Түркістан облысы аумағында шомылуға арналған 27 орынның 15-і жұмысын бастап кетті

Түркістан облысында су нысандары мен шомылу орындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Осы ретте балалардың қауіпсіздігін сақтау бағытында құзырлы органдар тарапынан облыстың барлық аудан, қалаларында ата-аналармен жергілікті жерлерде кездесулер ұйымдастырылып, барынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Жыл басынан бері құзырлы органдар тарапынан кезекшіліктер бекітіліп, 4685 адамды тарта отырып, 2229 патрульдеу және рейд жұмысы ұйымдастырылып, өзендер мен каналдардың бойында орналасқан 4000-ға жуық тұрғын үйді аралау арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Үлкендердің қарауынсыз жүрген 100-ден аса бала ата-аналарына тапсырылды. Қайғылы оқиғалардың көбісі балалардың ата-ананың қарауынсыз қалуынан болып жатқандықтан, құзырлы органдармен облысымыздың барлық аудан, қалаларына бару арқылы ата-аналармен жергілікті жерлерде кездесулер ұйымдастырылып, барынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектеп директорларының ұйымдастыруымен судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар мен 244 ашық сабақ өткізілді. Барлық мектептердің әр сыныптарында «Судағы қауіпсіздік ережелері» бойынша диктант жаздырылды және 2013 арнайы қауіпсіздік бұрышы орнатылды.

Облыс аумағындағы судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары кеңінен қарқынды жүргізілуде. Аудан және қалаларда 65 баннерлер, 47 билбордтар орнатылды, 30254 дана жадынама таратылып 12 мыңнан аса адамның қатысуымен 997 рет халықпен кездесулер өткізілді.

Ағымдағы жылы судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге 580 ерікті тартылып, жұмыспен қамту орталығынан 127 адам жұмысқа қабылданды.

Одан бөлек, арнайы және ресми халықтың шомылатын орындары жоқ елдімекендерде модульді-каркасты бассейіндер жергілікті әкімдік тарапынан және кәсіпкерлер есебінен сатып алынып, тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалынуда. Өңірде жыл басынан бері 80 дана қаркасты бассейн сатып алынып, орнатылды. Қазіргі таңда жалпы каркасты бассейндер саны 151-ге жетіп отыр.

Әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың балаларын тегін шомылдыру бойынша, бүгінгі таңда 51 меморандум түзіліп, 600-ден астам баланы тегін шомылдыру жұмыстары жүргізіліп, арнайы су кешендерінде 2500 мыңнан астам жасөспірім балаларды жүзуге және шомылуға үйрету жұмыстары жүргізілген.

Облыс аумағында шомылуға арналған 27 орынның 15-і жұмысын бастап кетті. Қосымша коммуналдық жағажайлар ашу үшін Арыс ауданында — 2, Ордабасы ауданында — 9, Сауран ауданында 2 орын анықталып, су айдынының түбін зерделеу, тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, Арыс қаласында коммуналдық жағажайлар ашылды.

Қорыта айтқанда, Түркістан облысы аумағында 2024 жылғы жазғы шомылу маусымын қауіпсіз өткізу және қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, барлық аудан-қалаларда ата-аналармен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік бойынша семинарлар мен ашық сабақтар өткізілді. Бұл туралы облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Оразгелді Нұрмаханұлы мәлімдеді.

«Жалпы шомылу маусымы басталғалы бері суға кету фактісі бойынша 31 жағдай тіркелген болса, олардың 19-ы — жас балалар. Арнайы шомылатын орындары жоқ елдімекендерде жергілікті әкімдік тарапынан және кәсіпкерлер есебінен модульді-каркасты бассейндер сатып алынып, тегін әрі қауіпсіз шомылуға мүмкіндіктер жасалынуда. Қазіргі таңда жалпы каркасты бассейндер саны 151-ге жетіп отыр. Бұдан бөлек, жыл басынан 2 мыңнан аса рейдтік шаралары ұйымдастырылып, өзендер мен каналдардың бойында тұратын тұрғындарға жадынамалар таратылды», — деді ол.

Брифинг соңында спикер облыс тұрғындары мен қонақтарына суда шомылу ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жас балаларды қараусыз қалдырмауды ескертті.

Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік ережелері, шараларын орындамауы орны толмас қайғы мен өкінішке айналып жатады. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғаларды болдырмау үшін, төмендегі ережелерді орындаған жөн:

  1. I. Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары
    — Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
    — Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
    — Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыздар.
    — Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
    — Суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз.
    — Қоршау белгілерінен, буйлардан тысқары аумаққа шықпаңыз.
    — Техникалық ескерту белгілерінің, буйлардың және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.
  2. II. Көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіптері
    Өзендер мен көлдерде, тоғандарда, тоқтау сулар мен шалшық суларда шомылудың қауіпі мол, себебі инфекциялық аурулардың қоздырғыштары ағын суда: Іш-сүзегі 183 тәулік, дизентерия 12-92, оба 4-92, туляремия 7-31, бруцеллез 4-45 тәулікке дейін өмір сүреді.

III. Аяқ-қол тырысуы (судорога) болғанда сіздің іс-әрекетіңіз
Суық суда шомылу қол-аяқтың тырысып қалуына әкеліп соғады.
— егер тырысу болғанда жүзуді тоқтатып суға арқаңызбен шалқалай жатыңыз, сабырлық сақтаңыз.
— Қолыңыздың саусақтары тырысып қалғанда жұдырығыңызды түйіңіз, қолыңызды бір жаққа қарай серпе лақтырып, жұдырығыңызды ашыңыз.
— Балтыр бұлшық еті тырысқанда бүгіліп қолыңызбен аяғыңыздың басын қысып бар күшіңізбен өзіңізге қарай тартыңыз, немесе аяғыңызды судың астына созып, аяғыңыздың бармақтарын алға иіңіз. Содан соң балтырыңызды сылаңыз.
— Тырысу қойысымен тынығып алып, жүзудің басқа әдісімен жағаға шығыңыз.

  1. IV. Су иірімінен шығудың тәсілдері
    — Егер иірімге тап болсаңыз, кеудені кере дем алып, иірімнің астына сүңгіңіз.
    — Судың астында иірімнен алысырақ кетуге тырысыңыз.
    — Иірімнен алыстаған соң судың бетіне қайта шығып жағаға қарай жүзіңіз.
  2. V. Суда қатты шаршаған кездегі іс-әрекет
    Суда ұзақ шомылу шаршап-шалдығуға әкеліп соғады.
    — Егер суда шарашасаңыз немесе тоңсаңыз, тез арада жағаға қайтыңыз. Сабыр сақтаңыз.
    — Әлсін-әлсін шалқалай жатып, дем алыңыз, күшіңізді үнемдеңіз, өзіңізді және уақытты бақылау үшін, жаймен дауыстап санаңыз.
    — Егер өз күшіңізбен жағаға жете алмайтыныңызды сезінсеңіз, шалқалай жатып, қолыңызды бұлғап, көмекке шақырыңыз.
  3. VI. Суық судың қауіптілігі
    Суық суға түсіп кеткен адам 10-30 минутта көбіне суық өтіп, қайтыс болады (5-7 градус — 2-ші дәрежелі гипотерамия). 5-15 минут қимылсыздық суықтан талуға (шок) және өлімге әкеліп соғады. Суық судан шығарылып, аман қалғанның өзінде жиі-жиі есінен танады.
    Организімнің жалпы салқындауы қатты шаршағанда, ашыққанда, мас күйінде тезірек болады. Физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты әйелдер суық суға төзімдірек болады, ерлер 4-5 минуттан соң-ақ жүректері тоқтап қалуы мүмкін. Суық суда клиникалық өлім 30-60 минутқа, жылы суда 5-6 минутқа созылады. Тұщы суға батқан адам 1-3 минутта, ал теңіз суында 7-8 минутта қайтыс болады. Сондықтан суық суда әрбір секунд қымбат.

VII. Судағы қатерге ұшыраған адамға алғашқы көмек
Қатерге ұшыраған адамға көмек көрсеткенде мүмкіндігінше тездетіп оттегі жетімсіздігін қолдан дем алдыру тәсілін қолдану арқылы жойыңыздар.
— қатерге ұшыраған адамды судан алып шыққаннан кейін оның киімін беліне дейін шешіп, демалу жолдарының жоғары жағын және асқазанын судан босатуға кірісу;
— қатерге ұшыраған адамның аузын азу тістерінінің әр жағынан саусақпен қармай, немесе қол орамалмен, не дәке оралған пышақ жүзімен, шай қасықтың сабымен немесе жалпақ темір заттпен ашу керек.
— Ауыз ішін шырыш пен балдырдан тазалау керек.
— Қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып баса беру. Ең жеңіл және тиімді тәсіл — «ауыздан – ауызға» немесе «ауыздан – мұрынға» ауа үрлеу. Қатерге ұшыраған адамды бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, басын мүмкіндігінше шалқайту. Бас бармақпен және сұқ саусақпен қатерге ұшыраушының мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 дем салу керек. Қатерге ұшыраушының жүрек соғуын ұдайы қадағалап отыру керек. Егер жүрек соғуы тоқтап қалса қолдан дем алдыру мен қатар, жүрекке тікелей емес массаж әдісін қолдану керек, ол үшін: қатерге ұшыраушының жүрек түсына бір алақанды қойып екіншісін айқастыра салу керек, екі колдың да саусақтары көтеріңкі болу қажет, дене салмағын пайдалана, төс сүйекті омыртқа жотасына қарай 4-5 см қысады, жиілігі минутына 70-72 рет.

Есте сақтаңыздар!
Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы – суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.

Сала мамандары осылай деп ескертеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin