Созақ ауданы: Қарақұр ауылында жабық футбол алаңы салына бастады

Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бірқатар ауылдарды, шағын елді мекендерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылап қайтты. Іссапары барысында алдымен ауданға қарасты Ақсүмбе елдімекеніне барып, атқарылу тиіс жұмыстарды пысықтады.

Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ақсүмбе ауылдық клубы мен кітапханасында болды. Онда қосымша жасалу керек жұмыстарды нақтылап, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ ауыл маңында ағын су салдарынан бүлінген жолдарды реттеу үшін де нақты міндеттер жүктеді. Бұған қоса түнгі жарықшамдар орнатылатын көшелер мен, ауыл тазалығына тоқталды.

Сонымен қатар, Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдағы су өткізгіш құбырлардың күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Қарақұр ауылындағы құрылыс нысандарын аралады.

Қарақұр ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының құрылысын жақын уақытта аяқтау көзделсе, ауыл жастары бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау мақсатында заман талабына сай жабдықталған жабық футбол алаңының құрылысы басталды.

Аудан басшысы аталған ауылдардан соң аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінде болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылыс нысанының жай-жапсарына жан-жақты тоқталды.

Жалпы, созақтықтардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 200-дей спорттық нысан жұмыс істейді. Соңғы үш жылда 6 балалар ойын алаңшасы, 7 кіші футбол алаңшалары және 6 стрит воркаут алаңшасы салынған. Нәтижесінде, ауданда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны бүгінгі таңға 26 мың адамнан асып, аудан халқының 41%-ына жетіп отыр.

Былтыр сондай-ақ «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында Созақ ауылында спорт алаңының құрылысы басталған болатын. Кешен пайдалануға өткен жылы желтоқсан айында тапсырылды (жоба құны 483 млн. теңге). Бұдан бөлек, былтыр Қаратау ауылында жабық кіші футбол алаңының құрылысы басталып, нысан сол жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді (құны 93,4 млн. теңге).

Тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсері анық. Түркістан облысында 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген. Түркістан облысында жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отыр. Оны спортшылардың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады. Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, сынды басқа да спорт түрлеріне қызығушылық артуда.

Өңірде өткен жылдың қорытындысы бойынша 4650-ден астам спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар.

Былтырдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2022-2024 жылдар аралығында «Ә.Нұрмаханов атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешені», «Дарынды балаларға арналған облыстық спорттық мектеп-интернаты», «Жоғары шеберлік спорт мектебі», «Облыстық медициналық дене шынықтыру диспансері», «Түркістан қаласының олимпиадалық резерв мектебі», сондай-ақ «Ат спорты кешені» сияқты бірқатар қазіргі заманғы  үлгідегі спорт нысандарын пайдалануға беру жоспарда бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандары спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолы барын айтады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен, спорттық киімдермен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар облыс құрамасына еніп, әрі қарай ұлттық құрамаға енген спортшыларға спорттық нәтижесіне қарай облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес жоғарғы жетістікке жеткен спортшыларға және жаттықтырушыларына ай сайынғы ақшалай стипендия төленеді. Спортшыларды ынталандыру жолында жаттықтырушының да алатын орны ерекше. Сондықтан жаттықтырушылар оқу-жаттығу және жарыс барысында спортшылармен бірге барып жеке жаттығу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөледі. 

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған ке­шенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қау­лысымен бекітілгені мәлім. Осы жос­парға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі аясында балалар мен жасөс­пірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді.

Спорт кешенін ашып, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істегісі келсе, арнайы ашылған www.artsport.edu.kz порталы арқылы өтініш береді. Жергілікті уәкілетті органдар қызмет көрсетушінің талапқа сәйкестігін тексеріп, порталға енгізеді. Өз кезегінде ата-аналар да баласын тегін өнер үйірмесі немесе спорт секциясына жаздырғысы келсе,  аталған портал арқылы өтініш беруіне болады. Порталға тіркеліп, өз шағын ауданындағы спорт секциясын және ондағы спорт түрін өзі таңдап алады. Содан кейін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен медициналық анықтаманы дайындап өткізсе болғаны, баласы спорт секциясына тегін барады.

Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан болатын.

Созақ ауданында орналасқан өндірістік кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер демеушілігі есебінен соңғы үш жылда 1,3 млрд. теңгеге бірқатар нысандар бой көтерді. Екі мешіт салып берді. 6 балалар алаңшасын, 5 спорт алаңын салып, 12 көшені жарықтандырды. 15 нысанды абаттандырып берді. Созақтықтар аз қамтылған көп балалы отбасыларға 11 үй сыйлады. Солардың бірі осыған дейін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінде баспана сұраған мүгедек әйел облыс, аудан басшылығына айтар алғысы мол. Оған жергілікті кәсіпкер баспана сыйлаған.

Созақ ауданының инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында былтыр 26,5 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 3 трансформаторды ауыстырды. Ағаш бағаналары темір бетон бағаналарына ауыстырылады, жаңа трансформаторлар орнатылды. Былтыр жергілікті бюджеттен қосымша 362 млн. теңге қаржы бөлініп, 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен жөн. Облыстық маңызы бар Шолаққорған — Созақ, Созақ — Қарағұр, Шолаққорған — Құмкент жолдарының 152 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев абаттандыру, елді мекендерді таза ұстау мәселелеріне ерекше назар аударады. Аудан аумағын көркейтіп, қоршаған ортаны тұрмыстық қалдықтардан тазарту, жол бойындағы кәсіпкерлік нысандар мен үйлердің қасбеттерін ретке келтіру жұмыстары үнемі бақылауда болуы қажет. Бұл жергілікті әкімдердің жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі екені белгілі. Тұрғындар да осы жұмыстарға атсалысып келеді. Алдыңғы жылы демеушілер есебінен Шолаққорған ауылынан Түркістан бағытына шыға беріс жолының бойында 3,2 гектар жер телімі қоршалып, 3,5 мың көшет отырғызылған болатын. Көгалдандыру аймағына тамшылатып суғару жүйесі жүргізілген. Былтыр ол жұмыстар өз жалғасын тауып, қосымша 1,6 га жер теліміне 2 мың түп көшет отырғызылды. Жалпы, былтыр аудан аумағын көгалдандыру мақсатында 18 670 көшет отырғызылды.

Осы уақыт ішінде қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Аққолтық елді мекеніндегі бөгеттер тұрғызылып, арықтар қазылды. Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінің тұрғындарына қосымша су өткізгіш құбырларын орнату жұмыстары жүргізілді. Шолаққорған ауылының ішкі газ құбырының желісін тарту жұмыстары 2023жылы толық аяқталды. Ауылға газ беру үшін автоматты газ тарату станциясы мен магистральды газ құбырының құрылысы биылғы  жылы аяқталады. Ақшам, Наурыз шағын аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электр жарығының жиі өшуіне байланысты ескі подстанция жаңартылатын болды.

Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға 51 млн. теңге, 2023 жылға 657 млн. теңге қаржы бөлінді. Су тарату нысандарының орындары қоршалып, 30 шақырымға жуық су құбыры траншеяларға тасталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, Шолаққорған ауылы тұрғындары тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемелер анықталды. Жолдардың сапасын арттыру мақсатында осы жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қажетті қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталды.

Сондай-ақ Ыбырай ауылынан Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі жанынан 200 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп көзделуде.
Айта кететін, 2022 жылғы қыркүйектегі ел Президегті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалар жөніндегі кеңесте және «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.

Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деген сөзін күллі ұстаздар қауымы мен ата-аналар үлкен қуанышпен қарсы алдық. Ендігі жерде мемлекеттік бағдарламадан «Сапалы білім. Білімді ұлт» ұлттық жоба бағытымен оқуға көшіп, біртіндеп бір ауысымды мектепте оқуға қол жеткіземіз. Шетелдердердің заманауи мектептерінде білім алып жүрген оқушыларды теледидардан көріп, көзімен көріп келгендерден есітіп, таңдана да, қызғана да қарайтынбыз. Алдағы уақытта біз де, қазақстандық ұстаздар, шәкірттерімізге жан-жақты тәрбие, уақыт талабына сай сапалы білім беруге толық жағдай жасалатын «Жайлы мектепте» мұғалім болу мәртебесін иеленеміз.

Нәтижесінде біртіндеп апатты және үш ауысымды мектептерден арылып, жаңа форматтағы бір ауысымды мектепке оқуға қол жеткіземіз. Жаңа форматтағы «Жайлы мектептерде» балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған, барлық пән кабинеттері мен лабораториялар білім беру стандартына сай қажетті оқу-әдістемелік, көрнекі құралдармен толық жабдықталған. Бастауыш және жоғарғы сынып оқушыларының оқу ғимараттары мен спорт залдары бөлек болып, басқа да көптеген артықшылықтарымен ерекшеленбек. Бұл жағдайлар Отанымыздың келешегі – балаларымызды «Жайлы мектепте» оқытып-тәрбиелеуге деген мемлекетіміздің қамқорлығы деп түсінеміз. Еліміздегі ауылдық аймақтардың да, қалалардың да әлеуметтік саласындағы өзекті де өткір жағдайдың бірі болып тұрған бұл мәселе көптен бері көтеріліп келе жатқаны да рас еді. Өйткені, соңғы жылдары демография жоғарылап, көшіп келушілер саны да өсуде.

Деректерге сүйенсек, соңғы үш жылда Республикамыз бойынша үш ауысымды мектептер саны 32 пайызға көбейген. Жылына 170 мың оқушы мектеп бітірсе, 400 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды екен. Бір миллион тұрғыны бар қоныста 27 мектеп, 65 балабақша болуы керек екен. Республикамыз бойынша 2022 жылы 270 мың оқушы орны жетіспеушілігі болған. Кейбір өңірлерде 70 жылдан бері әбден ескірген, қам кесектен, ағаш бөренелерінен, қамыс шомынан салынған, қарапайым ғана ыңғайластырылған мектептер бар екені де жасырын емес. 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin