Түркістан қаласының қоғамдық көліктерінде заманауи талаптарға сай жолаушылар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Атап айтқанда, қаладағы қоғамдық көліктерде төлем жасаудың онлайн әдісін жүзеге асыратын құрылғылар орнатылып жатыр. Солардың бірі – «AlemРay» электронды төлем жүйесі.
Жауапты сала өкілдерінің айтуынша, жолаушылардың электронды түрде төлем жасауы бұл – көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Сондай-ақ бұл құрылғылар жолаушыларды тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырады.
«AlemРay» төлем карталарын Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базары аялдамасынан және «Қуаныш» базары кеңсе тауарлары павильонындағы (№52) сауда нүктелерінен алуға болады.
Картаны банк қосымшалары немесе «Киви» терминалы арқылы толтыра аласыз. Ал дайын картаны 2505 нөміріне тіркеп, жол ақысын төлеуге болады. Жолақы қолма-қол төлегенде 100 теңге болса, «AlemРay» арқылы – 70 теңге.
Айта өтейік, Түркістан қаласында 2021 жылдан бастап 3 жылда қоғамдық көліктер 100%-ға жаңартылды. Оның ішінде 2024 жылы 40 автобуспен толықты. Шаһарда 2020 жылы 21 бағытта 220 шағын автобус қызмет көрсететін. Қазіргі уақытта 22 қоғамдық көлік бағыты бар. Бағыттарда 300-ге жуық жүргізуші қызмет атқарып, тұрақты жұмыспен қамтылған. Жолаушылар 2 тасымалдаушы мекемеге тиесілі, сыйымдылығы жоғары автобустармен тасымалданады. Олардың бірі «Жолаушы» ЖШС қала тұрғындарына сапа стандарттарына сәйкес қызмет көрсетеді. Автобустар заманауи үлгідегі видеокамералармен, дербес ауа баптағыштармен (кондиционер), электронды билет шығаратын құрылғылармен жабдықталған. Атап айтқанда, төлемді QR-код, SMS, «Халық банк», «Каспий банк», «Хоум кредит» қосымшалары арқылы жасауға болады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп-түсуіне қолайлы болуы үшін пандуспен жабдықталған, төмен табалдырықты автобустар қызмет көрсетуде. Олар қоршаған ортаға зияны жоқ «Еуро-5» экологиялық стандарттарына сәйкестендірілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.