Түркістан шаһарындағы іргелі оқу орнында еліміздің жоғары білім беру саласына зор үлес қосқан академик Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды. Шараға Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ғалымның жанұясы мен әріптестес достары, университет ұжымы мен студенттер қатысты.

Жиын Лесбек Ташимов туралы әзірленген арнайы бейнероликпен басталды. Университетке ғана емес, Түркістан облысына өлшеусіз үлес қосқан, ерен еңбек еткен азамат жайлы Бейсенбай Тәжібаев та сөз қозғады. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген қанатты сөз Лесбек Ташимовтай арда азаматқа арнап айтылғанын жеткізді. Ғалымның сол уақыттағы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ғылым, білім, басқа да өзекті мәселермен тікелей айналысқанын атап өтті. Осындай біртуар тұлғаны ұлықтап, арнайы дәрісхана ашып жатқан университет басшылығына, Ташимовтар әулетіне алғыс білдірді.

Университет ректоры Жанар Темірбекова оның оқу орданы ұзақ жылдар бойы басқарып, оның өсіп-өркендеуінде еңбегі орасан зор болғанын айтты. Ғылымды жанындай сүйетін, тау тұлғаның еңбек жолы баршаға үлгі екенін, университет ұжымы оның елеулі еңбегін естен шығармағанын тілге тиек етті. Ректор Лесбек Ташимовтың білікті басшы, іскер азамат және мәмілегер тұлға болғанын айрықша атап өтті.

Айтулы жиынға Түркия Республикасынан арнайы келген Мухиттин Шимшек досы әрі әріптесі болған академик жайында жылы естіліктерімен бөлісті. Ғалымның атымен мұндай дәрісхананың ашылуы – өте маңызы бар іс екенін айтты. Сондай-ақ, Лесбек Ташимовтың ағасы Жанұзақ Тоқыбетов, әріптесі Шәріпбек Жамалбеков, профессор, математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмуд Садыбеков естеліктерін ортаға салып, алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, Лесбек Ташимов – 1997-1998 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президентінің кеңесшісі, 1998-2003 жылдары университеттің Шымкент бөлімшесінің директоры, 2003-2004 жылдары ХҚТУ Шымкент институтының директоры қызметін атқарған. Ал 2008-2013 жылдары осы оқу орданың ректоры ретінде абыройлы еңбек еткен болатын.

Еске салайық, Лесбек Ташимов 1949 жылы 27 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Мәдени ауылында дүниеге келді. 1-8-ші сыныптарды Мәдени (Ханқорған) ауылында оқып, 1966 жылы Түлкібас ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген соң, еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №69 қалалық кәсіптік-техникалық училищеде тәрбиешілік жұмыстан бастады.

Қызылорда облысының бірнеше дүркін бокстан чемпионы, Қырғызстан Республикасында өткен бүкілодақтық жарыста жүлдегері болды. КСРО спорт шеберлігіне үміткер және жеңіл атлетикадан 1-разряды бар.

1967 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтына түсіп, оны 1971 жылы математика мамандығы бойынша бітіреді.

1971-1977 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы №152 қалалық кәсіптік-техникалық училищесінде және «1 Май» орта мектебінде мұғалім, директордың орынбасары.

1977-1981 жылдары Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалының аға оқытушысы болған, 1981-1983 жылдары Мәскеу авиация институтының зерттеушісі, 1983-1993 жылдар аралығында Қазақ химия-технологиялық институты «Жоғары математика» кафедрасының аға оқытушысы, «Инженерлік құрылыс» факультеті деканының орынбасары, «Қолданбалы және есептеуіш математика» кафедрасының меңгерушісі, 1993-1994 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық білім беру департаментінің бірінші орынбасары, 1994-1996 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық дене тәрбиесі институтында бірінші проректор, 1996-1997 жылдары Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірінші проректоры, 1997-1998 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ президентінің кеңесшісі, 1998-2003 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент бөлімшесінің директоры, 2003-2004 жылдар аралығында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Шымкент институтының директоры қызметтерін атқарды.

2008-2013 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті қызметінде болды.

Қазіргі таңда 100-ден астам ғылыми-методикалық еңбектің, 2 монографияның авторы. Бірнеше мақалалары шет мемлекеттерде, оның ішінде, Чехия, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Америка Құрама Штаттарында басылып шықты.

1999-2007 жылдары және де 2011 жылдан Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды.

2013 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Математика және процестерді модельдеу» ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.

2014 жылдың қыркүйек айынан өмірден озғанға дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының Түркістан облысы бойынша өкілдік директоры лауазымын атқарды.

Ғылыми жетекшілік жасау барысында 9 шәкірт дайындаған, оның жетекшілігімен 3 физика-математика ғылымдарының, 5 техника ғылымдарының кандидаттығы және 1 техника ғылымдарының, 5 техника ғылымдарының докторлығы қорғалды.

Еңбектегі жоғары жетістіктері үшін:

1998 жылы – «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі»;

–1999 жылы – «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»;

– 2001 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен;

– «Конституцияның 10 жылдығына» арналған мерекелік медалімен;

– 2005 жылы ғылыми жетістіктері үшін ЮНЕСКО-ның «Алтын тәж» орденімен;

– «Ыбырай Алтырсарин» медалімен;

– 2007 жылы Мемлекеттік «Құрмет» орденімен;

– 2009 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» наградасымен (Түркия);

– 2011 жылы «Ғылымдағы есім» құрметті атағы (Ұлыбритания, Оксфорд университеті) және «Әлемдік ғылымға қосқан үлесі үшін» медалімен;

– «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен;

– Кеңестер Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Отанын қорғаушыға» құрметті белгісімен;

– «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына сіңірген белсенді еңбегі үшін «Нұр Отан» төсбелгісімен;

– 2013 жылы «ОҚО-ға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен;

– 2017 жылы «Парасат» орденімен;

– 2018 жылы Сайрам ауданының Құрметті азаматы;

– 2019 жылы Түркістан облысының «Құрметті азаматы»;

– 2019 жылы Түркістан облысының Құрметті азаматы болды.

– 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен;

– 2019 жылы ҚР мәслихаттарының 25 жылдығына орай және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді атсалысқаны үшін Дариға Назарбаеваның Алғыс хатымен;

– «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

Отбасылы болып, екі ұл, бір қыз және он немере сүйді.

Тұңғыш ұлы Ерлан Лесбекұлы Тәшімов – уран өндірісі саласында Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының басшысы. Ерланнан Сүлеймен, Бану, Сламхан және Аружан есімді 4 немере сүйді. 2019 жылы сүйікті немересі Сүлеймен Меруертпен отау көтеріп, асқаралы азаматтың отбасын қуанышқа бөледі.

Сүлеймен Ерланұлы Тәшімов — Қазатомпром Ұлттық компаниясының Жоғарғы технологиялар институтында инженер-ізденуші.

Екінші ұлы Нұржан Лесбекұлы Тәшімов – «Астана Газ Сервис» АҚ президенті. Ол — Сұлтан, Сабыр, Жансейіт есімді үш перзенттің әкесі. Сұлтан Нұржанұлы Тәшімов Санкт-Петербургтегі мемлекеттік университеттін тәмамдады.

Ал қызы, Тәшімова Айнұр Лесбекқызы – «Қазақконцерт» республикалық мекемесінде бас экономист қызметінде істейді. Қыздан Айна, Сәния және Әлихан есімді немере сүйді.

Айта өтейік, былтыр желтоқсан айының соңына таман Шымкент қаласындағы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде де ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері Лесбек Тәшімұлы атындағы арнайы дәрісхана ашылған болатын. Тағылымды шара айтыскер ақын Нұрғали Әнапияның арнауымен ашылды. Университет Басқарма төрағасы-ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы мен қоғам қайраткері Мүсірәлі Өтебаев дәрісхананың тұсаукесер лентасын қиды.

Іс-шарада Лесбек Тәшімұлының тұлғалық қасиетін жан-жақты ашқан баяндама оқылды. Ал, әріптес жолдастары мен үзеңгілес достары, шәкірттері ыстық естеліктерімен бөлісті. Кәрім Әбдіқадыр, Дулат Әбіш, Нышан Байғұт, Жамалбек Шәріпбек, Жұмахан Мірхалықов, Тұрсын Сейітбеков, Бек Өнербаев, Әбіләкім Мұратов, Анар Жаппарқұлова сияқты көзкөргендер асыл азаматтың жарқын бейнесін жаңғыртты.

Іс-шараға Лесбек Тәшімұлының жан жары Жаһан апа мен ұлы Ерлан қатысты. Құрметті қонақтар дәрісхананың ашылу іс-шарасынан кейін университет ауласындағы «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естелікке суретке түсті.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Оңтүс­тіктегі іргелі оқу орындарының бірі. Осындағы медицина факультеті халықаралық стандарттарға сай білім беруімен ерекшеленеді. Оқытушы-профес­сор­лар құрамы мықты. Қазақшадан бөлек ағыл­шын, түрік тілдерінде де дәріс беріледі. Студенттер Түркия мемлекетінде де сабақ алады. Бастау барын бұлақ та біледі дегендей, тексіз дүние жоқ. Шығыс медицинасының алтын тамы­ры Ибн Синада жатса, қазақ медицинасының атасы – шипагер Өтейбойдақ. Өркениет өздерінен басталардай көретін Батыс дәрігерлерінен бұрын шешекке қарсы дәрі еккен Өтейбойдақты ауызша мақтан қылғанымызбен, еске аларлықтай ештеңе жасай қойған жоқ едік. ХҚТУ-дың сол тұстағы ректоры, профессор Лесбек Ташимов медицина клиникасының алдынан медицина алаңын саларда ортаға Ибн Синаның мүсінін ор­натып, қос қапталындағы қызыл гранитке Гиппократ пен Өтейбойдақтың өмірі, қызметі, сіңірген еңбегі жайлы жаздырды. Бұл – болашақ дәрі­гер­лер үшін үлкен тәрбие. Осылайша тарихы­мыз­дың жадында қалған жоғын жаңғыртқан азаматтың халқымыздың түп-тұқиянын түгендеуге де атсалысқаны бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin