Түркістан шаһарында Облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев сала басшыларының есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Мәжілістің күн тәртібінде «Қауіпсіз мектеп» жобасының іске асырылуы, оқу жылының қорытындысы, жаңа оқу жылына дайындық, мектептерді күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу мәселелері, балаларды жазғы лагерьлермен қамту жұмыстары талқыланды.
Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов салада атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге спикерлер мектепке дейінгі және орта білім мекемелеріне жүргізілген мониторинг қорытындысы, «Балалардың жазғы сауықтыру мен білім беру мекемелерінде қауіпсіздік мәселесі» туралы және «Техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа мамандықтар ашу мәселесі» жөнінде ой қозғады. Ұсыныстар мен тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, алқа қаулысы қабылданды.
Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 50 колледж жұмыс істейді, онда 71 мамандық бойынша 41 902 студент білім алуда (қазіргі таңда қалғаны – 41 702, оның ішінде: мемлекеттікте – 23 713, жекеменшікте – 17 557).
Жекеменшік колледждер туралы нақтылай кетейік: облыста 21 жекеменшік колледж болса, оның 165-ы мемлекеттік тапсырыстар аясында кадрлар дайындауда. Жалпы, жекеменшік колледждердегі студенттер саны – 17 557.
2023-2024 оқу жылында облыс бойынша жекеменшік колледждерге – 3 983 студент қабылданған.
Басқармаға қарасты мемлекеттік 25 колледжде 20 125 студент 63 мамандық бойынша білім алуда.
Жалпы облыстағы колледждерді негізгі маман даярлау бағытына қарай талдасақ:
Ауыл шаруашылығы – 4 колледж (3 мемлекеттік, 1 жекеменшік);
Медициналық – 6 колледж (2 мемлекеттік, 4 жекеменшік);
Гуманитарлық, педагогикалық – 10 колледж (2 мемлекеттік, 8 жекеменшік);
Техникалық – 15 колледж (12 мемлекеттік, 3 жекеменшік);
Көпсалалы мамандар даярлау бағыттында – 15 колледж (9 мемлекеттік, 6 жекеменшік) қызмет атқарады.
Ескеретін жағдай, соңғы жылдары облыстағы колледждердің маман даярлау бағыттары өзгеріп, басым бөлігі көпсалалы колледждерге айналған. Бұл маман даярлау сапасына кері әсерін тигізеді. Себебі аталған колледждердің нақты бағыты айқындалмаған.
Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету депртаменті 2022, 2023 жылдары өткізген мемлекеттік аттестациялау барысында 3 жылдан бері кадрлар даярланбаған 17 колледждегі 58 мамандық пен 83 біліктіліктің лицензиясы кері қайтарылған.
Қазіргі таңда бірқатар жақын орналасқан колледждерде тағы да 23 мамандық қайталанады.
«Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасында ТжКБ жүйесін дамыту міндеті қойылған, себебі бүгінгі таңда қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен дағдыларына қойылатын талаптар өзгерген, адамның еңбек белсенділігінің мерзімі ұлғаюда және таяудағы 5 жылда ұлттық еңбек нарығына жыл сайын 400 мыңға дейін жас шығады деп күтілуде.
Сонымен қатар, колледждердің оқу бағдарламалары мен материалдық-техникалық базасы өндіріс сұранысына жауап бере алмауда.
Осы ретте, облыстық білім басқармасы саладағы жұмыс ауқымының көлеміне байланысты колледждерге жеткілікті деңгейде назар аудара алмай келеді.
Бұл өз кезегінде колледждер дайындайтын мамандардың біліктілігі өндіріс орындарының қажеттілігіне жауап бере алмайтының көрсетуде. Яғни, жаңа технологиялар енгізілген өндіріс орындарында орын алып жатқан ғылыми-техникалық прогрестің дамуынан отандық кәсіптік білім беру саласы әлде қайда артта қалуда. Колледждерде даярланатын мамандықтар әлемнің озық өндіріс орындарында жұмыс істеу сұранысына толық ие емес. Бұл жұмыссыз мамандардың санын арттыруға алып келуде. Мәселені оңтайлы шешу үшін, облыстық білім басқармасы тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру саласына түбегейлі өзгерістер енгізу қарастырылуда.
ҚР Оқу-ағарту министрлігіне облыстық білім басқармасынан техникалық және кәсіптік білім беру саласын бөліп, жаңа құрылым ретінде қарастыру бойынша ұсыныс енгізілді.
Тиімділігі:
— ТжКбб мекемелеріне тікелей өндіріс орындарымен жұмысы жүргізуге мүмкіндігі туады және мамандардың сол өндіріс орындарында жұмысын жалғастыруына жол ашылады;
— бизнес жоспары бар студенттер мен оқытушылар үшін мемлекеттік гранттар бөлу арқылы колледждер базасында шағын және орта кәсіпкерлік орындарын ашуға мүмкіндік беру арқылы, колледждерді өндіріс орындарына айналдыру;
— колледждерді ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік, туризм және т.б. салалармен бірлесіп әлемнің озық технологияларын меңгеруге шет елдерге оқытуға жіберу, заманауи техниканы игеруді үйретуге мүмкіндік ашады.
Мәселен, облыстық білім басқармасының есебі бойынша дуалды оқыту жүйесімен 35 колледждің 8 518 студенті 43 мамандық бойынша 275 кәсіпорында өндірістік практикадан өтуде.
«Алайда, бұл есептің басым бөлігі формалды деп санаймын» — дейді Жандос Маханбетов.
Қазіргі таңда жалпы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алушылар саны 29 102 студентті құрайды. Биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен 15 344 студент қабылданса, оның 11 514 орыны мемлекеттік колледждерге бөлінген. Тапсырма толығымен 100%-ға орындалды. Өткен оқу жылында мемлекеттік колледждерге 8 660 мемлекеттік тапсырыс бөлінген болатын.
Мемлекеттік колледждердегі студенттердің санының артуына байланысты 2023 жылдың ІҮ тоқсанында мемлекеттік колледждер өздерінен үнемделген 2,1 миллиард теңге қаржыға материалдық-техникалық базаларын нығайтты.
Биылғы грант құны бір балаға шаққанда орта есеппен 693 000 теңгені құрайды. Атап айтқанда, айына — 77 000 теңге. Оның 45 000 теңгесі – оқу мазмұнына, 32 000 теңгесі — студенттің шәкірт ақысы.
Енді осы көрсеткіштер 2024 жылдың 1 қыркүйегінен оқу мазмұны – 62 500 теңгеге, шәкірт ақы – 43 000 теңгеге дейін артты.
2024-2025 келер оқу жылына мемлекеттік тапсырыспен 17 000 студент қабылдау жоспарланған. Осы мемлекеттік тапсырыстың 20% немесе 3 500 орыны облыстық бюджеттен қаралуы тиіс болып отыр. Бұл шамамен – 3,3 миллиард теңге қаржыны құрайды.
Алайда, осы облыстық бюджет есебінен бөлінуі тиіс грант санын 1 500 орынға дейін азайтып, оны саладағы үнемделген қаржы есебінен шешу ұсынылады. Жалпы қажетті қаржы көлемі бір жылға – 1,1 миллиард теңгені құрайды.
Себебі биылғы оқу жылындағы 9-сынып бітірушілері – 40 мың оқушыны, 11-сынып бітірушілері 31 мың оқушыны құрайды. Бөліну жоспарланған мемлекеттік тапсырыстар сұранысты толық қанағаттандырады. Бұл бойынша нақты шешім қабылдауды қажет етеді.
Сонымен қатар, колледждер базасында жаңа мамандықтар ашу да — күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі.
Жауаптыларға балалардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыру, оқушылардың қауіпсіздігін басты назарда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 1000-нан астам мектепте 500 мыңнан астам оқушы білім алуда. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын реттеу және қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта биыл облыстағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Былтыр өңірде 20 мектеп пайдалануға берілді. Ал, биыл облыста 43 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 29-ы “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы арқылы болса, қор есебінен 14 білім ордасы бой көтереді.
Сондай-ақ, биыл 100-ден астам оқу орнының ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 71 білім беру ұйымының жылыту жүйесі газға ауыстырылады.
Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерлерінде тегін демалады. Ата-аналар есебінен ақылы негізде 20 мыңнан аса бала демалады. Мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлып, оған 10 000 оқушы қамтылады. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала демалады деп күтілуде.
Алқа мәжілісі соңында жазғы шомылу кезеңдерінде ауылдарда ата-аналарымен бірге балалар қауіпсіздігіне барынша мән беру тапсырылды. Салаға жауаптылар полиция, төтенше жағдай қызметкерлері, еріктілермен бірге оқыс оқиғалардың алдын-алу, суға жүзуді үйрету шараларымен айналысатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.