Түркістан облысы: Кентауда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Бүгінгі таңда бетондарын құю жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі Жандос Тасов құрылыстың алғашқы жұмыс барысын бақылады. Бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен нысаны болғандықтан, сапасы маңызды екенін атап өтті. Жұмыс барысы ұдайы бақылауда болатынын жауаптыларға ескертті.

Мәдениет үйі екі қабаттан тұрады. Ішінде 300 адамға арналған көрермен залы, 85 адамға арналған клуб кешені, әкімшілік-шаруашылық бөлімдері орналасады.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Айта кетейік, ауыл тұрғындар біраз жылдан бері ауылға мәдениет үйінің қажет екенін ұсынып келген. Биыл республикалық бюджеттен қаржы қаралып, өзекті мәселенің шешімі табылды.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 264 мәдениет үйі мен клуб қызмет көрсетеді. Соның ішінде 3 қалалық, 14 аудандық мәдениет үйі, 122 ауылдық мәдениет үйі, 142 ауылдық клуб мекемесі бар. 204-нің ғимараты бар болса, 60-ы жекеменшік ғимараттар мен мектеп, әкімдіктерде жұмыс істейді. 204 мәдениет ошағының 60-ы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Соның ішінде 6 клуб мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, Жетісайда – 2, Мақтаарал мен Сайрамда, Сауран мен Шардарада – 1. Оның 3-еуі биыл аяқталса, 3 нысан келесі өтпелі.

Мәдениет ошақтарының қасбеттері мен қоршаулары да назарда тұр. Қазығұрт ауданындағы ағымдағы жөндеуді қажет ететін 11 мәдениет үйінің қасбеттерін жөндеу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталында жариялану сатысында. Қалған 43 мәдениет мекемесіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті жұмыстар атқарылу қажет. Сонымен қатар 14 мәдениет ошағының сыртқы қоршауын ретке келтіру керек. Алдағы уақытта тиісті аудан әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарылады.

Өңірде жалпы 832 елді мекен бар. Олардың 7-еуі – қала (3 облыстық, 4 аудандық) және 181-і — округтегі 825 елді мекен. Облыстық маңызы бар 3 қаланың 2-еуі, 14 аудан орталықтары, сонымен қатар 167 ауылдық округтің 147 округ орталығы және 41 елді мекен мәдениет нысанымен қамтылған.

Айта кетейік, биыл 6 ауылдық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Атап айтсақ, Отырар ауданында – 2 (Ақтөбе, М.Шойманов), Сарыағашта – 1 (Қанағат), Қазығұртта – 1 (Қазығұрт), Төлебиде – 1 (Киелітас), Келесте – 1 (Жиделі) мәдениет ошағы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 13 мәдениет үйі кітапханасымен бірге пайдалануға берілген болатын.

Ал, облыс орталығында 61 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде: 8 әлеуметтік нысан, 3 саябақ, 5 қабатты 20 тұрғын үй құрылысы мен 30 нысанда инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Бұдан бөлек облыс орталығында 5 спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. М.Тұрсынов көшесінде орналасқан стадион жаңғыртылып, сондай-ақ «Парасат» саябағын реконструкциялау жұмыстары атқарылуда. Шаһарда Белсенді демалыс саябағы мен айналма жол бойында демалыс аймағы жасақталуда.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту.

Жоба аясында білім, денсаулық, мәдениет, спорт, инженерлік және көлік инфрақұрылым объектілерін салу және қайта жаңарту жобаларын республикалық бюджеттен қаржыландыру қарастырылған. Атап айтсақ, 2024 жылға республикалық бюджеттен 800-ге жуық ауылдық елді мекенді қамтитын 1,3 мың жобаны жүзеге асыруға шамамен 178 миллиард теңге қаржы бөлінген.

2023 жылы Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 166 елді мекенде 352 жоба іске асырылып, 31,3 миллиард теңге игерілді. Нәтижесінде 297 жоба пайдалануға тапсырылды.

– «Ауыл – Ел бесігі» – маңызды әрі тиімді жоба. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқармалар жобаларды жедел анықтап, құжатын әзірлеп, конкурстарын уақтылы өткізулері керек. Мердігерлер жұмыстарын жоспарға сәйкес атқарсын. Кешігуге болмайды. Аса қажетті нысандар бірінші кезекте жоспарға енгізілсін. Тиянақты зерделеп, жұмысты ширатуды тапсырамын, – дейді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанатбек Қайыпбектің айтуынша, «Ауыл – Ел бесігі» арқылы биыл 165 жоба іске асырылады. Бұл мақсатқа жалпы 25,3 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде, 107-сі – жаңа жобалар. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 134 елді мекеннің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жүйелері жақсарады.

Биыл 1 сәуірдегі деректі сөйлетсек, 107 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша барлығына, техникалық қадағалау жұмыстары бойынша 96-на мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланған. Жарияланған құрылыс-монтаждау жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурстары нәтижесінде 18 жоба бойынша жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарт түзу жұмыстары жүргізілуде. 20 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне шағым түскен. 69 жобаның мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталмаған. Техникалық қадағалау жұмыстарына 17 жоба бойынша жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне жеткізу.

«Ауыл – Ел бесігі» аясында республикалық бюджеттен мынадай салалардағы жобалар қаржыландырылады:
білім беру (мектептердің жапсаржайлары, мектептер мен балабақшаларды реконструкциялау)
денсаулық сақтау (алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектілері);

инженерлік инфрақұрылым (су, жылу, газ, электр желілері, жылу, электр нысандары және жабдықтар);

көлік инфрақұрылымы (кентішілік жолдар, көшелерді жарықтандыру);

мәдениет (клубтар, мәдениет үйлері, мұражайлар (музейлер), кітапханалар);

спорт (дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт кешендері және спорт нысандары);

әлеуметтік қамсыздандыру (балаларды оңалту орталықтары).

Бүгінде елімізде 6 286 ауылдық елді мекен бар. Даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады.

2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 миллиард теңге бөлініп, 3,7 мың жоба жүзеге асырылды.

Жаңғыртылды:
334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысан;

1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым нысандары;

2,2 мыңнан астам көлік инфрақұрылымының жобасы

2023 жылы 800 ауылда 200 миллиард теңге көлеміндегі соммаға 1,8 мың жоба жүзеге асырылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында – 222 жоба;

Әлеуметтік саладағы инфрақұрылым – 421;

Көлік инфрақұрылымын саласында – 1 182.

Сондай-ақ, 2024 жылы бюджетте 179 миллиард теңге қарастырылған. 500-ге жуық ауылдық елді мекендерді қамту, сондай-ақ 1,4 мың инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарлануда.

«Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 7 есеге артты.

Биыл наурыз айының 19-ында Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Өз сөзінде Н. Байбазаров атап өткендей, ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашу мақсатында ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы және Іс-қимыл жоспары бекітілді.

2023 жылы ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасын іске асыру

«Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 771 ауылда 194 миллиард теңгеге 1,8 мың жоба іске асырылды.

113 млрд теңгеге 4,9 мың сумен жабдықтау және су бұру объектілері салынды.

85 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілері салынды.

176 ауыл HotSpot Wi-Fi технологиясына қосылған.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 79 млрд теңгеге 12,7 мың шағын несие берілді.

«Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредит мөлшері 1 500-ден 2 500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

2019-2023 жылдары 524 миллиард теңге бөлініп, 1,8 мың тірек және спутниктік ауылдарда 5,4 мыңнан астам жоба іске асырылды. 

Бұл ТКШ саласындағы 578 нысанды, 1,7 мың әлеуметтік нысанды және 3 мыңнан астам кентішілік жолдарды салу мен жөндеуге мүмкіндік берді.

Ағымдағы жылы 179 млрд теңге бөлінді, 500-ден астам ауылда 1,4 мың жобаны іске асыру жоспарлануда.

2009-2023 жылдар аралығында ауылдық жерлерде 105 мыңнан астам маман 20,3 миллиард теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, оның ішінде 48 мыңнан астамы 160,4 миллиард теңге сомасына тұрғын үй алды.

Ағымдағы жылы 25 млрд теңге қарастырылған, бұл 3,1 мыңға жуық маманды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді

«Ауылдардың экономикасын қарқынды дамыту үшін ауыл бюджетінің кірістер бөлігін ұлғайту қажет. Осы мақсатта Бюджеттің IV деңгейіндегі кірістерін 2,5 есеге арттырып, 167 миллиард теңгеге жеткізуге мүмкіндік беретін қосымша салықтар мен төлемдердің кейбір түрлерін беру жоспарлануда», — деп айтты министр

Бұған қоса, «Ауыл — ел бесігі» жобасын, сондай-ақ ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерлікті қолдау мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыруды жыл сайын ұлғайту жоспарлануда.

Шекара маңындағы аумақтарға басым түрде қаражат бөлу, ауылдың цифрлық картасын әзірлеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту шеңберінде мәслихаттардың, ауыл әкімдерінің және олардың аппараттарының өкілеттіктерін кеңейту қарастырылады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin