Созақ ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйі зерделенді

Бүгін Созақ ауданына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлфұхар Жолдасов жұмыс сапарымен келіп, инфрақұрылымдық нысандарды аралады. Сапар барысын көгалдандыруға қатысты атқарылған жұмыстан бастап, Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аймағында болды. Онда отырғызылған тал көшеттерінің өнімділігімен танысты.

Содан соң аудан әкімі аппараты ғимаратында лездемелік жиын өткізді. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығын табиғи газбен қамту, ауыз су, облыстық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің ішкі көшелерінде жүргізілетін орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды бірқатар жобаларды таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жиынға арнайы қатысқан «Стройгаз» ЖШС-нің өкілдері қазіргі таңда газ тарату қондырғысына қажетті блоктар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары жүріп жатқанын айтып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Зұлфұхар Жолдасов мердігер мекеменің өкілдеріне монтаждау жұмыстарын өз уақытында сапалы атқаруды ескертті. Жауапты мамандарға әрбір істі жіті бақылауды тапсырып, осы жылы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындарын табиғи газбен қамту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ көркейту-көгалдандыру мен тазалыққа қатысты жұмыстарды да барынша үйлестіру керектігін атап өтті.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары мәжілістен кейін автоматтандырылған газ тарату станциясында болып, атқарылу керек жұмыстарды пысықтады. Бүгінде Шолаққорған ауылын табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 190 шақырымды құрайтын 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізіліп, шкафты газ реттеу пункітінің орындары дайындалған.

Сапар аясында Зұлфұхар Сансызбайұлы Таукент кентіне арнайы барып, ондағы «Шолаққорған-су» КММ мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу жүйесінде сұйық отынмен жанатын қазандықтардың жай-күйін бақылауына алды. Биылғы жылы Таукент және Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысады.

Сондай-ақ «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» облыстық маңызы бар автомобиль жолының Созақтан Ыбырайға дейінгі аралыққа асфальт жабындысын төсеу жұмыстарының басында болып, Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдағы күрделі жөндеуден өткен су өткізгіш құбырлардың сапасымен танысты.

Қазіргі уақытта «КХ-2 Уланбел-Созақ-Екпінді» автомобиль жолының Таукенттен Ыбырайға дейінгі 50 шақырымы, «КХ-56 Жамбыл облысының шекарасынан-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай» Шолаққорғаннан Құмкентке дейінгі автомобиль жолының 39 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары жалғасуда. Осы жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының 152 шақырымына асфальт жабындысын төсеу жұмыстары толық аяқталады.

Сонымен қатар, Сызған және Басбұлақ елді мекендеріне барып, онда аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тұрғындарды сапалы таза ауыз сумен қамту мақсатында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар Саржаз, Балдысу және Қарабұлақ елді мекендерінде де қарқынды іске асырылуда.

Ауданда қазіргі таңда индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 га жер телімі берілген. Олар: «Uko-S Star»  Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-ні техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК  өз жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда индустриалды аймақта инвесторларға ұсынылатын 38,2 га жер телімі бар.  Осы индустриалды аймақта 5 жоба іске асырылуда. Онда 98 адам жұмыспен қамтылған.

ҚР Үкіметінің өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында алдағы 5 жылда үш жарым мыңға жуық ауылды жаңғырту жоспарланыпты. Бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылымға мән берілмек. Яғни сапалы ауызсу, жарық, жылу, жол желілері, мектептер, ауруханалар салынады. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасына 1,3 трлн теңге бөлінген. Қыруар қаржы! Соның басым бөлігі, яғни 900 млрд теңгесі ауылдағы ағайынды жарылқауға жұмсалмақ. Осы орайда таяу 7 жылда негізгі басымдықты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға салу көзделген. Бұл шамамен 7 млн ауыл тұрғынының өмір сапасын жақсартатын болады. Бұл шамамен ауыл тұрғындарының 90 пайызын құрайды.

Түсінікті болу үшін тарқата айтқалы отырмыз. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сынды ірі төрт агломерацияның маңайы қамтылады. Одан кейін екінші деңгейдегі қалалар, яғни 13 облыс орталығы мен Семей қаласын осы бағдарлама шараларымен қамту көзделген. Сондай-ақ, 18 урбандалу орталығы және жоғарыда аталған 3,5 мың ауылдық елдімекенде бағдарламаны іске асыру жалғасады. Аталған бағыттардағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджет қаражатымен қатар, жеке инвестициялар да тартылатын болады.

Қазіргі кезде жергілікті билік органдарының басты міндеті аймақтардағы, әр ауыл мен қаладағы бизнесті жүргізуге жан-жақты қолдау білдіру мен жағдайларын қамтамасыз ету болып отыр. Сондай-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың қатысуымен шешуді кеңейтуге баса назар аударғаны белгілі. Сол себепті таяу жылдарға белгілеген міндеттерді шешуде жергілікті атқарушы және өкілді органдарға ерекше жауапкершілік жүктелді.

Былтырдан бастап барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленді. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. 

Жалпы, ауылдардағы инфрақұрылымның жағдайы, ауызсу, жол, шағын қалалардағы көшелердің мәселесі, денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі, апаттық жағдайдағы мектептер мәселелері әлі де болса бар. Өңірлерде несие беру мәселесі де тиісті деңгейде шешімін таппаған. Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарды қолдау жетіспейтіні жасырын емес. Көптеген азаматтар өз ісін ашу жолында қыруар құжат жинап, бірқатар кедергілерге кездеседі. Ал кепілдік мәселесін шешу тіпті қиын. Дегенмен, мемлекет өңірлерге әрдайым көңіл бөліп келеді. Әлеуметтік салаға, мектептер, аурухана, жол салуға, жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес қаржы бөліп отыр. Бұл жұмыстарды жалғастыру, әсіресе шағын және орта бизнес бойынша ауылдағы азаматтардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасау – уақыт талабы.

 «WWW.ANYQ.KZ»-ақпарат

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin