Бұл жөнінде Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков төрағалығымен және мектеп директорларының, тәрбие ісіне жауапты мамандардың, ата-аналар комитеті өкілдерінің қатысуымен «Өнегелі ұрпақ тәрбиесі – ортақ міндет» тақырыбында өткен алқалы кеңесте айтылды.
Қаңтар айында өткен алғашқы кеңесте келісілген мәселелер бойынша қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев баяндап өтті. Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында рейдтік шаралар күшейтіліп, нәтижесінде жыл басынан бері түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде 19 бала, көпшілік орындарда қайыршылық дерегімен мектеп жасындағы 12 бала анықталған, тексеру барысында 4 оқушының Шымкент қаласынан келгені нақтыланды. Түнгі мезгілде ата-анасыз жүрген 343 жасөспірімнің ата-аналарына ескерту берілген. Сонымен қатар, ата-ана міндетін орындамағаны үшін 36 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау, ерте жүктілік мәселелері де күн тәртібінен түскен жоқ. Қалалық орталық емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев 17-18 жастағы жүктілікпен 12 жағдай тіркелгенін, оның 8-і — колледж студенттері, 4-і үй шаруасындағы жасөспірім екенін жеткізді.
Иә, жасөспірімдерді ересек өмірге дайындауға бағытталған арнайы бағдарлама керек. Бұл туралы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысында айтылды. Өйткені елімізде кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктілік көбейген. Әсіресе, Түркістан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында жағдай мәз емес. Жиында Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева аталған өңір басшыларына тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.
Отырыста ауылды жерлерде акушерлер мен гинеколог мамандар тапшылығы да айтылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 4 ауылға бір дәрігерден келеді екен. Сондай-ақ, ауылдардарғы медицналық қызмет көрсетудің де сапасы көңіл көншітпейді. Салдарынан елдегі әрбір алтыншы жүкті әйел, түсік жасайды. Тиісінше, бала туу көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда, біршама төмендеген.
Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Айжан Есмағамбетова: «2021 жылы елімізде соңғы 30 жылда ең жоғарғы туу көрсеткіші тіркеліп, 10 мың тұрғынға шаққанда 23,5 пайызға жетіп, дүниеге 440 мыңнан астам сәби келді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2023 жылы дүниеге келген сәби саны төмендеп, босану көрсеткіші 19,5 пайыз болды» — дейді.
Қазіргі уақытта жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу тақырыбы өзекті мәселелердің қатарында. ДДҰ мәліметтері бойынша, бала өлімінің негізгі себептерінің бірі — жүктілікті үзу және ерте босану.
Ерте жүкті болған қыздар білім алу мүмкіндігін жоғалтып, қоғамнан алшақтайды және олардың денсаулықтарына қауіп төнеді.
Медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Жасөспірімдердің жүктілігі үшін ең көп таралған кезең – 15-17 жас аралығы. Дәрігерлер атап өткендей, тек он сегіз жасқа дейінгі қыздың денесі жеткілікті түрде қалыптасқан және бала көтеруге, тууға толық дайын. Ерте жүктіліктің салдарынан жасөспірімдердің 70% – ы жасанды түсік жасап, 15% — ы түсік тастайды. Қыздардың тек 15% — ы ғана сәбилерін аман-есен жеткізіп, босана алады.
Қазақстанда жасөспірімдердің жүктілігі де алаңдарлық мәселеге айналды. Қазіргі уақытта жастардың 70% — ы 15 жасқа дейін алғашқы жыныстық қатынасқа түседі. Статистикаға сәйкес, мың адамға шаққанда кәмелетке толмағандардың саны 7,9 адамды құрайды, ал жасөспірімдер арасында мың қыздың үшеуі түсік жасатады.
«Ерте жүктілік деп 13-18 жаста болатын жүктілікті айтамыз. Осы уақытта қыз баланың өтпелі кезеңі басталып, ағзада гормондық қайта құрылу үрдісі жүреді. Ерте жүктілік несімен қауіпті? Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді. Жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе, басқа да ішкі ағзаға үлкен салмақ түседі. Мұның қиындығы – жас анада көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоз болады. Ерте жүктілікте қыздың ағзасы осындай жүктемеге әзір болмайды. Сол үшін ең дұрысы – ерте жүктіліктен сақтану. Жоспарланбаған жүктіліктен сақтану жайында орта мектепте ата-анамен, сынып жетекшімен жиі әңгімелесу керек. Сондай-ақ, жыныстық тәрбие туралы кітаптар оқу да көп көмегін береді. Егер қыз жыныстық қатынасқа ерте түссе, ол оның салдарын білуі тиіс. Міне, осы тұста оған отбасында анасымен, жеңгесімен жақын сырласуы қажет. Кейде біз баланы өте қатал тәрбиелеп жатамыз. Тәрбиелеу – осы екен деп шамадан тыс қаталдыққа салынып, баланы жастайынан жалтақ етеміз. Осыдан келіп, қыз анасына ашылып, ойындағысын айтуға жасқанады немесе ұялады. Мәселен, бала дәурен қалып, қыз дәуренінің басталғанын ол анасына емес, алдымен құрбысына, яки болмаса жеңгесіне айтады. Сол үшін қызды бала кезінен өзімізге сендіріп, оған анадан артық жақын адам жоқ екенін ұғындырып өсіргеніміз абзал. Қыз – болашақ ана, сондықтан ес кіргеннен бастап анасы қызына бір әулеттің үлгілі келіні атанатынын санасына сіңіріп, осы тұрғыда әйелге үлкен жауапкершілік пен міндет жүктелетінін айтып отыру артық етпейді. Егер ол жүктілікке әзір болмаса, жүктіліктен сақтанудың жолынан толық ақпараттанғаны дұрыс. Атаулы мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарағанда, қыз бала білім алу, жұмысқа орналасу, сонымен бірге карьера жасау мүмкіндігінен айырылады. Қатынасқа түсе білгенмен, жас жігіт әке атанып, жауапкершілікті көтеруге асықпайды. Көп жағдайда қыздар жалғыз қалады да (егер ата-анасы көмектесетін болса жақсы) ана тығырыққа тіреледі. Нақты білімі, жұмысы жоқ оның баланы күтіп-бағуға ақшасы болмайды» — дейді акушер дәрігерлер.
Ал жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы – әлемді алаңдатып отырған мәселе. Әр адамның өміріндегі ең қиын кезең – жасөспірімдік шақ болып саналады. Бұл кезде адам тұлға болып қалыптасатын кезеңді бастан өткізеді.
Таным-түсінігі қалыптасып, құндылықтарды бағалай бастайды. Бұл кезеңде әр бала өзіндік МЕНін іздеп, болашақты бағдарлай бастайды. Сонымен қатар жыныстық даму басталады, гармондар өзгереді. Өтпелі кезеңде жасөспірімдердің мінез-құлқында өзгерістер басталады. Депрессияға тез салынғыш, агрессияға бейім болады. Сол себепті де бұл кезең адам өміріндегі ең қиын кезең болып саналады. Өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері де осы кезеңде жиі жасалады.
Суицид – адамның қасақана өз өмірін қиюы. Белгілі бір өмірлік жағдайларда кейбір жасөспірімдер өз-өзіне қол жұмсайды. Жасөспірімдік шақта суицидтің себептері алуан түрлі болуы мүмкін. Жасөспірімдердің көпшілігі осы кезеңде тыйым салынған заттарды пайдаланып көруге әуес болады. Алкогольдің, есірткінің, темекінің дәмін татып көруге құмарланады. Ашық-жарқын, бала күнінде бәрімен араласып ойнап жүрген балалар осы кезеңде өз-өздерімен болып, тұйықталып қалып жатады. Кей жағдайларда сыныптастарының, қатарластарының тарапынан буллингке ұшыраған жасөспірім балалар бірден өлім жайлы ойлай бастайды. Тіпті, осы жаста жақындарының қаза болуы да жасөспірімдердің психикасына кері әсер етеді. Ата-анасының болмашы сөзін жүрекке жақын қабылдап, өмірден баз кешіп кететіндері де бар. Суицидті туындататын себептер мен факторлар балалардың психологиялық күйінде жатыр.
Тәуекел тобындағы жасөспірімдер жағдайдың қысымымен кез келген уақытта өз-өзіне зиян келтіруі және өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл балалар өте әсерлі, психологиялық тұрғыдан осал болып келеді. Сонымен қатар өздерін өзгелермен салыстырып, басқалардан төмен сезініп жүреді. 13 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында суицид жасау көп кездеседі. Бұл құбылыстың себептерін психологтар әлі де зерттеу үстінде.
Жасөспірімдер арасындағы суицидтің үш негізгі түрі бар:
Шындық. Жасөспірімнің өзінің өлгенін қалайтынына сенімді болуы. Мұндай сезім, әсіресе, бозбалаларға тән. Өзін бірінші әрекеттен өлтіре алмай қалғандар, міндетті түрде екінші рет қайталайтын болады.
Сезім. Оған жасөспірім жігіт немесе қыздың эмоцияның әсерінен өз-өзіне қол жұмсамақ болуы жатады. Егер бірінші рет те өз-өзіне қол жұмсай алмаса, мұндай жағдай қайталанбайды. Бұл жағдай көбіне қыз балалардың басынан өтеді.
Демонстрация. Оған қоғамның назарын өзіне аудару әрекеттері жатады. Өзін-өзі өлтіру әрекеттері қайта-қайта қайталануы мүмкін, алайда ешқашан өз-өзіне (кездейсоқ жағдай болып қалмаса) шынайы қол жұмсай алмайды.
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау себептері көбінесе жауапсыз махаббатта, тұрмыстық жанжалдарда, құрдастар арасындағы түсініспеушілікте немесе жай ғана жалғыздықта жатыр.
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі, балалардың көпшілігі өздеріне қол жұмсаса, өлетініне сенбейді. Мысалы, 100 адамның тек 10 пайызы ғана өз-өзіне қол жұмсауды қалайды, қалғандары туыстарының, достарының, жақындарының назарын аударуға тырысады. Бұл жағдайды суицидтің демонстративті түрі немесе «суицидтік бопсалау» деп айтуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай ойынның арты кездейсоқ өлімге алып келуі мүмкін.
Баланың бойынан өзіне тән емес өзгерістерді байқаған бойда оның не сезінетінін, не ойлайтынын білген абзал. Балаңыздың мінез-құлқындағы өзгерістерге жол бермеңіз. Ойын, не сезінетінін ашық айтуға үйретіңіз. Әрбір бала жақындарының жанашырлығы мен қолдауын қажет етеді.
Өмірдегі кедергілер – бұл баланың ата-анасымен бірге еңсеруі керек мәселесі. Жасөспірімдерді ата-анасы бар болмысымен қабылдап, қолдау керек. Дұрыс емес тұстарын ақылмен, мейіріммен түсіндіргені абзал. Бұл кезеңде балалар өздерін ешкім жақсы көрмейтіндей сезінеді. Сол себепті ата-анасы мен жақындарының қолдауы маңызды.
Осы тұста атап өтерлігі, таяуда қала әкімдігіндегі кезекті аппараттық мәжілісте қалалық орталық емхананың бас дәрігері Райымбек Тасырбаев сөз алып, денсаулық саласында көрсеткіштердің орындалуы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталған-ды. Бас дәрігердің мәлімдеуінше, биыл облыс орталығында туу көрсеткіші артып, 2024 жылдың үш айында 1618 нәресте дүниеге келген. Ана өлімі тіркелмеген, бала өлімі екі есеге азайған. Бекітілген жоспар бойынша 1 жасқа дейінгі балалар проактивті бақылаумен және скринингпен толыққанды қамтылған. Түркістан қалалық емханасында 1 жасқа дейінгі 2113 бала тіркелген.
Салауатты өмір салтын ұстану бойынша үш айда 20 семинар өтіп, 1340 адам қатысқан. Дәрігерлердің өткізген 31 лекциясына 1199 адам қатысқан, 635 адамға жеке түсіндіру шаралары жүзеге асқан. Қан айналымы жүйесі ауруларынан және қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету үшін ауруды ерте анықтау бойынша тұрғындар арасында жоспарлы тексерулер тұрақты өтуде екен.
Мұнан соң мемлекеттік және жекеменшік мектептердің жетістіктері мен тазалық жұмыстарының барысы жөнінде қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова есеп берді. Оның баяндауынша, 2023-2024 оқу жылында облыстық олимпиадаға 117 оқушы қатысып, 85-і үздіктер қатарынан табылған екен. Республикалық олимпиадаға жолдама алған 10 баланың жетеуі жүлдемен оралған.
Осы ретте білім саласының ардагері Гүлбарам Малбаева мектеп бағдарламасы мен ұстаздардың жұмыс тәсіліне қатысты пікірін білдірді. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов өз кезегінде бала тәрбиесіне қатысты тәжірбиесімен бөлісіп, орта және жоғарғы сынып оқушыларын еңбекке баулу бойынша ұсыныстарын айтты.
Өз кезегінде қала прокуроры Каукен Нәрікбаев азаматтық жауапкершілік, заңдылық пен құқықтық сауаттылыққа кеңінен тоқталды. Жасөспірімдер көбіне құқықбұзушылықтан келетін зардаптан бейхабар болатынын, алайда заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайтынын атап өтті. Сонымен қатар, алаяқтық сипаттарының түрленгеніне тоқталып, мәжіліске қатысушыларды күмәнді хабарламаларға бой алдырмай, сақтануға шақырды.
Жиналысты қортындылай келе Нұрбол Әбдісаттарұлы ұрпақ тәрбиесінде немқұрайлық таныту – баланың ғана емес, елдің де келешегіне балта шабумен тең екенін баса айтты:
— Демек, жасөспірімдердің қатысуымен қандай да бір келеңсіздік орын алса, кінәліні іздеумен емес, өзімізді түзеумен айналысуымыз керек. Бүгінгі мәжіліс есепті тыңдаумен шектелмей, ой салуы керек. Мен өздеріңізден тың ұсыныстар күткен едім. Оқу-тәрбие ісінде бастамашы болуымызға не кедергі? Жасөспірімдерді дұрыс жолға бағыттауды, олардың қызығушылықтарын ескере отырып, жаңа әдістемелер енгізуді осында отырған Сіздерден — күнделікті оқушылармен жұмыс істейтін ұстаздардан артық ешкім атқара алмаса керек. Әрине, ата-аналар да бұл үдерістен шет қалмайды деп білемін. Келесі кеңеске міндетті түрде ұтымды жобалармен келесіздер деп сенемін, — деп, мектептерде құқық қорғау саласы мамандарының, прокуратура және сот өкілдерінің қатысуымен жоғарғы сыныптарда құқықтық сауаттылық сабақтарын ұйымдастыруды, еңбек ардагерлерімен кездесулерді тұрақты түрде жалғастыруды тапсырды.
Қолайсыз отбасылармен, құқықбұзушылыққа бейім деп танылған жасөспірімдермен жүргізілетін жұмысты жетілдіру Полиция басқармасымен келісілді.
Полиция демекші, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, қала аумағындағы трансформаторларға қатысты туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдары, электр жүйелердің инвест жобаларының атқарылуы, ретсіз сауда жарнамаларын ретке келтіру бойынша атқарылған жұмыстар сараланды.
Мәжіліс басында қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев «Таза Қазақстан» республикалық акциясының барысы, сенбіліктер мен оны ұйымдастыруда мекемелер және сектор белсенділігінің есебін ұсынды.
Қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Мұратов өз кезегінде сәуір айының 22 мен 28 күндері қалада 2008 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелгенін, белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған 205 құқық бұзушылық дерегімен Әкімшілік кодекстің 434-2-ші бабымен хаттама толтырылғанын, абаттандыру қағидаларын бұзған 55 тұлға Әкімшілік кодекстің 505-ші бабымен жауапкершілікке тартылғанын баяндады.
«Оңтүстік-ЖарықТранзит» ЖШС техникалық директоры Архабай Тастанов жүктемесі көп және апатты өшулер орын алатын электр желілерге талдау жасап, жоспарланған жөндеу жұмыстарына тоқталды. Мекеме тарапынан 2024-2027 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарламаға сәйкес, биыл 13 дана трансформатор, 42,501 шақырым электр желісін жүргізу көзделген. Облыс орталығында қазіргі таңда жалпы 13 қосалқы станция, 1391 трансформатор, 1 406,558 шақырым электр желісі бар.
Сонымен қатар, жиналыс барысында облыс және қала әкімдерінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, жеке қабылдау барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асуы, облыстық «109», қалалық «1310» жедел әрекет ету орталықтарына түскен өтініштердің атқарылуы сараланып, көрсеткіштер талданды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.