 12 трагедия, 16 комедия, 6 тарихи хроника — соның ішінде бірнеше бөліктен тұратын 4 поэма және 154 сонеттен құралатын циклдар авторы. Оның пьесалары әлемнің түгел дерлік тірі тілдеріне аударылып, басқа авторларға қарағанда ең көп қойылады. Шекспирдің шығармалары ағылшының тілінің байытылуына орасан үлесін қосты. Мысалы, көптеген сөз тіркестері қанатты сөз ретінде күні бүгінге дейін қолданылады.
Уильям Шекспир 1564 жылы 23 сәуірде Эйвон өзенінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі айтарлықтай ауқатты қала тұрғыны еді (саудагер болған, қала мэры болып та сайланған). Уильям Джон Шекспирдің үшінші баласы еді, одан басқа тағы жеті баласы болған. 7 жасында Уильям ең жақсы деп есептелетін грамматикалық мектепке барды (1571-1578), онда латын және көне грек тілдерін үйренді. Әкесінің кедейленуіне байланысты мектепті бітіре алмай, 16-ға толар-толмас жасында жұмыс істеуге мәжбүр болады (ет сатушының шәкірті, ауылдық мектепте репетитор т.б.). 18 жасында Уильям Анна Хесуэй деген өзінен 8 жас үлкен фермердің қызына үйленеді.
XVI ғасырдың аяғында театр ағылшын халқының сүйікті өнері болды. Ол кезде Лондонда онға жуық театр болған. 1585-1612 жылдары Шекспир Лондонда тұрды. Ол өзі жақсы көрген театрды төңіректейді: әуелі театрға келушілердің атын бағушы, соңынан актер, режиссер, драматург болады. Лондонға келген алғашқы күндерінен-ақ Шекспир студенттермен тығыз байланысты болды. Оның пьсалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылды. Сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болды.
1593 жылы Шекспир Джеймс Бербедж басқарған ең жақсы труппаға кірді. Труппаның мүшелері 1599 жылы «Глобус» театрын салды. Бұл театрда Шекспирдің пьесалары жиі қойылды.
1612 жылы Шекспир туған қаласына қайтып оралады. Оның айналасында туғандары болады, бірақ сүйікті театры болмайды, ал театрсыз Шекспир өмір сүре алмады. 4 жылдан соң өзінің туған күнінде 23 сәуірде 52 жасында Шекспир көз жұмды. Ол Стратфорд шіркеуінде жерленді.
Шекспир ескі, феодалдық дүниенің күні бітіп жатқандығын түсінді. Бірақ ол ақша мен баюға құмарлық үстемдік еткен буржуазияның жаңа дүниесімен де келісе алмады. Жазушының пікірі бойынша, жауыздық барлық жерді жайлаған, ол сезім атаулының – сенім, әділет, сүйіспеншіліктің бәрін де уландырып отыр. «Менің айналамда көріп отырғанымның бәрі де — жексұрындық», – деп үндейді ақын.
Шекспир адамның ұлылығын терең түсінді. Шекспирдің ұлы трагедиясының кейіпкері — Гамлет: «Адам қандай тамаша жаралған! Оның ақыл-ойы қандай ізгі. Іс-әрекеті қандай дәл, қандай тамаша. Әлемнің сұлуы», – дейді. Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында
Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар армандарының жүзеге аспайтындығын көрсетті. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтады. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеті жетпейді. Шекспир 37 пьеса (трагедия, комедия, тарихи драма), сондай-ақ көптеген өлең жазды. Шекспирдің антик мифологиясының сюжеттеріне жазылған 2 поэмасы бар («Венера мен Адонис», «Лукреция»).
Шекспир көптеген сонеттер жазды. Сонет («сыңғырлау, сылдырлау» деген итальян сөзінен шыққан) – әр шумағы 14 тармақтан құрылатын өлең түрі. Тармақтар екі рет төрт-төрттен, онан соң екі рет үштен топтасады (З.Ахметов «Әдебиеттану. Терминдер сөздігі»). Оның 154 сонеттен тұратын жинағы сақталды. Бұл жинақ ақынның алғашқы, оның тірі кезінде жарық көрген жинағы. Кітапқа кірген 126 сонет ақынның досына, ал 128 қарашашты сұлуға арналған. Зерттеушілердің ойынша, Шекспирдің досы ретінде шығатын бейне – граф Саутгемптон, ал қарашашты сұлудың кім екені белгісіз, оның аты тарихта сақталмаған. Сонеттерді бірнеше циклге бөлуге болады. Олардың тақырыптары – достық, сүйіспеншілік, қызғаныш, тағдыр туралы толғау. Сонеттерінде ақын достықты, сұлулықты, махаббатты мадақтайды. Сонымен қатар бақытсыз махаббат, әлеуметтік, философиялық мәселелер көтереді. Шекспир шығармашылығы үш кезеңге бөлінеді. Шекспир шығармашылығының бірінші кезеңі 1590-1600 жылдырды қамтиды. Оның алғашқы шығармалары 90-шы жылдардың басында жазылған: драмалық хроникалар, комедиялар және екі поэма «Венера мен Адонис» (1593), «Лукреция» (1594). Бұл екі поэманы Шекспир граф Саутгемптонға арнаған. Осы жылдары аралығындағы пьесалары оптимистік сарында болып келеді. Комедияларында адамдардың бақытқа ұмтылу жолындағы кездесетін қиындықтармен күресі суреттеледі, жаңа дендеп келе жатқан буржуазиялық қатынастар әшкереленеді («Қателіктер комедиясы» — қойылуы 1594 жылы, басылуы 1623 жылы; «Асауға тұсау» — қойылуы және басылуы 1594 жылы). І кезеңдегі пьесаларында Шекспир адамның және оның тұрған жерінің сұлулығын, өмірдің қарапайым қуаныштарын мадақтайды. Драматург орта ғасырлық жазушыларда бұрын болмаған сұлулықтың жаңа, гуманистік идеалын жасады, сондықтан оның шығарған образдары айқын және көп-кырлы. Шекспир комедиялары мен драмаларының әрекеті әр түрлі елдерде болады, бірақ олар қай жерде өтсе де, барлығында Англияның рухы сезіледі. Драматург өткен ғасырды суреттесе де, оның жасаған кейіпкерлері Қайта өрлеу дәуірінің өкілдері болып көрінеді.
Шекспирдің саяси көзқарасы пьеса-хроникаларында айқын көрінеді. «Генрих VI» (3 бөлімнің басылуы 1594-1623), «Ричард III» қойылуы басылуы т.б. пьеса хроникаларының негізгі идеясы – мемлекеттік бірліктің қажеттігі, феодалдық анархияны жою. Шекспир пьесаларында дүние жүзінде алғаш рет драматургия саяси күресті мифтік емес, реалистік әдіспен бейнеледі. Ол шығармаларына феодалдық қоғамның барлық өкілдерін, сондай-ақ демократиялық пікірдегілерді де қатыстырды. Алайда Шекспир өз дәуіріндегі гуманистердің күмәншылдығынан асып кете алмай, халықтың өз тағдырын және мемлекет мәселесін өзі басқара алатындығына сеніңкіремей қарады.
Шекспир шығармашылығының екінші кезеңі (1601-1608) Англия өміріндегі қоғамдық-саяси өзгерістермен тұтас келді. Бұл кезде корольдық үкімет реакциялық күштердің тірегіне айналды да, капиталдың әуелгі шоғырлану процесі халықтың жағдайын әлсірете түсті. Осы жағдайлар Шекспир шығармаларында трагедиялық сарынның молаюына себепкер болды. Бұл жылдары ол бірқатар әлеуметтік-философиялық пьесалар жазды: «Гамлет» (1602), «Отелло» (1604), «Король Лир» (1606), «Макбет» (1606), «Антоний мен Клеопатра» (1607), «Афиналық Тимон» (1608), «Кориолан» (1608), т.б. Шекспир шығармашылығының желісі – қоғамның жаңаруын көрсету, қоғамдық зұлматтықтар мен адамды аздырар, өмірді сүреңсіз көрсетер діни сенімдерді әжуалау. Шекспир туындылары шындыққа қалтқысыз сенуді, өмірді сүюді уағыздайды.
Шекспир шығармашылығының үшінші кезеңі (1609-1612) бұрынғысынша зұлымдық пен адамгершіліктің күресін арқау ете отырып, тартысты көбіне ұнамды қасиеттің иесіне моральдық және реальдық жеңдіру арқылы шешеді. Бұл кезеңге «Перикл» (1609), «Цимбелин», «Қысқы ертегі» шығармалары жатады. Бұл трагикомедиялар – мазмұны драмалық болса да, соңынан жақсы аяқталатын пьесалар. Шекспир Ресейде XVIII ғасырда кеңінен таныла бастады. Ол туралы Н.М.Карамзин, А.С.Пушкин, К.Ф.Рылеев, В.К.Кюхельбекер, т.б. жақсы лебіз білдірген. В.Г.Белинский 1838 ж. «Гамлет» атты арнайы мақала жазды. Шекспир пьесалары қазақ тіліне аударылып, республиканың көптеген театрларында қойылып келеді. «Отелло», «Асауға тұсау», т.б. туындылары М.Әуезовтің аударуымен күні бүгінге дейін сахнадан түскен емес. Пьесалары қазақ тілінде талай рет кітап болып басылды. «Сонеттер» 1970 жылы жеке кітап болып шықты. Сонеттерді алғаш рет қазақ тіліне аударған – Хамит Ерғалиев пен Мұқағали Мақатаев.

Байқау барысында ағылшын тілін жете меңгерген оқушылар Уильям Шекспирдің шығармаларын жатқа мәнерлеп оқу және сұрақ-жауап арқылы сайысқа түсті. Қаныш Сәтбаев атындағы №12 жалпы білім беретін мектебінің оқушылары «Ромео Джульетта» пьесасынан үзінді көрсетті. «Ромео және Джульетта» — Уильям Шекспирдің әйгілі трагедиясы.

Бұл пьеса алғаш рет 1595 –1597 жылдары аралығында сахнаға қойылды. «Ромео мен Джульетта» мен «Король Лирді» Әбіш Кекілбаев қазақ тіліне аударды.

Байқауда өз білімділігімен, алғырлығымен көзге түскен оқушылар жүлделі орындарды өзара бөлісіп, Түркістан қалалық білім бөлімнің марапатына ие болды.

Айтпақшы, таяуда ғана Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында өлмейтін махаббат тақырыбы, яғни Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» спектаклінің премьерасы өтті.

Мәңгілік махаббат дастаны, әлемдік классиканың жауһар жақұттарының бірі У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиялық спектаклі Түркістан музыкалық драма театрының киелі сахнасынан орын алды. Бұл театр репертуарына қосылған классикалық шығарма. Аталмыш туындыны аударған Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев. Қойылым режиссері – бірнеше халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің лауреаты, 30-дан астам спектакль режиссері Дина Жұмабаева.

Дина Жұмабаева осы уақытқа дейін Қазақстан театрларының сахнасында У.Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” спектаклін 3 рет сахналаған. Әрбір қойылым стилі бір-бірін қайталамайды. Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында готика стилінде сахналанды.

Спектакльдің негізгі идеясы Абайдың «Махаббатсыз — дүние бос» деген ұғымымен үндес. Басты кейіпкерлердің махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етуі соның дәлелі. Оған қоса автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жанкештілігінің ежелден ерген дұшпандықты да, қоғамдағы шектеулерді де жеңе алатынын көрсетеді.

Түркістан музыкалық драма театрының ерекшелігіне сай спектакльде заманауи сценография қолданылды. Оған қоса хореографиялық композициялармен көркемдеу, жаңа әуен, танымал таланттар мен жас театрдың беделді артистерінің ерекше ойыны, бәрі-бәрі «жаңа театр» стилінде. Айта кетейік, спектакльде басты рөлдерді театрдың төл актерлері сомдады.

Басты рөлдерде Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлері: Ромео – Данияс Нұрқабден, Мұзафар Ғалымжанұлы; Джульетта – Ақбөпе Жеңісбек, Нұрай Сайлаубаева. Сондай-ақ, еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова, танымал театр және кино актері Кенжебек Башаров, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Саяжан Реал Бланко, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова, Жұлдыз Абдукаримова.

Қоюшы суретшісі – Айнұр Есболатова, композиторы – Нұрсұлтан Төреәли, хореграфы – Мадина Мұратпекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова, көркемдік жетекшісі – Шынар Омарова.

У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиялық қойылымының премьерасы 2024 жылдың мамырдың 4-5 жұлдызында өтті.

Осы спектакльдің премьерасына арналған баспасөз мәслихатына қойылымның режиссері — Дина Жұмабаева, көркемдік жетекшісі — Шынар Омарова, сондай-ақ басты кейіпкерлер: Ромео — Данияс Нұрқабден, Джульетта — Ақбөпе Сабет; Медғат Өмірәлиев, Жұлдыз Әбдікәрімова, Шерхан Саматұлы қатысты.

«Мен «Ромео мен Джульетта» спектаклін еліміздің әртүрлі театрларында 4 рет сахналадым. Ол спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, бірақ олардың тақырыбы бір – өлмейтін махаббат тақырыбы. Түркістан музыкалық драма театры сахнасындағы Ромео мен Джульеттаның өз ерекшелігі бар. Сахнада декорация жоқтың қасы, минимализм, бірақ біз одан ұтылмаймыз. Қайта кейіпкер пен көрермен арасындағы байланысты берік етуге ықпалын тигізеді. Спектакльдің басындағы балғын 14 жасар Джульеттаның образы көрерменнің көз алдында есейген, өмірден соққы жеген жанға айналады», – дейді Дина Жұмабаева.

Медғат Өмірәлиев көзге түскен бұл театрдың үлкен бір ерекшелігі балет труппасы болғанын айтады.

«Расында, бұл менің өнер жолындағы өзге өңірлік театрға шақыртумен келіп жасап жатқан алғашқы жұмысым. Бұл маған үлкен тәжірибе болды. Жұмыс барысында көзге түскен бұл театрдың үлкен бір ерекшелігі балет труппасы болды. Алдағы уақытта Ақтау театрына (Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры) барғаннан кейін біз де балет труппасын ашсақ деген ұсынысты алға тартамын», — дейді Монтекки рөлін сомдайтын Медғат Өмірәлиев.

Шынар Жұмаханқызы «Ромео мен Джульетта» спектаклін көрермен қанша көрсе де жалықпайтынын айтады.

«Бұл қаншама ғасырлар бойы сахнада да, кинода да қойылып жүрген өлмейтін махаббат тақырыбындағы «Ромео мен Джульетта» спектаклін көрермен қанша көрсе де жалықпайды. 3 жыл бұрын эксперименталды театр болып ашылып, 25 жас шамасындағы жастарды жинаған едік. Міне, 3 жылдың ішінде әртістеріміз талай тарланнан тәжірибе алып, тай күнінен бапталған жастарымыздың үлкен сахнаға шығатын кезі келді. Сондықтан күрделілігіне қарамай басты рөлді өзіміздің театр әртістері сомдайды. Біз классикаға енді келіп жатырмыз, осы уақытқа дейін қаланың мәдениетін қалыптастыру үшін қаншама тер төктік. Міне, енді біз де көрерменді тартуға дайынбыз, түркістандық көрермен де бізді қабылдауға дайын деген сенімдемін», — дейді Шынар Жұмаханқызы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin