Созақ ауданындағы барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылды

Бүгін тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетіп, аудандағы барлық білім беру ұйымдарында қоңырау үні соғылды. Бітіруші түлектерді арман биіктеріне ұшырып, өмір мектебіне шығарып салды.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінде өткен салтанатты шараға қатысып, барлық ұстаздар мен оқушыларды және олардың ата-аналарын білім жылының аяқталуымен құттықтады.

— Міне, бүгін тағы бір оқу жылын сәтті аяқтап отырмыз. Бәріміз де мектеп табалдырығын аттап, білім алдық. Өз баласын ұмытып, өзгенің баласы үшін уақыттарын сарп еткен ұстаздардың алдынан өттік. Сондықтан біздің әрбіріміз үшін мектеп атты алтын ұя саналатын білім ошағының орны бөлек. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі ұшан теңіз. Қашанда Сіздерге сенім артқан ұлағатты ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың үмітін ақтайсыздар деген сенімдемін. Баршаңызға жақсылық, амандық, елімізге тыныштық тілеймін,-деген аудан басшысы мектеп оқушылары бос уақытын тиімді пайдалану мен білім сапасын арттыру мақсатында қолға алынған жобаларға тоқталып өтті. Сондай-ақ, мектеп бітіруші түлектерге үлкен үміт артатынын жеткізді. Білім беру саласына үлес қосқан ұстаздардың еңбегін ерекше атап өтті. Оқу жылында жетістікке жеткен ұстаздарды алғыс хатпен марапаттап, құрмет көрсетті. 11-сынып түлектерінің әрбір сыныбына жеке дара тоқталып, естелік суретке түсті. Болашаққа қадам басып жатқан жаңа өмірлеріне сәттілік тіледі.

Сонымен қатар, Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінен түлеп ұшқан 20 жылдық пен 40 жылдық түлектер өздерінің білім ордасына деген сағыныштарын жеткізді. Мектеп қабырғасында білім нәрімен сусындатқан ардагер ұстаздарға деген жылы лебіздерін арнады. Мектеп оқушылары концерттік бағдарламаларын тарту етіп, соңғы қоңырау үні соғылды.

Айта кетейік, биылғы оқу жылында аудан мектептерінде 974 оқушы жаңа өмірге қадам басты. 62 оқушы Алтын белгіге үміткер атанса, 235 оқушы Үздік аттестатқа үміткер атануда. Сонымен қатар, 9 сыныпты тәмәмдаған 150 оқушы Үздік аттестатқа үміткер ретінде ұсынылып отыр. Бұған қоса жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын қамтамасыз ету мақсатында барлық білім мекемелерінде мектеп жанындағы лагерьлер 1 маусымнан бастап өз жұмыстарын бастайды. Ал қала сыртындағы лагерьге аудан мектептерінен 1000 баланы тегін демалдыру жоспарлануда.

Созақ ауданында салынып жатқан білім ошақтары туралы кеңірек айта кетер болсақ, мұнда дәл қазір «Жайлы мектеп» жобасы аясында 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп құрылысымен жүріп жатыр. Білім ордасы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен жүзеге асуда. Жаңа мектепте робототехника, зертхана және хореография үйірмелеріне арналған кабинеттер қарастырылған. Сондай-ақ, оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталармен және компьютерлермен жабдықталмақ. Мектепте арнайы бастауыш сыныптар, орта және жоғары буын оқушылары үшін жеке блоктар жасақталады. Білім ордасы биыл пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ, өткен жылы Созақ ауданында бірнеше нысан ел игілігіне тапсырылған болатын. Оның ішінде 200 орындық Құрманғазы атындағы шағын жалпы орта мектебі мен 75 орындық мәдениет үйі бар. Одан бөлек, 1 000 орындық жаңа стадион мен түрлі балалар ойын алаңшалары ашылған болатын. Сонымен қатар, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен «Street workout» қолданысқа берілген.

Орайы келгенде, Созақ ауданының білім беру саласына қатысты ақпараттарды назарларыңызға ұсына кетейік. Жалпы, «солақай адамдар тумасынан дарынды келеді» дейді білетіндер. Себебі, ондай жандар өз мақсатына жету үшін кез келген қиындыққа төзуге дайын. Солақайлардың ішінде қос қолымен жазатындары да бар. Зерттеушілердің мәліметіне сенсек, әлемде 1 пайыз адам ғана екі қолымен бірдей икемді жұмыс істей алса, 10% тек солақай қолмен ғана жұмыс жасайды екен.

Дәлірек айтсақ, Созақ ауданындағы Ләнде Бөкенов атындағы жалпы білім беретін мектептегі 884 оқушының 72-сі сол қолымен жазатындығы анықталды. Яғни, оқушылардың 8,1% солақай деген сөз. Ең қызығы, бастауыш сыныпта білім алатын солақай 33 баланың 10-ы 4-сыныпта оқыса, жоғары сыныптағы 39 солақай баланың ішіндегі 10-ы 7-сыныпта оқиды екен. Яғни, 14 жастағы балалардың сол қолымен 10 бала жазатыны белгілі болды. Зерттей келе, 4-сыныптар 1-сыныпты онлайн оқыса, ал 7-сыныптардың көпшілігі 6 жасқа толмай, мектеп табалдырығын аттағандар екен.

Мектептегі солақай жандардың көбісі тез шешім қабылдай алатын, шығармашылыққа, өнерге, спортқа бейімділігі байқалды. Тіпті сол қолымен жазатын 3-сынып оқушысы Батма есімді қыз өзінің полиглот екенін байқататты. Ол қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Солақайлық оқушыларға оқу-іс әрекетіне ешқандай қиындық туғызбапты, бірі сабақты үздік оқыса, енді бірі сабақ үлгерімі төмен болғанымен, суретшілік т.б. қабілеті басым, спортқа икемді келеді екен.

Кеңес Одағы кезінде солақай балаларды міндетті түрде оң қолға үйретіпті. Ал қазіргі таңда солақайлық — негативті құбылыс емес, қалыпты жағдайға айналған. Дамыған мемлекеттерде солақай балаларға арнайы оқу құралдарын да шығарады. Тіпті біздің елімізде де 13 тамыз – Халықаралық солақайлар күні мерекесі ресми түрде аталып келеді.

Сонымен қатар жақсы кітапты сыйлыққа алу ерекше құрмет, өйткені, кітапты үлкен жүректі, кітапхана тағдырына бейқам қарамайтын адам сыйлайды. Созақ ауданының Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектеп кітапханасына 2004 жылғы түлектер алуан тақырыптағы балалар әдебиеті, шетел, бүгінгі заман әдебиеттерін құрайтын әртүрлі жанрдағы 100-ге тарта кітапты сыйға тартты. Сыйға берілген кітаптар оқырмандарға ерекше қуаныш сыйлайтыны сөзсіз.

Мұнан бөлек таяуд Созақ ауданының Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп базасында «Білім беру ұйымдарындағы кәмелет жасына толмаған балаларды әлеуметтік қолдау және қорғау жолдары» тақырыбында ақпараттық семинар өткізілді. 2024-2025 жылдарға арналған облыстың жол картасына сәйкес Түркістан облысының 100 білім беру ұйымына мақсатты әдістемелік қолдау көрсету жұмыс жоспары бойынша өткізілген семинарға аудан мектептерінен әлеуметтік педагогтер қатысты.

Іс-шара барысында Түркістан облысының білім басқармасының «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің «Тәрбие және әлеуметтік психология» кафедрасының әдіскері Гулжан Алимбекова ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Семинар соңында кері байланыс жасалып, ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сондай-ақ, жақында Созақ ауданының Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназия базасында қазақ елінің тұңғыш академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» атты іс-шаралар жоспары бойынша «Ғасыр ғұламасы – Қ.Сәтбаев» тақырыбында аудандық тәжірибелік семинар өтті.

Қ.Сәтбаевтың еңбектерін, ұлт үшін жасаған ұлы істерін, сан қырлы ғылымға қосқан үлесін білім алушыларға кеңінен насихаттай отырып, педагогтердің өзара тәжірибе алмасу арқылы білім сапасын көтеру мәселелерін шешу, тұлғаны дамытудағы ортақ мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында өткен шараға аудан мектептерінен педагогтер қатысты.

Семинар барысында сыныптан тыс жұмыстар және биология, алгебра, география, физика, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, әдебиеттік оқу пәндері бойынша ашық сабақтар жүргізілді. Іс-шара соңында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, кері байланыс арқылы ұсыныстар қабылданды.

Сөз соңында «Жайлы мектеп» тақырыбын түйіндесек. Тұтастай алғанда, өңір бойынша 35 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның 3-і – «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы есебінен, 32-сі – республикалық бюджет есебінен. 2023 жылы 20 мектеп тапсырылған. 2024 жылы қалған 15 мектептің 13-і пайдалануға берілетін болады, 2-і 2025 жылға өтпелі.

Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 2024 жылы облыста жалпы қуаттылығы 1 800 оқушы орындық 8 мектеп құрылысын жүргізу ұсынылып, облыстық мәслихаттан қолдау тапты.

Аталған мектептерде 3 507 оқушы білім алады. Түркістан облысында «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары жобалық қуаттылығы 49 мың орындық 63 мектеп құрылысын салу жоспарланған.

Анықтама үшін нақтылай кетсек: Оның ішінде: 300 орындық – 11 мектеп; 600 орындық – 25 мектеп; 900 орындық – 15 мектеп; 1200 орындық – 6 мектеп; 1500 орындық – 4 мектеп; 2000 орындық – 2 мектеп.

Аталған 29 мектептің 19-ы ағымдағы жылдың қыркүйек айында, қалған 10-ы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Анықтама ретінде нақтырақ айтсақ:

2023 жылы басталған 29 мектеп:

— Түркістан қаласында – 3 мектеп: 2000 орындық – 2 мектеп, 1200 орындық – 1 мектеп;

— Арыс қаласында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;

— Шардара ауданында – 2 мектеп: 1200 орындық – 1 мектеп; 300 орындық – 1 мектеп;

— Сарыағаш ауданында – 4 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 3 мектеп;

— Бәйдібек ауданында – 1 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп;

— Жетісай ауданында – 3 мектеп: 1500 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп;

— Келес ауданында – 3 мектеп: 600 орындық – 2 мектеп, 300 орындық – 1 мектеп;

— Сайрам ауданында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;

— Мақтаарал ауданында – 2 мектеп: 1500 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп;

— Отырар ауданында – 1 мектеп: 600 орындық – 1 мектеп;

— Ордабасы ауданында — 1 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп;

— Созақ ауданында – 1 мектеп: 900 орындық – 1 мектеп;

— Төлеби ауданында – 3 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 1 мектеп; 900 орындық – 1 мектеп;

— Сауран ауданында – 3 мектеп: 300 орындық – 1 мектеп; 600 орындық – 2 мектеп.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектепті ұстап тұруға, яғни, қосымша ашылатын штат бірліктеріне айлық жалақы, коммуналдық қызмет төлемдері үшін қажетті жобамен 2,9 миллиард теңге қаржыға қолдау білдірілді. Аталған қаржы ағымдағы жылдың қыркүйек айында бөлінетін болады.

Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Бұл бағыттағы қаржыларға да министрлік қолдау білдіретін болады.

Тиісті есептеулер министрлікке ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында ұсынылуы тиіс, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан аталған мектептерде ашылатын жаңа штат бірліктері мен оқушылар қозғалысы есептелді.

2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 223.

Тарқата айтсақ:

Түркістан – 3 мектеп, 5200 оқушы орын;

Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;

Сарыағаш – 4 мектеп, 3000 оқушы орын;

Жетісай – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;

Шардара – 1 мектеп, 1200 оқушы орын;

Бәйдібек – 1 мектеп, 300 оқушы орын;

Келес – 3 мектеп, 1500 оқушы орын;

Сайрам – 1 мектеп, 600 оқушы орын;

Отырар – 1 мектеп, 600 оқушы орын;

Төлеби – 3 мектеп, 1800 оқушы орын.

2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 558.

Дәлірек айтсақ:

Түркістан – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;

Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;

Сарыағаш – 1 мектеп, 1500 оқушы орын;

Жетісай – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;

Кентау – 2 мектеп, 2400 оқушы орын;

Қазығұрт – 1 мектеп, 600 оқушы орын;

Келес – 2 мектеп, 600 оқушы орын;

Сайрам – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;

Мақтаарал – 2 мектеп, 1800 оқушы орын;

Ордабасы – 4 мектеп, 3900 оқушы орын;

Түлкібас – 2 мектеп, 900 оқушы орын.

Жалпы айтар болсақ, Түркістан облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектептің құрылысы жүргізіледі. Мектептердің жобалық қуаттылығы – 49 000 орын, 2024 жылы – 29 мектеп, 2025 жылы – 34 мектеп пайдалануға беріледі. Таяуда ғана Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетовпен кездесіп, құрылыс барысындағы мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасқаны белгілі.

Бүгінде мектептерді инженерлік инфрақұрылыммен, су, электр, жылу желілері, кәріз жүйелері, кірме жолдар, интернет желілері, қоғамдық көліктермен қамтамасыз ету шаралары қабылданып, инфрақұрылым жоспары бекітілді. Түркістан облысында демографиялық өсімнің жоғары болуына байланысты оқушы орындарының тапшылығы сезілуде. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ең көп оқу ошағы осы өлкеде тұрғызылады.

Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады.

Жоғарыда айтылған кездесу барысында өңірдегі мердігерлердің қарқыны сөз болды. Мәселен, 2 мектептің құрылысына жауапты жергілікті «Ar Kua Group» ЖШС кестеден қалып барады. Шаруа қарқынын тапсырыс беруші «Samruk-Kazyna Construction» компаниясынан бөлек, жергілікті атқарушы органдар да өз бақылауына алмақ. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарда бар.

Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысының әкімі жеке бақылауына алған. Жұмыс өте қарқынды. Жергілікті әкімдік инженерлік желілерді жайлы мектептердің жер учаскесіне тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын да алып қойған. Түркістан өңірі осындай ауқымда құжат әзірлеген жалғыз өңір. Бұл биыл салынуы тиіс 29 мектептің уақытылы тапсырылатынына күмән келтірмейді.

«Samruk-Kazyna Construction» басшысы болашақ білім ошақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен уақытылы қамтудың маңыздылығына тоқталды. Сондықтан газ, су, жарық, жылу мен интернетті тартып, учаскенің 4 жағынан жол салу барысында мәселе туындаған жағдайда бірден шешу қажеттігін атап өтті.

2025 жылы қолданысқа тапсырылуы тиіс білім ұяларына арналған жер учаскелерін бөлу бойынша сұрақ та назардан тыс қалмауы тиіс. Жоғарыда аталғандай, 2024-2025 жылдары облыста тағы 34 жайлы мектептің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 30 учаске бөлінген, ал 4-еуі бойынша жұмыс жүруде. Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға мәселелерді шешіп, жер телімдерін реттеуді тапсырды.

Облыс әкімі Президент жүктеген тапсырманы жергілікті жерде орындау үшін әкімдіктің жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Жуырда Дархан Сатыбалды жайлы мектептердің құрылысы мен жабдықтауына жауапты компаниялардың басын қосып, ауқымды жиын өткізбек. Мәселе тұрақты бақылауға алынған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін атаған еді. Артынша мемлекет басшысы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар, жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады.

Осылайша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 217 мектептің құрылысы басталып кетті. Ұлттық жоба аясында апатты мектептерді, үш ауысымда оқытуды және тапшылықты жою үшін 401 жайлы мектеп салынатындығы айтылған. Сондай-ақ 2024 жылы 226, ал қалған 175 мектеп 2025 жылдың соңына дейін ашылады деп жоспарланып отыр. 

Отандық өндірушілер мектептерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайын. Мысалы, барлық 401 мектептің жиһазына деген қажеттілік 1,5 миллион бірлікті құрайды. Отандық тауар өндірушілер бұл көлемді 100%, тіпті одан да көп қамтуы мүмкін. Егер олар бірдеңе істей алмаса, кепілді сатылыммен олар оны өндіру үшін қосымша жабдықты сатып алуға дайын.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі респуб­ликалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.

Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орын­дық деп белгіленген жеті түрлі нұс­қаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында роботтехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары (9х18м) мен орта буын, жоғарғы сынып оқушыларына (36х18м) бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс.

Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы плат­форма жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың бар­лық кезеңін ашық бақылауға мүмкін­дік береді. Жүйенің ерекшелігі – тап­сырыс беруші, құрылысшылар, әкім­діктердің бірнеше басқармасы, ми­нистрліктер, техникалық бақылау сарап­шылары және басқалары бір­лесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.

Айтақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік.

«WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin