Түркістан қаласында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні жоғары деңгейде аталып өтті

Биылғы Отан қорғаушылар күні мерекесі – Ұлы Отан соғысының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұлғалардың құрметіне отаншылдықты, ерлікті дәріптейтін іс-шаралар өтуде.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов 1924 жылдың 25 мамырында Ақмола облысының Ақкөл ауданында дүниеге келген. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса. Анасы Сағадатты босанарға бір ай қалғанда, жары Қожахмет қайтыс болады. 

Ал 1932 жылғы ашаршылықта батырдың анасы да өмірден озады. Тағдырдың жазуымен Сағадат пен ағасы Сағит жетім қалады.  

Ата-анадан айырылған Сағадат ерте есейеді. Өмірдегі тірегі жалғыз ағасы Сағит болады. Өкінішке қарай, бауыры соғысқа аттанып, Ресейдің Новгорд қаласы маңында ол да қаза табады. 

Сағадат Нұрмағанбетов ІІ Дүниежүзілік соғысқа 1942 жылдың шілдесінде аттанады. Сол жылы алдымен Түркіменстандағы пулеметшілер училещесінде оқиды. Одан соң взвод командирі ретінде қан майданға араласады. 

Ол 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдава, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты.

1945 жылы 17 қаңтарда Нұрмағамбетов Польша жерiнде жау қорғанысын бұзу кезiнде жауынгерлiк тапсырманы асқан ерлікпен орындайды. Магнушев плацдармында болған шайқаста ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан дотты жояды. Варшава маңындағы Магнушев қаласын жаудан азат ету кезінде Нұрмағамбетов білікті басшылығымен көзге түседі. 

Жан алысып, жан беріскен шайқастардың бірінде Сағадаттың қолындағы пулеметтің нысана көздеуіші істен шығады. Соған қарамастан, батыр екі мәрте фашистердің шабуылын тойтарып, 60-тан астам немістің көзін жояды.  
Соның арқасында Сағадат Нұрмағамбетовтың ротасы Польшаның Пилица өзенінен өтеді. Онда рота 35 жау әскерін өлтіріп, жаудың 6 дотын құртады. Нәтижесінде Нұрмағанбетов басқаратын рота Совет әскерінің алға жылжуына мүмкіндік жасайды.

Осы ұрысты бақылаған маршал Жуков қазақ баласының ерлігіне тәнті болып, Нұрмағанбетовке Совет Одағының батыры атағын беруді ұсынады. Сөйтіп, 1945 жылы 27 ақпанында Сағадат Нұрмағанбетов батыр атағын алады. 
1945 жылдың 8 мамырында Сағадат Қожахметұлының батальоны рейхсканцелярияға шабуыл жасайды. Ол қақтығыста да ерлік көрсетіп, жүздеген фашистің көзін құртып, мың жарымнан астам жауды тұтқынға алады. Осы жаужүректігі үшін тағы да Совет Одағының батыры атағына ұсынылады. Бірақ екінші рет атақ берілмейді.

Армия генералы 1946 – 1949 жылдары Мәскеудегi Фрунзе атындағы Әскери академияда оқиды. Одан соң түрлі жоғары қызметтер атқарады.
1992 жылы 7 мамырда Сағадат Нұрмағанбетов тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі болады. «Халық қаһарманы» Сағадат Нұрмағанбетов Қазақстанның қорғаныс саласын нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайды. 1994 жылғы 23 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағы мен № 1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілді. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкаға шығып, ел Президентінің кеңесшісі болды.

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет Қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері жоғары бағаланып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шетелдердің ордендерімен марапатталды.

Сағадат Нұрмағамбетов 2013 жылдың 24 қыркүйегінде 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. 

Сағадат Нұрмағамбетов тек қана даңқты батыр ғана емес, шығармашылыққа жақын адам болған. Оның бірнеше естелік кітабы жарыққа шыққан. («Лицом к огню» (1984 ж.), «Надежный страж социалистических завоеваний» (1985 ж.), «Мой передний край» (1995 ж.), «А в памяти нет тишины» (1999 ж.), «От огненных лет до суровой армии» (2005 ж.).

2024 жылғы сәуір айында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Осы заңның негізінде «Айбын» орденінің үш дәрежесі қазақтың үш батырының атымен аталатын болды. «Айбын» орденінің I дәрежесіне қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді.  Ал II дәрежесіне Бауыржан Момышұлының, III дәрежесіне Рахымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.

Ал Рақымжан Қошқарбаевқа келсек, 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы, Ақмола ауданы, Тайтөбе ауылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. Арғын тайпасы Қуандық руы Темеш бөлімінен шыққан.

1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы қазанда Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген.

1944 жылы қазан айынан бастап I Белорусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарып, Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатынасты.

Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды.

  • 1947 – 1967 жылдары Ақмола облыстық атқару комитетінде нұсқаушы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы қоныс аударушылар жөніндегі бас басқармада инспектор болды.
  • 1967 жылдан «Алматы» қонақ үйінің директоры болды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
  • 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

Рақымжан Қошқарбаевтың Ұлы Отан соғысында алғашқылардың бірі болып, Берлинде Рейхстагтың үстіне қызыл туды тікті.

Рақымжан Қошқарбаев Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе ауылының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Ол ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Өзінің өмірі және ФЗУ туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» деген кітабында жан-жақты баяндады. Оның балалық шагы туысқансыз және жанашырлық білдіретін адамдарсыз өтті. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. Ол жатақханаларда тұрды, асханадан тамақтанды, бір үлгіде тігілген арнаулы киіммен жүрді.

Ол осындай алғашқы, жартылай әскери және қатаң шынығумен 1942 жылы 18 жасында әскер қатарына келді. Көкшетаулық полктегі әскери қызметтің жағдайы аса ауыр болды, қала мұндай ірі әскери бөлімді орналастыруға дайын емес еді, казармаға, асханаға, сабақ өткізуге, штабқа және басқа да әскери үйымдар мен әскери қызметкерлерге арналған үйлер болмады. 1943 жылдың жазында біздің полктен офицерлік училищеде оқытуға сержанттардың бір тобы іріктеліп алынды, Рақымжан осы топқа ілігіп, Ресейдің Тамбов қаласынан қоныс аударып, Фрунзе қаласына орналасқан офицерлік училищеге келеді. Рақымжан училищенің қоғамдық өміріне белсене араласты және партия мүшелігіне кандидат болып қабылданды. Бүл жағдай салтанатты түрде өткізілді, оның әскери қызметке деген адалдығы мен ынталылығы, жақсы әскери және дене шынықтыру даярлығы да аталды. Училищені 1944 жылдың қазан айында тәмамдап, оған кіші лейтенант шені берілді. Р.Қошқарбаев бірінші Беларусь майданының 3-ші пәрменді армиясына біз 1944 жылғы қараша айының ортасында келіп жеттік. Армия штабы Брест маңындағы Седле стансасына орналасыпты.

Рақымжанның майдандағы соғыстарға қатысуы мерзімді баспасөзде және көркем әдебиетте жан-жақты жазылды. Берлиннің өзінде болған соғыстарда ол өзінің взводымен ең алдыңғы шептерде болды, Шпрееге — соңғы сулы бөгетке және Король алаңына — «Гитлердің үйіне» бірінші болып жетті. «Бірінші» дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды. Одер өзенінен өтудегі қанды шайқастан кейін оны партия мүшелігіне қабылдады. Ал партия билеті аса маңызды бекіністі және саяси маңызды мақсатқа жетудің мадақтау белгісі ретінде «Гитлердің үйінде» табыс етілді. Осында «Гитлердің үйінде» барлау взводының командирі, лейтенант Қошқарбаевқа Рейхстагқа Қызыл туды тігу туралы тарихи жауынгерлік бұйрық берілді. Жалауды оған батальон командирі Давыдов және саяси жетекші Васильченко табыс етті. «Гитлер үйі» мен Рейхстагка дейін арақашықтық 360 метр ғана, бірақ ол жан-жағынан оқжаудырылған ашық алан, үстінде еді. Лейтенант Қошқарбаев өзінің солдатгарымен бұл қанды метрлерді толассыз атылған оқтың астында 7 сағатта, жерге жабыса еңбектеумен өтті. Рейхстагқа ол Григорий Булатов деген солдатпен бірге жетті және бұйрықты орындап, Рейхстагтың фронтанына туды тікті. Бұл сәуірдің 30-ы күні 18 сағат 30 минутта болған еді. Алайда Р.Қошқарбаевтың ерлігін дәлелдейтін құжаттар Кеңестік саясаттың салдарынан құпия сақталды. 1958 жылы 21 ақпанда «Лениншіл жас» газетіне К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» очергі жарық көргеннен бастап қазақ халқы Р.Қошқарбаевты батыр деп қабылдады. Тарихи ерлік жайындағы бұл хабар бүкіл әскери бөлімдерді шарлады, баспасөзде кеңінен хабарланды. Бұрынғыдай мұнтаздай, денесі тіп-тік, келбетті жігіт қалпы. Омырауын жауынгерлік «Қызыл ту», «1 дәрежелі Отан соғысы» ордендері, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары ажарландырып тұрды. «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені Рейхстагқа ту тіккені үшін беріліпті. «Халық қаһарманы» атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді. Ал Рақымжан 1988 жылы дүниеден өткен еді. Батырдың жұлдызын тапсыру сәтіне Қошқарбаевтың жары Рахила, қызы Әлия жөне майдандас досы Ж.Жанасов шақырылды. Награданы тапсыру кезінде еліміздің сол тұстағы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қошқарбаевтың батырлық ерлігіне барынша жоғары баға берді, оның тәрбиелік және патриоттық мәнін атап айтты.

Рахымжан Қошқарбаев Қазақ КСР астанасындағы «Алма-Ата» қонақ үйінде директор болып жұмыс істеді. Ол екі кітап жазды: «Жеңіс туы» және «Дауыл: 1410 күн» деректі повесі (қазақ тілінен аударылған М. Құдайқұлов. – Алматы: Жалын, 1983. – 176 б.).

Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласындағы Совет аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып үш рет сайланды. Қошқарбаев соғыс ардагерлері комитетінің қазақ бөлімшесінің президиумының мүшесі, кеңес-герман достығы қоғамының мүшесі болды. «Целиноград қаласының құрметті азаматы», «Балқаш қаласының құрметті азаматы», «Арқалық қаласының құрметті азаматы» атақтарымен марапатталған.

Фашизм жеңілісінің 30 жылдығына байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1988 жылы 10 тамызда қайтыс болып, Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.

№:035 бұйрығымен: 22.04.1945 жылы 79-атқыштар корпусы үшін 150-атқыштар дивизиясының 674-атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Одер өзенінен өту кезінде соғысқаны үшін 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.

№: 121 соққы армиясының Қарулы Күштерінің бұйрығымен: 18.06.1945 жылы 150-атқыштар дивизиясының 674-атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі, лейтенант Рақымжан Қошқарбаев Берлиндегі және Рейхстагтағы шайқастар үшін Қызыл Ту орденінің иегері болады. Оның барысында ол взвод жауының 200-ден астам солдаты мен офицерін жойды, 184 солдатты, қызметшілері бар 14 далалық зеңбіректерді, 27 ауыр пулеметті тұтқынға алды.

№ 119 бұйрығымен 28.10.1945 жылы 674-ші атқыштар полкі үшін 150-атқыштар дивизиясының 674-ші атқыштар полкінің атқыштар взводының командирі лейтенант Рақымжан Қошқарбаев «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталды.

1985 жылы 2-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталады.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 17 сәуірдегі «Ұлы Отан соғысының ардагері Р.Қошқарбаевтың есімін мәңгі қалдыру туралы» қаулысымен Целиноград облысындағы (қазіргі Ақмола облысы) Целиноград ауданындағы «Қосшы» ауылындағы орта мектепке оның есімі беріледі.

Қазақстан Республикасының басты қаласында, Астанадағы даңғылға Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.

Ақмола облысындағы бұрын Романовка деп аталған ауылдың атауы Рақымжан Қошқарбаев ауылы болып өзгертілді.

Р.Қошқарбаев тұратын Алматы қаласындағы Достық даңғылындағы №42 үйде және өмірінің соңына дейін жұмыс істеген «Алматы» қонақүйінің кіреберісінде мемориалдық тақталар орнатылды.

Сондай-ақ, Алматы қаласы Алатау ауданындағы «Өжет» шағын ауданындағы көшеге Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді.

Астана қаласында Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында ескерткіш орнатылды. 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай Целиноград облысының аудан орталығы Ақмол ауылында жерлестер целиноградтық Рақымжан Қошқарбаев пен Талғат Бигелдиновке бюсттер орнатылды.

Рақымжан Қошқарбаев туралы фильмдер бар.

  • 1980— «Жеңіс әскері. Рақымжан Қошқарбаев» — «Қазақфильм» киностудиясы.
  • 2005— «Рақымжан Қошқарбаев. Рейхстаг дауылы» — режиссёр Әділ Медетбаев.
  • 2022— «Ұлы Отан соғысының батырлары. Рақымжан Қошқарбаев, Григорий Булатов» — режиссёр Константин Харалампидис.

Отбасы туралы айтсақ. Әйелі — Яхина Рахил Сейтахметқызы, ұлты — татар. Қызы — Қошқарбаева Әлия Рахымжанқызы.

Түркістанда 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесіне арналған шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, әскерилерді құттықтады.

– Құрметті Түркістан өңірінің тұрғындары! Сіздерді еліміздің рухын оятатын қос мереке – 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын.

Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз!

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Тәуелсіз елімізді, Ұлы даламызды қорғау мәселесі басты міндеттердің біріне айналып, шекаралар шегенделіп, кәсіби әскердің күшімен қорғауға алынды. Бүгінде еліміз қуатты әскері бар мемлекеттер қатарында.

Отанды қорғау – әрбір азаматқа міндет және парыз. Мөде, Еділ, Күлтегін, Жошы, Бату, Абылай сынды ұлы баһадүрлердің ұрпақтарының әлсіз болуға хақы жоқ. Сондықтан 18-ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуге міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан облысының жастарының көп болуы – заңдылық.

Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жалынды жас әскерге аттанды. Биыл да осы көлемде өрендер әскери бөлімдерге жіберіледі. Облыста патриоттық-әскери бағыттағы жұмыстар жанданып, білім ұяларында оқушылар мен студенттерге әскери өмірдің маңызы мен артықшылығы дәріптелуде. Қоғамда әскери салаға деген қызығушылық та артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Қадірлі жерлестер!

Еуразия кеңістігіндегі ұлы атырапты қорғап, ұрпаққа мұра етіп қалдырған қазақ халқы ежелден батырлық пен отаншылдықтың шыңына жете білген. Ерлері намысты һәм айбарлы, қыздары ақылды, өжет болған.

Батырлық пен отаншылдық ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өмірлік дағдыға айналған. Оған ерлікке толы жылнамалар мен тарихымыздағы деректер арқылы көз жеткізуге болады.

Жұмыр жердегі қанқұйлы әрі адамзат тарихындағы ең алапат майдан – Екінші дүниежүзілік соғысында қазақ халқы шешуші рөл атқарғаны белгілі. Батыр бабаларымыз, еліміздің ержүрек жігіттері мен қайсар қыздары әлемде бейбітшілік туын желбірету үшін қан төкті. Ерлік көрсетіп Ұлы Жеңіске үлес қосты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздармыз. Олардың қайсарлығы мен төзімділігінің, табандылығы мен патриоттығының арқасында бейбіт заманда өмір сүріп, жарқын болашағымызға жол аштық» деген болатын. Сондықтан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, олардың ерліктерін ұрпаққа дәріптеу – ортақ міндет.

Оңтүстік өңірінен Ұлы Отан соғысына 140 мыңнан астам азамат аттанып, тең жартысы шейіт болды. Оның ішінде 51 жауынгер Кеңес одағының батыры атанса, 8 майдангер IIIдәрежелі «Даңқ» ордені кавалері атағын алған.

Өңірде бүгінде Ұлы Отан соғысының 11 ардагері бар. Олардың денсаулығы, тұрмыс-тіршілігі мемлекет тарапынан бақылауға алынған. Биыл Жеңістің 79 жылдығына орай 11 ардагерге 1,5 млн. теңгеден материалдық көмек берілуде.

Өңірдегі ардагерлерге теңестірілген тыл ардагерлері, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 3 мыңнан астам ардагерге де құрмет көрсетіліп жатыр. Батырларымызға бір реттік материалдық көмек төлеу үшін жергілікті бюджет есебінен 176,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Облыс көлемінде ерлікті, өрлікті, батырлықты дәріптейтін іс-шаралар өтуде.

Биыл Кеңес одағының батыры, алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы, Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Қос қаһарманның ерлікке толы өмірі – ұрпақ үшін өнеге!

Біз ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпаймыз және мәңгі есте сақтаймыз!

Құрметті халайық!

Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен тағы да құттықтаймын. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, өжет, адал, айбарлы, айбынды ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!

Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген қанатты сөзі бар. Сол ұстанымға адал болу – баршамыздың міндетіміз! Туған ел мен жерді қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Қазақ мемлекетін қалыптастыру жолында тарихта аты алтын әріптермен жазылған ұлы баһадүрлердің ұрпақтары әлсіз болмауы тиіс. Сондықтан 18-ден асқан ұландарымыз әскерге барып, Отанға қызмет етуге міндетті. Ал еліміздің Қарулы күштері қатарында демографиясы жоғары Түркістан жастарының көп болуы – заңдылық. Мемлекетіміз отаншыл, батыр, адал ұрпақпен толыға берсін. Шекарамыз бүтін, аспанымыз ашық, күніміз шуақты, әскеріміз қуатты болсын! Әрдайым бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін! Отан қорғаушылар күні құтты болсын! – деген облыс басшысы әскерилерге құрмет көрсетіп, марапаттады.

Жиында «Ұлттық ұлан» сарбаздарының әскери шеруі өтті. Қолбасшы облыс әкіміне баянат жасады. Қазақстан Республикасының Гимні орындалды. «Ұлттық ұлан» №6506 әскери бөлімі сарбаздарына Қорғаныс министрлігінің және Ішкі істер саласы бойынша әскери шен тапсырылды.

Өңір басшысы бұдан соң әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсіміне қатысты. Әскерге аттанушылармен кездесіп, ақ тілегін арнады. 100 орындық облыстық жинақтау бекетінің жалпы жағдайымен танысып, әскерге шақырушылардың жатын бөлмелерін аралап көрді. Тамақтану орнын және шақырушылардың психологиялық тесттен өту барысымен, облыстық медициналық комиссияның жұмысымен танысты. Мамандар жастар денсаулығының жақсарғанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша былтыр 4500-дей жас әскерге аттанды. Биыл да өрендер әскери бөлімдерге жіберіледі. Облыста әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жанданып жатыр. Білім ұяларында оқушылар мен студенттерге ерлік пен елдіктің маңызы дәріптелуде. Қоғамда әскери салаға деген қызығушылық артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Мерекенің құрметіне Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік корпорация филиалының қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Немет Абдрасиловтың үйінің ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Іс-шара Жеңіс күні және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында өтті.

Түркістанда дүниеге келген Немет Абдрасилов 23 жасында майданға кетіп, Берлинге дейін жеткен. Зеңбірекші және Рейхстаг шабуылына қатысушы. Ардагер Отан соғысы орденінің, I және II дәрежелі «Даңқ» ордендерінің, «Қызыл Жұлдыз» орденінің және жиырмадан астам медаль иегері.

«Біз ардагерлерімізді еске алып, мақтан тұтамыз, бұл көмек олардың жанқиярлығы үшін терең алғысымыздың аз ғана бөлігі», – дейді Түркістан облысындағы мемлекеттік корпорация филиалы директорының орынбасары Нұрзат Бураев.

Сенбілікке қатысушылар тазалық жұмыстарын жүргізіп, Немет Абдрасиловтың үйінің жанындағы гүлзарларды ретке келтірді.

Осы тұрғыда атап өтерлік жайт, түркістандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, белсенділік танытып жатыр. Бұл апта — қорытынды апта. «Мөлдір бұлақ» апталығында арықтар мен бұлақ көздері тазаланбақ. Осы бағытта Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Құсшы ата ауылындағы «Балауса» лагерінде сенбілік өтті. Бұлақ көздерін ашу және айналасын күл-қоқыстан тазарту мақсатында өткен сенбілікке басқарма басшысы Қайрат Абдуалиев бастаған 30-дан астам қызметкер қатысып, демалыс орнының маңындағы қоқыстарды тазалады.

Мамандардың айтуынша, бұл акцияны өткізу облысымыздың қоршаған ортасының экологиялық жағдайын жақсартады, табиғат байлығы – бұлақ көздерін қорғай білуге, өлкеміздің табиғи ресурстарын аялауға үлгі болатыны анық.

Жалпы, бүгінгі таңға дейін «Таза өлке», «Киелі Мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» экологиялық акциясына 368 мыңға жуық адам атсалысқан.

«Таза өлке» науқанында 4 352 шақырым көше бойлары және 120 мың шақырым аяқжолдар тазаланды. Бұдан бөлек, 608 шақырым өзен, көпір, канал бойлары және 1 380 көпқабатты тұрғын үй аулалары тазаланды. Нәтижесінде 1 225 тонна қоқыс шығарылған. Ал «Киелі мекен» апталығында 226 ауқымды іс-шара өткізіліп, тарихи-мәдени орындар тазартылды. Аталған жұмыстарға 22 251 адам, 496 техника тартылып, 1 410 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ «Жасыл аймақ» науқанында 153 мыңнан аса ағаш егіліп, 175 мыңға жуық тал түптері әктелді. Сонымен қоса 346 саябақ-скверлер, 731 балалар ойын алаңшалары тазаланды. Акциясының төртінші «Өнегелі ұрпақ» апталығында 396 іс-шара өткізіліп, 768 көше бойлары және 322 шақырым аяқжолдар мен көпір мен каналдар бойы тазаланды. Сонымен қатар 89 саябақ, балалар алаңшалары реттеліп, 60-тан аса қарт кісілердің үйлеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық шарасына 16 566 адам, 433 техника тартылып, 532 тонна қоқыс шығарылды.

Айта кетейік, алдағы уақытта игі шара мұнымен тоқтап қалмай, жалғасын таппақ.

Облыс орталығы тұрғындары бұдан бөлек экоакцияның бесінші аптасында Арыс-Түркістан каналында жалпы тазалық жұмыстарын жасады.

«Мөлдір бұлақ» апталығында түркістандықтар каналды жарамсыз шөптерден тазартып, 25 қап қоқысын жинады.

Айта кетейік, экоакцияның өткен «Өнегелі ұрпақ» апталығында бірқатар тазалық жұмыстары атқарылып, нәтижесінде 23 аялдама сұрланып қайта қалпына келтірілсе, 4000-ға тарта ағаш түбі қопсытылып, реттелді. Қала көшелері 100 тонна қоқыстан тазартылып, зақымданған балалар ойын алаңшалары абаттандырылды.

«Таза Қазақстан» Республикалық экологиялық акциясының «Мөлдір бұлақ» қорытынды аптасында Жастар ресурстық орталығының мамандары да Арыс-Түркістан каналының қоқысын жинады. Аталған акцияға қала тұрғындары да болашағымызға өнеге әрі үлгі болсын деп атсалысып жатыр. Осындай игілікті акцияға атсалысып жатқан тұрғындарға үлкен алғысымызды білдіргіміз келеді.

Еске салайық, Отан қорғаушылар күні — Қазақстан Республикасында 7 мамырда атап өтілетін мемлекеттік мереке. Мемлекеттік демалыс күні болып аталады. 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның сол тұстағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Дәл осы күні республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді.

1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ ССР Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Кейін ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

1992 жылдың 7 мамырында ҚР Тұңғыш Президентінің арнайы Жарлығы шыққан еді. Бұл Жарлық бойынша, республика аумағындағы КСРО Қарулы Күштерінің құрамындағы мекемелер, бөлімдер, құрамалар Қазақстан Республикасының құзыретіне берілді. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Президенттен басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі қызметіне генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетов тағайындалды.

7 мамыр Қазақстанда мерекелік демалыс күні болып саналады. Мереке қарсаңында Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті әскери шендер беру туралы Жарлыққа қол қойып, ерекше көзге түскен әскери қызметкерлерді марапаттайды.

Биыл да Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары әскери арнаулы атақтар мен сыныптық шендер беру туралы Жарлыққа қол қойды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin