Түркістан облысында алғашқы жартыжылдықта жасалған 40 кардиохирургиялық операцияға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 73 миллион теңге төленген

Ағымдағы жылдың 6 айында Түркістан облысының денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселесі бойынша Қор филиалының атқарған жұмыстарына байланысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Торғайбайұлы Исмаханбетов осылай дейді.

2024 жылға кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне — 113,1 миллиард теңге, МӘМС пакетіне — 113,9 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Барлығы жыл басында Түркістан облысының денсаулық сақтау саласына бекітілген бюджет – 227,0 миллиард теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық (2023 жылы — 211 миллиард теңге нақты бюджет). Яғни, медицинаны қаржыландыру сәйкесінше жыл сайын артып отыр.

Қор Түркістан облысының тұрғындарына сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтерге 113,9 миллиард теңге қараған болса, оның ішінде, стационарлық көмекке шамамен — 32,5 миллиард теңге, консультациялық-диагностикалық көмекке — 17,4 миллиард теңге, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге — 15 миллиард теңге, жоғары технологиялық медициналық көмекке — 1,0 миллиард теңге және медициналық оңалтуға 7,6 миллиард теңге қарады.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге — 113,1 миллиард теңге, оның ішінде, жедел медициналық көмекке — 10,2 миллиард теңге, медициналық-санитариялық алғашқы көмек — 56,1 миллиард теңге, ауыл халқына тәуліктік және күндізгі стационарлық лот бойынша мамандандырылған медициналық көмек — 12,7 миллиард теңге, инфекциялық ауруларға — 1,2 миллиард теңге, онкологиялық науқастарға 5,4 миллиард теңге қаралды.

Бақыт Торғайбайұлының сөзіне сүйенсек, осы жылы Қор филиалы медициналық көмек көрсетуге 225,1 миллиард теңгеден астам сомаға 183 денсаулық сақтау саласының субъектісімен келісімшартқа қол қойды. Сонымен қатар, жыл басынан бері медициналық ұйымдарға келісімшарттың 30 пайызын құрайтын  68,7 миллиард теңге аванстық төлем жасалды.

Қор тарапынан ақы төлеу жұмыстары өткен жылға қарағанда биыл ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтерге бірыңғай ақы төлеуге арналған «Е-Сактандыру» ақпараттық жүйесінің дайын болмауына байланысты жылдағыдан кеш басталған.

Ағымдағы жылдың есептілік кезеңдерін жабу бойынша қаңтар айы   27.05 – 07.06. 2024 жыл аралығында 17,8 миллиард теңгеге жабылса, ақпан айында сәйкесінше  07.06 – 27.06.2024 жыл аралығында — 18,9 миллиард теңге, наурыз айында 21.06 – 18.07.2024 жыл аралығында — 18,9 миллиард теңге аударылды.  Сәуір айына бүгінгі таңға 2,9 миллиард теңге ақы төленіп, жалпы 4 ай кезеңін жабуға 58,5  миллиард теңге төленіп отыр.

«Ал, сәуір айының кезеңіне төлем жасауды шілде айының соңына дейін аяқтап, мамыр айында көрсетілген қызметтерге төлем жасау шаралары жақын күндері басталады. Медициналық ұйымдардың берілген қаржыны қызметкерлердің жалақысына, әлеуметтік аударымдарын тұрақты төлеуге, халықтың медициналық көмекті тұрақты алуына қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге басымдық беруін Қор үнемі бақылауда ұстайды» — дейді Бақыт Исмаханбетов.

Қор — кепілді тегін медициналық көмек пен МӘМС шеңберінде халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлейтін қаржы операторы. Яғни, келісімшарт белгілі бір сомаға бекітіледі, клиника сол сомаға жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Медициналық қызметті негізсіз артық тұтынуды болдырмас үшін медицина ұйымдары көрсетілетін қызмет көлемін әр айға бөліп отыруы тиіс. Бұл — қаржылық тәртіп.

Сонымен қатар, Қор көрсетілген қызметтердің сапасын тексереді және қызмет ақысы тиісті мониторинг жасалғаннан кейін ғана төленеді. Әдетте, мониторинг барысында стандарттар мен нормативтерден ауытқу сынды ақаулар анықталып жатады. Емдеу мекемелеріне тұрақсыздық айыппұлы салынады, көрсетілген қызмет сомасының белгілі бір бөлігі Қорға немесе бюджетке қайтарылады. Ал, көрсетілмеген қызметті көрсетілді деп қосып жазған (приписка) клиникаларға қызмет бағасынан үш есе айыппұл салынады. Мұны пациенттердің құқығын қорғап, қызмет сапасын арттыруға бағытталған шара деп қабылдаған жөн.

Медициналық ұйымдардың шарт аясында бөлінген қаражатты ұтымды пайдаланып, пациенттерді қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз етіп, қызметтің сапасын бақылауда ұстауын назарға саламын. Жалпы, алғанда жағдай Қордың тұрақты бақылауында және медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Медицинада жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляциялардың алатын орны ерекше.  Биылға аталмыш оталарға 1 миллиард теңгеден астам қаржы көзделген болса, жылдың 6 айында Түркістан облысында осындай оталарға 493 миллион теңге жұмсалыпты.

«Күн сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия, т.б. профильдер бойынша жүздеген операциялар жасалып жатыр. Осындай бір ғана отаның құны орташа алғанда бірнеше миллионды құрайды. Мысалы, 2024 жылдың 6 айында Түркістан облысында 40 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 73 миллион теңге төленген. Сонымен қатар, 243 миллион теңгеге 43 нейрохирургиялық ота жасалған» — дейді Бақыт Исмаханбетов.

Жалпы, бұл шаралардың жүзеге асуы МӘМС жүйесін енгізудің есебінен мүмкін болып отырғанын айрықша атап өту керек. Яғни, сақтандырылған азаматтардың қалтасынан шығатын шығын едәуір қысқарып, осынша қызметті тегін пайдаланып отыр.

Ағымдағы жылы пациенттерді тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 15 миллиард теңге бөлінген болатын. Бірінші жартыжылдықта 6 миллиардтан астам рецепт бойынша тегін дәрі берілген. Дәрі-дәрмек 53 түрлі дерт бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарға беріледі. Сондай-ақ, МӘМС пакеті шеңберінде ересектерге 25 нозология, балаларға 29 нозология бойынша тегін дәрі берілуде.

 Ағымдағы жылдың маусым айының қорытындысы бойынша Түркістан облысынан МӘМС жүйесіне 15,9 миллиард теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түскен. Оның ішінде, мемлекеттің жеңілдік санаттар үшін аударатын төлемдерін қоспағанда жұмыс берушілер, жалдамалы жұмысшылар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек етіп жүргендер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және дербес төлеушілер де бар.

Жалпы, Түркістан облысы бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар тізіміне талдау жүргізу барысында өңірде медициналық ұйымдарға 2 069 113 тұрғын тіркелген болса, оның 1 688 647 (81,7 %) тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие болған.

Ал, жүйеде сақтандырылмағандар саны 380 466 (18,3%) адамды құрады. Оның ішінде, тұрақты төлем жасамағандар, жұмысшы, келісімшартпен табыс табатын жеке тұлғалар, жеке кәсіпкер, дербес төлеуші және мәртебесі анықталмаған адамдар да бар. Бүгінгі таңда бұл азаматтардың ең аз қамтылған 130 мыңға жуық бөлігі үшін жарналарды келесі жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен өтеу қарастырылуда.

Атап өтер жайт, азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлеген жарналары мен аударымдары қайда сақталатыны және бағытталатыны қазақстандықтарды жиі қызықтырады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры оған толық жауап дайындады.

Барлық жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің арнайы шотына түседі, ал сол жерден халыққа көрсетілген медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңда (21-бап) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры инвестициялық қызметті Қордың активтерін (МӘМС қаражатын) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы қаржы құралдарына орналастыру жолымен жүзеге асыратыны көрсетілген. Бұл ретте Қор мен Ұлттық Банк арасында сенімгерлік басқару шарты жасалды.

Ол қалай жасалады?

Ұлттық Банк артылған ақшаны (МӘМС есебінен көрсетілген медициналық қызметтерге төленгеннен кейін қалатын ақша) қаржы құралдарының бекітілген тізбесіне сәйкес қатаң түрде бағалы қағаздар мен депозиттерге орналастырады. Бұл инвестициялық табыс алуға, яғни МӘМС жүйесінің жинақталған активтерінің сомасын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Олар өз кезегінде тек медициналық қызметтерге ақы төлеуге бағытталады және Қордың қажеттілігіне жұмсалмайды. Осы ретте Қор МӘМС қаржысын өз еркімен орналастырмайды.

2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2017 жылдан бері жинақталған МӘМС активтерінің қалдығы 933 миллиард теңгені құрады.

2024 жылдың төрт айында Қорға 441 миллиард теңге МӘМС жарналары мен аударымдар түсті, оның ішінде 42 миллиард теңге сомасына инвестициялық табыс алынды. Бұл ретте медициналық көмекке ақы төлеуге жұмсалған шығыстар 354 миллиард теңгені құрады. Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қор активтерінің қалдығы – 1020 миллиард теңге.

Ұлттық Банк МӘМС активтерінің бұл қаражатын Ұлттық Банктің қысқа мерзімді депозиттеріне (медициналық көмектің ағымдағы төлеміне жіберіледі) – 171 миллиард теңге, орта және ұзақ мерзімді облигацияларға — 108 миллиард теңге және мемлекеттік бағалы қағаздарға 741 миллиард теңге сомасында орналастырды.

Бұл жүйеге және пациенттерге қандай мүмкіндіктер береді?

2023 жылы алынған инвестициялық табыс 113 миллиард теңгені құрады, яғни МӘМС пакетінің бюджетіне қосымша 113 миллиард теңге түсті. Айта кету керек, 2022 жылмен салыстырғанда инвестициялық кіріс 1,6 есе өсті. Бұл қаражат МӘМС-тің қалған активтерімен бірге 2024 жылдың басында медициналық ұйымдармен 2024 жылға жасалған шарттар бойынша 30% мөлшерінде аванс төлеуге бағытталды.

МӘМС қаражатын тиімді сақтаудың бұл тетігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бекіту кезінде қаланды және жүйенің активтерін, оның ішінде жыл сайын көрсетілетін медициналық қызметтердің санын ұлғайтуға және қазақстандықтар үшін медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржы-шаруашылық қызметі және МӘМС активтері бойынша жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізіледі. Жыл қорытындысы бойынша қаржылық есептілік ҚР Қаржы министрлігінің депозитарийінде және Қордың ресми сайтына орналастырылады.

Сондай-ақ Қор ҚР Үкіметінде және ҚР Үкіметінің шоғырландырылған есептілігі шеңберінде ҚР Парламенті депутаттарының алдында үнемі есеп береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin